Назарбаев зияткерлік мектебінде білімге құштар кез келген бала оқи алады. Тек оқуға деген ынта болу керек. Бүгінгі кейіпкеріміз Ұлан Сейітқалиев – Семейдегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі. Қазір ол әлемнің төрт үздік университетінен шақырту алып үлгерген. Ұлан қатысқан «Жас ғалым» байқауы көктемде Кореяның Сеул қаласында өтуі керек еді. Бірақ әлемдегі коронавирус пандемиясына байланысты конкурс онлайн ұйымдастырылды. Марапаттауы да сәйкесінше онлайн болған екен. Ұланның ғылыми жобасына қызығып, қандай үздік университеттерге шақырту алғанын білу үшін әңгімеге тарттық.

– Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында туып-өстім. Отбасында екі баламыз. Мен кенжесімін. Кішкентай кезімде Ақбота апайым маған кішігірім сабақ беретін еді. Соның арқасында 3-4 жасымда әріп танып, санай алдым. Кейін жоғары сыныптың оқу бағдарламасын игеруге бейім болдым. Алтыншы сыныпқа дейін Зайсандағы М.Дәуленов атындағы орта мектепте оқыдым. 7-сыныптан бастап физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқып, биыл бітірдім.

– Назарбаев зияткерлік мектебіне қалай оқуға түстің?

– Мектепке оқуға түсер кезде жәй ғана бағымызды сынап көрейік деген мақсат болды. Назарбаев зияткерлік мектебінің іріктеу конкурсына қатысу үшін 6-сыныптың көктемінде Семейге бардым. Іріктеудің бірінші күні математикадан, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен емтихан тапсырдық. Екінші күні логика және әртүрлі бейіндік тапсырмалар орындадық. Жыл сайын бұл жүйе өзгеріп, жетіліп отырады. Ешқашан өзгермейтіні – әділдік деп есептеймін. Мектепке қабылдағаннан кейін критериалды бағалау жүйесімен оқыдық.

– Назарбаев зияткерлік мектебінің ерекшелігі қандай екенін іні-қарындастарыңа айтып берші.

– Біздің мектептің ең басты ерекшелігі – жайлы атмосферасы мен әр оқушыны еңбекке баулитыны. Барлық оқушының  талантына, оқуға деген талпынысына мұғалімдер қолдау білдіреді. Талапқа қанат бітіретін сан алуан клуб бар. Білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Ал жоғары сынып оқушылары өздерінің ерекше бастамаларын жасап, кіші буынға қолдау көрсете алады. Мектепте академия жетістігі мен өзін-өзі дамыту экожүйесі жақсы дамыған деп есептеймін. Оқытушылардың арнайы әдістемесі, сапалы оқу материалы мен бағдарламасы бір төбе. Оған қоса, оқу жылының аралығында көптеген ғылыми конференция, республикалық оқу-жаттығу жиыны өтеді. Кейбір оқушылар шетелдік бағдарламаларға да қатыса алады. Мәселен, мен 2018 жылы Назарбаев зияткерлік мектебінің басқа қалаларындағы 20 оқушысымен АҚШ-тың John Hopkins University Center for Talented Youth, яғни дарынды жастар орталығының үш апталық курсына қатыстым. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды.

– Үздік университеттер оқуға шақырды. Сонда қандай жоба ұсынып едің?

– Ғылыми байқауда «Центрлік күштер өрісіндегі денелердің қозғалысын» зерттеп, тұжырымымды ұсындым. «Неліктен күн орбитамыз элипс пішінді?» деген сұрағыма жауап тапқым келді. Бұл сан сауалдың бірі ғана. Біріншіден, ғылыми жобаны әзірлеу кезінде тақырып пен мақсат айқын болғаннан кейін компьютерлік модельдерді жасадық. Содан соң ғылыми кеңесшінің көмегімен физикалық модель мен магниттік аппарат әзірледік. Жобаның құжаттамасы мен презентациясын дайындау үшін тағы да қосымша ізденіс қажет болды. Бұл жобамен тек Кореядағы «Жас ғалым» конкурсына ғана емес, Республикалық ғылыми жобалар байқауына да қатысып, алтын медаль иегері атандым. Осы орайда, маған тәлімгер болып, мені әрқашан жетелеген физика пәнінің мұғалімдеріне алғысым шексіз.

Бастапқы жоспар бойынша біз наурыз айында Кореяның Теджон қаласына барып, жобамызды қорғауымыз керек еді. Бірақ бүкіләлемдік пандемияға байланысты ұйымдастырушылар тарапынан байқауды қашықтан өткізу туралы шешім қабылданды. Сонымен мамыр айының соңында онлайн конференция өтті. Таңғы сағат 10-да жобаның ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Бірнеше сағат бойы қазылар алқасы жобаларды тыңдады. Мен презентацияны ағылшын тілінде қорғадым. Байқауға қатысқан барлық жоба қызық әрі потенциалы жоғары болды деп есептейтін. Бірнеше күннен кейін байқаудың жабылу салтанаты сәйкесінше онлайн өтті. Жеңіпмаздарды марапаттады. Соның ішінде мен де бармын. Еңбегімнің ақталғанына қатты қуандым. Бірақ бұл тек менің жетістігім ғана емес.

Қандай жоғары оқу орындарына жолдама алдың?

– Назарбаев университеті, Korea Advanced Institute of Science and Technology, Carnegie Mellon University in Qatar және Мәскеу физика-техникалық университеті сияқты беделді оқу орындарынан шақырту алдым. Computer Science, яғни компьютерлік ғылым саласы бойынша әлемнің үздік үштігіне кіретін Carnegie Mellon University жоғары оқу орнын таңдап отырмын. Биыл оқу жылы ерекше жағдайларға байланысты онлайн басталады. Әлі жеке бағытымды таңдамадым. Бірақ теориялық компьютерлік ғылымлар мені қатты қызықтырады. Себебі бұл жерде математиканың барлық жетістігін қолдануға болады.

– Бос уақытыңда немен айналысасың? Қандай фильм көруді, қандай кітап оқуды ұсынасың?

– Мектепте бас гитарада ойнайтын едім. Сонымен қатар, codeforces.com және leetcode.com сияқты сайттарда түрлі есеп шығарамын. Көркем және деректі фильм көргенді ұнатамын. Қазақ әдебиетін ерекше жақсы көремін. Соңғы кезде уақытым тығыз болса да, арасында қысқа әңгімелер оқимын. Маған Оралхан Бөкейді оқыған қатты ұнайды. Әсіресе, «Қасқыр ұлыған түнде» мен «Апамның астауы» әңгімесі ерекше әсер қалдырды. Ал нон-фикшннан Нобель сыйлығының лауреаты Даниел Канемнның Thinking: Fast and Slow туындысын оқуға ұсынамын. Кітап ойлау қабілетіміз бен есімізге үлкен туристік тур жасайды. Осы кітапты оқуға міндетті түрде кеңес беремін.

Назарбаев зияткерлік мектебінде оқу үшін не істеу керек?

– Меніңше, кез келген нәрсені қайталау, яғни тәжірибе арқылы бәрін үйренуге болады. Мектептің ресми сайтында «Талапкерлер» бөлімі бар.  Сол жерде оқу түсу тапсырмаларының үлгілері орналасқан. Ата-аналар үлгі тапсырмаларды және жауап парақтарын жүктей алады. Балаға тапсырмаларды уақтынында орындауға үйретіп, тіпті ұяшықтарды бояу сияқты қарапайым тапсырмаларды меңгеру қажет. Мектепке оқуға тапсырар талапкер үшін бұл алғашқы ауыр сынақ. Сондықтан баланың сасқалақтап, шатаспауы үшін үлгі тапсырмалармен жұмыс істеудің маңызы зор. Еңбек әрқашан ақталады. Тек ынта болуы керек.

– Сұқбатыңа көп рақмет!

Назым САПАРОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз