Ізінен аңыз ерген

ИРАН-ҒАЙЫПТЫҢ ҒҰМЫРИ ҚАСІРЕТ-НАМАСЫ МЕН ҚАЗІРГІ ТРАГЕДИЯСЫ


ИранҒайыптан сұхбат алу үшін соңынан тұптура бір жыл жүгірдім. Ақынды сұхбатқа көндіру оңай болмады. Жыл өткен соң табандылығымды ескерді ме, әйтеуір көнді.

Ақынның үйі Алматының «Көктем-2» ықшамауданында, ҚазҰУдың дәл жанында. Тимирязов көшесінің бойындағы көп қабатты үйдегі ақынның пәтерін қорқып, имене аштым. Өйткені, әріптестерімнен ИранҒайыптың мінезінің қиямпұрыстығы, қыңырқырсықтығы туралы талай әңгімеге қаныққам. Сұхбат алған журналиске: «Бір сөзімді өзгертсең, сотқа беремін», – деп кесіп айтқанын да білетінмін. Есікті Иранбек ағамыздың өзі ашты. Амансаулықтан соң, дереу сұхбатымызды бастамақшы едім. «Қолыңды жу», – деп қатқылдау бұйырды да, асүйді нұсқады. Дариға жеңгемізге журналист келетінін айтып, ас қамдатыпты.

Дастархан басында отырмыз. ИранҒайыпқа «өткірлеу» сұрақтарымды дайындап, қаруланғандайақ келіп ем. «Сұхбаттасатын адамыңның асын ішпе, үйінде қонақ болма, өйткені дәмдес, дастархандас болғаннан соң өткірлеу жаза алмай қалуың мүмкін» деген журналистиканың өзіндік әдебі бар. Осыны ойлап, кеседегі шәйді қылққылқ жұтамын. «Мен тек қана құлынның етін жеймін, еттен же, жұмсақ», – деп Иранбек аға қайтақайта ет салып береді табағыма. Сұхбатқа асығар емес. Араарасында қайдан бітіргенімді, жұмыс тәжірибемнің қанша екенін сұрап та қояды. Бой жиып, қорқынышым сейіле бастағандай болған. Дастархан басындағы әрбір қимылымнан көз алмай отырған ақын кенеттен: «Мені әйеліммен ажырастыру үшін келдің бе?» – деп дүрдиді. Неге бұлай дегенін түсінбей таңмын. «Өзің әдемі қыз екенсің, жассың. Мына отырған жеңгең де менімен сұхбат алып жүріп танысқан», – дегенде мен де, Дариға жеңгеміз де қысылып қалдық. Ыңғайсыз жағдайдан жеңгеміздің өзі алып шықты қайта. «Ағаңның әзілі ғой, келген журналисті сүйтіп шошытатыны бар», – деп жуыпшайып жатыр. Әзілі десе де, біртүрлі болады екенсің. Сұхбат аламын деп желпініп келгенімде, желкеден ұрғандай қылды. Бір жағы намыстанып та барамын. ИранҒайып емес, басқа біреу болғанда зәрлі тілмен жауап қайтарар едім деймін іштей. Ақынның соңынан бір жыл жүгіріп, сұхбаттасудың сәті енді келгенде шыдайын дедім. Жас жылқының етіне тыңқиып тойып алып, жеңгеміздің қызылкүрең шайын қанып іштік. Қарны тойғасын Иранбек ағамыз қатты бір кекірді де, түрін бұзып: «Менен не сұрамақсың ал?» – деп кіржиді. «Жазып жүргендеріңді білем ғой, оқып тұрамын, менен не білгің келеді?» – деп қарап тұр. Өзімен риясыз, бүкпесіз әңгімелескім келетінін айтып, түсіндіріпақ жатырмын. «Ана Жәркенді неменеге мақтадың?» – деп сосын тағы бұзылды. Жәркен Бөдеш туралы алдыңғы мақаламды жақтырмаған болуы керек, әлде Жәркенді жақтырмай ма, білмедімСұхбатқа көндіруге жүгіргенім аздай, дастархан басында сұхбаттасайық деп бір сағат тәжікелестік тағы. Сәлден кейін: «Қарның тойды ма? Үй осы, келіп тұр, күнде қонақ боламын десең де қарсы емеспін, жігітіңді де ертіп келсең болады», – дегенге көшті. Қарнын сипап орнынан тұрды да, келесі бөлмеге кіріп кетті сосын. Енді үш бөлмелі үйдің ішінде ақынның соңынан жүрмін. Бір журналисті мен құсап үйіне шақырып, бір өлеңін қолына ұстатып, осыған да разы бол деп сұхбат бермей, қайтарып жібергенін естігенмін. Сол әріптесімнің кебін кимесем болды деп қылпылдап барамын. Сәлден кейін: «Бүгін әңгімелесуге зауқым жоқ, ертең азанмен келші, таңғы жетіде келсең де болады», – деп қырсықты. «Иранбек ағааа, сұхбат беремін деп келістіңіз ғой, мен сіз жайлы көлемді мақала жазуым керек, өйтпеңізші, сізге қоятын сауалдарым бар», – деймін таусылып. «Қысқасы, мен сізді түсінбеймін. Мінезіңізді де, қыңырқырсықтығыңызды да. Сізбен сөйлесіп, мінезіңіздің, туабітті болмысыңыздың қандай екеніне бойласам деп келгенмін. Сіздің шын мінезіңіз осындай ма, әлде біз ойлағандай жасандылық, әртістік те бар ма бойыңызда?» – дегенімде, ақын менің не үшін келгенімнің ауанын ұқтыау деймін, әңгімелесетін бөлменің есігін ашты.

Әдетте ақынжазушылармен жұмыс бөлмесінде, жазу үстелінде отырып сұхбаттасатынбыз. Бұл кісіде жұмыс бөлме деген атымен жоқ па деп қалдым. Кірген бөлмеміздің төріндегі екі кісілік төсекке жантайды да, «осында сұхбаттасамыз» деді. «Кітаптарым мен суреттерімді алып келесің, көмегің керек» деп әйелін шақырып алып, қасына отырғызды. Әйтсе де сол жолғы әңгімеде ИранҒайып ашылды. Басқа журналистерге айтпаған сырын, шынын айтты бізге.

ИранҒайыптың ақындық тағдыры өзіне қасіретті болғанымен, өзгеге таңсық. Ақынның мінезі де қалыпқа сиятын мінез емес. Ғайыптан пайда болып, бұ дүниелік ұғымнан ада адам сияқты өзін қияңқылау ұстап, қалауынша еркін жүріптұратыны бар. Кейбіреулердің түсінігінде ИранҒайыптың осы мінезі «қырсық» деген сөзбен шендестіріледі. Қасарыспа түр танытып, қияңқылау әңгімелер айтып, өзін осылайша қасақана қаһарман ғып мүсіндеп, қырсықтықты, қияңқылықты ақын имидж ретінде қалыптастырып алған-мыс. Ақынға көптің аузындағы осы ойды ұқтырғанымызда: «Ақындар туралы түсініктерің таяз сендердің. Ақындарға сендер бір-ақ өлшеммен қарайсыңдар: «Ой, мықты ақын, мінезі жақсы, иі жұмсақ» немесе «мінезі итке бергісіз, қыңыр, қырсық ақын» деп. Менің мінезімді итке бергісіз деп ойлаған адам «боғын» жепті. Мінезі жаман адамнан жақсы өлең шығушы ма еді?! Тәні, жаны, тегі таза шығып, алған тәлім-тәрбиесі жұрттан көш бойы озық болмаса, Ол Ақын болып не жарытпақ?!» деп ақырды.

Иран-Ғайыптың ұғымы да өзгешелеу, ол сірә, өмірге жолдама алған мамандығына да байланысты шығар. Ол әдебиетке бірден әдебиеттің ауылынан келген жоқ. Ол – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің түлегі. Әдепкі қалыптасқан санадан тыс ойлау дағдысы сол техникалық оқу орнының қабырғасында қаланды, бәлкім. Ол – қазақ поэзиясына өзгеше өлең үлгісін әкелген ақын. Әр жол қағазға қадалған бағана секілді бір ғана сөзбен, баяндауышпен басталатын, пішіні бөлек өрнек келді өлеңге. Ақынның мұнысын түсінбей, кірпідей жиырылып, үркіп қарағандар да табылды кезінде.

Мінезін көп адам түсіне бермейтін Иран-Ғайыпты біз таныдық па?! Әдеби жиын-той, басқосуларда кейде гүрілдеген, кейде кіжінген, қыжырған даусымен көңіліне жақпаған жайды айтып салып отыра беретін, кейде айналасын оятқысы келгендей ащы дауыспен ақыратын зор дауысты кісінің жанын бір уақ түсініп көрдік пе осы?

Бұрындары Жазушылар одағындағы әдеби кеш, шығармашылық жиындарда айтылып жатқан әңгімені тыңдап отырсаң, залдың қараңғылау бұрышынан тыныштықты бұзған гүр-р-р-р еткен таныс дауыс естілетін. Сөйлеп тұрған адамның өзі ме, сөйлеген сөзі ме, әйтеуір бірдеңесі Иран-Ғайыпқа ұнамайды. Ойындағысын жасырып қалмай, риза еместігін білдіретін репликаларын бөгемей, бері қарай лоқсытып жататын сөйтіп. Кейінгі кезде Иран-Ғайып тізгінін тарта бастады ма, әйтеуір өткір пікірлерін естімейтін болдық. Жазушылар одағының өткізген жиын-тойын, сахнаға көтерілген адамдардың сөзін сынап-мінеп, шырқын бұзып айғайлап отыратын ақын қазір алаңсыз Одақтың жақтаушысына айналғандай. Бұлай дейтініміз биылғы құрылтайда Иран-Ғайып: «Тіріңді құрметтеп, өлгеніңді арулап көміп жатыр ғой, Одаққа басқа не істе дейсіңдер?» деп кіжініп, Одақты қолпаштай сөйледі. Қара шаңырақты сынаған Мұхтар Шахановтың сөзін жақтырмай, Шахановпен текетіреске кетіп қала жаздағаны да есімізде. Қазір Иран-Ғайып өзгерген. Бұрынғыдай сан-сапалақ оқиға, сапырылысқан жұрт ішінен: «Оу, халайық, қайда барамыз?» деп айғайлауын сиретті. Ақынды бұрындары «арыстан мінезді» деп ойлаушы едік, соңғы уақытта бұл пікірімізден айныдық. «Тізгініңізді тарта бастадыңыз ба, бұрынғыдай «арыстан мінезіңізді көрмей жүрміз ғой?» деп өзінен сұрағанымызда:

«Бір жарым жыл бұрын инсульт алдым. Таяққа сүйеніп жүргенімді көріп жүрсіңдер ғой. Инсульт алған адамда ненің арыстандығы, ненің айқайы, жаным-ау?! Ақырмақ түгілі, азанда оянғанда тірі екеніме шүкіршілік етіп тұрамын. Қазақтар керемет бір батырды, арқыраған ақынды көрсе, «арыстаным менің» деп арқасынан қағып, арыс екен деп жатады. Менің арыстан болғым келмейді. Өйткені, арыстан бұ дүниядағы ең бір қажыр- қауқарсыз, өмірінің басында – әлжуаз-нашар, ақырында тамағын өзі тауып жей алмайтын бейшара-сорлы хайуан… Арыстанның өйтіп арыстан болғаны құрысын. Сондықтан арыстан болғым келмейді, мені арыстан мінезді демей-ақ қой», деген жауап естідік ақыннан.

Иран-Ғайыпты кезіктіріп, әңгімелескің келсе, ақынды «Хамит Ерғалиев жағалауынан» кезіктіруге болады. Ертеңді-кеш ақын Есентай өзенінің бойында серуендеп жүреді. Иран-Ғайыптың мінезін сол Хамаңа ұқсататындар көп. «Иранбек қайда, Хамаң қайда» дейтіндер де бар.

«Ал, Дүние…

Ойнадым,

Күлдім:

Мәнін жоғын білдім.

Жыладым –

Сықтадым:

Жалғандығың – ұққаным.

Іштім,

Тыштым:

Құйрығымды қыстым…»

Иран-Ғайып осындай адам. Осылай ойлайды. Өзінің бар болмысын, бар ойын осы бір шумақ өлеңнің тарыдай қауызына сыйдырыпты. «Ұтқыр шумақ емес» деп тағы айта алмайсыз. Қарауға шыдатпай шарпып тұрған өрт. Тілі тотияйындай. Көк аспан секілді күрсініп қалып, көңіліндегісін өлеңге өзгертпестен көшірген. Ішін жалаған жалынды шындыққа қарып, соңында өзіне басу айтады. Кей тұста Иран-Ғайыптың өзін-өзі жеп жүрген адам сынды көрініп қалатыны бар. Иә… Баласының, Мұнарбегінің қазасына қатысты айтпағымыз. Бір мүшелден асар-аспасында бұл кісінің баласы ажал құшты кенеттен. «Жалғыз қалдым ғой мен, құйрық-жалсыз жалаңаш қалдым ғой» деп жылап, жер жастана қайғы кешті ақын. «Сол күндерді еске алсам жүрегім қақ айрылады», – дейді.

Қызылорда театры Алматыға гастрольдік сапармен келіп, «Күшігінен таланған» атты Ақсақ Темір туралы Иран-Ғайыптың драмасын сахналаған еді сол жылы. Қоюшы режиссер Ерғали Оразымбетов болатын. «Күшігіне таланғанды» Оразымбетов өте жақсы қойды. Мұнарбек ол уақытта 9-сыныпта оқиды. Бұғанасы қатпаса да Сатыбалды Нарымбетовтың «Созақтан келген Гамлет» атты фильміне түсіп үлгерген. Мұнан арғыны Иран-Ғайыптың өзі былайша баяндады: «Он жыл бойы «Қазақ әдебиеті» газетінде поэзия бөлімін басқардым. Мәскеудің Жоғары Әдебиет институтын бітіріп келіп, болдым-толдым деп тұрған шағымда аяқ астынан ұлымнан айырылдым. Мұнарым екеуміз бір малды сойып, спектакльдің режиссерін, театр әртістерін күтуге дайындалып жүргенбіз. Құдай аузыма салды ма, базарға мал алуға барғанда баламның қасымда құлдыраңдап жүргеніне еміреніп кетіп: «Балам, айналайын, сен тірі болшы, менің бұлай талтаңдап жүргенім сенің арқаң ғой…» – деп қолпаштадым. Қойылымда ұлымды қасыма ертіп жүрдім. Қазір тіл-көз тиді ме екен деп те ойлаймын. Жұрттың бәрі: «Мұнарбегің Адам болып қалыпты ғой», – деп шуласты. Кейде Ақсақ Темірдің шамына тиіп алдым ба, бірдеңесінен мүлт кеттім бе деп те өкінемін. Ақсақ Темір туралы драмалық дастанды жастықтың сәдірмек буымен, басқалай ештеңені ойламай жаздық қой, қазір түсінгенім Ақсақ Темірге кімде-кім «ауыз» салса, сол адам қайғы құшағында қалады екен. Мен де қарадай ұрындым ғой, оны білсем, Ақсақ Темір жайлы жазып нем бар? Ақсақ Темірді ойнаған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Тұрысжан Айнақұлов ағамыз сол күні сахнада ішіп ойнады. Ағамыздың мұнысын көңіліме алып қалдым. Қайғыдан қара жамылғанда қайдан қате кеткеніңді ойлап, неден болсын себеп іздейді екенсің. Гримдеу бөлмесіне барып: «Аға, спектакльге дайындалғалы бері аузыңыз құрғаған жоқ қой. Ақсақ Темірді ащы судың буымен ойнауға болмайды», – деп кейіген едім, сонда. Қызылорда театрының Алматыдағы мәдени күндері Ақсақ Темірмен аяқталды… Сол күні түсте аяқ астынан Мұнарым Ажал құшты… Балам қайтқан соң, менің ғұмыри қасірет-намам басталды…».

«Баласының құлпытасына Иран-Ғайып өз өлеңін қашап жазып қойған» дегенді көп еститінбіз. Бүкіл тапқан-таянғанын жиып, бір зауытқа тапсырыс беріп, өз қолымен конструкциясын жасап, 23 детальдан құралатын «Бесік» жасатыпты ақын. Баласы қазір сол «Бесікте» жатыр. Құлпытасына баласының туылған күнін жазды да, өлген күнін жазуға «қолы» бармады. Есесіне өзінің

«Ұлым!

Бәлкім, бұл –

Менің Өлген Күнім?!» – деген өлең жолдарын құлпытасқа қашады.

Ұл кеткен соң шаңырағы ортасына түсіп, Иран-Ғайып жылап-еңіреп, бес жыл өмірден баз кешіп… «көшеде» жатты. Газеттердің бәрі сол кездегі қайғыдан қан жұтып жүріп жазған өлеңдерін шектеусіз-ақ берді. Содан ба, Иран-Ғайыптың поэзиясында баласының қазасы алдыңғы орынға шықты. Ақын ендігі жерде қолының шабылғанын, құйрық-жалсыз қалғанын жырлады. Иран-Ғайыптың басына түскен тақсіретті түсінгісі келмегендер «Иран-Ғайып өзін тағдырлы ақын болып көрсеткісі келеді» деген әлдебір келеңсіз әңгімені көпсітті. Ел аузындағы әңгіменің шетін шығарып, осындай әңгімелерді естігенде қандай күйде болатынын сұрағанымда, ақын: «Мен туралы кейбіреулер солай да ойлайтын шығар, қайсысының аузына қақпақ болайын?! Баласы өлген адам туралы бұлай айтатындарды мүлдем түсінбеймін. Тек тумысынан көргенсіз, затсыз адамдар ғана соларша оттайтын болуы керек. Мен не сонда, тағдырлы ақын болу үшін баламның өлімін Құдайдан тілеппін бе? Мұндай сұрақты маған неге қойып отырсың, шырағым?! Өте ауыр емес пе маған… Сауалыңа қаншалықты күйініп отырсам да, басыма түскен тосын тағдырымды басқаға тілемеймін. Мұндай қайғыны досым тұрмақ, дұшпаныма бермесін, тіпті Қазақстанды үптеп, тонап, елдің байлығын жекеменшігі еткен жебір-жәһилдерге де бермесін. Бұл – адам көтеретін қайғы емес. Жайын-Шах есейіп, оң-солын танығанша, мені тірі өлік болды деп есепте. Тірі өлікте қандай мақтан, қандай мақсат болуы мүмкін?!» деп ашына сөйледі.

Жайын-Шах деп отырғаны – Иран-Ғайыптың ендігі тұтқа ұстар азаматы. Мұнарбегінің қазасы мұқалтса да, ақынды Дариға жеңгемізден туылған Жайын-Шахы келіп жұбатты. Ақын ендігі жерде ұрпағым бар деп қуанды. Жұрт Иран-Ғайыптың Мұнарбектен айрылғаннан кейінгі өміріне «қызығушылық» танытып, бәрі қалай болғанын, Дариғамен қалай табысқанын білгісі келеді. Жақауратып отырып осы жайды жеткізгенімізде ақын: «Екі қатынды мен жетіскеннен, желік қуғаннан алыппын ба? Дариға жеңгең де менің сол жылдардағы өлеңдерімді оқыған, жалғыз баласынан айырылған ақынға жаны ашыған… Кезінде Дариғамен «Жазушы» баспасында бірге істедік. Бұл кісі мені сол кездегі «хайуани» қалыптан аман-есен құтқарды, қарлығаш-қанатымен су септі ішімдегі өртке! Ол кездегі өмірімді, Құдай өзі кешірсін, өмір деп айтуға болмайды. Мұны басынан өткермеген адам түсінбейді, қалқам…» деп іштегі шерін ақтарды. Мұнардың қазасынан ақын инфаркт алды. Ұлының анасы Фатиманың да қайғыдан ішек-қарнының бәрі жабысып қалып, іш құрылысына ота жасатыпты. Алғашқы жары Фатимамен 8-сыныпта танысып, институт бітіргенде үйленген екен. Екеуінен ұлдан бөлек, Алтайы, Шырын, Индира деген үш қыз бар. Одан кейін Дариға жеңгемізбен бас құрап, жеңгеміз Мәрмәр, Ақмұнар атты күміс шолпылы қыз, Жайын-Шахтай алтын айдар ұл туып берді. Иран-Ғайып қазір бес қызын да тұрмысқа беріп, енді Жайын-Шахының азамат болып, ат жалын тартып мінгенін күтіп жүр. «Жайын-Шахыңыз қазір қандай бала болып өсті?» деп сұрағанымызда ақын басындағы трагедиялы жағдайдың бетін ашты.

– Жайын-Шах екеуміздің арамызда контакт жоқ. Менің айтқанымды түсінгісі келмей ме, әлде табиғаты сондай ма, білмеймін. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген тегі рас екен. Әкеме істегенімнің барлығын балам алдыма әкеліп жатыр. Бұл баладан көріп жатқан «рахатым» – әкемді түсінуіме септігін тигізді. Мен де бір кездері «бәрін білетін», әкеге жүрдім-бардым жауап беретін, әкемнің қасында отырмайтын бала едім. Қазір ойласам, Жайын-Шахпен сөйлескен қазіргі мен сияқты бір кездері әкемнің де айызы қанбаған екен. Бес қызым да тұрмыста, құтты мекендеріне қонып, бөлек кетті. Ал жалғыз ұлмен тілдесіп, әңгімелесе қояйын десем, балам менімен сөйлеспейді. Сөйлеспейді емес, менімен жалпы «тілдескісі» жоқ, дұрысын айтқанда. Сөйлесетін ортақ тақырып таппай жүрміз, – деді. «Ұлыңызбен қарым-қатынасыңызды түзеуге, әкелі-балалы болып сырласып, шүйіркелесіп отыруға тырысып көрмедіңіз бе өзіңіз?» дедім ақын мен баласының қарым-қатынасына қанықпақ болып. «Тырысып көрмеді ғой дейсің бе, қасына жолатпайды…» деп таусылды.

«Мүмкін ұлыңызды сіз түсінбей жүрген шығарсыз…» деген кезекті сауалымызды кезегенімде:

«Білмеймін, айналайын. Оны жеңгеңнен сұра…» деп қысқа ғана, көңілсіз қайырды.

Мұнарбегінің қандай бола болғанын сұрай қалып едік:

«Мұнар – қайырымды-тұғын, мені бір кісідей түсінетін. Бәлкім, бұл киноға түсіп, өнерге ерте араласқанынан ба екен. Үнемі жанымда жүретін. Ол уақыт – менің өз буыма өзім мас болып, өмірдің таусылып бітпестей көрінетін серуенінде жүрген сәдірмек кезім ғой. Ал қазір мен «қорқып» қалған адаммын. Жайын-Шахым көзімнен таса болса, мазам кетеді. Өз-өзіме балаға қол көтермеуге ант бергенмін. Қатты сөйлегім де келеді, бірақ жалғыздығы жаныма батады-дағы сырт айнала беріп… өксіп… жылап-жылап аламын», деп іштегі шерін айтты. Осылайша әкесін пір тұтқан ақынның туған баласына өзін пір тұтқыза алмағанын ұқтық. Иранбектің ұлы әкесінің шығармашылық адамы екенін, қиқар сөйлейтін, тентек мінезді ақын екенін, ара-арасында алабөтен мінез танытып, көбігін шашқан бурадайын шабынып, шапшитынын түсінбейді, бәлки. Немесе әкесінің мінезі шынайы ма, жалған ба, оның бойында шынайылық көп пе, жалғандық көп пе, осыған көз жеткізе алмай жүр. Өзімізше біз осылай топшыладық…

P.S. Иран-Ғайып туралы айтқанда Мемлекеттік сыйлық жөніндегі әңгімеден айналып өте алмаймыз. Әдебиет пен мәдениеттің бас бәйгесіне Иранбек Оразбаев бір емес, бірнеше мәрте түсті. «Жығылған күреске тоймайдының» кері келсе де, ақынды мемсыйлықтың бәйгесінен бірнеше рет көрдік. Сонысынан да «Иранбек мемсыйлықты жылап жүріп, сұрап жүріп алды» дегендер табылды. Тегінде Иран-Ғайып «белдескенде қолыңның қары, тірескенде табаныңның бүрі шыдаса, менімен тірес» дейтін принципке барған сынды. Ерегескені де байқалды.

Мемлекеттік сыйлықты өліп қалмау үшін, бала-шағасын асырау үшін де алды.

Иран-Ғайып ұзын-ырғасы отызға жуық пьеса жазыпты. Бір қалада, бір мезгілде төрт спектакльдің қатар жүрген кезі де болған. Өзге ақындар армандай алмайтын да бақ, қарап тұрсаң. Алайда, ақын Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтын тәмамдап, алғашқы драмалық шығармаларын өлеңдетіп жаза бастағанында, драмалық шығарманы өлеңмен жазған не деген сұмдық деп, жұрт түсінбей, таңырқай қарапты. Иран-Ғайып бұған күледі: «Драманың сонау Эзоп дәуірінен бері өлеңмен жазылып келе жатқанын түсіндіре алмай қор болдым-ау».

Драмалық шығармаларын өлеңмен жазатынын сөз етіп, соңғы жазған драмасындағы бірді-екілі кемшілікті айтып едік, Иранбек ағамыз әбден ашуланды. Қасында тұрған көптомдығын төсектің үстіне лақтыра тулап: «Маған өзің сұранып келіп, сұхбат алып отырып, мынадай әңгіме айтасың. Келгелі бері асты-үстіңе түсіп бәйек болып жатырмын, «сұхбат алмай-ақ қойшы, мен нашар адаммын» деп те айттым. Не керегі бар осы сұхбаттың?» – деп екіленді. Ақынның мінезін түсініп отырып, түсінбей де қаласың. Иран-Ғайып құбылып тұратын құз сынды. Бір қарасаң бұлт басып, күркіреп келіп, қырып-жоятындай болады, енді бірде жылып, кемпіршуаққа малынып отырады.

Ойда жоқ жерде осы кісі қалайша Иран-Ғайып болып кетті деп жүрсек, әке-шешесінің азан шақырып қойған аты – Иран-Ғайып екен. «Иранбек» деп құжатқа қате жазылып кеткен де, Иранбек болып кете барған. Ендеше мұндай адамдарда түрлі-түрлі мінез болып, алуан түрлі тағдыр кешуі заңды сынды. Өйтпесе ақын ақын бола ма, тәйірі!

Қарлыға ИБРАГИМОВА

3 ПІКІРЛЕР

  1. ақын болмаған соң ақындардың мінезі маған да біртүрлі көрінеді,түсінбей кетемін кейде,,,енді ойлаймын Қарлыға апайдың орнында мен қалай сұхбат алар едім?ала алар маедім деп,,,сұхбатыңыз өте ұнады,апай!бауыр етің баладан айырылуды түсінбейміз,арине,түсінуді басқа да салмасын,бірақ бір Аллахтың ісі деп қарауға тиіс деп ойлаймын о кісі,,,кейде ақындар сезіиге тым беріліп кетеді ғой,,,себебі жандары таза,сәби секілді!

  2. Иран-Ғайып өте мықты ақын, сөздері мірдің оғындай. Өз басым осы Ағаны қатты құрметтеймін. Шығармаларын бөлек сөреге қоямын. Қарлыға Ханым, рахмет Сізге, өте тамаша, боямасыз жазғаныңызға. Иран-Ғайып тамаша ақын, тамаша АДАМ!

  3. Қарлыға, бүгін жұмыстан сәл қолым қалт еткесін Иран-Ғайыптың өлеңдерін интернеттен оқып, біраз жаным тебіреніп отырып, сенің жазған мына сұхбатыңды жылап отырып оқып шықтым. сұхбат алуға баруың да, оны боямасыз жазуың да керемет

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз