Білім елінде

Абдуррахман Сел,

«KATEV» Халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті:

Әрбір шәкіртті перзентіміздей көреміз

Биыл еліміздегі қазақ-түрік лицейлерінің ашылғанына – 20 жыл. Алғаш рет білім ордалары 1992 жылы Алматы, Көкшетау, Түркістан, Жезқазған қала-ларында бой көтерген еді. Осы жылдар ішінде талай түлек түлеп ұшты. Көп ұзамай Қазақстан мен Түркия елдері арасында келісім-шарт негізінде «КАТЕV» Халықаралық қоғамдық қоры құрылды. Бұл қор екі елдің достығы мен ынтымақтастығының алтын көпіріне айналды.

Қазақ-түрік лицейлерінің шәкірттері туралы жақсы пікір қалыптасқан. Олар кез келген білім бәйгесінде шашасына шаң жұқтырмайды. Содан болар, лицейде білім алуды армандайтын оқушылар көп-ақ. Жуырда «KATEV» Халық-аралық қоғамдық қорының вице-президенті Абдуррахман Сел ағаларыңмен әңгімелесудің сәті түскен еді.

Ұлан: «KATEV» қоғамдық қоры қашан құрылды?

А.Сел: «KATEV» қазақ-түрік білім және мәдениет қоғамдық қоры дегенді білдіреді. Қор екі ел арасындағы білім беруді дамыту мақсатында 1997 жылы Алматыда құрылды. Қордың қарамағында бастауыш мектептер, қазақ-түрік лицей-интернаттары, халықаралық мектептер мен колледждер және Сүлеймен Демирел университеті бар. Алғаш рет қазақ-түрік лицейлері 1992-1993 жылы ашылды. Қазіргі таңда лицейлердің саны 28-ге жетті. Қазақстанның барлық облыстарында бар. Тағы бір айтарым, «KATEV» қоры тек Қазақстанда жұмыс жасайды. Басқа елдерде жоқ.

Ұлан: Қазақ-түрік лицейінің негізгі мақсаты мен ерекшелігі неде?

А.Сел: Басты мақсат – білімді, көп тілді меңгерген, әлемдік бәсекеге қабілетті, өз ұлтының құндылықтарын бойына сіңірген жас ұрпақты тәрбиелеп шығару. Енді ерекшелігіне келер болсақ, төрт тілде білім беруінде. Ғылым саласындағы соңғы жаңалықты біліп қана қоймай, көшке ілесе білу – бәріміз үшін маңызды. Гуманитарлық пәндер қазақ тілінде, ал, жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде оқытылады. Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқу – жастар үшін ұтымды. Қазақ-түрік лицейінде 7-сыныпта ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. 10-сыныптан бастап, IELTS емтихандарына дайындық жүргізіледі. 11-сыныпты бітірген кезде ағылшын тілінің Advenced деңгейін толық меңгеріп шығады. Түрік тілін үйренуі де туысқан екі елдің мәдени және сауда байланыстарын тереңдетуге жол ашады.

Қазақтың тұңғыш ағартушы-педагогы, қазақ мектебінің негізін қалаушы Ыбырай Алтынсарин 1887 жылы алғаш рет Ырғызда қыздар гимназиясын ашты. Ұлы ағартушының қыздарға бөлек білім беруінің мәнісі бар. Бірқатар шетелдерде ұл мен қызды бөлек оқытады. Мәселен, Англияда – 400, АҚШ-та – 500, Жапонияда – 464, Ресейдің өзінде (Коми Республикасында) – 400-ге жуық мектептерде осындай жүйе қалыптасқан. Бұл жүйе қыздар мен ұлдардың мектепте жақсы тәрбие алуына оң әсерін тигізеді. Алдымен, даму ерекшеліктері, қөзқарастары мен білімге деген қызығушылықтары мүлде бөлек бағытта дамиды. Мәселен, ұлдар қыздарға қарағанда кеш қимылдайды. Әсіресе, бастауыш сыныптарда көбінесе нашар оқиды. Қыздардың оқу үлгерімі жоғары болғандықтан, мұғалімдер оларды жиі мақтайды. Бұл ұлдарға кері әсерін тигізуі мүмкін. Мұндай жағдайда әртүрлі оқыту әдістерін қолдану қажет. Сыныпта өткізілетін сайыстарда қыздарға мұқият қарау керек. Себебі, қыздар қатты күйзеліске ұшырауы мүмкін. Ұлдарға керісінше, бәсекелестік ұнайды. Жылдам ойлануға итермелейді. Қыздар көбінесе гуманитарлық бағытты таңдаса, ұлдар техникалық бағытқа бейім тұрады. Дегенмен, оқыту бөлек болғанымен, барлық ұлттық мерекелер, қоғамдық іс-шаралар, тіл фестивальдері, білім көрмелері мен әртүрлі спорттық жарыстар бірге өткізіледі. Сосын ұстаздардың біліктілігін жиі жетілдіріп отырамыз. Англия, Оңтүстік Корея, Түркия сынды елдерге барып, қосымша дәрістер алады. Мәселен, «КАТЕV» қоры мен Oxford университеті бірнеше жылдан бері бірге жұмыс істеп келеді. 120 ағылшын тілі мұғалімі ОТА-да (Oxford Teachers Academy ағылшын тілі мұғалімдерінің білімін жетілдіретін арнайы бағдарлама) білім алды.

Ұлан: Соңғы уақытта лицей шәкірттері қандай жетістікке жетті?

А.Сел: Әрине, оқушылары-мыздың жетістіктері көңілге қуаныш ұялатады. Жыл сайын ҰБТ-дан лицей түлектері жоғары балл жинайды. Халықаралық білім додаларында көк туды желбіретіп келеді. Соңғы жетістігімізге тоқталар болсам, 2013 жылдың 7 сәуір – 15 шілде аралығында Дания мемлекетінің астанасы Копенгаген қаласында Халықаралық физика олимпиадасы (ІPhO-2013) болып өтті. Сайысқа әлемнің 83 мемлекетінен 381 оқушы қатысып, нәтижесінде дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының оқушылары Муса Раджамов (Жамбыл облысы), Айдар Жетесов (Астана қаласы), Амир Бралин (Ақтөбе қаласы) күміс медальға ие болып, Қазақ елінің мерейін асқақтатты. Сондай-ақ, жамбылдық Дінмұхаммед Нұрбек қола жүлдеге ие болды. Ал 21-26 маусым күндері аралығында Түркияның Анталия қаласында Балқан жасөспірімдер математикалық олимпиадасы (JBMO) болып өтті. Болгария, Румыния, Грекия, Молдова Республикасы, Сербия, Түркия, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзірбайжан, Қазақстан, Кипр, Босния сынды әлемнің 20 елінің жастары өзінің білімдерін ортаға салды. Қазақстан командасы 1 алтын, 2 күміс, 2 арнайы мақтау қағазына ие болды. Тізе берсек, ауыз толтырып айтатын жетістіктеріміз өте көп.

Ұлан: Білім, ғылым мен мә-дениет саласында үлкен табысқа жеткен танымал түлектерді атай аласыз ба?

А.Сел: Ұстаздар қауымы ата-ана секілді ғой. Ұлы Абай айтқандай, атаның баласы емес, адамның баласы болғанын қалай-мыз. Қай мектепті бітірсе де, еліне, халқына тынбай қызмет етсе екен дейміз. Сондықтан мынау мынадай деп бөліп-жарып айтудың қажеті жоқ. Әрбір оқушымыз перзентіміз секілді. Жетістікке жетулеріне әрқашанда тілектеспіз. Лицейге оқуға келген баланы 7-сыныптан бастап оқытып, тәрбиелеп, жоғары оқу орындарына түсуге жағдай жасаймыз. Оқу орнына түскеннен кейін, жеке тұлға ретін-де қалыптасады. Түлектеріміз еліміздің барлық салаларында, шетелдерде, осындағы түрлі шетел компаниялары мен еліміздің барлық облыстарында еңбек етуде. Бізге осының өзі мақтаныш.

Ұлан: Қазақ-түрік лицейінде кез келген оқушы білім ала ма? Мұнда оқуға түсудің қандай талаптары бар?

А.Сел: Лицейге жыл сайын 6-сыныпты бітірген оқушылар конкурс арқылы қабылданады. Сынақ 2 кезеңнен тұрады: 1-ші сынақ математика пәнінен болса, 2-ші сынақта оқушының қисынды ойлау қабілетін бақылайды. Сосын қазақ тілінен алған бағасына назар аударамыз. Сынақтан сүрінбей өткен оқушы оқуға қабылданады. Басты талап – осы. Әрине, Алматы мен Астанада оқуға түсудің ерекшелігі бар. Бәсекелестік жоғары. Білім беру ақысыз. Ал ЖОО орындарына келетін болсақ, Сүлеймен Демирел университетінде мемлекеттік гранттармен қатар, білім ордасында жақсы оқыған тәлімгерге ректордың арнайы гранты беріледі.

Мәлік Отарбаев,

аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының жауапты хатшысы:

Ахмет ағайдың мейірімі

– Мен Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) Киров атындағы орта мектепте оқитынмын. Бір күні сынып жетекшім: «Мәлік, сен сабақты жақсы оқисың. Біздің қалада қазақ-түрік лицейі ашылып жатыр. Сонда оқығаның дұрыс», – деп жол сілтеді. 1993 жылы 6-сыныпты бітіргеннен кейін, лицейге құжаттарымды тапсырдым. Сынақтан өтіп, оқуға қабылдандым. Бір жыл бойы ағылшын, түрік тілдерін оқыдық. Лицейден көп нәрсені үйрендім. Тура үйімдей болып кетті. Барлық шәкірт бір-бірімізге туған бауырдай едік. Ұстаздар ата-анамыз секілді бар мейірімін төгіп, үнемі ақыл-кеңесін аямайтын.

Физика пәнінен Ахмет Демирқұл деген ағай дәріс беретін. Жаңа тақырыпқа көштік те, түсінбейтін сұрақтарымыз көбейді. Осыны сезді ме, Ахмет ағай бес оқушыны үйіне шақырды. Көктем мезгілі болатын. Қар еріп, жер балшық еді. Ағайдың үйіне балшықты кешіп, әрең жеттік. Сырт киіміміз лас болса да, ағай ашық-жарқын қарсы алды. Сөйтіп, жаңа тарауды қайта түсіндірді. Бізге арнайы дастархан жайып, ас әзірлеп қойыпты. Қайтарда есіктің алдындағы балшыққа батқан бәтеңкеміз жоқ. Ағайдан сұрауға ұялып тұрмыз. Сөйтсек, ағайдың жұбайы біз үйге кіргенде, бәтеңкемізді жуып, сөреге салып қойған екен. Мұндай жылылықты көріп, жанымыз сүйсінді. Лицейде жақсы оқығанның арқасында талай жетістікке жеттім.

Гүлфарида Зейнуллина

(«Ұлан», №37, 17.09.2013)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз