Жыл сайын «Болашақ» стипендияттарының қатары көбейіп, елге оралып қызмет етіп жатқандары бар. Бүгінгі кейіпкеріміз Ернар Қуанышев Оңтүстік Калифорния университетінде білім алып келген. Мамандығы – медиа және пиар саласы. Инстаграм парақшасында Америкадағы оқу тәжірибесі туралы блог жазады. Сонымен қатар, «Ағылшынмен арманға» деген нұсқаулық шықты және ағылшын тілін оқытудың курсын ұйымдастырып жатыр. Ернар бізге «Болашақ» бағдарламасымен оқу тәжірибесі мен ағылшын тілін үйренуі туралы әңгімелеп берді.

– Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласының тумасымын. Орал қаласындағы №38 орта білім мектепте оқыдым. Оқушы кезімде мүлде бөлек жан едім. Шетелде білім алу туралы мүлде ойлаған емеспін. Мектеп бітірген соң, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің қоғаммен байланыс мамандығында білім алдым. Америкада білім алу туралы арман студент кезімнен пайда болды. Бұл бағдарлама туралы мектеп кезінен бастап білетін едім. 2-курстың аяғында «Болашақ» туралы естіп, дайындыққа көштім. Алдымдағы ең үлкен белес – ағылшын  тілі еді. Себебі мектепте ағылшын тілінен «3» деген баға алып жүрдім. Сондықтан екінші курс соңында ғана ағылшынды қайта оқуға бел будым. Ұялмай, намыстанбай, ең төменгі деңгейден бастадым. Ағылшынды нөлден бастап, Америка университетінің магистратурасына оқуға түсу және бітіру ұзақ әрі қиын жол болды.

«Болашақ» бағдарламасының стипендияты болу үшін қалай дайындалдыңыз?

– Америкада білім алу деген арманыма қол жеткізу үшін ең басты дүние – ағылшын тілін меңгеруім қажет еді. Сондықтан дайындық кезеңнің негізгі уақыты осы тіл үйренуге жұмсадым. Жаңа тіл үйрену процесі оңай болмады. Біраз курстардан соң өзім шамамен 2-3 жылдай уақыт тіл үйренуге жұмсадым.

«Болашақтың» басты рөлі – қаржылай көмек көрсету. Ал өтінішті жеке сайт арқылы тапсырасыз. Ол үшін қажет құжаттарды жинап, мотивциялық хат жазуыңыз керек. Оған қоса, таңдаған мамандық талаптарына сай болуыңыз шарт. Мен 7 университетке тапсырдым. Бірақ 4 университеттен ғана шақырту алдым. Америка университтетеріне тапсыру біздегідей емес, ұзақ процесс. Әр университеттің талабы әртүрлі. Сондықтан университет  таңдауға да жақсылап мән беру қажет. Өкінішке қарай, «Болашақ» бағдарламасына тапсырудың нақты инструкциясы жоқ. Себебі ережелер жыл сайын өзгеріп отырады. Болашақ туралы ақпаратты www.bolashak.gov.kz ресми сайтынан білуге болады. Әзірге «Болашақ» арқылы шетелде оқу – біз үшін ең үлкен мүмкіндік. Себебі іріктеу тек қазақстандықтар арасында ғана өтеді, яғни грант иегері болу мүмкіндігі көбірек.

– Шетелде PR мамандығы қандай көзқараста және қалай оқытылады?

– Менің оқыған мамандығым – PR және медиа коммуникация саласы. Өзім осы мамандықты жақсы көремін. Себебі ХХІ ғасыр – ақпарат пен брендтердің ғасыры. Мен оқыған PR мамандығы біздің қоғамда қисынсыз тілге тиек етілетін «пиар» сөзінен мүлде басқа дүние. Өкінішке қарай, біздің қоғам «пиар» сөзінің құндылығын жоғалтып алды. Себебі жеңіл оқудың жетегінде кетіп, әрбір аты шулы дүниені пиар немесе қара пиар деп бір құндылықты жойып алдық. Екіншіден, біздің қоғамда пиар сөзінің мағынасы тек әлеуметтік желінің шеңберінен шықпайды.

Ал мен оқыған PR қандай болды?Американы таңдауымның себебі де оқыған мамандығыма байланысты. Пиар ұғымы, пиар мамандығы Америкада алғаш дүниеге келген. Сол жақта 100 жылдан аса уақыт бойы бұл мамандықтың түрі бүге-шүгесіне дейін зерттеліп, зерделеніп келеді. Сондықтан Америкада пиар мамандығына қатысты берілетін білім тек жазу өнері емес, оған қоса пиар бағытындағы зерттеуді үйретеді. Мысалы, аудиторияны зерттеу немесе қоғамның көзқарасын зерттеу. Қазіргі уақытта технократтық заманның басталып жатқанын көріп жатырмын. Соған байланысты пиар мамандығы да осы бағытта өзгеріп жатыр.

– Білім жүйесінде қандай ерекшеліктер бар?

– Салыстырмалы түрде қарасақ, дамыған мемлекет пен дамушы мемлекеттің білім жүйесінің айырмашылығы жер мен көктей. Осы туралы Инстаграм аккаунтымда біраз жаздым. Бірақ ең басты ерекшелігі жоғары оқу орнында берілетін білімнің заманның талабына сай екені. Мысалы, мен магистратурамды 2017 жылдың тамыз айында бастадым. Сабақ бойынша алған кітаптарымыз 2017 жылдың наурыз және сәуір айларында жазылған еді. Одан бөлек инфрақұрылым, сабақ беру әдістері, мұғалім мен студенттің қарым-қатынасы және басқа да көптеген айырмашылық бар.

– Әлеуметтік желіде ағылшы тілін оқыту курсын бастадыңыз. Қазір курс көп. Сіздің курстың ерекшелігі қандай?

– Иә, курс қазір көп. Бұл нәрсенің жақсы жағы таңдау көп. Тіл үйренемін деген адамда таңдау бар. Жаман жағы – саны көп, сапасы жоқ. Біз тек сападан бөлек бағаға және үйрету методикасына мән береміз. Курсымыз жаңадан басталып жатыр. Істелетін жұмыс көп. Өткен жолы қатарынан екі рет жетпіс шақты адамға «Ағылшын тілін нәтижелі үйренудің стратегиясы» атты вебинар өткізіп едім. Бұл жолы бар білгенімді салып, сол вебинарды қағазға түсіріп, нұсқаулық жаза бастадым. Нұсқаулық шамамен 20-30 беттен тұратын болады. Бұл нұсқаулық ағылшын тілін үйренуді енді бастағалы жатқандарға және үйреніп жүргендерге арналады.

– Сонымен қатар, «Ағылшынмен арманға» нұсқаулығын жаздыңыз. Бұл идея қайдан келді?

– Инстаграмға Америкала оқу жайлы жаза бастағалы ең жиі қойылатын сұрақ – «Ағылшын тілін қалай оқимын?». Иә, бізде тіл үйренгісі келетін адам көп. Бірақ соны үйренуге кіріскенде қарапайым қателіктер жасап, нәтиже көрмеген соң тастай салады. Менің нұсқаулығым орысша айтқанда «инструкция». Ағылшын тілін қалай және неден бастау керек туралы жазылған. 22 бетке барынша басымнан өткен тәжірибеме сай барлық пайдалы ақпаратты жаздым.

– Әңгімеңізге рақмет!

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №29
21 шілде 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз