Көкжиек

Па, шіркін, Париж!

Шежіреге бай Париждi бiр көру – анам екеумiздiң  арманымыз едi. Жазғы демалыс кезiнде сәтi түсiп, алып қанатты лайнермен Францияға ұштық. Парижге Австрияның астанасы Вена арқылы жеттiк. Жолаушылар ұшағы жерден аспанға көтерiлгенде, аз-кем қобалжыдым. Әйтсе де жүрегiмнiң лүп-лүп қуанышы одан әлдеқайда басым едi.

Париж аэропортына келiп қонған соң бiздi жол бастаушы Ричард қарсы алды. Жеңiл көлiгiмен әсем қалаға қарай зымырадық. Бiзге арналған шағын қонақ үйi қаланың орта тұсында екен.

Ауқаттанып, демалған соң, Париждiң сәулетi мен көз тартқан көшелерiн асықпай араладық. Ертеңiнде бiздi орыс, ағылшын тiлдерiнде жақсы сөйлейтiн Мишель есiмдi жол көрсетушi бастап жүрдi. Арманымыз болған Лувр мұражайына жол тарттық. Жол бойы Мишель мұражай тарихынан бiраз мағлұмат бердi.

Париж – ежелгi қала. Iргетасы бiздiң заманымызға дейiнгi II ғасырда, Сена өзенiнiң оң жағалауындағы Сите аралында қаланған көрiнедi. Көп ұзамай арал тұрғындары Сенаның сол жағалауына да қоныстана бастапты.

Лувр – өркениетке қол жеткен дәуiрдегi ел билеушi корольдердiң резиденциясы болған екен.Көркем ғимарат. Архитектурасы ерекше. 1791 жылдан берi ежелгi Мысыр, Батыс Еуропа елдерiнiң өнер мұраларын көзiнiң қарашығындай сақтаған  мұражай қызметiн атқарып келедi. Мұражайдың үлкендiгi сонша, тек Египет экспозицияларына қойылған дүниелердiң саны 60 мыңнан асады. Сол күнi бiз оның тек бiр бөлiмiн ғана 2 сағатта әрең аралап шықтық. Луврдың әр экспонатының қасында бiр минуттан тұрғанда, түгел қарап шығу үшiн екi ай уақыт кетедi екен. Экспонаттардың iшiнде ерекше есiмде қалғаны – әйгiлi италиялық суретшi Леонардо да Винчидiң қылқаламынан шыққан Мона Лиза портретi, Венера Милосская мен Ника Афрокийскаяның мүсiндерi. Ғажайып бұл туындыларды француздар «Луврдың үш сұлуы» атайды екен.

Тарихи қаламен танысу барысында атақты Эйфель мұнарасының қасына келiп тоқтадық. Сатымен жоғары өрмеледiк. Ең басына көтерiлгенде, Париждiң керемет келбетi алақанда жатқандай айқын көрiндi. Эйфель мұнарасының биiктiгi – 300 метр. Салмағы 9 мың тонна. Құрыштан құйылған мұнара 1889 жылы француздық инженер Эйфель Александр Гюставтың жобасымен салынған. Парижде дүниежүзiлiк көрме ашылар алдында iске қосылған. ХIХ ғасырдағы ғылым мен техниканың Франциядағы даму дәрежесiн көрсететiн мұнара.

Әсем қалада болған 4 күн iшiнде сан түрлi жол тармақтары тоғысатын атақты Елисей алаңын, Елисей сарайын, ХVI-ХVII ғасырларда Франция корольдерiнiң резинденциясы болған Версальдi көрiп, тамашаладық. Мұнда әсем демалыс бағы, су бұрқақтары, түрлi ескерткiш мүсiндер көп екен. Сапар соңында Сена өзенiнің бойымен жүзген кемеге отырдық. Су үстiндегi дәмханадан француз тағамдарының дәмiн таттық. Ертеңiнде   таңғажайып әсер қалдырған Парижбен қимай қоштасып, қала сыртындағы балалар қалашығы  – Диснейлендке аттандық.

Диснейленд – шет-шегiне көз жетпейтiн орасан үлкен ойын қалашығы. Мұндағы бардың бәрi бала көңiлiн бiрден қызықтырып, баурап әкететiндей өзгеше талғаммен жасалған. Жүздеген аттракциондарға аузыңды ашып қарайсың.  «О, ғажап!»  деп  мен

де қайталай  берiппiн. Бiр  өкiнiштiсi – Диснейде бiр-ақ күн болдық. Ең бастысы, Дисней кейiпкерлерiнiң салтанатты шеруiне үлгердiк. Сұлу Ару мен Құбыжық, Золушка, Алладин мен Жасмин, Микки мен Минни, Су перiсi, тағы-тағы кейiпкерлер… Сән-салтанатпен жасанып, бiзге иiле сәлем жолдай, көз алдымыздан өтiп жатты, өтiп жатты. Олар өзiм оқыған ертегiлердегi бейнелер болғанымен, рөлдерде тамаша ойнаған әртiстердi көргенде, кiтаптағы кейiпкерлердiң өзiмен кездескендей әсерде қалдым.

Одан соң қорқынышты аттракциондардың бiрi болып саналатын «Күркiреген алып тауға» бет  алдық. Балалардың ойбайлаған дауысы алыстан естiлiп жатты. Сонда да барғым келдi. Бiз отырған шағын вагон темiр жолмен зырлай жөнелгенде, күркiреген дауыстан құлағым тұнды. Жүрегiм тулап, аузыма тығылды. Тау басына тiк көтерiлiп, ылдиға құлдилай құлағанда, шыңғырған даусым көкке жеткен шығар. Бiр қарасам, анам құшағына қысып алыпты. Менi анам сақтап қалғандай сезiндiм.

Сол күнi кеште ақ қанат лайнер елге қарай алып ұшты. Сондағы қуанышымды тiлмен айтып жеткiзу қиын. Атам мен апама, аяулы Астанаға, достарыма тезiрек жетуге асықтым. Сағынып қалыппын. Сағат емес, минуттарды санап, лайнер терезесiнен елеңдей қараймын.

…Туған жер топырағына табан тiредiк-ау, әйтеуiр! Шiркiн, өз жер-елiңнiң тынысыңды кеңейтетiн салқын самалына, жаныңды әлдилейтiн ықыласына не жетсiн!

– Құлындарым, аман-есен жеттiңдер ме? – деп емiрене құшағына алған Әдия апамның жанарынан сағыныш пен қуанышты, ризашылық пен шүкiршiлiктi – бәрi-бәрiн бiр демде байқап үлгердім…

Назерке МАНАРБЕК,

№56 мектеп-лицейдiң 6 «Б» сынып оқушысы.

«Ұланның» жас тiлшiсi.

Астана қаласы

(“Ұлан”, №31. 02.08.2011)

1 ПІКІР

  1. 6 сыныпта бұлай жазсаң ұлы жазушысың Назерке. Бахытты бол шырағым. Қаламың қарымды болсын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз