Бүгінгідей «мылтықсыз майдан» кезінде адамзат баласын бір мақсат жолында бірігу ғана құтқаратындай көрінеді. Себебі қай кезде де жұмыла көтерген жүк жеңіл. Аурумен күресте алдыңғы шепте жүрген бүгінгі
күннің батырлары – дәрігерлер. Алайда олар да көмекке мұқтаж. Көмекке мұқтаж жандарға көмектесіп жүрген волонтерларды да батырлар қатарына қосуға болады. Пандемия басталғалы бері тыным таппаған еріктілер қатары қазір арта түсті. Індет кезінде еріктілердің қалай қызмет етіп жатқанын білу
мақсатында бір топ еріктіге сауал жолдадық. Біздің сауалға Атырау облысының волонтерлары жауап берді.

Мира Есниязова:

– Осы уақытқа дейін азықтүлік таратуға көмектестім. Соңғы 10 күннен бері Атырау облыстық ауруханасында ерікті болып жүрмін. Мұнда біздің негізгі жасап жатқан қолғабысымыз – провизорлық орталықта жатқан науқастарға сырттан оттегі жеткізіп беру. 2 қыз, 2 жігіт болып жұмыс істеп жатырмыз. Шақыртудың көптігінен өзімізге ыңғайлы етіп күндізгі, түнгі ауысымға 1 қыз, 1 жігіттен бөлініп, 12 сағат уақытымызды арнаймыз. Алғашында  аурухананың сыртқы жұмысына ғана көмектесеміз деп келген болатынбыз, алайда бізге үмітпен қарап жатқан науқастарды көрген соң ары қарай көмектесеміз деп шештік. Бір оттегі баллоны – бір адамның өмірі. Ел басына нәубет түскенде «Мың сөзден бір іс қайырлы» деп кірісіп кеттік. Маған ерікті болғымыз келеді деп көп адам хабарласады, көбі екі-үш сағатқа немесе қолы бос демалыс уақытында келгісі келеді, ал бізге негізінен қасымызда болатын жандар керек. Кез келген уақытта науқасқа оттегі керек болады.

Біздің халық жұмылса жұдырық болатынын күнде дәлелдеп жатыр. Көмек беремін деушілер легі толастар емес. Бірі қолындағы 200 теңгесін, енді бірі 1000 теңгесін аударып, қаржылай қолдау білдіріп жатыр. Пандемия басталған шақта Әмина Жәрдемқызы атыраулық ерікті қыз-жігіттердің басын құрап, Атырау волонтерлар штабын құрған болатын. Ең кішісі 17 жаста болса, ең үлкені 50-ден асқан азамат. Карантин, ТЖ кезінде штаб мүшелері әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыларға  тамақ, киім-кешек тасыды. 4000-нан астам жанұяға тамақ таратылды.

Пандемияның екінші толқыны аяқ астынан басталып кетті де, волонтерлық  штабтың қыз-жігіттері бірнеше топқа бөлініп, дамылсыз қызмет етіп жүр. Біріміз провизорлық орталықта жүрсек, енді бір топ мұқтаж жандарға тегін дәрідәрмек таратып жатыр. Пандемия басталғалы көп жұмыс орындары  жабылып, халық жұмыссыз қалды. Солардың арасынан шын мұқтаждарға көмектесу – адамгершілік парызымыз деп  білемін.

Азамат Дощанов:

– Волонтер қызметімен карантин басталғаннан бері айналысып жүрмін. Негізінен Азаматтық орталықтың Волонтерлар штабына тіркелдім. Осы штабқа келген соң күніне 100-150 отбасына тамақ тараттық, бұл әлі де жалғасып жатыр. Қазір дәрі-дәрмек тапшы болғаны үшін соларды жеткізіп беріп жүрміз. Волонтер болуыма карантин себепші болды. Үйде уақытым көп болған соң, пайдам тисін деген ниетпен қосылдым. «Жұлдыз» ықшамауданында бала жоғалып кетті. Соны іздеуге шықтық. Сол оқиға кезінде де көп еріктімен таныстым. Атырау қаласының тұрғындарының мейірімділігі сонша, қолындағы барын бере салады. Сондай кезде риза  боласың. Түрлі жағдайдағы отбасыларды көрдік. Мүмкіндігінше бәріне көмектескіміз келді, тырыстық. Әлі де жалғастыра береміз деп ойлаймын.

Нұрсейіт Өмірбеков:

– Волонтерлықпен 7-8 жылдан бері айналысып келемін. Бұған дейін адамдар неге мұқтаж болды, соның бәріне көмектестік. Мысалы, үйінің ақшасын төлей алмаған, тамаққа зәру болған кездерінде де көмектестік. Қазіргі жағдайға байланысты шприц, дәрі-дәрмек, ет, азық-түлік таратып жүрміз. Ерікті болып жүргенім үшін «Біз біргеміз» акциясында Елбасының марапатына ие болдым.

Жұмабек Қайыржанов:

– Ерікті болғаныма 3-4 жыл болды. Бастапқыда айлығымнан ақша бөліп, мұқтаж жандарға көмектесіп жүрдім. Карантин басталған кезден бастап Азаматтық орталықтың Волонтерлар штабына тіркеліп, мұқтаж отбасыларға,  мүгедектерге, жұмыссыз қалған жандарға тамақ пен дәрі беріп көмектесіп жатырмыз. Негізгі мамандығым – инженер- технолог. Мұнай саласында жұмыс істеймін. Оның алдында вахтамен жұмыс істедім. Қазір қалада фирмада жұмыс істеймін. Бос уақытымда ерікті боламын.

Айгерім Досқалиева, Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталық коммуналды мемлекеттік мекемесінің директоры:

– Көмекке мұқтаж жандарға азық-түлік тасып жүргенімізге біраз уақыт болыпты. «Қалалық жұмыспен қамту бөлімі тізімінде бармын, денсаулығыма байланысты тіркеуде тұрмын, 109 қауырт желі операторлары нөміріңізді берді» деп хабарласқан жандардың айтарын тыңдап, қолымыздан келгенше көмектесіп жүрміз. Алдыңғы карантин кезіндегі бір оқиға есіме түсіп отыр. Бізге бір өтініш түсті. Өтініш иесі 90 жастағы әжейге көмектесуді сұрапты. Кімкімге де көмектесеміз, бірақ жалғызбасты қарттар бірінші орында. Азық-түлігімізді алып, әжені іздеп бардық. Есікті ұзақ қағып тұрдым. Бір уақытта әже есікті ашты. Құлағы дұрыс естімейді. Ерікті екенімізді айттық. Алғысын
жаудырып жатыр. Әженің әкесі соғысқа қатысқан екен. Төрде әкесінің медальдары ілулі тұр. Кіреберіске қызының суретін қойыпты. «Жалғыз қызым болған, ол да қайтты. Қызымды ойлаймын деп ауырып қалдым», – деп көзіне жас алды. Әжені бақылауымызға алдық. Осы уақытқа дейін бірнеше қайырымдылық эстафетасын өткіздік. 7 миллион теңгеден астам қаражат жиналып, әлеуметтік осал топтағы жандарға, барлығы 2000-нан астам отбасына азықтүлік тараттық. Одан кейін балалар күніне орай ерекше балаларға арнап фотосессия ұйымдастырдық, сыйлықтар тараттық. Жалғызбасты, көпбалалы отбасыларға киімдер мен ойыншықтар бердік. Жалпы біздегі еріктілер 5 бағыт бойынша жұмыс істеді:

1. Авто-еріктілер (тұрғындарға азық-түлік, дәрідәрмек таратуға көмек);
2. Медицина еріктілері (жедел жәрдем қызметкерлеріне көмек);
3. Мониторинг жүргізетін еріктілер (азық-түлік бағасына мониторинг жасауға көмек);
4. Рейдке шығатын еріктілер (полиция қызметкерлеріне көмек);
5. Ерікті тігіншілер (бірнеше мәрте пайдалануға болатын бетперделерді тігуге көмек).

Еріктілер қатарында жүргендердің барлығы – 30-55 жас аралығындағы қала тұрғындары. Көлігі барлар көлікпен де көмектесіп жатыр. Барлығына рақмет!

Ерікті болу деген сөз – әр азаматтың қал-қадерінше жан қалауымен  айналасына көмектесу, осы қоғамның дамуына кішкене болса да үлес қосуы. Олар қызметіне ақы талап етпейді, ешқашан еңбегін бұлдамайды. Дәл осындай қиын кезеңде бір адамға болса да көмек ету үлкен ерлікті талап етпейді. Ол үшін жай ғана шын ниет пен мейірім ғана керек секілді. Ал ізгі қоғамды осындай адал, мейірімді адамдар ғана құрай алады.

Жандарбек Болатбекұлы

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз