Ерте есейгендер

Болашақ балуан әзірше – кондуктор

«Ырвы-девеносты! Семидесятый разез! ВАЗ!» Мына баланың дауысының ащысы-ай! №1 автобус келіп тоқтағаны сол еді, ортаңғы есіктен секіріп түсті де, айғайға баса жөнелді. Ә-ә, енді түсіндім, кондуктор ғой! Ерні ерніне жұғар емес. Жұмысына тәп-тәуір төселіп алғаны көрініп тұр.

Алматыдағы ВАЗ ауданы – тоғыз жолдың торабы. Тұс-тұстан көлік құйылады да жатады. Автобустардың сәл тыныстап, белгілі бағытына жол тартатын бекеті де осы. Әлгі кондуктор бала өте ширақ. Қоғамдық көліктердің уақыт айырмашылығын есептеп отыратын диспетчермен тақ-тұқ сөйлесіп, тиісті тиынын беріп, жолаушыларды кіргізіп-шығарып, тыным таппайды. Ауыл баласы екені көрініп тұр, өңі тотыққан. Аялдама атауларын тілі келмесе де орысша атап, тырысып бағады.

Көлігі сәл аялдай қалған сәтте сол баланы сөзге тарттым. Дархан көпшіл екен, тосырқаған да, жатырқаған да жоқ.

– Аялдамалардың атауын қазақша атауға болмас па? – дегеніме:

– Тілім үйреніп кетіпті, – деп күле жауап берді.

– Қазір жазғы демалыс қой. Жұмыс істеп жүргенің қалай? Ата-анаң ризашылығын берді ме?

– Әрине. Биыл екінші жыл жазда осылай жұмыс істеп жүрмін. Өзім Тараздан келдім.

– Тараздан?!

– Иә. Алтыншы сыныпты бітірдім. Былтыр Алматыға қыдырып келіп, әкемнің ағасының үйінде демалдым. Сосын бос жатпайын деп ағамның автобусына кондуктор болып бағымды сынап көрдім. Жаман болмаған сияқты, содан бері ағам қасынан тастаған емес.

– Табысың да тәуір болар?

– Өзіме жетеді. Жинаған ақшамды ата-анама беремін. Қалғанына өзіме велосипед сатып алғым келеді.

– Шаршап жүрген жоқсың ба?

– Жұмысқа таңғы 5:30-да келеміз де, түнгі 10-дарда қайтамыз. Кейде қатты шаршап та қаламын.

– Жұмыстан кейін кітап оқуға немесе түрлі қызықты бағдарламаларды, спорт трансляцияларын көруге уақытың бола ма?

– Жоқ, қосымша ештеңе оқып, қарап жүрген жоқпын. Кеш келеміз ғой. Ас ішіп, тезірек тынығып алуға тырысамын.

– Жолаушылар баласынып, бетіңді қайтарып тастамай ма?

– Шынында да, адамдар қызық екен… Арасында өте әдепті, мәдениеттілері де бар, тым дөрекі, екі сөзге келмей ұрса жөнелетіндері де бар. Кеше аялдама атауларын қазақша айтпағаным үшін бір жігіт ағасы балағаттап кетті. Жай ғана ақыл айтса да болады ғой. Мысалы, мен «Ырвы-девеносты» (РВ-90) дегеннің қандай мекеме екенін білмеймін. (Сығылған ауаға арналған редуктор өндіретін мекеме – ред). «Семидесятый разезді» (70-разъезд), жарайды, қазақшалау оңай. Бірақ аузым үйреніп кеткесін, қайта-қайта орысшалай беремін. Енді шынында да қазақша айтпасам…

– Күзде қайтадан сабақ басталады. Қарайып қалдың ғой.

– Жоқ, сабағымды жақсы оқуға тырысамын. Қыркүйекке дейін жүрмеспін.

– Болашақта кім болғың келеді?

– Қажымұқан атадай атағы әлемге жайылған балуан болғым келеді.

Артынша нән автобус ішін тарта «кісінеп» алып, жолға түсті. Кішкентай Дарханның жіп-жіңішке қолдары автобус есігінен көрінді де, жоқ болды. Бұл – «адамдар мініп-түсіп болды, енді жүре беріңіз» деп жүргізушіге берілген белгі. Дарқанды сынаудың еш қажеті жоқ. Ол өмірге сергек қарайды. Ертең ержеткенде, өзіне жеңіл боларын түсінесің. Жолы болғай!

Мөлдір Қапсаметова,

№162 гимназияның 10-сынып оқушысы.

Алматы қаласы

(“Ұлан”, №30, 26.07.2011)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз