«Жақсы есім» акциясы

Атамның менмін ақ таңы

Менің атымды Таңат деп атам қойған. Таң рауандап атып келе жатқанда дүниеге келіппін. Атам оны жақсы ырымға балап: «Таң жарқырап атып келе жатқанда өмір есігін ашты, есімі Таңат болсын. Өмірі таңдай нұрлы болсын», – депті. Атам бақилық болып кетті. Ал мен атамның, әкем мен анамның үмітін ақтасам деймін.

Өз інімнің атын Ержігіт деп қойдым. Інім «Отанын, елін, жерін қорғайтын, ел үшін ештеңеден қорықпайтын азамат болсын» деп тіледім. Інім өте ақылды. Атына заты сай болып өсіп келеді.

Таңат Сатай,

С.Сейфуллин атындағы мектептің 3 «Б» сынып оқушысы.

Арыс қаласы,

Оңтүстік Қазақстан облысы

Айлардың отбасы

Менің есімім – Орынай. Бес әпкем, бір сіңлім бар. Әпкелерімнің есімі – Жұлдызай, Гүлденай, Құралай, Алтынай, Қамажай. Барлығымыздың атымызда «ай» сөзі бар. Атам мен әжем бізді аспандағы айға теңеген. Ал сіңлімнің есімі – Жаңагүл. Кенже қыз болғандықтан, ата-анам «жаңа ашылған гүлім» деп еркелетеді.

Мен туғанда атам мен әжем Қазалыдан үй сатып алыпты. Үлкен анам Әлипа жұмысқа тұрыпты. Сонда әжем: «Үйіміз құтты болсын! Мамаңның орны құтты болсын!» – деп есімімді Орынай қойған. Менің есімім аталғанда, үйдегілер сол тамаша күндерді де естеріне алады.

Орынай Байтуғанова,

№94 орта мектептің 6 «Б» сынып оқушысы.

Жанқожа батыр ауылы,

Қазалы ауданы,

Қызылорда облысы

Ер мінезді гүлмін

Қазақ халқы қашанда кісі есіміне үлкен мән берген. Оның құлаққа жағымды, айтуға сүйкімді, зор мағыналы болуына зейін қойған.

Есім адаммен бірге жасайтын болғандықтан, өзіңе ұнамды, әдемі болғаны қандай жақсы!

Ел арасында өз есімінің ма-ғынасын білмейтіндер де кездеседі. Үлкен адамдардың есімін арқалап, жүгін сезінбек түгілі, кім болғанын білмеу деген масқара емес пе?! Әрине, білсе, тамаша болар еді – тарихын да сезініп, өзі есімін алған адамның атына сай болуға тырысып, іштей бір үйлесімділік орнайтын еді…

Менің есімім – Бақытжан. Менің жарық дүниеге келуіме көмектескен дәрігердің құрметіне ата-анам солай деп атауды жөн көріпті. Кей адамдар ер баланың есімі деп немқұрайлы қарайды. есе де өз есімім өзіме ұнайды. Қазақта бір бұл емес, Мағжан, Рауан, Жанат, Бағдат, Бекзат сияқты есімдер де ұл-қызға бірдей қойыла береді.

Әпкемнің есімі – Ғайнижамал. Әдеби шығармаларда көп кез-десетін әдемі есім. Әкемнің досы қойыпты.

Үлкен әпкем – Нәркес. Гүлдің атауы.  Әкем Абай өлеңдерінен алынғанын айтады.

Ал інімнің есімі – Әлиасқар. Қазақта шаңырақ иесіне екі есім қойылады. Әли – пайғамбардың аты. Асқар – «биіктен көрінсін» деген мағынада. Оның үстіне, Әлиасқар деген білікті дәрігердің құрметіне осылай аталған.

Бақытжан Отарбаева,

№248 орта мектептің 8-сынып оқушысы.

Тоқабай ауылы,

Арал ауданы,

Қызылорда облысы

(“Ұлан”, №30, 26.07.2011)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз