Сын көз

Қайран, «Жаужүрек мың бала»!..

Былтыр белгілі кинорежиссер Ақан Сатаев ағамыз «Жаужүрек мың бала» фильмін жарыққа шығарғанда, бөркімізді аспанға ата қуандық. Өшкеніміз жанып, жоғалтқанымыз табылғанына қуандық. Қазақ киносында бүгінгі жастарға үлгі боларлық Сартай батыр, Таймас, Қорлан сияқты жарқын бейнелер пайда болғанына қуандық. Ал «жаужүрек балалардың» суреттері басылған оқушы күнделіктері шығады дегенде, одан бетер шаттандық. Тіпті, қуанышымыз қойнымызға сыймады.

Қазір сол күнделіктер дүкенде де, базарда да самсап тұр. Алушы-лар бар ма? «Әрине, бар! Болғанда қандай!» деп айтар едім. Өткенде мынадай оқиғаға куә болмасам…

Оқу жылы басталарда «бес қаруымды» сайлап алмақ болып, Алматыдағы «Аягөз» базарына бардым. Іздегенім тез-ақ табылды. Күнделік, қалам, дәптер толы сөрені көзім шалып, сол жаққа жақындай бергенімде, менен жасы кішілеу бір балақай ентелей басып озды.

– Апай, маған мына күнделікті бере салыңыз тездетіп! – деді әлгі бала аптығын баспастан.

– Қайсысын! «Жаужүрек мың баланы» ма?

– Жоқ-ә, мына «БЕН-10» бейнеленгенін…

Сатушы апай екі сөзге келген жоқ. Ақшасын санап алып, күнделікті балақайдың қолына ұстатты. Жеткіншек оны қолтығына қысты да, жерден жеті қоян тапқандай мәз болып, жөніне кете барды. Сол арада қасымызға ұлын жетектеген бір әйел келді. Ол дереу баласына:

– «Жаужүрек мың бала» бар екен, жақсы болды. Осыны алайық! – деп еді, балақай азар да безер болды. Тіпті, қабағын түйіп алып:

– Жоқ, алмаймын! Керек болса, өзің ал! Маған тек «Қара киімділердің» суреті бар күнделік керек! – деп анасына зекіп тастамасы бар ма?!.

Шешесі мұндай еркелікке әбден үйреніп алса керек:

– Жарайды, қалағаныңды ала ғой! – деп бірден келісті.

Сөйтіп, көз алдымда екі бала «Жаужүрек мың бала» бейнеленген күнделіктерді көзге ілмей кетті. «Бұған кім кінәлі?» деймін ішімнен. Шетелдік құбыжықтарды қазақтың батырынан артық көрген бала ма? Әлде, оның бойына ұлттық рухтың нәрін сіңдіре алмаған үлкендер ме?

Сол күні базардан біртүрлі көңілсіз қайттым. «Біз неге өз фильмдерімізді күнделік бетіне баспаймыз?» деуші едік. Басылды. Енді неге алмаймыз? Неге қажетсінбей отырмыз? Алушысы болмаса, өндірушіге де пайдасыз ғой. «Ешкім алмаса мұны несіне шығарамын?» демей ме бір күні. Ойланайықшы…

…Айтпақшы, екі бала менсінбей кеткен «Жаужүрек мың баланың» біреуі маған бұйырды. Қалған күнделіктер өтті ме екен? Болмаса, сол күйі сөреде қалды ма?

Білмеймін…

Думан СМАҚОВ,

12-сынып оқушысы,

«Ұланның» жас тілшісі.

Алматы қаласы

Жаныңда жүр жақсы адам

«Ұланды» жеткізетін апай

Достар, біз күн сайын кімнің жолын тосып, хат-хабар күтеміз? Түрлі газет-журнал мен сәлемдемені бізге кім жеткізеді? Ойланып қалдыңдар, солай ма? Әрине, ол – ауылдағы пошта қызметкері.

Ала сөмкесіне газет-жур-налды салып алып, әрбір шаңы-раққа жақсы хабар таситын пошташы Нәзигүл апайды бәріміз жақсы танимыз. Ол кісі ауылдың хабаршысы, жаңалық жаршысы. Жазғы демалыста пошташы апайды асыға күтетінмін. Өйткені, бос уақытымыз көп. Үй шаруасынан қолым босай қалса, сіңілім екеуміз жыр-дастандарды жарыса айтып, газет-журналды таласа оқимыз. Көшеге көз тастап: «Нәзигүл апай келе жатқан жоқ па?» деп қарап жүреміз. Ал алыстан ала сөмкелі апайды көрсек, алдынан жүгіріп шығамыз. Ол кісі күлімдеп: «Көп күттіңдер ме?» дейді де, құшақ-құшақ газетті қолымызға ұстатады.

Жазда күн қатты ыстық болды. Сонда аптап ыстыққа қарамай, газет-журнал таратып жүрген Нәзигүл апайды көрдім. Жұмысының қиын екенін сол сәтте түсінгендей болдым. Апайға көмектесіп, біраз әңгімелескен едік.

– Апай, пошташы болу қиын ба? Ол үшін адамның бойында қандай қасиет болуы керек? Сізге осы жұмыс ұнай ма?

– Әрине, қиын, – деп бастады әңгімесін Нәзигүл апай. – Бірақ маған жұмысым ұнайды. Ең алдымен, жауапкершілік пен төзімділік қажет. Жүгіріп жүріп, бүкіл ауылға сәлемдемені таратқанда, спортшылардан да озып кетеміз.

– Байқаймын, сізде арнайы көлік жоқ. Велосипед секілді жеңіл көлігіңіз де жоқ. Қиналып жүрген жоқсыз ба?

Апай сәл тосылып қалды.

– Иә, дұрыс айтасың, – деп сөзін жалғады. – Негізі, пошташыларға арнайы хат таситын мотоциклдер берілуі керек. Өкініштісі, шағын ауылда тұратын біздерге берілмейді. Кейде қатты шаршағанда, осы көлік туралы ойланамын. Алайда, жаяу жүру денсаулыққа пайдалы ғой. «Көлік жоқ» деп қарап отыруға болмайды. Ауыл жұрты газет-журнал, хат-хабар күтеді емес пе?

– деп күлді.

– Атақты ақын-жазушылар бала кезінде кітапханашы немесе пошташы болуды армандайды екен. Мұның себебі неде?

– Кәсіпті жақсы не жаман деп бөлуге болмайды. Тек ісіңе адал болсаң болғаны. Мұның себебі, елдегі жаңалықты бұрын естисің, кітапханада кітапты емін-еркін оқисың. «Пошташылар ұзақ өмір сүреді» дейді. Халықтың батасын алып, алғысты жиі естиміз. «Батасыз ұл жарымас, баталы ұл арымас» деген жақсы сөз бар. Қолымнан келгенше, өз ісімді адал атқарамын.

Нәзигүл апайдың әңгімесі қызық еді. Тіпті, тыңдай бергің келеді. Біз бұл кезде барлық газет-журналды таратып болған едік. Мен апаймен қимай қоштастым. Расында, халықтан алғыс алатын пошташы мәртебелі мамандық емес пе?

Дана МАРАТОВА,

Науалы орта мектебінің

10 «А» сынып оқушысы.

«Ұланның» жас тілшісі.

Науалы ауылы,

Үржар ауданы,

Шығыс Қазақстан облысы

Қатеден қашан құтыламыз?

Астана – әсем қала! Елордамыз күннен-күнге қарыштап дамып келеді. Аспанмен таласқан зәулім ғимараттар көздің жауын алады. Бас қаламыздың қай жағынан алсаң да келісті болуы хақ. Бірақ «қате» деген шырмауықтай шырмалған дүниеден әлі арыла алмай келеміз. Әсіресе, көшеде ілінген жарнамалар жайлы көп нәрсе айтуға болады. Сөйлем дұрыс құрастырылмаған немесе әріптері түсіп қалған. Мәселен, Ықылас Дүкенұлы көшесінде орналасқан «Иколь» сұлулық салонында бір емес үш әріп түсіп қалған. Дәл осы көшедегі «Әсем» сауда орталығына ілінген жарнамада грамматикалық қате бар. Бөгенбай батыр көшесінің бойындағы «Зұлқия» орталық базарының маңдайшасында «ұ» әріпінің орнында орысша «у» әріпі, яғни «Зулқия» деп жазылыпты. Сондай-ақ, «Есіктер Империясы» құрылыс-жабдықтар дүкеніне ілінген жарнамада грамматикалық қате көрдім.

Байқасаңыз, бір көшеде ілінген жарнамада бірнеше қате бар. Мұндай селқостық бас қалаға жараса ма? Қаптаған қатеден қашан құтыламыз? Осы сауалдар мені жиі мазалайды. Рас, бүгінде Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы қате жазылған жарнамамен күрес жүргізіп келеді екен. Басқарма алдымен әрбір көшені сүзгіден өткізіп, қатенің бар-жоғын тексереді. Егер қате кездессе, оны түзеуге уақыт беріп, қадағалап отырады екен. Десе де, елорда көшелеріндегі қателер азаймай тұр. Меніңше, қателікпен күреске жеткіншектерді де шақырса деймін. Оқушы көрген қателерді бірден басқармаға хабарласа, дер кезінде шара қолданылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Назым НҰРСҰЛТАН,

№62 мектеп-лицейінің

10-сынып оқушысы.

«Ұлан» газетінің жас тілшісі.

Астана қаласы

(«Ұлан», №37, 17.09.2013)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз