Жаздыгүн шілде болғанда..

«Артек». Алау. Аю-Даг

Әйгілі математик, академик Асқар Жұмаділдаев  бір сұхбатында: «Оқушы кезімде екі арманым болды. Бірі – «Артекке» бару, екіншісі – алтын медаль алу» – деген болатын. Қара теңіз жағасындағы ғажайып лагерь – «Артекте» демалуды Асқар ағаларың ғана емес, сол кездегі барлық бала армандады. «Артекке» арнайы жолдамамен тек үздік оқитын, дарынды, өнерлі балалар баратын.

Сол «Артек»… әлі орнында. Жыл сайын жаз ортасында Аю-Даг тауының етегіндегі атақты лагерьде «Щасливі долоні» («Бақытты алақандар») атты халықаралық балалар фестиваль өтеді. Жақында осы фестивальға алматылық оқушылар Айлина Мамажанова (№35 мектептің 7-сынып оқушысы), Сәтбек Саржанов (№122 мектептің 9-сынып оқушысы) және Рауан Рақымжанов (№160 мектептің 10-сынып оқушысы) қатысып қайтты. Сапарды ұйымдастырған – «Каникулы-Казахстан» орталығы.

Қуанарлығы сол, біздің балалар өнер байқауында топ жарып, әрқайсысы бір емес, бірнеше номинация бойынша жеңімпаз атаныпты. Алматылық өрендер бұл жеңістерін алдағы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнаған екен.

Әрине, балалар тек фестивальға қатысып қоймай, Қара теңіз жағасында жақсылап демалып, бойларына күш-қуатты молынан жинап, небір қызық оқиғаларды бастан кешіп қайтқандары анық.  Бұл жайында бізге «Артектен» олжалы оралған ұландардың бірі  Рауан Рақымжанов әңгімелеп берді.

Алматыдан аттанарда танысқан үшеуміз – Айлина, Сәтбек және мен бірден тіл табысып, достасып кеттік. Жаңа достарым білімпаз екен. Сапарға шығарда «Артек» жайлы біраз мәлімет жинап алыпты. Алматыдан ұшақпен Украина астанасы Киевке, одан әрі пойызбен Қырымға – Симферополь қаласына, әрі қарай автобуспен Қара теңіз жағасына жеткенше әңгімелесіп бардық.

Айлина бізден «Артек» қай жылы ашылған?» деп сұрайды. Мүдіріп қалсақ: «1925 жылы» – деп өзі жауап береді. Басында лагерь орнында брезент палаткалар ғана болыпты. Ең алғашқы демалушылар – Германиядан келген балалар сол палаткаларда жатқан.

Сәтбек те Айлинадан қалысқан жоқ. Ол бізге «Артекте» халқымыздың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың демалғаны жайлы әңгімелеп берді.

– Ол кезде Әлия апамыз 7-сыныпта оқып жүріпті. Сонау Нева жағасындағы  Ленинград, қазіргі  Санкт-Петербург  қаласында тұрған. Үздік оқушы болыпты. «Артекке» жолдаманы тегін бермеген ғой, – деді Сәтбек.

«РечнОЙ» лагерінде

Қазіргі «Артек» оншақты кешеннен тұратын ғаламат демалыс орны екен. Біз дәл теңіз жағасындағы, айналасын пальма ағаштары көмкерген «Прибрежный» кешеніне келіп түстік. Сол жердегі «Речной» деген тамаша лагерьге орналастық. Лагерьдің бес бірдей ғимараты «Волга», «Иртыш», «Енисей», «Амур» және «Ангара» деп бес өзеннің атымен аталады. Әрі атына заты сай етіліп, алып кемелер үлгісінде салынған.

«Артекте» жиырмадан астам үйірме жұмыс істейді екен. Әрқайсымыз бір-бір үйірмені таңдадық. Айлина жас геологтар үйірмесіне жазылды. Сәтбек қағаздан ойыншық жасау өнерін үйрететін «Оригами» үйірмесін таңдады. Мен болсам,  лагерьдегі жас теңізшілер қатарынан табылдым.

Қазір ойласам, үш аптаға созылған демалыстың қызықтарын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес сияқты. Қара теңіздің тулаған толқындары, жұлдызды аспан асындағы алау, ойындар, жарыстар, саяхаттар… бәрі-бәрі ғажайып ертегі секілді. Әсіресе, Ялта мен Симферополь қалаларына, табиғат аясына жасаған саяхаттарымыз ерекше әсерге бөледі. Ялта қаласында теңіз жануарларының театры бар екен. Ондағы киттер мен дельфиндер неткен ақылды десеңші! Түрлі акробатикалық трюктерді орындағанда, дуылдата қол соғып, таң-тамаша болдық.

Жас геологтар үйірмесіне қатысқан Айлинаның жолы болды. Олар тау басындағы «Криничка» турбазасында демалды. Келген соң, жас геологтардың  терең үңгірге түсіп, палаткада түнеп, картопты отқа қақтап жегендері жайлы әңгімелерін аузымыздың суы құрып, қызыға тыңдадық.

Аю-Даг жайлы аңыз

Тау демекші, «Артекке» жолы түскен әрбір бала міндетті түрде Аю-Даг тауына шығады. «Артек» осы таудың етегінде. Алыстан қарасаң, бүк түсіп, ұйықтап жатқан алып аюға ұқсайтын тауға біз де шықтық. Аю-Даг жайлы ел аузында аңыз сақталыпты. Оны бізге тау басында бір сәт дамылдап отырған кезде жетекшіміз айтып берді.

Ертеде Қара теңіздің жағасын аюлар мекендепті. Үйірді үлкен кәрі аю басқарыпты. Бірде аюлар жағалауда жемтік іздеп жүріп, апатқа ұшыраған кемеге кезігеді. Кеме ішінде кішкентай қыз жатыр екен. Аюлар бейкүнә сәбиді өлтірмейді. Тамақ беріп, асырап, бауырларына басады. Арада жылдар өтеді. Қыз бойжетіп, айдай аруға айналады. Оны бір жігіт көріп қалып, ғашық болады. Ол қызды өзімен бірге алып кетпек болады. Ақыры екеуі сөз байласып, қашуға бел буады. Аюлар алыс ұзап кеткенде, қайыққа отырып, теңізге шығып кетеді. Мекендеріне оралған аюлар қыздарының қашып кеткенін көріп, қатты қапаланады. Үлкен кәрі аю қайғыдан қан жұтып, орнынан тұра алмай қалыпты. Сол күйінде тас боп қатып, алып тауға айналады.

Әрине, біздің сапарымыздың ең басты оқиғасы «Щасливі долоні» фестивалі болғаны анық. Фестиваль «Алые паруса» («Алқызыл желкендер») кинофестивалінің аясында өткендіктен, лагерьге Ресей мен Украинаның танымал әртістері жиналды. Біз Василий Лановой, Елена Кондулайнен, Руслана Писанка сынды жұлдыздармен кездесіп, шығармашылық дәрістерін тыңдадық. Лагерьдегі балалар да өз өнерлерін ортаға салды. Алматыдан барған үшеуміз жас әншілер байқауына қатыстық. Сәтбек халық әні «Бір баланы» әуелете шырқап, көрерменді қоңыр даусымен тәнті етті. Ал Айлина екеуміз «Егіз лебіз» әнін қосылып орындадық.

Бір қуанарлығы, көрермендер де, қазылар алқасы да біздің өнерімізді жоғары бағалады. Үшеуміз де фестивальдің дипломанты атандық. Бұдан бөлек, Айлина «Топ модель» бәйгесінде топ жарса, Сәтбек оригамишылар сайысында жүлделі 2-орынды иеленді. Менің жетістіктерім де мақтауға тұрады. Жас теңізшілер үйірмесіне қатысып жүргенде, жүзуден алдыма жан салмап едім. Соның арқасында, «Жүзуден лагерьдің чемпионы» деген құрметті атаққа ие болдым. Жарысқа төрелік жасаған Олимпиада чемпионы Денис Силантьев қолымды алып, арқамнан қаққанда, төбем көкке бір елі жетпеді.

Айтып-айтпай не керек, біз «Артекпен» қимай қоштастық. Қайтарда Қара теңіз жағалауынан ұсақ тастар теріп алдық. Кім біледі, күні ертең есейіп, ержеткенде сол тастар бақытты балалық шағымды, ертегілер еліне ұқсайтын ғажайып мекен – «Артекті» есіме түсіретін шығар!..

Рауанның  әңгімесін жазып алған Бағдат Мәжитов

(“Ұлан”, №31. 02.08.2011)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз