«Ақ желкендегі» жүздесу

БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕК «АЙТУҒА ОҢАЙДАН» КЕТІП,

АДАМДАРДЫҢ БАҚЫТТЫ БОЛУЫНА КӨМЕКТЕСпекші

Бұдан былай Бейсен Құранбек «Айтуға оңай» токшоуын жүргізбейді. Мұны «Ақ желкен» мен «Ұланның» жас тілшілерімен кездесуге келгенінде өзі айтты. «Қайрақ» атты тренинг компаниясын құрып, адамдардың бақытты болуына көмектеспекші екен. Өзінің жаңа қызметінің алғашқы сынағын «Ақ желкеннің» редакциясында жүзеге асырып көрді. Бейсен Құранбектің алғашқы дәрісіне ұзын саны 30 жас тілші қатысты, оның 25-іқыз бала, 5-іер бала. Тренингсұхбатқа қатысушылардың біразы: «Бейсен ағаның әңгімесін журналға міндетті түрде түгел жариялаңыздаршы, ауылға барғанда атаанамызға, достарымызға журналдан оқып, осындай тренингтерді өзіміз де ұйымдастырып көреміз. Басқалар да ондай әңгімені тыңдай жүрсін», – деп өтініш білдірді. Біз сол тренингсұхбатты ықшамдап беруді жөн көрдік. Мүмкін, бала тәрбиесіне пайдасы тиіп қалар

«Менің атымБейсен, фамилиямҚұранбек. Жасым 42-де. Журналист болуды армандаған жоқпын, футболист болғым келген. Бірақ, бола алмадым. Әскерден келген соң «Футболист болмасам да, футбол туралы жазатын журналист болайын» деп ойладым. Сөйтіп «Спорт» газетіне жұмысқа келдім. Содан бері журналистикада келе жатқаныма жиырма бір жылдан асыпты», – деп өзін қысқаша таныстырып өткен кейіпкеріміз жас тілшілерден не үшін журналист болғысы келетінін, көкейдегі армандарын бір-бірлеп сұрап шықты. Сосын әңгімесін бастап кетті:

МЕН НЕГЕ ФУТБОЛИСТ БОЛМАДЫМ?

Адамның түпкі арманы – бақытты болу. Ол журналист, тракторшы, заңгер, суретші, әнші, биші, мейлі қандай мамандық иесі болса да, бақытты болғысы келеді. Әр күнін қуанышпен өткізу, өзін жақсы сезіну – кез келгеннің арманы. Осы сөзге келіспеймін десеңіздер бірден айтыңыздар. Сіздер журналистикаға келіп жатсаңыздар, «осы мамандық бойынша бақытымды табамын» деп келіп жатқан жастарсыздар. Бақытты болу үшін адамға қажетті қарапайым нәрселер бар. Біз ол туралы айтпай-ақ қояйық. Өздеріңіз қалаған мамандықтың иесі болмай, сіздер өздеріңізді бақытты санай алмайсыздар. Бұл – заңдылық.

Құдай тағала мына өмірге біздерді жіберген кезде әркімге бір ерекше қабілет береді. Біреуге – суретшілік, біреуге – жазушылық, біреуге – тіл табысқыштық, біреуге тіл үйренуге бейімділік деген секілді… Кейбір адамдардың бойында бірнеше қабілет кездеседі. Мысалы, бір адам суретті керемет салып, өлең жазып, техниканы да, тілді де игеруі мүмкін. Бірақ жас кезіңде ең мықты қабілетің қайсы, соны танып алмай, бақытқа жетуің неғайбыл. Ең үлкен қабілетіңді басқа нәрсемен алмастырмау керек. Уақытымыз келіп, Құдай бізді мына дүниеден қайтып алып кеткенде, меніңше, ең бірінші қоятын сұрағы – «Мен саған осыншама қабілет бердім, ал сен оны қалай дамыттың? Өзіңнің, еліңнің, адамзаттың пайдасына жарата алдың ба?» болса керек.

Мен футболист болуды армандағанымды айттым. Футболист болайын десем, жасым жиырмаға келген, әскерге барып, сүйегім қатқан, шеберлікті үйренбегем. Бірақ менің бала кездегі арманым футболист болу еді, талабым таудай. Мен осы арманымның жетегімен футболист бола алар ма едім, қалай ойлайсыздар?

Жас тілшілер: Боламын десеңіз, болатын едіңіз ғой…

Бейсен Құранбек: Иә, ауылда, ауданда ғана ойнайтын футболист болар едім… Ары кетсе облыстық деңгейге шығуым мүмкін, одан арыға көтеріле алмас едім. Өйткені, мен доп теуіп көрдім, бірақ қисық аяқ екенмін. Туа біткен футболистерді көргенде, менен түк шықпайтынын түсіндім. Содан апайларымның «шығарманы керемет жазасың» дегені есіме түсіп, журналист болуға бел байладым.

Қолдарыңызға қағаз алып, шеңбер сызып, «Мерседестің» белгісіндей үшке бөліңіздерші. Кім өзінің ең негізгі қабілетін біледі? Қай салада сіздер, ең болмаса, өз қалаларыңызда, өз өңірлеріңізде нөмірі бірінші бола аласыздар? Мұны үйде отырып, ойланып жазсаңыздар да болады. Екінші бөлікке «Мені не толғандырады? Не қызықтырады?» деген сұраққа жауап жазып қойыңыздар. Үшіншіге әзірге ештеңе жазбаймыз.

Біз көбінесе басқалардың арманымен өмір сүреді екенбіз. Көбіне әке-шешенің орындалмай қалған арманын балалары орындау керек сияқты болады. «Анау журналисті қарашы, біресе ана елге барады, біресе мына елге барады, теледидарға шығады. Сен де сондай болсаңшы». Бұл – үйдегілердің біреуінің арманы шығар. Енді бірі: «Бала кезімде журналист болуды армандап едім, ол арманға жете алмадым. Енді сен болшы», – деуі мүмкін.

Дүниеге жаңадан келген нәрестенің миы ақ қағаз сияқты. Мектеп бітіргенше ата-анаңыз, мұғалімдеріңіз, достарыңыз, туыстарыңыз, газет-журнал, теледидар сіздерге өз арманын ұсынған болар. Сіздер сол армандарды бойға сіңіріп өстіңіздер. Саналы адам ретінде арман өздеріңіздікі ме, әлде ата-ана, бауырларыңыздікі ме, оны анықтап, ажыратып алыңыздар. Өз арманыңызбен өмір сүрмесеңіз, бақытты бола алмайсыз. Мысалы, журналистикада «Неге осы мамандықты таңдадым, осы салаға бекер келдім» дегенді де, керісінше, жасы жетпіске келіп: «Құдайға мың да бір тәубе, осы журналистикаға келгенім қандай жақсы болған» деген адамдарды да көрдім. Екеуінің айырмашылығы – армандарын адастырып алған.

БІЗДІҢ БУЫН ТЕЛЕВИЗИЯҒА ҚАЙТА ОРАЛСА, ОНДА МАҒАН ОРЫН ЖОҚ

Осы кездесуге келгендердің басым көпшілігі қыздар екен. Сондықтан мына бір мәселеге назар аударғым келеді. Журналистикаға менімен қатар келген қыздар өте мықты болды. Олар: Жайна Сламбек, Бибігүл Жексенбай, Ләззат Танысбай, Дана Нұржігіт, Айгүл Мүкей, тағы басқа толып жатқан талантты қыздар. Кішкентай кездеріңізде олардың атағы дүркіреп тұрды, бүкіл ел таныды. Бірақ, бір өкінішті жайт – журналистикаға келген қыз балалардың көбінің жеке өмірі артта қалып қояды. Мұны біз айтпасақ, сендерге кім айтады? Қатар жүрген достарыма 25-ке келгенде «күйеуге шығыңдар» деп ана жігітті бір, мына жігітті бір әкеп таныстырдық. Болмады. Өйткені, олар ай сайын шетелге барады, жақсы ақша табады. Біраз жүре тұрғысы келген шығар. Ал жасы отызға келгенде, көп әріптестерімнің көзінен мұң көрдім…

Тағы да «Мерседестің» белгісін сызыңыздаршы. Бірінші бөлікке «мамандық» деп жазыңыздар. Екіншіге «жар» деп түртіп қойыңыздар. Өзіңе лайықты жар табу өте маңызды. Жұмыс істейміз деп жүріп, жар табу сәтін жіберіп алмау керек. Бұл жақсы істі жиырма беске жеткізбеңіздер! Ата-ана: «Асықпа! Оқуыңды оқы, жұмысыңды істе! Күйеу деген ешқайда қашпайды», –

деп ақыл айтады. Бұл сөзге байланып қалмаңыздар. Жақсы жігіт табылса, бірінші курста-ақ тұрмысқа шығып кетіңіздер. Үшінші бөлікке «ұрпақ» деп жазыңыздар. Балаң болмаса, өзіңді бақытты сезіне алмайсың. Барлықтарың он үштен астыңдар, «он үште – отау иесі» дейді. Мұндай әңгімені бүгін айтпасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Отбасылық мәселелер жөнінде көп хабар жасадым. Сонда мамандардың айтатыны: 18 бен 30 жастың арасы балалы болуға ең қолайлы уақыт екен.

Журналистикада аты-жөнің шықпайтын болса, ертеңгі күні өзіңді, мамандығыңды жек көріп кетесің. Болашақта қайсыларың Қазақстандағы нөмірі бірінші журналист бола аласыңдар? Біреу, екеу, үшеу, төртеу… көп емес екен. Мысалы, Әлия, сен нөмірі бірінші тележурналист бола алмайсың.

Әлия Іңкәрбек: Бола аламын.

Бейсен Құранбек: Жоқ, бола алмайсың!

Әлия Іңкәрбек: Мен тырысамын. Сіздің осы сөзіңізден кейін нөмірі бірінші журналист боламын!

Бейсен Құранбек: Дұрыс! «Бола алмайсың!» деген сөзді сендерге әлі талай адам айтады. Бірақ, қандай жағдай болса да, нөмірі бірінші болуға тырысу керек. Өзің талпынбасаң, көштің соңында салпаңдап жүре бересің. Мына заман – бәсекенің заманы. Ішкі амбицияларың мықты болсын.

Біздің буынның ішіндегі ең осал журналист – менмін. Егер менің буыным телевизияға қайтадан түгел оралатын болса, онда маған орын болмас еді.

«Ақ желкен»: «Менің буыным» деп отырғаныңыз кімдер?

Бейсен Құранбек: Ғалым Боқаш, Қасым Аманжол, Серік Сарыбаев, Досан Қызайбек, Дана Нұржігіт, Ләззат Танысбай, Жайна Сламбектер… Көп…

«Ақ желкен»: Қазір өз буыныңыз жоқ кезде нөмірі нешінші журналистсіз?

Бейсен Құранбек: Қазір ол бәсекелестікпен жұмыс істемеймін. Бәсекелестік жастарды қалыптастыру үшін ғана керек. Отыз жастан кейін қажеті болмай қалады екен. Жас адам жарыспен, бәсекелестікпен өседі. Қазір мына отырған болашақ журналистер бір-бірімен жарысып, бірінші болуға ұмтылса, үлкейгенде «ішіндегі ең осалы менмін» деп отыра береді.

ЖИЫРМАДАН АСҚАНША ҚЫЗҒА СӨЗ АЙТА АЛМАДЫМ


Мен 20 жасымда журналистикаға келдім. 23 жасымда ҚазҰУ-дың журфагының күндізгі бөліміне оқуға түстім. Қарасам, жан-жағымдағы өзге әріптестеріме жете алмаппын. «Мен бұларды қайтсем де қуып жетем» деп алдыма мақсат қойдым.

Бәсекелестіктің арқасында компьютерде жылдам теруді үйрендім, он саусағым бірдей жұмыс істейді. Жылдам оқуды, есте сақтауды меңгердім. Кез келген мамандықты жаттығу арқылы меңгеріп кетуге болады, әсіресе, тележурналистикада. Онда маңыздысы – уақыттан қалмай жұмыс істеу. Ал газет-журналда басқашалау, онда асықпай ойлану, терең қорыту, сараптама, сезім басымырақ болады. Өкінішке қарай, осы жерде отырғандардың 80 пайызы телевизияға барғысы келеді екен. Бағана сендер тележурналистиканы әншілер мен әртістер жаулап алғанына реніш білдірдіңдер. Өйткені, олар бізге қарағанда уақытқа бейім, жақсы сөйлейтін, өзін жақсы көрсете алатын болды. Өзіңді басқа біреудің алдында емес, өзіңнің алдыңда дәлелдеуің керек. Сол үшін көбірек ізденуге тура келеді. Қоян қашып бара жатыр, оның артында қасқыр. Қоян – білім, ал қасқыр – білім алғысы келетін сіздер. Қасқыр ақырын жүрсе, қоян қашып кетеді.

Күніне бір сағат, аз дегенде жарты сағат жазу жаз. Бүгін не болды, не көрдің, соны жазып қой. Оның жариялануы міндетті емес. Жаза берсең, машықтанасың. Сосын «Үш қыз» қалай жазды, мен қалай жаздым?» деп салыстыр. Жазғаның нашар болса, «үш қыздың» жазғанын көшір. Миларыңа қалай жазу керек екені көшіргенде жазылып қалады. Осылай күніге жаттығып, бес жыл басқа салада жүріп, мықты журналист болмасаңдар, маған келіп: «Аға, өтірікші екенсіз», – деп айтыңыздар. Эфирге шыққыларың келсе, күнделікті өмірде нақты, сауатты, әуезді сөйлеуге, дауысты жаттықтыруға, жаргон, боқтық сөздерді пайдаланбауға тырысыңдар.

Журналистке керек қасиет – адам-дармен тіл табыса білу. Журналист –

адамдарға адамдар жайында әңгімелейтін мамандық иесі. Ақпарат ала алмай, ақпарат бере алмайсың.

Мен ұяң болып өстім. Мектеп бітіру кешінде тілім таңдайыма жабысып, сөйлей алмағам. Жиырмадан асқанша қызға сөз айта алған жоқпын. Бірақ қазіргі мінезімді журналистика қалыптастырып берді. Себебі, бұл мамандық елмен тіл табысуды қажет етеді.

Бастапқыда «Қай салада нөмірі бірінші бола аламын?», «Мені не толғандырады? Не қызықтырады?» деп шеңберді толтырдық қой, енді үшінші бөлігі бос тұр. Ол, әсіресе, ер азаматтарға керек. Аталған екі қабілетіңнің экономикалық табысы қалай болады? Яғни, материалдық жағдайыңды жасай аласың ба? Соны да есепке алу керек.

АУЫЛДА ТҰРАМЫН…

Балнұр Қожагелді: «Айтуға оңайда» өзіңіз көңіліңіз қалаған, бірақ экранға шығара алмаған тақырыптар болды ма?

Бейсен Құранбек: Болады, көптеген хабарларымыз эфирден өтпей жатыр. Біз бұл хабарды өзгелерге көмектесу үшін жасадық. Қайырымдылық концерттер өткіздік, 3-4 адам баспаналы болды, оншақты адамның құжатын жасаттық, жүз мыңдап қаншама адамға кәсіпкерлерден ақша бергіздік, ақындардың кітаптарының шығарылуына ұйытқы болдық. Бір оқиға ерекше есімде қалыпты. Шымкенттен бір апа келді. «Бейсен, сендер көмектеспесеңдер болмайды. Қызымның аяғы ауыр болып қалды. Жүріп жүрген жігіті тастап кетті, телефонын да көтермейді. Не істерімді білмеймін. Әкесі білсе өлтіреді», – деді. Содан қызды көзілдірік таққызып эфирге шығардық. Қаржылай көмектесетін кәсіпкерлерді шақырдық. Олар 100-150 мың теңгеден ақша алып келді. Өте ауыр хабар болды. Жігіттердің бәрін жерден алып, жерге салдық. Кейіннен сол хабарға қатысқан кәсіпкер әйелдер күйеулерін ертіп, құдалыққа беретін киттерін, алтындарын, қалыңмалын алып, Шымкентке әлгі аяғы ауыр болған қыздың үйіне барған. «Біз сіздердің қыздарыңызға құда түсіп келіп отырмыз. Баламыз ауырып қалды», – деп қыздың әкесінің алдынан өтеді. Құда болып, қызды алып қайтады. Қызды тастап кеткен, жауапкершілігі жоқ жігітті «бұзық» жігіттер арқылы тауып сөйлессе, бәрін мойындапты. «Үйленетін жағдайым жоқ» депті. Сосын жігітті жұмысқа тұрғызып, жас отбасына бір жылға Алматыдан пәтер жалдап берді. Сол қарындасымыздың шешесі қыз босанғасын екі айдан кейін хабарласып: «Рақмет, сендер болмасаңдар шаңырағымыз шайқалар ма еді. Әкесі қызым екеумізді өлтірер ме еді», – деп жылады. Қазір сол отбасы тату-тәтті тұрып жатыр. Мұндай жағдайлар хабар барысында өте көп болды. Бастапқыда «Айтуға оңайда» 3 ай ғана жұмыс істеймін деп ойладым. Қазір ақылдасып, келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ары қарай мен хабарды жалғастырмайтын шығармын.

Жас тілшілер: Негеееее?

Бейсен Құранбек: Мен үшін негізгі құндылық – отбасым. Анаммен күнделікті әңгімелесуге уақытым болмай қалды. Әңгімеміз таусылмайды. Ол кісінің шалы туралы айтамыз, шал іздейміз. Соңғы бір жылда анаммен сырласуға, балаларымның тәрбиесіне, сабағына араласуға уақытым болмай кетті. Астанада үш бөлмелі пәтерім, жақсы жұмысым болса да, ауылға көшіп келдім. Себебі, тоқсаннан асқан қарт анам ауылда тұрғысы келеді. Мен үшін анамның жанында болу – бәрінен маңызды. Мен Астанада тұруға талай үлгерермін, ал анаммен бірге өткізетін сәттер шектеулі.

Балнұр Қожагелді: Жүргізушісі ауысқасын бағдарлама рейтингін жоғалтып алмай ма? Енді «Айтуға оңайды» кім жүргізеді?

Бейсен Құранбек: Менен де мықты, талантты журналистер бар және менен мың есе асырып жүргізеді. Күзден бастап «Қайрақ» деген тренинг компаниясын ашпақшымын. «Айтуға оңай» арқылы 200-ден астам хабар жасадық. Онда да біраз дүние айтылды. Менің тренингтеріме үш тақырып міндетті түрде кіреді: «Қалай мықты мамандық иесі болу керек?», «Қалай бақытты отбасы болу керек?», «Қалай саны көп, сапасы мықты ұрпақ тәрбиелеу керек?». Қазақстанда қазір әрбір үшінші отбасы ажырасып кетеді. Бұлай бола берсе, біз қайда барамыз?

Таңшолпан Бегалықызы: Бауыржан Момышұлы: «Біздерді, жазушыларды жастар Құдайдай көреді. Біз оларға күнгей жағымызды ғана көрсетіп, көлеңкелі тұсымызды көрсетпейміз. Өйткені, қорқамыз», –

деген екен. Сіз өзіңіздің көлеңке жағыңызды көрсетуге қорқасыз ба?

Бейсен Құранбек: Менде де кемшілік жетеді. Бірақ, бір жақсысы, мен адамның бәрін бауыр көремін. «Жетісу» телеарнасында 5 жыл директор болдым. Өз еркіммен кеткен кезде орынбасарларымнан бастап, еден жуушыға дейін қимай қоштасты. «Айтуға оңайда» ел мені жақсы көріп жатса, ол менің керемет журналист болғанымнан емес, адамдарға деген ниетімнің түзулігінен деп ойлаймын.

Мейіржан Жылқыбай: Сіз өзіңізді қай салада мықты көрсете аласыз?

Бейсен Құранбек: Телевизияда. Газет-журналда істеуге болар еді, бірақ мен жүрек қылын шертіп жаза алмаймын.

ҒАЛЫМДАР БЕЛСІЗДІКТІҢ 70 ПАЙЫЗЫ

ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОННАН БОЛАТЫНЫН АЙТАДЫ

Ардагүл Әскербекқызы: Қандай әкесіз? Қанша балаңыз бар?

Бейсен Құранбек: Екі қызым бар. Үлкені 13-те, кішісі 10 жаста. Баланы жақсы көрдім екен деп, үнемі оның жағдайын жасай берудің қажеті жоқ. Өткенде кішкентай қызым: «Әке, айфоным болса күшті болар еді», – дейді. Мен балаларыма қазір айфон алып бермеймін. Қазір бағасы 10 мың теңгеден аспайтын телефондары бар. Бірақ, сабақ кезінде ешқашан қоспайды. Ұялы телефонның радиациясы балаларға өте зиян. Ғалымдар белсіздіктің 70 пайызы ұялы телефонның салдарынан болатынын айтып отыр. Неге мен ондай зиянды нәрсемен өз баламның денсаулығын құртуым керек?

Балаларыма білім, өнер, кәсіп игеру, адамдармен араласу жағын үйретемін. Қиындықтарға төтеп беретін қайсар етіп тәрбиелеймін. Қыздарыма «1-курс оқып жүргенде тұрмысқа шығасыңдар» деп айтамын.

Баланың миына бағдарламаны ата-аналары жазады. Мысалы, осы жерде отырған екі қыз ғана өзіне көйлек тігіп кие алады екен. Көбі қайшыдан қорқады. Неге? Өйткені, бала кезінде үлкендер: «Қайшыны ұстама, бір жеріңе сұғып аласың», – деп қорқытып қойған. Компьютердің ескі бағдарламасымен жұмыс істей алмайтының сияқты, мидағы бағдарламаны да өшіріп, жаңартып отыру керек.

«ӘЙЕЛІҢІЗДЕН ҚОРҚАСЫЗ БА?»

Мейірман Қалдыбекұлы: Өткенде сізбен әлеуметтік желі арқылы сөйлескенімде: «Жеңгеңнің мінезі нашар. Сондықтан фэйсбукте ұзақ отыра алмаймын», – деп едіңіз…

Бейсен Құранбек: Балаларыма жақсы әкемін, бірақ жеңгелерің жақсы деп мақтаған жоқпын ғой.

Мейірман Қалдыбекұлы: Бір ағаларымыз бар, әйелдің айтқанынан шыға алмайтын. Сіз өзіңіздің дегеніңізбен жүресіз бе, әлде жарыңыздың айтқанын істейсіз бе?

Бейсен Құранбек: Оһо, мына жер «Айтуға оңайдың» студиясына айналып бара жатыр ғой. Бастап жібереміз бе? Олай болса… Баяғыда бір хан: «Бұл елде еркек қалған жоқ, бәрі әйелінің айтқанынан шыға алмайды», – деп күйініп, әскерін жинап: «Батырларым менің, сендердің арқаларыңда елдің іргесін бекіттік, талай жерді жауладық. Бірақ қазіргі күні сендерді әйелдерінен қорқады дейді. Араларыңда әйелден қорықпайтын қайсың бар? Қорқатындарың бері жылжыңдар», – дейді. Сонда бір ғана адам орнынан қозғалмайды. Хан қуанып: «Батырым, бар екенсің ғой. Шынында да әйеліңнен қорықпайсың ба?» десе, әлгі батыры: «Неге қорықпайын? Қорқам. Әйелім «басқалар қайда барса, онда барсын, сен орныңнан қозғалма деген», – депті.

Хан бұдан кейін де үмітін үзбей әйелінен қорықпайтын батыр іздестіреді. Бір ауылда батыр бар екен дегенді естіп, уәзірін жібереді. Уәзір барса, шынында да жауырыны қақпақтай, төсі айқаптай, даусы аюдай ақырған батыр шығады. Уәзір мән-жайды түсіндіріп: «Сізді әйелден қорықпайды дейді» десе: «Әйелден қорқатындар еркек емес!» деп ақырады. Уәзір де ақылды ғой: «Әйелінен қорықпайтын батырға хан иемнің жіберген екі тұлпары бар еді, соның біреуін таңдап алып қалыңыз», – дейді. Сөйтсе, әлгі батыр: «Әй, бәйбіше, мына аттардың қайсысын аламыз?» – депті. Уәзір содан бері қапа болып, елдің ішінен әліге дейін әйелінен қорықпайтын еркек іздеп жүр екен деседі.

Жадыра Аққайыр: Сонымен, келіншегіңіз жақсы адам болды ма?

Бейсен Құранбек: «Адам қартайғанда әйелін мақтайды» дейді ғой. Жеңгелерің тіл маманы. Мектепті де, жоғары оқу орнын да «қызылмен» бітірген. Ағылшын, араб тілдерін меңгерген. Иогадан балаларға тегін сабақ үйретеді.

Айзада Жайыққызы: Өзіңіз қай спорт түрімен айналысасыз?

Бейсен Құранбек: Айкидомен шұғылданамын.

ОТБАСЫМЫЗДЫҢ 10 ҚАҒИДАСЫ БАР…

Гүлім Еркінбек: Сіз қалай отбасын құрдыңыз?

Бейсен Құранбек: Мен 27 жасымда үйлендім. Моральдық тұрғыда 22-23 жасымда үйленуге дайын едім. Бірақ маған қыздар «дипломың жоқ» деп қарамады. Сол сөзге намыстанып, «диплом алған күні үйленемін» деп өз-өзіме сөз бердім. Студентпін, «Рахат» телеарнасында жұмыс істеп жүрген кезімде, алғашқы жұмыс орным «Спорт» газетіне бардым. Сайын (Тұрсынов) ағамыз: «Бейсен, қыз таптың ба?» – деді. «Диплом алсам, қыз табам да, үйленем», – дедім. «Көп сөйлеме, мен сені бір қызбен таныстырамын. Сол қызға үйленесің», –

деді де, мені корректорлар отыратын кабинетке алып келді. Қарапайым бір қыз отыр, менің қиялымдағы ару емес. «Мынау – менің балам. Мен қандаймын, бұл да тура сондай. Саған жақсы күйеу болады. Сөйлесіңдер», – деп Сайын аға есікті жауып кетіп қалды. Екеуміз сілейіп кабинетте қалдық. Сөйлесейік десек, әңгімеміз жараспайды. Бір-бірімізді жақтырмадық.

Ойлана келе, «Сайын аға өмір көрген, маған қандай жар керек екенін біледі, айтқанын істейін» деген шешімге келдім. Қызға барып «үйленейік» десем, көнбей қойды. Күніге жұмысынан шығарып салуға баратын болдым, ол қарамайды. Іштей өз-өзіме «осы қызды қайтсем де аламын» деп серттесіп алдым. Алты ай жүріп өзіме қараттым, жеті айдан соң үйлендік. Бірақ, үйленетін кезде отбасының 10 қағидасын жасадық. 1) Сыйластық бірінші кезекте тұру керек. «Үйленген күннен бастап мені «сіз» дейсің» дедім. Бастапқыда «сіз» дегені құлаққа түрпідей естіліп, күлкіге көміліп қалғам. Он бес жылдан бері «сіз» деген сөз отбасымыздың татулығының тірегіне айналды. Достарымның әйелдері біреуі 5 жылдан соң, біреуі 8 жылдан соң, біреуі 10 жылдан кейін күйеулерін «сіз» дей бастады. Анасы әкесін «сіз» деп сыйлап тұрса, бала да әкесін құрметтейтінін түсінді; 2) Сенің ата-анаң – менің ата-анам, менің ата-анам – сенің ата-анаң. Балдызыма ақыл айтсам, туған қарындасыма айтқандай айтам, келіншегім қайнысына ұрысса, туған інісіне ұрысқандай ұрысады; 3) Қандай сыйлы қонақ келсе де, үйімізге ішімдік кіргізбейміз;

4) Балаларымызды мектепке дейін хан сияқты сыйлаймыз, мектеп кезінде шәкірт сияқты тәрбиелейміз, мектептен соң дос сияқты сырлас боламыз, бірақ ақыл айтпаймыз; 5) Ренжісіп қалсақ, 5 минуттан соң сөйлесеміз. «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше». Біреуіміз қылт етсек, екіншіміз уақыт санап отырамыз;

6) Біздің үйде ер-азамат есеп бермейді, телефон соғып: «Қайда жүрсің? Қашан келесің?» – деген сұрақ қойылмайды. Кейбір достарымның әйелдері

телефонмен: «Қайда жүрсің қаңғырып?»

деп жатқанын естігенде, телефоны болмаған біздің ата-бабалар не деген бақытты деп ойлаймын; 7) Ешқашан ажыраспаймыз. Маған әйел табылады, оған күйеу табылар, ал балаларға бөтен біреу әке-шеше бола алмайды. Күйеуінің бөтен біреуге басы айналып қалмайтынын білетін әйел бақытты; 8) Біздің үйде ағайын-туыс туралы өсек-аяң болмайды; Қалған екі қағида айтылмайды. Ол жеке қарым-қатынасқа байланысты.

Түйін сөз: Данышпанды бір қу досы «қайтсем де жеңемін» деп сынамақшы болыпты. Алақанына торғайды жасырып тұрып: «Ал данышпаным, айтшы, менің қолымдағы торғай өлі ме, тірі ме?» – депті. Сондағы ол қудың ойы –

тірі болса өлтіре салу, өлі десе – тірідей ұшырып жіберу. Соны білген данышпан: «Бәрі сенің қолыңда», – деп жауап беріпті. Сол секілді бәрі өз қолдарыңда. «Ақ желкен» сияқты журналдың осындай кездесулер ұйымдастырып, сендерге бағыт-бағдар беріп отырғанын бағалай біліңдер. Бақытты болғыларың келсе, болыңдар! Журналисі мықты елдің – азаматтық қоғамы да мықты. Осыны ұмытпаңдар. Мықты болайық!

Дайындаған Жадыра НАРМАХАНОВА,

Суреттерді түсірген Азамат ҚҰСАЙЫНОВ

8 ПІКІРЛЕР

  1. отбасылык кагидаларынызга тан калып отырмын, омир сурген сон осылай суру керек, жарайсыз

  2. Шіркін!!!!!!!!!!!! Әр қазақ жігітінің ой-өрісі Сіздей болса қазақ отбасылары еш қашан шайқалмас, шаңырағы құламас еді. Ендігі Сіздің отбасыңызға ауадай қажеті ұл бала, өйткені ұл бала тек Сіздің отбасыңыздай ұяда ғана тәрбиеленгені жөн. Отбасыңызға саулық тілейміз.

  3. ДҰРЫС-АҚ! Бейсенді, інім десем, ағам екен. Адам біреуге жақсылы жасау үшін, өзі жақсылық көрген адамынын қадіріне жете білу керек шығар. Осы халық көзіне керемет көрініп жүрген інім жайлы естігенім бар еді. Айтпай-ақ қояиын!Мен психологпын. Ешкімнің құпиясын ашуға қақым жоқ. Бейсен саған айтарым, сенің осы биікке жетуіңе сеп болып, жанынан басқасын аямаған жандарға имандылықпен жауап қайтарсаң ғана басқаларға көмектесе аласың. Мен кім жайлы айтып отырғанымды өзің білесің.

  4. Наурыз айы келгенде.Жерге жасыл енгенде.Арайлап аткан кунiмiз.Бойга жылу бергенде.Жетi турлi тагамнан.Наурыз коже жасалган.Халыктын улттык мейрамы.Наурыз тойдан басталган.Дамдi аузыннан кетпейдi.Кумарлыкка етпейдi.Улттык наурыз кожеге.Ешбiр тагам жетпейдi.Кас болгандар дос болар.Айткандары тос болар.Кушактасып корiсiп конiл шiркiн бос болар.Наурыз келсе конiлiмiз ашылар.Ашуменен наз окпемiз басылар.Тiлек айтып агайын мен туыска.Ырысымiз копшiлiкке шашылар.Кутты болсын мейрамдарын казагым.Умытылсын киын-кыстау азабын.Тiлегiмды шын конiлмен кабыл ет.Осы анiмдi сiздерге арнадым.Кен болсын казагымнын керегесi.Кетпесiн Алла берген берекесi.Алаштын баласына насiп болган.Кутты болсын Наурыз мерекесi.(автор:Абдигалиев.Сабырхан)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз