Су спортынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Нұрлан Меңдіғалиевты бүгінгі жастардың басым көпшілігі біле бермейді. Тасқамал қорғаушы атанған ватерполшы КСРО құрамасы сапында үздіктердің бірі болды. 1982 жылы Эквадордың гуаякиль қаласында су добынан өткен әлем чемпионатында кСрО құрамасы сапында болып, чемпион атанған Нұрлан ағамыздың бұл жеңісін білетіндер жоқтың қасы. Мәскеуде тұратын Нұрлан Жайбергенұлымен сол кезде қалай чемпион болғаны жөнінде сұрадық.

Нұрлан Меңдіғалиев 1961 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Бала күнінде жиі ауырғандықтан спортпен айналыса бастаған. Денсаулығын жақсарту үшін спортты серік еткен Нұрлан Меңдіғалиев кәсіби спортшы болам деп ойламаса керек.

– Бала күнімде жиі ауырғандықтан дәрігерлер жүзумен айналысуға кеңес берді. Сөйтіп «Пионерлер сарайына» жүзуге қатысуға барсам орын жоқ екен. Ақыры 10 жасымда су добы спортына жазылып, Юрий Николаевичтың қоластында жаттыға бастадым. Шыны керек, «кәсіби спортшы болам, биік белестерді бағындырам» деген ой болмады. Басты мақсатым – денсаулығымды жақсартып, аурудан айығу болды. Спортқа деген махаббатымды ашқан білікті бапкерлер үлкен нәтижеге қол жеткізуіме жол ашты. 16 жасымда «Орталық стадиондағы» бапкер Станислав Дмитриевичтің қоластына ауысып, су добы спортымен кәсіби түрде айналыса бастадым. Әскерден кейін Ішкі істер министрлігінің жарлығы бойынша алматылық «Динамо» құрамынан мәскеулік «Динамоға» ауыстым.

Нұрлан Жайбергенұлы КСРО-ның жастар сапында да тамаша өнер көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткізген.

– 1976 жылы жасөспірімдер арасында ұлттық құрамаға қабылданып, ары қарай жастар арасына да негізгі құрамаға өттім. 1980 жылы Голландиядағы жастар арасындағы Еуропа чемпионатынан кейін КСРО құрамасының ересектер арасындағы оқу-жаттығу жиынына шақырды. Бапкер Борис Попов бірден негізгі құрамға алды. Ал 1981 жылы ЛосАнжелесте (АҚШ) өткен әлем кубогында топ жарып, алғашқы алтын медальды иелендік. Содан кейін Еуропа чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткіздік.

21 жасында әлем чемпионы атанған Нұрлан ағамыз КСРО құрамасындағы ең жас спортшы болған. 1982 жылы өткен әлем чемпионатының қызығы мен шыжығы әлі есінде. 

– Иә, 40 жылға жуық уақыт өтсе де, бұл байрақты бәсеке әлі есімде. Өйткені мен қатысқан тұңғыш әлемдік дода болғандықтан, дайындығымыз өте жақсы болды. Бірақ жарыстың басталуына бір ай қалғанда, қатты уланып қалдым. Тіпті дәрігерлер сары ауру ма деп қорықты. Содан жиырма күндей дұрыс жаттығу жасамадым. КСРО құрамасының бапкерлері мен үшін арнайы жаттығу бағдарламасын жасап, аздап болса да бабыма келтіруге тырысты. Бұл чемпионат қазіргіден басқаша өтті. Ол кезде плей-офф жоқ еді. Әуелі 16 команда төрт топқа бөлініп, әр топтың жеңімпазы мен екінші орын алған команда екінші топтық турнирге өтті. Бұл кезеңде бұрын өзара кездескен командалардың бірінші топтық турнирдегі нәтижесі есепке алынды. Екінші топтық турнирде сегіз команда финалдық төрттікке беретін жолдаманы сарапқа салды. Финалға осы екі топтың екі үздік командалары шықты. Сөйтіп, финалдық кезеңде ең көп ұпай жинаған құрама әлем чемпионы атағына қол жеткізетін. Біз бірінші топтық турнирде В тобында сынға түсіп, Австралияны – 11:8, АҚШ-ты – 8:5, Египетті 16:1 есебімен жеңдік. Екінші топтық кезеңге КСРО құрамасы АҚШ-пен бірге шықты да, екі команданың өзара кездесуіндегі ұпай да есепке алынды. Финалдық кезеңнің алғашқы ойынын Германияға қарсы өткіздік. Дәл осы Германияға қарсы кездесу менің жұлдызды сәтім деуге де болады. Үш гол соғып, қарсыластарды бір пенальтиге мәжбүрледім. Еуропа чемпионатының финалында кеткен есемізді қайтарғымыз келді. Ал финалдағы қарсыласымыз Венгрия құрамасы немістермен тең ойнап, жүгімізді жеңілдетті. Бізге Венгриядан жеңілмесек жеткілікті еді. Төрешілер Венгрия құрамасына қатты көмектессе де, оларға еш мүмкіндік бермедік. Осылайша спорттық мансабымыздағы ең үлкен жетістікке қол жеткіздік.

Әлем чемпионатынан кейін Нұрлан Меңдіғалиев бастаған КСРО құрамасы екі рет Еуропа чемпионатында топ жарып, әлемдегі ең мықты құрама екенін дәлелдеді. Бірақ солақай саясаттың салдарынан Олимпиадада атой салудан құр қалды.

– 1983 жылы Италияның Рим қаласында өткен Еуропа чемпионатында қарсылас шақ келтірмедік. Екі-үш жыл бойы бірде-бір ойында жеңілмеген команда болғандықтан АҚШтағы Олимпиада ойындарының басты фавориті болдық. Ел басшылығы Олимпиадаға бойкот жариялағаны бізге өте ауыр тиді, «Олимпиада чемпионы» атағынан айырды деуге де болады. Өйткені лайық қарсылас жоқ еді. Біздің Олимпиадаға қатыспайтынымыз америкалықтарға және басқа командаларға да оңтайлы болды. 1985 жылы әлемдегі теңдессіз екенімізді тағы да дәлелдеп, Еуропа чемпионатында жеңіске жеттік. Сеул Олимпиадасына дейін де барлық турнирде топ жардық. Команда басшылығы бабымызды өте жақсы деп есептеп, Олимпиада қарсаңында көп жаттықтырды. Олимпиадада шаршаңқы болдық, өз мәнерімізде ойнай алмадық. Дегенмен бір-ақ командаға есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұттық. Егер бапкер қатесі болмағанда, Сеул Олимпиадасында да жеңімпаз атанар едік.

Ауруханада жатса да сұрақтарымызға жауап беруге уақыт тапқан Нұрлан ағамыздың тез сауығып кетуін тілейміз. Небәрі 21 жасында әлемді мойындатқан спортшының аты қазақ спорт тарихында алтын әріппен жазылатыны анық.

Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз