Сауалнама

Баланы ұрып тәрбиелеуге бола ма?

Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның Халық әртісі:

– Менің анам 25 жасында 7 баламен жесір қалған. Талай ұрыс естіп, таяқ та жедік. Бірақ Аллаға шүкір, жаман болған жоқпыз. Бала үйінде қандай тәрбие көрсе, мектепте де соны қайталайды. Қазақ халқының ұғымында «баланың аты – бала» деген сөз бар. Яғни, балаға бәрі жарасады. Балалықпен тентектік жасайды. Арада уақыт өткен соң, жасаған бұзықтығын ұмытып кетеді. Ал мұны ата-аналар түсінбей,  істі ушықтыра түседі. Өз басым баланы ұрып тәрбиелеуге қарсымын. Себебі, таяқты түсінетіндері аз. Оқушының еркелігін көтере алмайтын ұстаз мектепте жұмыс істемесін.

Бекжігіт Сердәлі, ХҚТУ-дың журналистика кафедрасының меңгерушісі:

– Бұрынғы заманда молдалар көк шыбықты тұзды суға салып, онымен тентек балаларды сабайтын болған. Бір қызығы, бала қанша таяқ жесе де, ата-анасына айтпайтын болған. Ал бізде ше? Оқушыға дауыс көтеріп сөйлеп, тырнағының ұшы тигені үшін талай адам ұстаздықтан бас тартты. Бүгінде балаларды тым еркін жібердік. Оған қоғамда күн сайын болып жатқан оқушылар арасындағы төбелес мысал бола алады. Жағдай осылай жалғаса бермеу үшін бір шара қажет. Мектептегі ата-аналар ұйымы, мұғалімдер мен оқушылар бірігіп, тәрбиесі нашар баланы жөнге салу керек. Нәтиже шықпаса, ата-анасына айыппұл салған жөн. Тыйым салудың бірнеше жобасын қарастырып, оны заң жүзінде қабылдау қажет.

Фарида Кеңесқызы, Алматы қаласындағы «Ұлан» балабақшасының тәрбиешісі:

– Біз бөбектермен жұмыс жасайтындықтан, түсініспеушілік жиі болып тұрады. Кейбір ата-аналар мәселенің анығына жетпей тұрып, «баламды ұрдың» деп шу шығарады. Бізді қорғайтын заң болмағандықтан, көп жерде үнсіз қаламыз. Қазақ баланы «аппағым, жұмсағым» деп еркелеткен ғой. Сондықтан ұрып тәрбиелейтін заң қазақтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына келмейді. Керісінше, ата-ананы жөнге салу қажет.

Балабақшада балалар бірде қуыршаққа, енді бірде нанға таласып қалады. Бірақ 5 минуттан соң екеуі де  ұмытып кетіп, ойнап жүреді. Кешке үйге келгенде анасы баласынан «бүгін біреу тиісті ме?» деп сұрайды. Ойында басқа ниеті жоқ бүлдіршін оқиғасын жайып салады. Ал анасы бақшадан не үйренгенін, тақпақтарын қайталаса, бөбектің қоршаған ортаға деген ықыласы арта түсер еді. Өкініштісі, балаға қажетті тәрбиені өзіміз дұрыс бере алмай келеміз.

(“Ұлан”, №30, 26.07.2011)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз