Құлақ салыңызшы, шығыс еледірінің бірінде мынадай бір қызықты аңыз бар екен. Ертеде бүкіл әлемді айдаһарар (бәлкім динозаврлар) билеген тұста бір кішкентай мақұлық айдаһардан айласын асырмақ болып, ел арасына теңіз жағалауын мекен ететін, айдаһардан да асқан ғаламат құбыжық бар, патша болуға сол лайықты деген ақпар таратады. Бұл ақпар айдаһардың да құлағына жетіп, ол өзінің «бәсекелесімен» бақ сынамаққа бекініп теңіз жағасына келеді. Су бетінен өз бейнесін көрген айдаһар «қорқынышты құбыжықты» қалай да жеңемін деп, ақыры теңізге батып өліпті. Ал ақылы асқан сол мақұлық қоян екен дейді аңызда. Сол «қоян» ХХІ ғасырдың екінші онжылдығын бастап есігімізден енді, міне!

Атам қазақ жыл басын Наурыздан бастап тойласа да барлық адамзат григориан күнтізбесіне бағынып, биылғы 2011 жылдың 1-қаңтарын жаңа жыл деп біледі. Ислам күнтізбесі бойынша – 1432, еврейлерше – 5771, қытайларша – 4707, эфиоптарша – 2003, парсыларша – 1389-шы қоян жылына «Қош келіпсің!» дейміз, ендеше!

Шүкір, өткен жылға өкпеміз жоқ. Өкінтпеді, өсірді. Қайғыртпады, қуантты. Біле білсеңіз, қазақта қасиетті деген «7» саны бар. Соңғы кездері сол «жетінің» жұлдызы жанып тұрғандай. Елбасымыз 70-ке келген жылы ЕҚЫҰ-ның төрағалығын қолға алып, 7-саммитті өткізді. Алла қаласа, алда 7-қысқы Азия ойындары бар. Алда да Алла қуанышты ғана жазсын!

Қуаныш демекші, қашан да жақсыға жар болып жүретін журналымыз былтыр 85 жасқа толып бір қуантты. Дүркіретпесек те көпке үлгілі етіп киелі Түркістанда мерекелік шара өткіздік. Байқасаңыз, былтыр журналымыздың «қарны қампайып», қойнауы құнды мақалаларға толды. Бұрындары 32, 56-беттен аспайтын журнал, былтыр 64, 120-бет болып жарыққа шықты. 3500-4000 таралымға тірелетін «Ақ желкеннің» таралымы соңғы уақыттары жыл ортасына дейін 6000-7000-ға жуықтап келеді. Мұның өзі аз да болса, біз үшін – мерей. Сондықтан сіздер үшін журналымызды бұрынғыдан да мазмұнды, құнды, көркем етіп шығаруға тырысып келеміз, құрметті оқырмандар! Осы орайда кішігірім ақпараттарды да айта отырғанның айыбы болмас. Жыл ортасынан бастап «Ақ желкеннің» бас редакторының орынбасары Қуат Әуесбай мен бөлім редакторы Бейбіт Тоқтарбай Астанаға ауысып, «Халық сөзі» атты газет шығарып жатыр. Ал жыл аяғына дейін сіздердің құнды азықтан қағылып қалмауларыңыз үшін Жадыра Нармаханова мен Қарлыға Ибрагимова апайларың жанын салып қызмет етті. Осы тұста журналымызға Құл-Керім Елемес ағайларың мен Балжан Мұратқызы апайларың қызметке келіп, журнал ісін жандандыруға үлес қосты.

Журнал шығару – бір адамның ғана еңбегі емес, мұнда бір шығармашылық ұжымның тері бар. Демек, «Ақ желкен» – журнал соңындағы аты жазылған барлық адамдардың бірлесе екен тұқымының жемісі деп біліңіздер. Ал дәмі тіл үйірер жемістен дәм татқыңыз келсе, журналға жыл бойы жазылуды ұмытпай, редакциямызға немесе журналдың электрондық поштасына (ak_jelken@mail.ru) хат жолдап, үнемі бізбен байланыста болыңыздар, сүйікті оқырмандар!

Қоян жылының басты қуанышы сол, биыл Қазақ елінің Азаттығына 20 жыл толады. Атам заманнан аңсаған азаттығымызға қол жеткізген күнге де әп-сәтте 20 жыл толып үлгеріпті. Бұл біздің еліміз үшін – зор қуаныш, мол құрмет. Барды бағалай білген қазақ халқы Азаттық тойын айғайлатып тұрып өткізетініне шүбәміз жоқ. Биыл бұл жайлы «Ақ желкеннің» де жазары, айтары мол болмақ. Сондықтан, қоян жылында да бізбен бірге болыңыздар, құрметті оқырмандар!

Редакциядан.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз