Үн қосамын

Неге  жақсы  айдарды жандандырмасқа?..

«Ұлан» газетінің №28 санындағы (12.07.2011 ж.) жас тілші Балнұр Қожагелдінің «Төл өнерге қауіп төнді» атты мақаласы маған ой салды. Күй – ата-бабамыздың аманаты. Мен Балнұрдың пікіріне қосыламын. Қазіргі балаларға «қандай күйшіні білесің?» деп сұрақ қойсаң, мүдіретіні рас.

«Ұлан» газетінде өткен жылы күйлердің тарихын баяндайтын «Күй-аңыз» айдары болды. Бірталай күйдің тарихы айтылды. Бірақ биылғы жылдың басынан-ақ бұл айдарға келген ешбір хат болмапты. «Ұланның» жанашыр жас достары, неге осы айдарды жандандырмасқа? Әке-аналарымыздан, ата-әжелерімізден жақсы тараған күйлердің шығу тарихын біліп, барша «ұландықтармен» неге бөліспеске?.. «Аузымен орақ орғанның белі ауырмайды» деген сөз бар. Сөзімізді іспен дәлелдесек, біз білмейтін небір күйлердің тарихы айтылып, санамызға сәуле түсер еді….

Айжан Саршанова,

9-сынып оқушысы.

«Ұланның» жас тілшісі.

Қалжыр ауылы,

Күршім ауылы,

Шығыс Қазақстан облысы

Жаңа жобалар тамаша!

«Ұлан» газетінің жаңадан ашылған «Біздерде мынадай бар..» айдары маған қатты ұнады. Әсіресе, талай биікті бағындырып, талантымен, қабілетімен жетістікке жеткен жандардың өмір жолын баяндау біздің құлшынысымызды арттырады. Бұл – оқырманға ой саларлық жоба. Алдағы уақытта да жалғасын тауып тұрса, сұлулыққа қызығып, таланттың өмірлік сабақтарын үйренер едік.

«Өмірдің өзі» айдары аясында жарияланған Билл Гейтстің 11 кеңесі де («Ұлан», №24) өмірімізге азық боларлық дүние екен. Мұндай кеңестер жақсы жолбасшы, өмір жолында жарығын шашар шамшырақ, бағыт сілтеуші бағдаршам бола алады. Қазақ жастары осы кеңестерді жадына түйсе, артық болмас еді. Қазақ арасынан, ел ішінен осындай мықтылар шықса ғой. Олардың бағы ашылып, жұлдызы жанғаны елімізге мерей емес пе?

Бақытжан Отарбаева,

9-сынып оқушысы.

Тоқабай ауылы,

Арал ауданы,

Қызылорда облысы

Құл болуға қарсымын!..

«Ұланның» 12 шілдедегі №28 санында жарияланған Дәмила Көшкенованың «Ақшаң болса қалтаңда…» атты мақаласын оқып, ойға қалдым. Сөйтіп, ақша туралы өз пікірімді жазуға бел будым.

…Кішірек кезімде түрлі газет-журналдарда жарияланған әңгімелердің, ертегілердің ұнағанын қиып алып, папкама салып қоятынмын. Дәмиланың мақаласын оқыған соң, «Ақ желкен» журналының 2006 жылғы №5 санында жарық көрген Едіге Кішкенеевтің «Көңілді жалшы» атты аңыз-өлеңі есіме түсті. Соны тауып алып, қайта қарап шықтым.

…Баяғыда бір аула сыпырушы жалшы болыпты. Бір қызығы, әлгі жалшы ауланы үнемі әндетіп жүріп сыпырады екен. Ал оның қожасы қаһарлы да қатігез хан еді. Жалшының салған әні ханның ұйқысын бөле береді. Бір күні ызаланып, терезеден тысқа үңілген хан таң атпай ән салып жүрген, қайғысыз-қамсыз жалшыны көріп, ойға қалады. «Ішігі қырық жамау, өзі сүйегі көрінген арық… Тапқаны ішер ас, киер киіміне де жетпейді. Сонда да мәз, сонда да көңілді. Ал мен болсам, даңқым жер жарып, байлығым судай тасып бара жатса да, рақаттанып бір күле алмаймын. Бұл пақыр керегін әрең тауып жүрсе де, қайғысы жоқ адамдай неменеге жетісіп, шаттанады?» деп ойлайды хан. Мұның шешімін таппақ болып, ақылды әрі сұлу ханшасынан кеңес сұрайды. Ханша ханға арам ойларын айтады. Сөйтіп, хан мен ханша жалшыны әзәзіл жолға бастайды. Жалшы аула сыпыруға келгенде, тай тұяғындай алтынды шүберекке түйіп, терезеден байқатпай лақтырып жібереді.

Тойымсыз нәпсі жалшыны да тура жолдан тайдырады. Құйқылжи төгілген жалшының әні терезе тұсына келгенде кілт тоқтайды. Жалшы шаң басқан алтынды жерден алып, лашығына қарай асығып-аптығып жүгіре жөнеледі. Ал хан оның артына тыңшы қойып, аңдуға бұйрық берген болатын.

Жалшы бірінші күні таңды көз ілмей атырады. Екінші күні ас-суын ішпей жатып қалады. Үшінші күні қолға түскен ұрыдай сандалып жүреді. Баяғы күй жоқ… Қояннан да қорқақ болып алады. Өйткені, «менікі» десе, жұрттың сенбесі анық. Ақыры байлыққа қолын бір сілтеп, ханға шындықты айтуға бел буады. Сөйтіп, төртінші күн дегенде сарайға барып, алтынды «тауып алдым» деп ханға береді де, сыртқа тез шығып кетеді. Шығады да, «уһ!» деп терең дем алады. Содан кейін құмарын тарқатып, рақаттанып ән салады. Авторша айтқанда:

– Шырқады жалшы

Ертеден кешке талмады.

Сарсаңға салған

Алтынды еске алмады.

Бақылап оны

Хан тұрды ойлы кейіпте,

Еңсесін езіп

Байлық пен тақтың салмағы.

Иә, байлықсыз-ақ бақытты бола аламыз. Егер менің пікірім қате десеңіз, онда неге кедей жалшы үнемі көңілді жүреді де, ал Алла байлықтан да, мансаптан да құр етпеген хан еш жадырамайды? Бұл бар болғаны аңыз ғана екенін білемін, дегенмен аңыздар да белгілі бір оқиғаға байланысты туады ғой.

Әйтсе де «ақша адамды аздырады, кеудесіне нан пісіріп, тәкаппар етеді. Сондықтан аста-төк байлықтың қажеті жоқ» дей алмаймын. Өйткені, ақшаны өзім де қатты жақсы көремін.

Қазақтың біртуар перзенті Қадыр Мырза Әли «Байлық» атты өлеңінде:

– Саған құштар дүниенің бар сұмы,

Бұл айтқаным – ождан сыны, ар сыны.

Мен өзіңе қарсы емеспін,

Мен саған

Құл болуға,

Күң болуға қарсымын! – деп жырлайды. Мен де байлыққа қарсы емеспін, бірақ оған құл болуға қарсымын!..

Алпамыс Файзолла,

С.Сейфуллин атындағы №11 мектептің

11-сынып оқушысы.

Орал қаласы

Шетелдіктер неге қазақ баласына құмар?

«Мұхит асқан қаракөздер» деп келелі мәселе кө-терген журналист Жанар Байсемізованың мақалалары «ұландықтарды» бей-жай қалдырмағаны анық. Мені де қатты ойландырып тастады…

Шынында да, шетелдіктер қазақ қаракөздеріне неге құмар? Мұхит асып, алыстағы Қазақстаннан бала іздеп келуіне не себеп? Өз елдерінде қамқорлыққа зәру, ата-ананың аялы алақанына мұқтаж бүлдіршіндер жоқ па? Меніңше, себеп басқада. Шетелдіктер қазақ баласының қайсарлығы мен алғырлығына тәнті, елде жоқ ерекше қасиетіне қызығады.

Иә, қазақ қайсар, еркін һәм ақылды. Осы асыл қа-сиетімізді өзіміз емес, өзгенің бағаланы өзекті өртейді. Алғырлығы сол – айналасы екі-үш айдың ішінде сөзі түгілі, әрпін де білмейтін өзге тілді «шемішкеше шағады». Оқу мен ғылым-білімде де қазақ балаларының жұлдызы жанып тұр. Математика, физика сынды іргелі ғылымдарда әлемді қайран қалдырды. Ойлылар ойыны саналатын шахматта да қазақ қыздары күллі дүниені мойындатуда. Қанмен дарыған ұлттық өнері тағы бар. Қайсарлығы мен ержүректігі жөнінде таңды таңға ұрып айтуға болады. Бір сөзбен айтсақ, қазақ баласы бесаспап, әмбебап. Осындай бесаспап қазақ ұланы тұрғанда, шетелдіктер өзгеге мойын бұрсын ба?

Жетімін жылатпаған ел едік, қазір қазақтың тастанды бөбегін шетелдіктер жетімсіретпейтін болды. «Мен қазақ емес, америкалықпын» дейтін, түрі – қазақ, тілі мен тәрбиесі басқа «шетелдік азаматтарымыздың» обал-сауабы кімге?..

Алтынгүл Сансызбай,

№249 мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы.

Әйтеке би кенті,

Қазалы ауданы,

Қызылорда облысы

(“Ұлан”, №31. 02.08.2011)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз