22 қыркүйек – Қазақстан халықтарының тілдері күні

МЕН ҚАЗАҚША БІЛЕМ…

Бір кездері сендердің аға-апаларың:

Мен орысша білем,

«Ковер» деген «кілем».

«Палка» деген «таяқ»,

«Нога» деген «аяқ», – деп өлеңдеткен болатын. Ал бүгінде еліміздегі сан ұлттың баласы «Мен қазақша білем!» деп мақтанышпен айтады. Біз Тілдер күні қарсаңында қазақ мектептерінде оқып жүрген өзге ұлт өкілдерінің балаларын сөзге тартқан едік.

Михаил Шут Алматы қаласындағы №63 жалпы білім беретін мектептің 3 «А» сыныбында оқиды. Мектептің мақтанышы. Рахия апайы еркелетіп «Миша» дейді екен.

Ұлан: Миша, қазақ мектебіне өз еркіңмен бардың ба?

Миша: Әрине! Достарымның барлығы қазақ балалары. Сол себепті қазақ тілін тез меңгердім. Ұлан: Жазғы демалысты қалай өткіздің?

Миша: Өте жақсы. Лагерьге бардым. Қызықты кітаптар оқы-дым.

Ұлан: Қандай мерекені асыға күтесің?

Миша: Мен 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні дүниеге келгенмін. Сүйікті асым – Наурыз көже. Жеті түрлі дәмнен дайындалады.

Ұлан: Қазақша білетініңе мақтанасың ба?

Миша: Мақта-намын. Бірақ мемлекеттік тілді білу – басты міндетіміз ғой. Көшеде, дүкенге барғанда көбіне қазақша сөйлеймін. Алғаш мектепке келгенде, үйге жиі ренжіп қайтатынмын. Балалардың барлығы маған орысша сөйлейтін. Қазақша жауап берсем, аң-таң болатын.

Ұлан: Қандай пән ұнайды?

Миша: Қазақ тілі, математика және бейнелеу өнері. Болашақта суретші болсам деймін. Табиғат-тың, жылдың төрт мезгілін салған ұнайды.

Ұлан: Достарың бар ма?

Миша: Иә. Саша, Әлихан және Владик. Бір мектепте оқимыз. Қаласаңыз Владикпен таныстырайын.

Миша бізді досы Владимир Крыловпен таныстырды. Биыл 1-сыныпқа қабылданған екен.

Ұлан: Владик, қазақ тілінде қанша әріпті білесің?

Владик: Бүгін «Әліппеден» «Ә» әрпін өттік. «Әке», «әже», «Әсел» деген сөздерді жаза аламын.

Ұлан: Қазақ тілін қайдан үйрендің?

Владик: Балабақшадан үйрендім.

Ұлан: Болашақта кім болуды армандайсың?

Владик: Шекара күзететін әскер болғым келеді. Астананы аралап, суретін салсам деймін.

Ұлан: Жатқа өлең білесің бе?

Владик: Иә. Ыбырай атаның: «Кел, балалар, оқылық!». Сосын «Айбынды Астана» деген өлеңді білемін.

ДІНІМІЗ ДЕ, ТІЛІМІЗ ДЕ БІРДЕЙ

Элнара Асанова Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көксай ауылында тұрады. Ұлты – түрік. М.Мәметова атындағы орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Ұлан: Элнара, сен қазақ тілін біледі екенсің.

Элнара: Біз қазақ елінде тұрамыз ғой. Меніңше, кеуде керіп, мақтанудың еш реті жоқ секілді.

Ұлан: Неге?

Элнара: Әкем Арзыман: «Қазақ пен түрік халқы – туыс. Біздің дініміз де, тіліміз де бірдей» деп жиі айтады. Қазақ тілін ана тілім деп есептеймін.

Ұлан: Сыныпта сенен басқа өзге ұлт оқушылары бар ма?

Элнара: Иә, бар. Бірақ екі оқушы оқуды жалғастыра алмады. Өйткені, қазақша оқу қиынға соқты. Бастапқы кезде мен де қиналдым. Алайда, басқа мектепке ауысу туралы ойламадым. Сіңілім Ясминаға қазақ халық ертегілерін оқып беретінмін. Осылайша, қазақ тілін тез меңгердім. Оқу жылының аяғында мақтау қағазын алдым.

Гүлфарида Зейнуллина

(«Ұлан», №37, 17.09.2013)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз