Тікелей М-агент

«Ортақ кемшілігіміз – салғырттық»

«Ұлан» өз оқырмандарына «Тікелей М-агент» жобасын ұсынып, 25 және 26 қаңтар күндері алғашқы интернет-мәслихат өткізді. Мәслихатқа қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам оқырман ниет білдірді. Бұл өте тамаша көрсеткіш. Бір сәтте «Ұланның» мәслихатында 60-қа жуық бала ой білдірді. Дегенмен алғашқы күнгі техникалық ақауларға байланысты біз конференцияны 26 қаңтар күні қайта жалғастырдық. Замана жаңалығын тез сіңіріп, біздің әрбір бастамамызға үн қатқан жас оқырмандарға алғысымыз зор. Бірінші мәслихаттың ерекшелігі – оқырмандарымызға сұрақтарды біз қойдық. Сауалдар өте қарапайым болды. Алғашқы жиынымыздың мақсаты  «Ұлан» оқырмандарының дүниетаным деңгейін шамалау еді. Сәл өзгерістермен, ықшамдап жариялап отырмыз.

І сауал: «Болашақ сендерге қалай елестейді?»

Айжан Қасымова (Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Т.Рысқұлов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы): «Мен өзімді болашақта ұлт жанашыры ретінде сезінемін. Бәрі өз қолымызда, елді өсіретін ұрпақ – біздер!»

Айбол Арғынгазинов (Алматы облысы, Алакөл ауданы, Үшарал қазақ гимназиясының 11»А» сынып оқушысы): «Болашақты жасау әркімнің өз қолында. Ізденіп, талаптанып, білім алсақ, алған білімімізді өзіміз таңдаған мамандығымыз бойынша елдің қажетіне жұмсасақ,  кетік жерге кірпіш болып қалансақ, болашағымыздың жарқын болатынына сенемін».

Казашка: «Болашақтан дүние жүзіне танылған, мәдениеті мен ғылымы дамыған, жасампаз Қазақстанды көремін. Еліміздің жарқын болашағына қолын созған, өнер мен ғылымды бойына сіңірген, зор білім иесі болсам деймін».

Меруерт Құсайынова (Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Қаратума орта мектебінің 8 «А» сынып оқушысы): «Болашағымыз жарқын болады деп сенемін. Себебi, елiн сүйетiн нағыз патриоттар аз емес. Келешекте Қазақстан төрткүл дүниеге тек жақсы қырларымен әйгiлi болады деп ойлаймын. Қазақстандағы барша халық қазақша сөйлеп, ешкiмге жалтақтамай, өз тауарын сапалы етiп өзi шығарады деп елестетемiн».

Қымбат Нұрлыбаева (Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шайыр ауылы, 9 «А» сынып оқушысы): «Болашақта өнер мен білімнің дәуірі туады».

Ақбота Қонырова (Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу кенті, Н.Крупская атындағы мектептің 7 «В» сынып оқушысы): «Жарқын,бейбіт ел елестейді. Жаңа технологияның бәрі бар, тұрғындары қала халқына айналған, қалалары әсем де биік ғимараттарымен көз тартатын Қазақстан келеді көз алдыма».

ІІ сауал: «Сендер үшін ең басты құндылық не, ең құнсызы ше?»

Айжан Қасымова: «Мен үшін ең басты құндылық – еліміздің Тәуелсіздігі. Жыл сайын Жаңа жылға өле дайындалып, Тәуелсіздік күнін тіпті ескермейтінімізге қарап отырып, осы қасиетті ұғымды аяққа таптап жатқандай сезінемін».

Меруерт Құсайынова: «Мен үшiн ең құнды нәрсе – анамның ақ сүтiмен енген Ана тiлi. Қазақы салт-дәстүр, айбынды әнұранымыз, көк байрағымыз, елтаңбамыз – бәрi де мен үшiн өте құнды. Бiрақ ұлттық телеарналарымызды, қазақша дым түсiнбейтiндердi көргенде, қарным ашып кетедi».

Айбол Арғынғазинов: «Ең басты құндылық – ұлттық намыс, ұлттық рухтың бойымызда болуы. Жүрегіміз «қазақ» деп соқса, қазаққа қарсы әрбір іске шын жүрегімізбен қынжылсақ, кемшілікті түзетуге ұмтылсақ, нағыз қазақ болғанымыз. Ең құнсызы – уақытты босқа жоғалту.

Казашка: «Мен үшін ең құнды нәрсе – білім мен ғылым. Ең құнсызы – арзан сөз».

Ернұр Кеңесбаев (Алматы облысы, Райымбек ауданы, Тоғызбұлақ ауылы, Қ.Байғабылов атындағы мектептің оқушысы): «Ең құнды нәрсе – денсаулық, ең құнсызы – ақша».

Рамазан Молдақадыр (Алматы облысы, Райымбек ауданы, 10-сынып оқушысы): «Ең басты құндылық – адамның өмiрi мен денсаулығы! Және бос уакытқа жететiн құнды ештеңе жоқ шығар! Бірақ уақытты бағалай алмай жатамыз. Ал ең құнсыз нәрсе – ақша»

Айжан Қасымова: «Ақша құнсыз болса, біреулер ақша үшін өмір сүріп жатқан жоқ па?»

Қымбат Нұрлыбаева: «Құнды да, құнсыз да – Өмір…»

ІІІ сауал: «Еліміздегі қандай жаңалықтарға көңілің толады? Қайсысына толмайды?»

Казашка: Білім саласында әлемдік деңгейдегі білім алудың бастамасы ұнайды. ЕҚЫҰ Саммитінің өтуі, Қысқы Азия ойындарының елімізде ұйымдастырылуы зор оқиға деп білемін. Ұнамайтыны: Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі балалардың әлі де болса облыс орталықтарындағы, ірі қалалардағы балалар секілді білім алу мүмкіндіктерінен шеттеу қалып отырғаны, жемқорлықтың етек алуы.

Айжан Қасымова: «Көңілім толған жаңалық – Смағұл Сәдуақасовтың мәйітінің күлі Қазақстанға әкелінуі».

Меруерт Құсайынова: «Елімізде Азия ойындарының өтіп жатқаны – үлкен жаңалық. Алаштың ардақты ұлы С.Сәдуақасовтың мәйітінің күлі араға 77 жыл салып болса да туған жеріне әкелінгеніне қуанамын».

Айбол Арғынғазинов: «Қазір елімізде қажетті жағдайлардың жасалып жатқаны көңіл қуантады. Оқуға, ізденуге, талаптанып, биікке ұмтылуға бар мүмкіндік бар. Тек ниетің болса болғаны!  Бірақ сол мүмкіндікті өзіміз толықтай пайдалана алмай жатырмыз. Өз қамын ұлт қамынан, ел игілігінен жоғары қоятын адамдар көбейіп кетті. Өзіңді ойла, ұлтыңды туралы толғануды да ұмытпа. Ұлтың болмаса, сен қалай өмір сүріп, тірлік қылмақсың?! Ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүріп, жауапкершілікті түсінбейтіндер де саңырауқұлақша қаптап кетті. Бұл – ұлт болашағына қатер төндірер жай. Өзі атқаратын іске селсоқ қарау, тек ақша үшін жұмыс жасау құлдырауға апарар қадам екені сөзсіз. Бала тәрбиесі қиын мәселеге айналып барады. Барлығы демесек те, «әй» дер әже, «қой» дер қожа болмаған соң, қазіргінің баласының басым көпшілігі бейбас өсіп, өз бетінше тәрбиеленеді.  Ата-анасы ақ таңнан қара кешке дейін жұмыста. Әжеміз – сериалшыл, атамыз – көшебезер әңгімешіл. Қараусыз қалған бала ойына келгенін істеп, өз билігі өзінде болады. Табақтай диплом алып, қай қиырға барарын білмей сенделген серілер де көбейді. Ұлттық идеология дегеннен жұрдай болып барамыз. Өз еліміздің абырой, мәртебесін көтеріп, бүлдіршіндерге ұлттық рух сыйлайтын бірде-бір мультфильмнің болмауы осыны аңғартады».

Балнұр Қожагелді (Жамбыл облысы, Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылы, М.Ғабдуллин атындағы мектептің 9 «А» сынып оқушысы): «Жемқорлық жойылса, тiлiмiз жоғары деңгейге көтерілсе, қазба байлықтарымыз шетелдіктердің қолында кетпесе, халық саны көбейсе, қоршаған орта ластанбаса, супержаңа техниканы ойлап табатын адам қазақтан шықса, киноиндустрия дамыса, қазақ футболы дамып, құрамада тек қазақ жігіттері ойнаса, тастандылар болмаса, ұлдар – қыз, қыздар – ұл секілденбей, әркім өз қалпын сақтаса, кітап оқитын адам көбейсе, адамдардың жүрегіне иман ұяласа, Менделеев кестесінің қалғанын қазақ баласы толықтырса, қазақта намысқой «байлар» көбейсе, ең бастысы, қазақ өзінің Қазақ екенін ешқашан ұмытпаса… сонда көңіліміз толар еді, рухымыз ортаймас еді…»

IV сауал: Кімді үлгі немесе пір тұтасың? Неге?

Қымбат Нұрлыбаева: «Халқымды, Отанымды үлгi тұтамын. Өйткенi,  жүрексiз өмiр сүре алмайтын адам Отансыз да өмiр сүре алмайды.

Казашка: «Н.Назарбаевті пір тұтамын. Шешендігі, көрегендігі және көсемдігі үшін».
Айжан Қасымова: «Мен сұлтан Ораз-Мұхаммедті үлгі тұтамын. Орыс арасында жүріп, қазақ рухын еш түсірген жоқ. Қыз балаға үлгі деп Меңтайды айтар едім. Қызға тән нәзіктік, ақылдылық қазір жоғалып барады. Меңтай бейнесін әрбір қыз жадында ұстауы шарт. Қазіргі жастарға осындай сұрақ қойсаң, қайдағы бір жұлдызсымақтарды айтады. Әдеби шығармалар кейіпкерлерін, тарихи тұлғаларды ешкім аузына алмайды».

Әйкерім Әбдік (Алматы қаласы, №157 мектептің оқушысы): «Солайы солай, бірақ біз әдеби және тарихи кейіпкерлерді көп насихаттамаймыз. Сондықтан тарихи киноларды көптеп түсіруіміз керек. Мейлі, ол қысқаметражды болсын-ақ. Әйтеуiр бір баланың болса да көкейінде қалатындай, тарихи тұлғаларды үлгі тұтатындай болса деймін…»

Айжан Қасымова: «Тарихи фильм түсіріп те көрдік қой, шетелдік актерлерді шақырып, әулие көріп…»

Ернұр Кеңесбаев: «Біз түсіреміз ондай киноны!»

Айжан Қасымова: «Мен сценарийін жазамын».

Әйкерім Әбдік: «Мен басты рөлде ойнаймын. Мысалы, Тұмар патшайым рөлінде».

Перизат Сатыбай (Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Қобда гимназиясының 11-сынып оқушысы): «Пiр дейсіз бе? Мен негiзiнен  кездескен адамның ең әдемi, ең жақсы мiнезiн аламын. Сосын оны өз бойыма дарытуға тырысамын».

Айбол Арғынғазинов: «Менің үлгі тұтар тұлғам – Бауыржан Момышұлы. Қан майданда – қолбасшылығымен, бейбіт өмірде қайсар мінезімен танылған ерекше тұлға Бауыржан атамыздың ұлт мәселесіне, тілімізді, дәстүрімізді сақтаудағы қайраткерлігіне бас иемін. Соғыста жүріп-ақ, 1942 жылы Қазақстан үкіметіне тіл мәселесін айтып хат жазуы – батыр болмысының тек бір қыры ғана».

V сауал: «Өз құрдастарыңның мінезіндегі ортақ кемшілік пен ерекшелік қандай?»

Айжан Қасымова: «Өз құрдастарымның басты кемшілігі: 1. Қатесін мойындамау. 2.Сөзінде тұрмау. 3.Өсек сөзге көп еру. 4. Өркөкіректік. Ортақ кемшілігіміз – салғырттық, бәріне салғырт қараймыз, ештеңеге қызықпаймыз».

Әйкерім Әбдік: «Іштарлық, көреалмаушылық».

Сержан Сұлташ (Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қапал ауылы, Е.Жайсаңбаев атындағы орта мектептің 9 «А» сынып оқушысы): «Өркөкіректік, тәкаппарлық, қызғаншақтық».

Рамазан Молдақадыр: Құрдастарымның iшiнде, мысалы, әлеуметтiк жағдайы жақсы балаларда өркөкiректiк басым. Бірақ бұл мінез алыска апармайды. Орташа деңгейлі отбасылардың балалары адамгершілікті бірінші орынға қояды. Ал тұрмысы нашар отбасынан шыққан балалар жаман әдетке әуес келедi. Және көпшiлiгi тез ашуланшақ».

Меруерт Құсайынова: «Өз құрдастарымның арасында «елiм» деп күйiп-жанатын нағыз патриоттар бар екенiне куанам. «Ұлан» газетiнде де тiл, ел, Отан жайлы жазатын құрдастарым қуантады. Ал есiрткi шегетiн, халқымыздың ар-намысын кiрлетiп жүрген замандастарыма жаным ашиды».

Ақбота Қоңырова: «Менiң кұрдастарым үнемi бiр-бiрiн мазақ етедi де жүреді».

Мереке Мұқат (Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақтерек орта мектебінің 7 «А» сынып оқушысы): «Менiң сыныптастарым да бiр-бiрiн жиі мазақтайды. Тіпті 6-сынып балаларының  темекі шегіп жүргенін көріп қалғаным бар».

Айжан Қасымова: «Рамазан, ауқатты отбасынан да адамгершілігі мол перзент шығады. Ұлы данышпан Абайды, Шоқанды ұмыттың ба? Бәрі ата-ананың тәрбиесіне байланысты, біреулер эгоист баланы қолдан жасайды, біреулер сол эгоистті жөнге салады».

Ақбота Қоңырова: «Дұрыс айтасың,  «бала ұяда не көрсе, ұшканда соны iледi» демекшi, бәрi отбасынан басталады. Сәби дүниеге дәптердiң жазылмаған ақ парағы секiлдi таза күйде келедi».

Перизат Сатыбай: «Балалар жаман нәрсеге көп елiктейдi. Темекi, арақ, есiрткi пайдалануды қызық көреді. Достар, Алла бәрiмiзге де жақсы және жаман мiнездердi бiрдей бередi. Оны пайдалану, жақсы не жаман болу адамның өзiне байланысты».

Айжан Қасымова: «Әрине, кез келген мектепте мұғалімнің ұл-қыздарының мәртебесі жоғары болады, оны мен жақсы білем. Сондай-ақ жақсы оқитындарды мұғалім бөліп алады да, нашар оқитындарды көзге шыққан сүйелдей етіп масқаралайды. Осы дұрыс па енді?»

VI сауал: «Біз әлемдік жақсы үрдістерден ең алдымен нені үйренуіміз керек?»

Айжан Қасымова: «Ең алдымен ұлтжандылықты үйрену керек сияқты».

Жасұлан Төкенов (Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Алтыншоқы орта мектебінің оқушысы): «Мәдениеттілікті, жаман сөйлемеуді, қоршаған ортаны таза ұстауды, сақтауды».

Ернұр Кеңесбаев: «Тазалықты үйрену керек».

Баян Құрбанова (Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Қызылқия ауылы, Комсомол мектебінің 10 «В» сынып оқушысы): «Жаңа технологияның қыр-сырын үйренуге тиіспіз».

Рамазан Молдақадыр: «Әлемдік алпауыт АҚШ-тан жаңалық ашуға құмарлықты үйренуіміз керек».

Сержан Сұлташ: «Рэп, хип-хоп».

Меруерт Құсайынова: «Онсыз да қазір бәрі рэп болып кетті ғой. Басқалардың даңғырлағын қайтеміз, классикасы болса бір жөн».

Перизат Сатыбай: «Балалар, бiздiң жер байлығымызды шетел игерiп жатыр. Бұған қынжылмайсындар ма? Тездетiп өсiп, бiлiм алып, осыны өз қолымызға алуымыз қажет. Елдiң игілігі үшiн!»

Баян Құрбанова: «АҚШ өндiрiстiк емес саланы дамытуда, яғни, пайдалы казбаларын үнемдеп, оны болашақ ұрпақтары үшiн сақтап келедi. Басқа елдерден өндірілген қазбаларды сатып алып, өңдеп, қайта сатуда. Олар ақылмен жұмыс iстеуде, бiз соны үйренуiмiз қажет!»

Интернет-мәслихатты жүргізген Есей Жеңісұлы

(«Ұлан» газеті, №5, 1 ақпан, 2011 жыл)

1 ПІКІР

  1. Алматы облысы Жамбыл ауданы Актерек ауылы

    Мен озимнин курдастарымды жек коремин!
    Ойткени 83-тин бари алкаш.
    Сол арактын кесиринен откен жылы бир жолдасымыз кайтыс болды.
    Енди ешкиммен араласкым келмейди бирак барибир бари уиме келип алады.
    Олардан калай кутыламын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз