Мәселе

ЕЛУ ОҚУШЫ ЕТТЕН УЛАНДЫ

Иә, бұл рас. Өткен жұмада Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған №173 физика-матема-тика гимназиясының бастауыш сынып оқушылары астан уланып қалды. Мамандар елу оқушының еттен уланғанын да растады.

Жағдайы күрт нашарлаған жиырма оқушы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Ал мектеп директоры Алтын Мәлікқызы бар кінәні асханаға ет жеткізетін компанияға артып отыр. Сонда аспазшылар бұзылған етті байқамаған ба? Сұрақ көп, жауап жоқ. Балалар асханадан ас ішуге қорқатын болды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысындағы оқырманымыз Гауһар Қапаш: «Біздің асхананың сосискасы таусылмайды. Оны балалар жемейді», – деп ренішін білдірді.

Жалпы асханадағы ас мәзірін Қазақ тағамтану академиясы бекітеді. Өкініштісі, бекітілген асқа беретін тағам сай келе бермейді. Мәселен, былтыр бәліштің арасынан шаш шығып, бес оқушы ауруханадан бір-ақ шыққан еді. Енді асханада берілетін ас мәзіріне тоқталайық.

– Ең алдымен, сүзбе, қаймақ, құрт, қатық, қымыз, шұбат, ірімшік пен жұмыртқаның маңызы зор, – дейді Ұлттық салауатты тағамтану орталығының ғылыми қызметкері Жанар Рыстығұлова. – Бұлар ішектің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Ірімшік кальцийге және фосфорға, жұмыртқа ақуызға бай. Бұл дәрумендер орталық жүйке жүйесінің қалыптасуы мен дұрыс жұмыс істеуіне көмектеседі.

Ұлан: Таңғы астың мәзірі қандай болуы керек?

Ж.Рыстығұлова: Таңертең ақуызға бай тамақ ішу керек. Олар ағзаның белсенділігін арттырады. Көмірсуларға қарағанда, асқазанда ұзақ сіңеді. Өйткені, қорытылуы үшін көп мөлшерде асқорыту сөлдері қажет. Асханада таңғы ас бір ыстық тамақтан (ет, көкөністі, жармалы, қатықты, жұмыртқалы) май жағылған нан, сүт, шай немесе кофе беріледі. Ал түскі аста міндетті түрде сұйық көже, сорпа болады. Бұл еттен, балықтан немесе көкөністен жасалған екінші тамақтың қорытылуын жеңілдетеді. Тәттіні түскі астың соңында, үшінші тамақ ретінде берген дұрыс. Сәскелік ас көлемі шағын болады. Оған сусындар сүт, айран, қатық, сүт қосылған кофе және ұннан жасалған өнімдер кіреді.

Ұлан: Кешкі асты ішудің тәртібі бар ма?

Ж.Рыстығұлова: Әрине, бар. Ұйықтар алдында 1,5-2 сағат бұрын ішіледі. Негізі тез қорытылатын аралас тағамнан – сүт, көкөніс, жарма өнімдерінен жасалған дұрыс. Балаларға кешкі асқа ет пен балықтан жасалған тамақ беруге болмайды. Өйткені, ұйқы мазасыз болады.

Ұлан: Мектеп асханасы қандай мәселеге назар аударған жөн?

Ж.Рыстығұлова: Оқушылар арасында жеңіл диетаны қажет ететіндері бар. Олар бауыры, бүйрегі, өт немесе асқазан-ішек жолдары ауыратын болуы мүмкін. Балалардың тізімін мектептің медициналық қызметкері жасайды. Сосын оларға жеңіл ас мәзірі дайындалады. Біз осы мәселеге көп мән бермейміз. Мектеп асханасында шошқа немесе қойдың майы, маргарин, ет, құс және балықтың майлы сұрыптары, ми, ысталған тағамдар, торт, пұшпара, шоколад, ащы дәмдеуіштер болмауы керек.

Керісінше, ет, балық, сүт өнімдері, көкөніс, жеміс, аскөк болуы міндетті. Бала ағзасы үшін құнды әрі қажетті өнімдерді (сүт, ет, жұмыртқа, май, көкөніс, жеміс) ас мәзіріне күнделікті қосу керек. Ал сыр, балық пен ірімшікті аптасына 2-3 рет жесе, жетіп жатыр.

ТӘТТІ ШӘЙ СЕМІЗДІККЕ ӘКЕЛЕДІ

Көптеген елдерде мектеп асханасында тәтті газдалған сусын мен чипсы сатуға тыйым салған. ТіптіУкраина батыл қадам жасап, тәтті шоколад-тарға да тыйым салды. Біздің елде де биылдан бастап мектепте газдалған тәтті сусындар және энергетикалық сусындар сатылмайды. Десе де, білім ордаларында осы талаптың орындалып отырғанына көз жеткізгіміз келді. Әр өңірдегі белсенді оқырмандарымызға сұрау салдық. Алматы қаласындағы бір емес, бірнеше мектепті араладық. Бәрі біз ойлағандай болып шықты. Асханадан газдалған сусын таба алмадық. Алайда, қуанышымыз ұзаққа созылмады…

№134 мектеп-лицейдің алдындағы дүңгіршектің саудасы қызып тұр! Сабақтан шыққан балалар кезекке тұрады. Мұнда асханада жоқтың бәрі бар. М.Әуезов атындағы №128 жалпы білім беретін мектепке қарама-қарсы үш-төрт дүкен күндіз-түні жұмыс істейді. Оқушылар кезекке таласпайды да. Ал біз «сусынға тыйым салдық» деп мәз боламыз… «Дүкенде де балаларға газдалған тәтті сусынды сатуға тыйым салғанда ғой» дейсің амалсыз…

Ескеретін екінші мәселе, асхана сөресінде түрлі шоколад пен бөтелкедегі тәтті шәйлар самсап тұр. Бөтелкедегі тәтті шәй қара тізімге неге ілінбеген? Әлде, тәтті шәйдің зияны жоқ па? Біз бұл сұрақты Ұлттық салауатты тағамтану орталығының Алматы қалалық департаментінің ғылыми қызметкері Айниса Әлжанқызына қойған болатынбыз. – Негізі бұл шәйдің зияны газдалған сусынмен шамалас. Құрамында көмірсу мөлшері көп, – дейді А.Әлжанқызы. – Бұл жеткіншекті семіздікке әкеледі. Мектепте бала аз қозғалады, денеге артық май жиналады. Тіс эмалін бұзып, тісжегінің пайда болуына әкеледі. Кальцийдің сіңуіне кедергі келтіріп, сүйек тіндерінің өсуін тежейді. Мысалы, бір стақан кока-колада 6 шәй қасық қант бар. Қантты өте көп пайдалану денсаулыққа қауіпті. Сол үшін қантты аз жеген дұрыс. 9-18 жастағы балалар күніне тағаммен орта шамамен 2500 калория қабылдаса, оның қаншасы қант болуы тиіс? 100 грамм қант 400 калория беретінін ескерсек, бір шәй қасыққа 8 грамм қант сияды. Ал күнде жейтін әрбір тоқашта, печеньеде, кәмпитте, сусындағы қантты санайтын болсақ, жеткілікті мөлшерден асып түседі. Сол себепті, тәтті шәйдің орнына су ішкен дұрыс. Үйде ата-ана баласының суды қаншалықты ішкенін бақылай алмайды. Баланың ағзасында су азайса, дене мүшелерінің қызметі нашарлап, әлсірейді. Балалар суық суды құбыр шүмегінен ағызып ішкенді қолайлы көреді. Құбырдан аққан суды ауыз су ретінде пайдалануға болмайтынын білмейді. Кейбір оқушылар сабаққа бөтелкеге су құйып апарады. Бұл, әрине, дұрыс. Алайда, ауыр сөмкені көтерудің де зиян екенін ұмытпаған жөн. Таңертең ұйқыдан тұрғанда, бір кесе су ішкен пайдалы. Су ішкен балақай өзін жеңіл сезініп, ішек жолдарының жұмысқа кірісуіне көмектеседі.

Гүлфарида Зейнуллина

Ақыл бұрыш

Ата-анамның ақшасын үнемдеймін

Мен мектепке үйден тамақ апарамын. Біріншіден, ата-анамның ақшасын үнемдеймін. Екіншіден, қарным тоқ болғасын, көңілді жүремін. Негізі бұлай жасауға сынып жетекшіміз кеңес берген еді. Енді мектепке мынадай тамақ апаруға болады:

Қайнатылған ет немесе ірімшік қосылған бутерброд;

Йогурт, тоқаш, бәліш;

Алма, алмұрт, қияр немесе сәбіз;

Жуылған құтыға, бөтелкеге шырын, кампот немесе шәй құйып алуға болады. Ал тамақты пластмасса ыдысқа салуға кеңес беремін. Сонда астың сырт пішіні бұзылмайды әрі кітаптар таза болады.

Асылзат ҚОНЫСБАЙ,

Көлді орта мектебінің оқушысы.

Көлді ауылы,

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы

(«Ұлан», №37, 17.09.2013)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз