Мәселе

Қазақтың бренді – Пушкин  емес,  Абай!

Осы біз қазақтықты қазақ ба-ласының аузынан жырып алып отырған сияқтымыз. Дастарқаныңызда «Каприз», «Золотой ключик» кәмпиттері, тоңа-зытқышыңызда «Чудо», «Активиа», «Дольче», «БИО-С», «Растишка» йогурттары, «Мумуня», ««Сырок», «Мое»,  «Домик в деревне»,  «Фуд-мастер», «Домашний», «Шадринское», «Петропавловское молоко» секілді сүт өнімдері тұрса, баламызды қалай қазақтыққа тәрбиелейміз? Әлде балалар жейтін тәттілер мен сүт тағамдарының атауы қазақша болса, оны жемей қояды деген біреу бар ма? Жоқ, ең бастысы – өнімнің сапасы. Керісінше, балаңыз «Ғажайыпстанға саяхат», «Ауылымның иісі», «Жылы ұя», «Шаңырақ», «Тәттім-ау», «Ботақан» деген сияқты атаулармен жасалған кәмпиттер мен сүт өнімдерін ішіп-жесе, қандай керемет! Қазақы ұғымға да, тәрбиеге де жақын болар еді. Бірақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ.

Мысалы, 60 жылдан астам тарихы бар қазақстандық «Рахат» кондитерлік компаниясын алайық. Бұл компанияда 3 жарым мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.  Онда 10 түрлі топқа жататын әр алуан кондитер өнімдері шығарылады. Олар 250-ден астам атауға ие. Өнімдердің атауларына көз жүгіртіп шығыңызшы. «Сказка», «Бэлис», «Василек», «Восторг», «Вечер», «Каприз», «Ласточка», «Любимое», «Молодежные», «Прелесть», «Ода», Софари, «Тропиканка», «Цитрон», «Элегия», «Этюд», «Южная ночь», «Блюз», «Красный мак», «Белочка», «Танго», «Грильяж в шоколаде», «Лира», «Сказки Пушкина», «Песни Абая», «Тузик», «Умка», «Встреча», «Гармония», «Глория», «Джульэтта», «Ромео», «Кипарис», «Магия», «Маска», «Круиз», «Муза», «Романс», «Северное сияние», «Трюфельные», «Стиль», «Юрта», «Вдохновение», «Аленький цветочек», «Идиллия», «Птичье молоко», «Ромашка», «Казахстанский», «Almaty», «Зайка»,  «Сундучок», «Лукошко», «Забава», «Кис-кис», «Петушок», «Фруктовый сад», «Морские камешки», «Веселый зоопарк», «Яблочко», «Лето», «Кара-кум», «Буревестник», «От всей души!»,  «Золотой орешек»… Сізге таныс па? Иә, бұл сіздің үйде дастарқанда тұрған кәмпиттер ғой. Ал енді үйіңізде осы «Рахаттан» шығатын «Отырар», «Астана», «Ажар», «Айгерім», «Айтыс», «Достық», «Нұр», «Балапан», «Қызыл таң» деген кәмпиттер бар ма? Болуы неғайбыл. Өйткені, біріншіден, бұл атаулар аса танымал да емес. Екіншіден, бұл кәмпиттердің біразының дәмі есіңнен кетпей қоятындай керемет те емес. Бір сөзбен айтқанда, аталған кәмпиттер  көбіне ауылдағы апаларымыздың сөмкелерінде «қыдырысқа» ғана жарайды. Ал балаларға берсең, «же-меймін, ұнамайды» деп мұрнын шүйіреді. Ұнамаған нәрсені қанша патриот болсаң да, балаға зорлықпен аузына тыға алмайсың.

«Сказки Пушкина» деп кәмпиттің сыртын әспеттеуімізге жол болсын. Онсыз да Пушкинді білмейтін қазақ жоқ қой. Ал Абайдың әндерін «Песни Абая» демесе, түсінбей қаламыз ба? Абай әнді орысша емес, қазақша жазды ғой. Абайдан «гламур» жасаудың қажеті жоқ. Абай деген есімнің өзі – брэнд.

Сізді қайдам, өз басым «Балдыр-ғаннан» басқа қазақша атауы бар балмұздақ жеп көрмеппін. Есесіне, «Бомба-рожок», «Эскимо», «Бомба», «Лед», «Фруктовый лед», «Кара-кум», «Дуэт», «Снеговик», «Максима», «Пломбир», «Джусик», «Magic», «Melona», «Шрек», «Настольгия», «Семья», «Птичье молоко» секілді балмұздақтың дәмін талай таттық. Енді қай дүкенде болса да табыла кететін балмұздақтар осы болса қайтеміз?

Қазір Алматы мен Шымкентіңізде балмұздақ шығаратын кәсіпорындар жеткілікті. Нақтырақ айтсақ, бұл салада  Ресей мен Қырғызстан өнімдеріне қарап қалған біз жоқ. Алайда, әйгілі «Шрек» мультфильмі жарық көрген соң, «Шрек» деген балмұздақты да шығарған өзіміз. Сөз жоқ, Шректі көрген бала осы аттас балмұздақты сатып алып жейді. Тіпті, оның ішінде балаларды қызықтыруға арналған ойыншық та бар. Ал «Құйыршықты» көрген бала «Құйыршық» деген балмұздақты жегісі келмейді деп кім айтты? Оның да ішінде әлгіндей ойыншық болса, қанеки! Міне, отандық өнімдер бір-біріне осылай жарнама жасаса қатып кетер еді. Сонда брэнд деген ұғым да тезірек қалыптасады.

Айтпақшы,  жақында Алматыға келіп-кеткен немістің қымыз өндірушісі Ганс Цольман  қымыздан балмұздақ, әйелдерге арналған далап жасалатынын айтты. «Қазір Германияда қымыздан жасалатын балмұздақтың жаңа түрі шығарыла бастады. Ол адамның ауыз қуысы микрофлорасына жағымды әсерін береді. Нарықта бұл өнімдерге сұраныс күннен-күнге артып келе жатыр» дейді Цольман. Қазақтың қымызының қадірін біліп, патенттеп алған немістер бізден бұрын ешқайда жоқ балмұздақты да ойлап тапты. Шетелдің қаңсығын таңсық көргенше, өзіміздегі барды ұқсата білсек, бізге кім қой деп жатыр?

ЙОГУРТТЫҢ ПАЙДАСЫ ЖОҚ ЕКЕН

Жуықта ресейлік дәрігер мамандар мынадай қызықты мәлімет таратты: «Адам өмірінің ұзақтығы 50 пайызға, ал аурулардың 80 пайызы дұрыс тамақтанбауға байланысты». Бұл жерде әңгіме 3-4 мезгіл тамақтануда емес, біздің не ішіп, жейтініміз турасында болып отыр. Осыған дейін еуропалық ғалымдар «йогурт денсаулыққа пайдалы, ағзаны сауықтырады» деп келген. Енді олардың өздері бұл пікірдің теріс екенін растап отыр. Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі бойынша құрылған арнайы еуропалық мекеме қызметкерлері осындай тоқтам жасаған. Олар әртүрлі биотиктері бар йогурттар мен сусындар адамның ас қорыту және иммунды жүйесіне еш әсер етпейтінін анықтаған. Ал біздікілер не дейді?

Дерматолог-дәрігер Қалдыкүл Сайлауқызы: «Дерматолог мамандар адамның ішкі ағзаларымен тікелей жұмыс істейді. Адамның терісі де, сыртқы сымбаты да оның не ішіп-жегеніне байланысты. Мәселен, бетті тазалау ниетімен көптеген қыздарымыз йогурттың диетасына отырады. Бі-рақ йогурттың пайдалы ештеңесі жоқ. Өйткені, оның құрамына түрлі консервант қосады. Одан бөлек, ұзақ сақталуы үшін оның қорабы өңдеуден өтеді. Химиялық заттар асқазан-ішек жолдарының қызметін бұзады. Жалпы айтқанда, тетрақораптағы өнімдер қауіпті саналады.  Сондықтан, йогуртты үй жағдайында дайындаған жақсы. Бет күтімі, асқазан-ішек жолдарын қалыпқа келтіру кезінде диета үшін ең тиімдісі – қолдан ұйытылған айран. Егер йогурт жегіңіз келсе, осы айранға өз бақшаңызда өскен, құлпынай, қарақат, алма-өрік-ті пайдаланыңыз. Мүмкіндігінше тетрақораптағы өнімдерге жоламаңыз», – деп кеңес береді.

Мамандар көшеде сатылатын құй-малы балмұздақты да адам денсаулығына қауіпті дейді. Өйткені, құймалы бал-мұздақтың сүті шикі, пісірілмеген. Одан бруцеллез, тағы басқа  аурулар пайда болуы мүмкін.

Базарға, дүкенге барғанда «ауру астан» деген қазақтың сөзі жадыңызда жүрсін…

Жадыра НАРМАХАНОВА

(“Ұлан”, №31. 02.08.2011)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз