«Құрметті дәрігерлер! Мен сіздердің қалай қиналып жүргендеріңізді түсіндім. Сіздер коронавирустың кесірінен ауырып қалған адамдарды құтқарып жүрсіздер. Сіздерге оңай емес екенін түсіндім. Сондықтан өзімнің жинап жүрген ақшамды сіздерге бергім келеді. Бұл ақшаны ұзақ уақыт жинадым. Енді соны сіздерге бергім келеді. Арманнан деп қабыл алыңыздар».

«Менің атам коронавируспен ауырып қалды. Мен бұл аурумен ешкім ауырмаса екен деймін. Сондықтан туған күніме деп жинаған ақшамды коронавируспен ауырып жатқандарға бергім келеді. Бұл ақшаға велосипед алғым келген. Енді науқастарға дәрі алса екен деймін».

Балалардың видеоларын көргенде, еріксіз көзге жас келеді. Бүкіл әлемді алаңдатып отырған індетпен күреске балалардың да үлес қоса бастағаны ерекше елжіретті.

Тележүргізуші әрі блогер Татьяна Фостер өзінің Инстаграм желісіндегі парақшасында «Дәрігерлерге рахмет» шарасы туралы жазған болатын. Қайырымдылық шарасын басқа да блогерлер қолдап, өз парақшаларында жариялай бастаған. Ал одан кейін акцияға балалар да қосылды.

«Біз #детидетям және #помощьизкопилкиkz деген акцияны @spasibo_vracham_kz қайырымдылық шарасын қолдау үшін ойлап таптық. Бұл шараға сіздердің балаларыңыз да жинаған ақшасын бөлісу арқылы қатыса алады. «Дәрігерлерге рахмет» қайырымдылық шарасы аясында жиналған ақшаға ауруханаларға қажет құралдар, оттегі концентраторлары мен дәрігерлерге тамақ сатып алынады. Жиналған ақша туралы есепті парақшамда беріп тұрамын», – деп жазды Татьяна Фостер. Алғашқы болып, Татьяна ханымның өз балалары жинаған ақшасын ортақ қазанға салды. Ал қазір жер-жерде акцияға қолдау білдірген балалардың қатары көбейіп отыр.

Бұл шараның балалар үшін маңызы айрықша зор. Өзіңнің қоғамға қажет екеніңді сезіну үлкен бақыт болса, балалар үшін мұның орны тіптен бөлек. «Ауырып жатқан балаларға және оларды емдеп жүрген дәрігерлерге көмектескім келеді» деген балалар болашақта да үлкен істерге ұйытқы болары сөзсіз.

Қазірге дейін Наталья Кусаинова, Виктория Моминбаева және Ғазиза Шабдарбаева ұйымдастырған «Дәрігерлерге рахмет» шарасы аясында 41 миллион теңге жиналыпты. Акцияға үлес қосамын деушілерге банк реквизиттерін қоса тіркеп отырмыз.

Ақшаны аударғанда міндетті түрде #детидетям немесе #помощьизкопилкиkz хэштегін қою керек.

Ақша аудару үшін карта реквизиттері:

Halyk Bank картасының нөмірі: 4405 6398 5915 0748

Kaspi Gold картасының нөмірі: 4400 4301 7360 0757

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз