ЖОБА АДАМДАР
1.ҚАСЫМОВТЫҢ «ҚАСҚА ЖОЛЫ»

Кремль өз қолымен оңай от көсей салмайды. Жироновский секілді «тентектеу» шалды бекер ұстап отырған жоқ қой. Саяси мінберде салмақты тұлғалардың айғайлап айта салмайтын да сөздері болады. Ал ондай тапсырысты Жироновский әдемі орындайды. Мысалы, орыс шовинизмі мен Ресейдің бұрынғы империялық дәуірін қайта құруға байланысты ойларын Жироновский посткеңестік елдердің есіне оқтын-оқтын салып, азуын батырып отырады. Бір сөзбен айтқанда, Жироновский – дербес саяси тұлға емес, биліктің жоба адамы. Біздегі сенатор Ғани Қасымов та солай болуы мүмкін. Бірақ, орыс мүддесі үшін өліп кете жаздайтын Жироновсий секілді биліктің арнайы дайындап қойған ешкімі жоқ бізде. Айтып отырған Қасымовымыз да, «аттандап» жағы талмайтын Амантай қажы да арзанқол көрінеді. Ұлттық ұстаным жоқ. Айтпақшы, естеріңізде болса, Қасымов «Айтпаркте» Ерімбетовпен болған сұхбатында өзіне таңылған «сайқымазақ» атағы жүдә ұнайтынын айтып еді ғой. Жалпы «Ғани Қасымов кім?» – деген сауалмен бірқанша саясаттанушыға хабарласқанымызда, Дос Көшім: «Ғани Қасымов – сенатор, бір партияның басшысы. Кейбір кездері күтпеген сөз айтып қалатын, кейбір кезде сахнада ән салып қалатын саясаткер. Кейбіреулер оны сайқымазақ көреді. Меніңше, ол – мінез. Ол оның саясаткер ретінде өзіне таңдап алған имиджі. Сондықтан, Қасымов өз карьерасы үшін ондай «ойындарды» әдейі ойнауы мүмкін. Бірақ ұлтшылдығы жоқ. Сайлауға түсіп Қасымов өз беделінен жұрдай болды. Биліктің тапсырмасынан шыға алмағаны көрініп тұрды. Билікпен өзара ымыраласқаны халыққа ашықтан-ашық көрініп қалды», – десе, «Айтпаркте» Қасымовты біраз «сілкілеп» алған Нұрлан Ерімбетов ол туралы мынадай пікір түйіпті: «Ғани Қасымов– азамат, саясаткер. Өз басым Қасымовты жақсы білемін, араласамын. Өмірде жаны нәзік, жуас. Ал саясатта қасқыр болу керек. Сондықтан ол саясатта «маска» киіп алады». Ал жас саясаттанушы Расул Жұмалы: «Саяси элитаға бірден шығу қиын. Оған адамның жеке қабілет-қарымымен қатар, ықпалды топтар, қаржы жүйелері әсер етеді. Кезінде Қасымов жобалық дүние болса да, ол біздің парламентке, қоғамдық өмірімізге әйтеуір серпіліс әкелді. Маған ол кісінің атын атағанда саяси шоумэн, Қазақстандағы Жироновскийдің баламасы көз алдыма елестейді», – деді.
Көшімше айтсақ, сахнада жылтылдайтын саясаткер, Ерімбетовше «маскалы» адам, Жұмалыша шоумэн. Бар пікірді жиып-тергенде, «сайқымазақ» деген атақты аттай қалаған «патриоттардың» жетекшісін «жоба адам» деп кесіп айта салсақ, оған Ғанекең ренжіп, мұрты да қисая қоймас.
2. АСФАЛЬТТІҢ БАЛАЛАРЫ:
СЫЗДЫҚОВА, БЕРДОҢҒАРОВ, ӨТЕШЕВ
Жастардың арасында да мұндай «жобалар» бар деседі жұртшылық. Бірақ, біз ондай қауесетке сенбейміз. Десек те… Бақыт Сыздықова, Тәңірберген Бердоңғаров, Нұрлан Өтешев, Жанболат Мамайлар түрлі пікір туғызып жүр.
Бақыт Сыздықова 1974 жылы туылған. Солтүстіктің қызы. Елордадағы Еуразия университетінің алғашқы түлектерінің бірі. Өзі әже тәрбиесін көргем дейді. Бірақ қазақ тілінен жұрдай. Қас қылғанда депутат ханымға өзі секілді таза орыстілді жігіт жолығып, шаңырақ көтеріпті. Ал сіңлісі бір ауыз орысша білмейтін ауыл баласымен тұрмыс құрып, қазақшаны әп-сәтте-ақ меңгеріп алғанын Сыздықова тамсана айтып отырады сұхбаттарында. Білуімізше, Бақыт ханымның шаңырағында сәбидің іңгәсі естіле қойған жоқ. Бірақ депутат келіншек парламент партасында ана мен бала мәселесін жиі көтереді. Тіпті, үш балалы анаға «үй қызметшісі» деген лауазым беріп, оған жалақы төлеу керек деді. Қайбір жылы оның «көп күйеу» туралы мәлімдемесіне үрке қарадық. Сөйтсек біз Сыздықованы дұрыс түсінбей қалыппыз ғой. Кейіннен ақпарат құралдарына «Мен көп әйел алуды қолдаймын. Егер сол туралы заң қабылдасақ, онда көп күйеуге шығу туралы мәселе қозғауға тура келеді. Өйткені, Ата заңымыздың 14-бабында «жынысына, жасына қарамай барлық адам тең құқылы деп жазылған» дегенімді көп адам түсінбей қалған сияқты. Көп әйел алуды заңдастыру үшін, әуелі әйелдер қауымын дайындауымыз керек», – деп ақталды. Енді сеніп жүріңіз, Сыздықова көп әйел алуға қарсы емес.
Сонымен айтпағымыз, Сыздықованың билікке келуіне бірден-бір ықпал еткен жан еліміздің бірінші ханымы Сара Алпысқызы екен. Депутаттық мандатқа ие болмас бұрын Сыздықова «Бөбек» қорының Астана филиалын басқарған. Одан кейін Сара Алпысқызының көмегімен Білім және ғылым министрлігінде Балалар құқығын қорғау комитеті құрылып, Сыздықова сол комитеттің алғашқы төрайымы болды. 2007 жылдан бастап партиялық тізіммен парламентке жайғасты. Сыздықова депутат қана емес, республикалық жастар парламентінің спикері, КВН одағының жетекшісі. Ара-арасында «Екі жұлдыз» сияқты шоуға қатысуға да уақыт табады. Соңғы кезде твиттер секілді қолданушысы көп шағын блогтың желісінен ажырамайтын болып алды Бақыт ханым. BahytSyzdykova деген сөзді интернетте теріп жіберсеңіз, Сыздықованың не істеп, не қойып жатқаны кинодағыдай көз алдыңызға келе қалады. Тіпті, душта тұрып та твиттерге жазуын тоқтатпайды.
Осы твиттер желісінен шықпайтын депутаттың бірі– Тәңірберген Бердоңғаров. Сыздықова да әріптесін мәжіліс залынан «жоғалтып» алса, твиттерден оңай-ақ тауып алып, бір-біріне мәре-сәре болып жатады. Кейде осындайда депутаттардың интернетте отырып әңгіме соққаннан басқа жұмысы жоқ па деп қаласың.
Бердоңғаровтың «Тоғысқан тағдырлар» сериалындағы бейнесі есіңізде ме? Байдың тентек баласы, нашақор. Сондай жағымсыз рөл болатын. Мәжіліс залында отырғанына 4 жыл болса да, елді елең еткізетіндей жағымды сөз естімедік аузынан. Керісінше, жыл сайын 23-ақпанда әріптестерін құттықтап, елді шулатып қояды. Біздің үкімет пен парламенттің сәл ұяты, ар-намысы бар болғанда, Бердоңғаровты мәжіліс залынан біржолата қуып шығар еді. Заң шығарушы орында не айтқысы келсе, соны айта беретіндер неге отырады осы? Өз елінде қандай мерекенің бар-жоғын білмейтін депутаттан не үміт, не қайыр?!
Бірақ Бердоңғаровтың «биографиясына» үңілсек, сауатсыздыққа жол береді дей алмайсыз, ҚазҰПУ-дың «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша қызыл диплом бар еншісінде. ҚазҰУ-дың «Әлеуметтік философия» факультетінің аспиранты. Алайда, оқу бітіре сала телевизия саласында қызмет еткен. Киноға түскен. «Нұр Отанның» жастар қанатында түрлі лауазымдар атқарған. Бір басына медальдары мен мақтау қағаздары да жетерлік. 2 жыл әскерге барып, қару асынбаса да, лейтенант деген әскери лауазымы және бар. Өзі асфальтта өскен. Сондықтан таза алматылық балаға қазақша сөйлеп кету әліге дейін шешімі жоқ қиын мәселе. Жасы 35-те. Сүр бойдақ. Үйленгісі-ақ келеді. Алайда, клубтарға жиі бас сұғатын бойдаққа төзімді жар табылуы неғайбыл ма деп қалдық. Былтырғы жылы үйленуге дағдарыс кері әсерін тигізді деген. Биыл да жым-жырт. Мақтаулы депутат дағдарысты айналып өтіп кетпейтінімізді іс жүзінде дәлелдей алмай жүр әлі.
Саясаттанушы Расул Жұмалыша айтсақ, Сыздықова мен Бердоңғаров КВН ойнап, киноға түсіп жүре беруі керек еді. «Мен өнер адамдарының заң шығарумен, саяси істермен араласқанын құптай бермеймін. КВН-щик болып танылғанмен, парламентте кәсіби тұрғыда бұл өнер аса қажет емес. Екеуінің де кәсіби тұрғыда біліктілігі жоқ. Парламентте Бақыт пен Тәңірбергеннің отыруы биліктің қазақ тіліне, мүддесіне деген немқұрайдылығының белгісі», – деп еді Жұмалы. Парламентке «Жастар керек» дегенде, партиялық тізіммен еніп кеткен бердоңғаровтардың заманы жүріп-ақ тұр. Ол әлі де халық алдындағы танымалдылығын жоғалтқысы келмейді. Әнеугүні «Мой мир» желісінен: «Снимаюсь в роли полицейского в фильме «Прах отца», режиссера Фархада Шарипова» – деген хабарлама жіберіпті. Шынына келсек, алаңсыз кино өндірісіне кетіп қалса да, мәжілістегі «тәртіпсіз баланы» жоқтай қоятын ешкім жоқ.
Биліктің Бердоңғаровтан кейін үлкен саясатқа қанаттандыруы мүмкін балапанының бірі «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Нұрлан Өтешев. Өтешевтің өзінің айтуынша, ол «Жас Отанда» өсу үшін жүр. Бір сұхбатында «Дархан Қалетаев ағамыз: «Бұрын Бердоңғаров еді, одан соң Өтешов пайда болды. Осы Өтешовтен басқа жас бар ма өзі?» деген-ді. Әрине, бұл сөз қағытпа түрінде жастардың ортасында айтылғанымен, астарында үлкен салмақ бар», – деп мақтанып қойған-ды. Одан бері де қанша уақыт өтті. «Өсіреміз» деп емеурін білдірген Қалетаевтың өзінің саяси сахнада есімі «өшіп» бара жатыр.
«Жас Отанға» төрағалыққа келмес бұрын Өтешев «Қазақстан жастары конгресі» ЗТБ атқарушы директоры, ҚР Білім және Ғылым министрлігі жастар саясаты департаментінің директоры сияқты лауазымды қызметтерде болған. Бұрынғы КВН-щик. Бірнеше фильмге және «Қарағанды» сырасының жарнамасына түскен. Негізгі мамандығы – заңгер. 1977 жылы Алматыда туылған. Бұл да жерлесі Бердоңғаров секілді қазақшаға шорқақ. Бірақ бойдақ емес, үйленген, балалы-шағалы. Нұрлан Ерімбетов: «Нұрлан Өтешев секілділердің билікке араласуы жастар саясатының кемшілігі, сорлылығы» – дейді. Ал, керек болса! Бірде «Abai.kz» сайтында Өтешевтің былай деп айтқан сұхбатын көзіміз шалып қалып еді: «Білесіз бе, қазақ пен қазақстандық ұғымдарының арасында пәлендей айырма жоқ десем… Ол этносқа қарамайды. Мысалы, мынау Дима (қасында жүрген көмекшілерінің бірін нұсқап) – қазақ, қазақшаға ағып тұр. Ол орыс па, қазақ па енді? Түсініксіз. Мен де сондаймын. Орыспын ба, қазақпын ба? Мен қазақстандықпын». Өзінің кім екенін білмеген дүбәрә жанның еліміздің жастар саясатында жетекшілікте жүруі біртүрлі қытығыңа тиеді. «Мен ол мәселені өз бақылауыма аламын», «Менің пайымдауымша», «Менің есебім бойынша» дейтін лексиконындағы сөздеріне қарап бірнәрсе бітіріп жүр ме деп те қаласыз. Алайда, тірлігі ақыр аяғында «тау толғатып, тышқан туыптының» кебі болып шығады.
3. М-АГЕНТТЕГІ МАМАЙ
Соңғы жылдары Жанболат Мамай деген есім жиі айтыла бастады. Қысқаша таныстырсақ, ол – «Жас Алаш» газетінің тілшісі, «Рух пен тіл» жастар клубы мен «Қазақ журналистері клубының» жетекшісі. 1988 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің түлегі. Орысша мен ағылшыншаға судай. Әйтеуір соңғы кезде «Жас Алашта» елдің артынан жазылатын арызсөздің бәрі Жанболат Мамайдың қолымен жазылатын болды. Осы тұрғыда Нұрлан Ерімбетов бізге былай деді: «Кейбір азаматтардың ата-бабалары, әкелері арызқой болған. Сондайлар тағы жанданып келе жатыр. Ал, Мамайға келер болсақ… Оны да билік ұтымды пайдалануда. Бір сөзбен айтқанда, Мамайдың артында тікелей биліктің өзі тұр». Дос Көшім де Жанболатқа оң қабақ таныта қоймады. «Жанболаттан біраз көңілім қайтып қалған. Өткен жылдары біраз тулаған болды, ақыр соңы билікпен өзара «келісім» жасады. Жанболатқа өз ұстанымын ашық көрсету жетіспейді», – дейді Дос ағамыз.
Бір қарасаң, Жанболат Шахановтың жанында оның ізбасарындай шырылдап жүрген боп көрінеді. Ал кейде елдегі болымсыз оппозицияның пиар менеджеріне де ұқсап кетеді. Жоғарыда Ерімбетовтің айтқан сөзінің де жаны бар. Дос Көшім де дұрыс айтады. Жанболатқа шын мәнінде ұстаным жетіспейді.
Интернет сайттарында Мамайға қатысты бүркеншік атпен жарияланған «Жаңа Ефрейторды» жазған Айгүл Омарова деген келіншек болып шықты, Жанболаттың айтуынша. Ал Омарова «мен емес» деді. Бір сөзбен айтқанда, Мамай оның Омарова екенін мойындата алмады ғой. Екі ортада өзі төменетектімен «ұрсысып» абырой таппады. Сонда да қайтатын Жәкең жоқ. Осыны М-агентте отырғанда Жанболатқа айтқанбыз. «Әңгіме біреудің етегі ұзын-қысқалығында емес, айтылған мәселеде, ойда. Осы тұрғыда сіздің логикаңыз дұрыс емес. Егер публицистикамен, саясатпен айналысты ма, әйел ме, еркек пе, оған ешкім қарамайды. Әрине, үйдің маңында, қонақта құрмет көрсету, сыйлау – ол екінші мәселе. Айтса айта берсін, жазбадым деп, интернетте соған ұқсас басқа айтқан нәрсесі бар. Оны ол жоққа шығара алмайды», – деп шыж-быж болды.
Естеріңізде болса, өткен жылы «zona.kz» сайтында Жанболат Мамайға қатысты қызықты мақала жарияланған болатын. Ондағы мына бір мәліметті сөзбе-сөз келтіре кетсек: «Жуырда Жанболатты әскерге алып кету керек деген биліктен тапсырыс түскен сыңайлы. «Бұл баланың мұндай құлшынысын тоқтатудың бірден-бір жолы осы болмақ» – деген басшылықтың сұранысын «ВОЕНКОМАТ» бұлжытпай орындамақ болған. Сонымен «ВОЕНКОМАТ» Жанболаттың ізіне түсіп, артына полицейлерді қойыпты. Күндердің күнінде Жанболатты ұстаудың сәті келіп, құрыққа түскен-ді. Бірақ Жанболат сәтті өз пайдасына шешіп, тілшілердің көмегімен отанды қорғаудан аулақ қалыпты. Сонымен ізіне түскендердің бәрібір түбіне жететіндерін білген Мамай, тез арада әлдебір қыздарды есіне алып, таңдау біреуіне түсіпті. Одан Жанболаттың некесіз туылған бір баласы бар екені белгілі болып, тез арада некеге тұрыпты. Некесіз баласын заңдастырып, «ВОЕНКОМАТ-қа» керекті құжаттарын тапсырып, ұлы айлакерлікпен жеңіске жетіпті», – депті. Авторы – белгісіз. Бірақ бұған қымс еткен Жәкең болмады. Сосын М-агентте бұл турасында Жәкеңнен сыр суыртпақтап көріп едік.
– Жанболат, өткен жылы zona.kz-тегі «Мамайды мамалатқан кімдер?» деген мақаланы оқып едім. Сондағы фактілер қаншалықты рас?
– Адам аузына келгенін жаза береді ғой…
– Десе де, неге Отан алдындағы борышыңызды өтемейсіз?
– Біріншіден, егер менің кішкентай кезімнен қан қысымым болса және соған сәйкес, менің денсаулығым жарамаса, қалай барамын? Заңдық тұрғыдан. Екіншіден, әскерге мені не үшін шақырып жатыр? Өздері басында босатты, менің құжаттарым дұрыс екенін қабылдады, ал енді аяқ астынан неге қудалады? Яғни, оның саяси мән-мазмұны бар. Үшіншіден, мен бәрін қойып әскерге барсам, одан аман-есен ораламын ба? Оралсам да, сол жерде-ақ бірдеңені ұйымдастырып, мүгедек болмасыма кепілдік бар ма? Төртіншіден, қазір соғыс кезі емес, жаппай әскерге ұмтылатын. Осы жерде жүріп, азаматтық тұрғыдан неге еңбек сіңірмеске? Міне, осы мәселелерді ойлағаның абзал шығар алдымен. Сен өзің зонадағы комментатор сияқты сұрақ қояды екенсің.
– Сіз сонда жеке басыңыз үшін қатты қорқасыз ба?
– Мен саған қайталап айтып тұрмын, әңгіме жеке баста емес. Әңгіме заңда, оның орындалуында. Мен өз-өзімді заңдық тұрғыдан қорғай алмасам, елге не деп айтам, жазам? Саған қиянат жасаса, өз өзіңді қорғамайсың ба?
– Маған бүртүрлі әлдекімдерден сескенетіндей көрінесіз… Сонда сізге кім қиянат жасап жатыр?
– Мен ешкімнен сескенбеймін. Сен мені аңдып жүрген жоқ шығарсың?
– Жоқ, әрине.
– Бірақ, айтып отырған сөзің солай сияқты ғой…
– Тек сіз жастардың арасында қызықты кейіпкерге айналып барасыз…
– Сен үшін қызық шығар. Сосын мен кейіпкер емеспін. Зонадағы коментаторлардың біріне қатты ұқсайды екенсің. Әлде авторысың ба?
– Құдай сақтасын, ондай ұсақтыққа бара қоймағам!
– Сұрақтарыңды оқы, пікіріңді қара, сосын ойланып көр, қаншалықты ірі екеніңді!
– Жүйкеңіз жұқа сияқты…
– Жоқ, дұрыс жүйкем. Бірақ мен саған кеңес бердім, өз сөзіңе өзің қарсы шықпас үшін. Бар болғаны – сол. Оған ренжіме, Жадыра.
– Жоқ, ренжімеймін. Пікірін айтуға әркім де құқылы ғой. Бірақ сіз кейіпкерге айналып кеткенсіз, қаласаңыз да, қаламасаңыз да.
– Ал сен зонадағы коментаторлардың қатарына қосылған сияқтысың, қаласаң да, қаламасаң да тағы. Жақсы. Сау бол.
– Жақсы, сау болыңыз.
Негізі, Мамаймен айтпақ әңгімеміз бұл емес еді. Бірақ «ұстаса» жөнелді. Байқадыңыз ба, Жанболаттың бойы үрейге толы және өзі қарапайым этикадан жұрдай. Өзін білгіш санап, танауы аспандап тұрады. «Адам аузына келгенін жаза береді ғой», – деп жалтарды. Шамасы, өзінің де аузына келгенін жаза беретінін мойындағаны ғой.
Осы Мамайдың атын естігенім болмаса, түр-тұлғасын көрмеген болатынмын. Алғаш рет өткен жылы ортақ достарымыздың тойында кезіктірдім. Адам тойға тек ішіп-жеу үшін емес, ойнап-күліп, билеу үшін, жақсы сөз есту үшін барады ғой. Ал Жәкең сол тойда түксиген қабағын бір жазбады. Кілең жастар ойнап-күліп жүрсе де, Жәкең ғана билемейді, Жәкең ғана қол соқпайды. Сонда бір құрбымыз «Құдай-ау, Жанболат Мамай деген осы ма, адам емес, робот қой» деп еді.
Біздің мақсатымыз Мамай, Өтешов, Сыздықова, Бердоңғаров секілділерді мұқату емес, кімнің қайдан шығып, не тындырып жүргенін білу ғана болатын. Қалай десек те, әзірге «қалға болар қарақтардың» түрі осы…
Жадыра НАРМАХАНОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз