ҰБТ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰПИЯ ҒАЛАМТОРДА ҚЫДЫРЫП ЖҮР

Оқырмандарымыздың бірі: «Мен грантқа түстім!» – деп, екіншісі: «Мен оқуға түсе алмай қалдым…» деп ғаламтор арқылы хат жазуда. Енді тағы бірі: «Мен оқуға түстім бе, жоқ па? Интернеттегі ақпаратқа сенуге бола ма? Кімге сенген дұрыс?» – дейді.

Айдың-күннің аманында жас түлектерді бұлай әуре-сарсаңға салып, басын қатырып жүрген кім?

9-тамыз күні www.uchi.kz, www.zakon.kz сайттарында 2011-2012 оқу жылдарында жоғары оқу орнына грантқа түскендердің тізімі жарияланып кетті. Батыс Қазақстаннан Жәнібек Берікұлы деген оқырманымыз өзінің оқуға түскеніне сенімді. «Интернеттегі ақпарат жалған болып шығады деп күмәнданбайсың ба?» дегенімізде: «Жоқ.. Бүкiл Қазақстанды алдамайтын болар. Оқудан да хабар алдым «грантқа түстiм» деген», – дейді.  Ғайни Тұрғанәлиева деген оқырманымыз да «оқуға түстім» деп сүйіншіледі. Шығыс Қазақстаннан Әйкерім деген қызымыз: «Интернетте грантқа түскендердің тізімін жариялапты. Менің атым жоқ ол тізімде. Не істеймін? Жылаудан басқа қолымнан ештеңе келмейді», – деп мұң шақты.

Бұл www.uchi.kz, www.zakon.kz сайттарындағы мәліметтерге сүйенген талапкерлердің, бәлкім, студенттердің сөзі.

Бірақ сол күні осындай мемлекеттік құпия ақпарат сайттарға шығып кеткеннен кейін Білім және Ғылым министрлігі өкілдері: «Құрметті талапкерлер және олардың ата-аналары! Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі білім беру гранттарын тағайындау туралы республикалық конкурстық комиссия мәжілісінің шешімі ресми түрде «Казахстанская правда», «Егемен Қазақстан» республикалық басылымдарының жақын арадағы жарық көретін нөмірлеріне жарияланатынын хабарлайды. ҚР-ның Білім және Ғылым министрлігі www.uchi.kz, www.zakon.kz веб-сайттарында және басқа да интернет көздеріндегі ақпараттарға жауап бермейді», – деп мәлімдеме жасады.

(Жалғасы 2-бетте)

Бізге «неге министрлік осы жағдайдың алдын алмады?» деген ой келді. Биылғы ҰБТ-ның өзі қым-қиғаш оқиғаға толы болды емес пе? Жаңақорғанда талапкерлер ҰБТ-ның «кілттерін» тауып алғаны расталып, қайтадан тест тапсырды. Жазаны тек балаларға қолданды. Министрлік бұл мәселеде  «сүттен ақ, судан таза» болып шыға келді. Жоғарыдағы жағдайда да бар кінәні сайттарға итеріп, «құтыла» кетпек болғандарына жол болсын. Министрліктің өз өкілдері болмаса, әлгі сайттар осыншама талапкердің тізімін, балдық көрсеткішті, мамандықтардың шифрларын қайдан алады? Егер шын мәнінде интернеттегі мәліметтің министрлікке еш қатысы жоқ болса, неге әлгі сайттарды заң алдында жауапқа тартпасқа? Бала оқыту жайын жақсы білетін министр Бақытжан Жұмағұлов пен оның  қарамағындағылар талапкерлердің психологиясын ойлады ма? Құдай бетін әрі қылсын, бірақ оқуға түсе алмай іш құса болған жеткіншектер неге де болса дайын екені тәжірибеде бар жағдай ғой… Алдағы уақытта мазасыз министрлік осы жағын ойланса жарар еді!

Оқуға

кімдер түсті?

Сонымен, жоғарыда бізге хабарласқан балаларымыздың барлығы шын мәнінде грант иегерлері атанса, қуаныштымыз. «Құтты болсын!» дейміз.

Білім және ғылым министрлігінің ресми сайты мен республикалық басылымдарға сүйеніп, мынадай нақты мәліметтерді ұсынамыз:

2011-2012 оқу жылы жоғары білімді кадрларды дайындауға мемлекеттің білім беру тапсырысы 36046 грант болды. Оның 35046-сы – күндізгі, 1 мыңы сырттай оқитындарға бұйырды.

Білім гранттарын беру байқауына 91018 үміткер қатысқан. Республикалық комиссия білім гранттарының 3003-ін – «Алтын белгі» иелеріне, 628-ін – халықаралық, 409-ын –республикалық олимпиадалардың және ғылыми жарыстардың жеңімпаздарына, 509-ын – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, 236-сын I, II топтағы мүгедектерге, 16 594-ін – ауыл жастарына, 723-ін – шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдеріне берді. Сондай-ақ 2275-ін – дайындық бөлімдері, 500-ін – Назарбаев университеті, 125-ін – М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы, 200-ін – Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті иеленді.

Мемлекеттің Назарбаев университетіне биыл да 500 грант бөлуі қуанышты жағдай. Өйткені, әлемнің Гарвард, Дюк, Питсбург, Пенсильвания университеттері секілді әйгілі оқу орындарымен ынтымақтасқан бұл оқу орнының түлегі екі бірдей диплом (қазақстандық және қосымша шетелдік) алып шығады. Мұнда дәрістер тек ағылшын тілінде жүреді. Егер балаңыз мемлекет ұсынған 500 гранттың тізімінен табылмаса, 11950-12950 еуро (2 725 000-2 913 000 теңге) оқу ақысын, академиялық жыл ішінде оқу және тамақтануға 3000-5000 доллар (450 000-750 000 теңге) қаржы жұмсап, Назарбаев университетінде оқыта аласыз.

Жадыра Нармаханова

(“Ұлан”, №33. 16.08.2011)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз