Қазақстанда хаос туындауына бірнеше себеп болды. Ең бірінші себеп – коронавирустың бар екеніне сенбеу. Екінші себеп – коронавирустың қандай дерт екені туралы ақпаратты білмеу, үшінші – мұндай дерттің бар екенін біле тұра, көре тұра мойындамау. Осы себептерден кейін жаппай пневмониямен ауыру, дәрі-дәрмектің тапшылығы, ауруханалардың лық толуы, дәрігер мамандардың жетіспеуі – қоғамды хаос деңгейіне алып келді. Хаос деген – аласапыран. Қазір қалыптасқан жағдайға қарап отырып аласапыран демеске амалың жоқ. Қазақстанда ғана емес, әлем аласапыран болып жатыр. Өйткені, ол жақта да вирустың өршіп, өлім көбейіп кетуіне біздегідей жағдайлар себеп болды.

Қазақстандықтардың коронавирус туралы ақпараттық саясатта оңбай ұтылғанын мойындауымыз керек. «Бұл жай ғана тұмау дейді, өтеді де, шығады екен», «миларыңа ауруды кіргізбеңдер, вирусты ойлай берсең, ауырып қалады екенсің» деген алып-қашпа сөздер адамдардан жауапкершілікті алып тастады. Жаппай ауру басталған соң «ұшақпен вирусты сеуіпті, содан кейін бәрі ауырыпты», «бұл вирус вакцина салдыру үшін ойлап табылған екен, вакцина саламыз деп чип орнатып, сол арқылы адамдарды өлтіреді екен» деген қып-қызыл өтіріктен тұратын өсекті «уотсабта» таратып
жіберді. Ең сорақысы «уотсабтан» тараған өтірік ақпаратқа сеніп, қарадай ұрынғандар да бар.

Бұл вирус шыға салған кезде әлем ғалымдары зерттеу жұмыстарын бастап кетті. Вирусты да, вирус жұқтырған адам да ғалымдардың зерттеу нысанына айналды. Ең бірінші анықталған ақпарат коронавирустың көлемі өте-өте кішкентай екені және ол тыныс жолдарына шабуыл жасайтыны болды. Кейбір ақпарат көздері оны «иненің ұшына жүз талы жабысып тұратын өте ұсақ вирус» деп түсіндірді. Ендіосы көзге көрінбейтін вирусты қалай, қай  жерден «жинап» алып, ұшақпен шашуы мүмкін?

Екінші расталған ақпарат, бұл вирусқа қарсы екпе екі-үш жылдан кейін ғана пайда болатыны. Өйткені коронавирустың 43 «туысқаны» бар. Статистикаға қарап жіберсең,  адам денсаулығына қауіп төндірген «атақты» вирустың бәрі  осы коронавирустың «туысқандары» екен. Олар: HCoV-229E – 1960 жылдардың орта шенінде пайда болған, HCoV-NL63 – 2004 жылы Нидерландта шыққан, HCoV-OC43 – 1967 жылы анықталған, HCoVHKU1 – 2005 жылы Гонконгта анықталған, RatG13 (генетикалық кодының 96 пайызы COVID19-ға сәйкес) – 2012 жылы шыққан, SARS-CoV – 2002 жылыанықталды,  одан кейін MERS-CoV – 2015 жыл, соңғысы SARS-CoV-2 немесе COVID-19 деп аталады. Осылардың ішінде 2002 жылы SARS-CoV – 29 елде анықталып, 774 адамның өмірін жалмапты. Ал SARS-CoV-2 немесе COVID-19-дың қазіргі жағдайы бәріне мәлім. Осылайша адамзатпен бірге  жасап келе жатқан бұл вирусты қалайша ойдан шығарылған деуге болады? Бұрын неге ойлап табылмаған?

Қазақтар «тәжтажал» деп атап кеткен COVID-19-дың ең қиын тұсы – әр ағзаға әртүрлі әсер етуі. Адам ағзасының ерекшелігіне байланысты өзгеріп, түрленіп отыратыны әлем ғалымдарының басын қатырып қойды. Алайда бұл екпе табылғанша ғалымдар қарап отырады деген сөз емес. Түрлі екпе ойлап табылып, сынамадан өткізіліп, оған иммундық жүйе қалыптасқанша, әлем халқы үйінде отыруға мәжбүр. Тағы бір алаңдататын мәселе,  «созылмалы COVID-19-дың» пайда болуы. Аурудан емделіп шыққандардың әлі де оңала алмай, қайтадан бастапқы күйге оралуы, «жақсы болып кеттік» дегендердің әлі де әлсіздігі, жөтелі ұзаққа созылуы вирустың әлі де өз күшінде екенін дәлелдейді.

Қазір халықтың миына орнығып, дегінін істетіп отырған жалған ақпараттармен күрес басталды. Stopfake.kz деп аталатын сайттың бір қайнауы ішінде болғанымен, уақыт өте келе жетіле түсетініне сенеміз. «Бұл ауру күнәсі көп, иманы жоқ адамдарды бірден алып кетеді» екен деп екі езуіне ерік бергендердің де ауызына қақпақ болатын нәрсе – шынайы ақпарат. Ал ақпараттың шын-өтірігін салыстыру арқылы ғана біле аласың. Біздің мақсат сізді қорқыту емес, құрметті оқырман. Дәл қазір қандай індетпен бетпе-бет келіп отырғанымызды түсіндіру. Өйткені түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмегеннің зардабы оңай болмағаны белгілі. Сондай қауесеттердің ішінде «бұл ауру 5G интернетінің іске қосылуынан пайда болды» деген де сөз  бар. Шынымен 5G «тәжтажалды» қоздырушы күш пе? Адам денсаулығына қандай зияны бар? Оны мына мақаладан оқыңыздар.

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз