Өмiршырақ

«Ғалым  емеспін, жоқ  іздеушімін…»

Алма Үмбеттегі

Биыл iрi мемлекет және қоғам қайраткерi, тарихшы-эт-нограф, өнер зерттеушi ғалым Өзбекәлi Жәнiбековтың туғанына 80 жыл толады. Өз-ағаң –  ұлттық мәдениетiмiздi дамытуда, халқы-мыздың дәстүрлi өнерiн дүн-дүниеге танытуда өзiндiк үлес қосқан бiрегей тұлға.

Тарихи және мәдени ескерт-кiштердi мемлекеттiк есепке алу, қорғау, қайта жаңарту және ұқсата пайдалануға жан-тәнiмен кiрiскен халқының адал ұлы. Нәтижесiнде Арқалықта – өлкелiк, Алматы облысында Үмбетәлi мұражайлары ашылды. Қожа Ахмет Яссауи кесенесi, Маңғыстау мен Үстiрттегi, Талас-Шу өзенi жағалауларындағы тарихи ескерткiштер мен Жетiсу өңiрiндегi Қарахан, Айша Бибi, Баба-хатын мазарлары қалпына келтiрiлдi. Жамбыл мен Сүйiнбай кесенелерi тұрғызылды. «Шертер» фольклорлық ансамблi, «Адырна» мен «Алтынай» ұлттық өнер ұжымдары өмірге келдi. Көне аспаптар мұражайы көрермендерiне есiк ашты. Наурыз мейрамы ортамызға оралды. Ол кісі киiз басуды, құрып-бiтуге айналған ескi кiлем нұсқаларын, көне әуез аспаптарын қайта ұқсатумен, халық билерiн қалпына келтiрумен де айналысты.

Бұрынғы-соңғы тарихи-ар-хео-логиялық, этнографиялық зерттеулерге және өзi жинақтаған мәлiметтерге сүйене отырып, ата-бабамыз тұтынған жылжымалы баспана үлгiлерiн бiр iзге түсiрдi. Қос, күрке, кепе, абылайша, туырлықүй, ақүй, қараүй, отау, орда деп жiктедi. Тұрақты мекенжайларын – киiз үй, шошала, қоржынүй, тоқалтам, тiркеспе, шарбақүй, дүкен, қыстықүй деп ғылыми тұрғыда тарата тiздi. Әрқайсысының суретiн салғызып, қазақ  сәулеткерлiк өнердiң хас шеберi екенiн елге танытты. Өзе-кең «мен ғалым емеспiн, жоқ iздеушiмiн. Жетiскендiктен емес, халық мұрасын жинақтаумен тiкелей айналыса қоятындардың жетiспегендiгiнен туған әрекет едi» дейтiн. Мұның бәрi, балалар – тарихқа, елтануға, мұратануға, қажет десеңдер, қазақ-тануға керек бағасы теңдессiз құндылықтар.

Өз-атаның кейiнгi ұрпақ – бiзге қалдырған «Қазақ қолтумасының мәдениетi», «Жаңғырық… Алтын домбыра жайындағы аңыздың iзiмен», «Уақыт керуенi», «Жолайырықта», «Тағдыр-та-ғылымының» қос томдығы секiлдi тәрбиелiк, танымдық мәнi айрықша шығармалары бар.

КӨНЕНIҢ КӨЗI

Ол кiсiнi бiз «көке» дейтiн ек. Наурыз, туған күн, тағы басқа мерекелерде құттықтап барғанда, көбiне үйде болмайтын. Қалихан жеңешемiз «көкелерiң жұмыста. Түнгi 11-ден кейiн келедi» деп отыратын.  Еңбек демалысына шыққаннан соң ғана жиiрек жүздесудiң ретi түстi. Ол кiсi үнемi саяжайда болатын. Бала-шағамызды ертiп, дастарқанымызды көтерiп, саяжайға баратын едiк. «Қазақфильм» ықшамауданының ту сыртында, тау баурайында бой көтерген оймақтай саяжай үйi әлi күнге көзiме ыстық. Қашан барсаң да, шарбақпен қоршалған тақта-тақта алаңқайлар топырағы қазiр ғана қопсытылғандай көрiнетiн. Бетiнде қылтанақ шөп болмайды. Желегi желкiлдеген жемiс ағаштары да жаныңа жылу себелейтiндей әсер беретiн. Әр кез солай едi…

Шағын дәлiзден iшке кiргенде, кеңiрек бөлмеге өтесiң. Жиһазы жоқ бөлменiң оң жақ бет еденiне қол кiлемi төселген. Өз-ата кiлем үстiнде малдас құрып отырады. Қараала шашақты қызыл кiлем шетiне бiз де жайғасамыз. Сәлем бере келгенiмiздi естiгенде, кәдiмгiдей қуанып қалады. Үстiнде өз қолымен тiккен шапаны мен тақиясы болады. Жиектерiндегi түрлi-түстi жiбек жiппен кестеленген өрнегiн де өзi салатынын бұрыннан бiлетiнбiз. Көзге соншалық жұмсақ әрi қарапайым көрiнетiн шапанның тiгiсi жатық, бояу-нақышты өрнегi көп емес. Сонысымен көкенiң бидай өңдi бет-әлпетiн ашып тұратын. Сезiмталдығын, сыпайылығын, нәзiк талғамын да қатар аңғартатын едi. Өз-атаның қолынан шыққан зерлi тақияларды осы күнi бiрнеше келiнiнiң отауынан көруге болады. Көкенiң көзiндей көрiп, сақтап жүр. Бiздiң үйде де ол кiсi дәм татқан астау бар. Бiрде:

– Қазақы киiм – көненiң көзi. Бiзге жеткен заттық-тұрмыстық мәдениеттiң бiрден бiр көрiнiсi. Ер адамның киiм-кешегiне қазiргiдей баттитып ою-өрнек салу әдетi қазақта болмаған. Кейiнгi кезде кең өрiс ала бастаған осы жағдай – ата-баба мұрасына жасалған қиянат. Шамасы, қазақы киiмнiң ұлттығы ең алдымен оның пiшiмiнде, бояу-нақышының ұқыптылығында екенiн ұмыта бастаған болармыз, – деп кейiгенi бар едi. Тағы бiр жолы:

– Келiн шырақ, қазақтың ұлттық тағамы – қазақша еттi осы күнi «бешбармақ» атап жүр. Тiптi ежелден осылай аталатындай көрiп айтады. Дәмхана мәзiрлерiнде де солай жазылады. Шын мәнiсiнде, «бешбармақ» –өзге ұлттың бiздi еттi бес саусағымызды салып жейтiнiмiздi келеке етiп, мазақтап қойған атауы. Ас мәзiр түрi – қазақша ет. Ал орысшасы «мясо по-казахски» деп айтылуы тиiс. Бұдан былай ескертiп, түзете жүр, – деп тапсырып едi. Ата аманатына қиянат болмауын сендер де қадағалаңдар, балалар.

Кейде тұтас бiр кiтапты оқығаныңда, санаңда ешбiр ойы қалмайды. Ал Өз-атаның ауызекi айтқан әр әңгiмесi тұнған тағылым, өмiрлiк тәжiрибе едi. Арманы алыс, мақсаты асқақ, қандай қиындықта да мойымаған, керiсiнше, өмiрсүйгiштiгiмен, еңбекқорлығымен, iскерлiгiмен жұртты өзiне тарта бiлген замандастары, ел ағалары жайлы берiле әңгiмелейтiн. Күнделiктi тiршiлiкте, өзара қарым-қатынаста көрiнетiн адамгершiлiк қасиеттерiн тебiрене тiлге тиек ететiн. Бiр жолы кезiнде Мәдениет министрi болған Iлияс Омаровтың керемет бiлiмпаздығын бiзге үлгi еткен. Iлияс ағамыз дүниежүзiлiк немесе орыс классикасының, бұрынғы-соңғы қазақ әдебиетi шығармаларының қай-қайсынан да бетпе-бет үзiндi келтiрiп,  пiкiр таластыра бiледi екен. Дiнмұхаммед-ата Қонаев жайлы да жақсы әңгiмелейтiн…

Өз-ата жастайынан жетiм өскен. Кiшкентайынан тұрмыс тауқыметiн тартқан, қозы баққан. Солай бола тұра мейiрiмiн, елге-жерге, адамдарға деген адалдығын жоғалтпаған кiсi. Өз-атаның еңбекқорлығы, парасат-пайымдылығының түпкi бастауы – балалық шақтан өрiлетiнiн байқау қиын емес. Бiрер мезетi төмендегiдей.

Ерте есейткен балғын шақ

Ол кiсi  1931 жылы 28 тамызда Оңтүстiк Қазақстан облысына қарасты қазiргi Отырар ауданының Сарықамыс ауылында дүниеге келген. Арыс өзенiнiң Сырдарияға құяр тұсындағы көне қоныста оншақты үй болатын. Әкесi Жәнiбек Құдиярұлы мен анасы Қаныша Томашқызы жер өңдеп, диқаншылықпен  айналысқан. Көршiлердi шақырып, ата-анасы шiлдехана өткiзедi. Шiлдеханаға ауылдағы ең қадiрмендi қарт Өзбек ақсақал да келедi. «Сол кiсiдей елге қадiрлi азамат болсын» деп нәрестеге Өзбекәлi деп ат қояды. Көп ұзамай әкесi қайтыс болады да, анасын әмеңгерлiкпен жақын ағайыны Серiм Сейiтбекұлына қосады. Спандияр деген iнiсi Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен. Күләраш әпкесi  ертеректе дүние салған. Кiшi әпкесiнiң есiмi – Мәдине.

Өзекең 1938 жылы 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын аттайды. Бiрде қолына Мәдиненiң «Өрт» деп аталатын суреттi кiтапшасы түседi. Судыратып оқи алмаса да, салынған суреттерi қатты қызықтырса керек. «Оқып берейiн» деп әпкесi қанша сұраса да бермей қойыпты. Сонда Мәдине жазу дәптерлерiн ұсынып, «түнде жастанып жатсаң, таң атқанша «Өрт» секiлдi кiтапша болып шығады» дейдi. Иланған iнiсi түнi бойы жастығын көтерiп, дәптерлерге қарап қойып жатыпты. Таң атқанда да еш өзгерiс болмағанын көргенде, бақырып жылап жiберiптi. Сол кезде Мәдине бiлте шамның жарығымен түнде оқып шыққан суреттi кiтапшасын iнiсiнiң қолына ұстата қояды.   Әпкесi Өзекеңнiң үйдегi мұғалiмi болыпты. Сабағын қадағалайды. Ертегi-аңыз, жырларды оқып берiп, мазмұнын сұрайды. Одан қалса, қолына түрлi жiп берiп, кесте тоқытады. Бiр күнi мектептiң қабырға газетiне Өзекең жайлы «өте ұқыпты, сабақты жақсы оқып, сыныптастарының алдына шықты» деп мақтау сөздер жазылады.

Бұрын ескi қазақ ауылында еркек тұрып, әйелге мал бауыздатпайтын. Осы бiр көне дәстүр бойынша, жақын үйлерде өзге ер адам көрiне қоймаған соң, апасы ұлына тауық бауыздатпақ болып, пышақ ұстатады. Өзекең көп ойланбастан, тауықты жатқыза салып, басын шорт кесiп алыпты. Тауық тыпырлап ұшпақ болып, үш-төрт қадам жерге дейiн барған. Мұны көргенде, тағы да жылап жiберсе керек. Құрман ата есiмдi жамағайыны көшiп келгенде «ендi тауық соймайтын болдым» деп қатты қуанады. Өзекең кейiнге дейiн:

– Мен өмiрi жарып тамақ iшпеген, сiңiрi шыққан кедей болғанымен, мейлiнше кiшiпейiл, бүкiл болмысынан қайырымдылықтың, адалдықтың нышаны байқалатын, табиғатынан сыпайы осы бiр ауыл ақсақалының өнегесiн көп көрдiм, – деп отырушы едi. – Кейiн оң-солымды танып, Алматыға оқуға аттанғанымда, Құрман атам есегiне мiнгестiрiп, Сырдың қайығына дейiн шығарып салды. «Жалғыз ешкiнi сатайын десем, жақын жерде базар да жоқ. Атаңның саған батасынан басқа берерi болмады» деп егiле жылап сөйлептi. Өзекең қолын жайып, батасын алған.

Екiншi сыныпты көршi Қоғам ауылында оқиды. Киетiн киiмi болмай, өгей әкесiнiң ұлы Абанның кiшiрейiп қалған көне костюмiн кисе керек. Сонда Абан: «Не, менi өлiп қалды дедiңдер ме? Киiмiмдi неге жұртқа таратасыңдар?» – деп жер тепкiлеп жылайды. Қорлыққа шыдай алмаған Өзекеңнiң бойын намыс ызасы кернеп, үйден шығып кетедi. Апасына келсе, ол кiсi:

– Өмiрде бәрi қайталанады. Кiм бiлсiн, ертең күнiң туса, сенiң ескiлерiңдi ол киер. Жiгiт болып қалдың. Не болса соған қорғалақтай берме, – дейдi. Анасының сөзi Өзекеңе кәдiмгiдей жiгер берiп, бойын нық түзетедi. Көп ұзамай ол кiсi де қайтыс болады. Ауылдағы игi жақсы жиналып, тоғызға ендi ғана толған Өзекеңдi қайда жiберудi ойласады. Ақыры Серiм әкесiнiң тұңғышы Қожанның қолына беруге келiседi. Негiзгi себеп – сол үйдегi жеңгесiне екi жасар ұлы мен тәй-тәй басқан қызын бағысуға көмектеседi деген ұйғарыммен шешiледi. Зыр жүгiрiп жүрiп суын әкелiп, отынын тасып бередi. Келi түйiп, қол диiрмен тартады…

Анасының бейнесi есiнде қалмапты. Екi рет түсiне енген. Бiрде солқылдап жылап жатқанында Қожан ағасының үйiндегi жеңгесi түртiп оятады. Сөйтсе, түсiнде анасы келiп, басынан сипапты. Өзекең әлдекiмдерден көрген зәбiрiн айтып, қатты-қатты жыласа керек. Келесi жолы Алматыға оқуға бара жатқанында түсiне енiптi. Жол билетi болмай, вагонның жүк қоятын үшiншi сөресiнде ұйықтаған көрiнедi. Тағы да басынан сипайды.

Ұлы Отан соғысы жылдары да сабағын үзбеген Өзекең Шәуiлдiрдегi Жамбыл атындағы орта мектепке ауысады. Интернатта жатып оқиды. Көрпе-төсегi жоқ. Ауылдан әкелген киiздiң үстiнде аунап жатып сабақ оқып, ұйықтайды. Қарны аш, күнiне 200 грамнан үш рет нан, бiр рет көже бередi. Демалыс күндерi аш балалар жақын маңдағы ағайындарының үйiн жағалайды. Кейде бiр дорба тары, талқан алып қайтып, бiразға дейiн талғажау етедi. Көбiне ересек балалар тартып алып қояды екен.

– Әсiресе, Әзiмбек атам мен келгенде қуанатын. Қарныма әлдене барып, көңiлденгенiмдi көрiп:  «Ендi ән айт!» – деп қолқалаушы едi. Атамның жертөлесiнiң басына шығып, iштен дем тартатын түтiктен:

– «Алматыдан сөйлеп тұрмыз. Қазақ әндерiнен концерт беремiз» деп хабарлап, өзiм бiлетiн әндердi нәшiне келтiре орындайтынмын, – деп еді Өзекең  тағы бір әңгiмесiнде…

(“Ұлан”, №31. 02.08.2011)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз