Дәурен ТІЛЕУХАН Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданына қарасты Көрпе ауылында дүниеге келген. Халықаралық  «Алтын қалам» әдеби байқауының «Жылдың үздік поэзиясы»  аталымының жеңімпазы. «Сағыныш сыбыры» кітабының авторы.  Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің  студенті.

ТАҒДЫР

Мен болсам кеттім ақын боп,
Азырақ бақытсыздау боп…
Төлеген АЙБЕРГЕНОВ

Ұғам сосын…Ақын болу дегенің
Бал татыған бақытсыздық екен ғой…
Әділ БОТПАНОВ

Мекерлікте мың сан амал жатса да,
Мен Өлеңді қиғаным жоқ басқаға…
Көкірекке көктен түскен аппақ Нұр—
Жалынамын, жарты жолда тастама!

Шаршағанда миым қатқан мың ойдан,
Мән таба алмай мына өмірден мұңайғам…
Қандай бақты тіле дейсің, сен енді,
Түн мен мұңға теліп қойған Құдайдан?!

Таңғажайып ертегідей ерке күн
аяқталды…
Таппай жүрек дерті емін.
Барлығының баянсызын білдірген —
Тағдырымның ең ежелгі серті—Өлім!

Нұрмен қуып қараңғыны көнерген,
«Мен өлмеймін!» десем,
маған сенер ме ең?!
Амалшыдан аулақ жүріп сол үшін —
Адалдыққа арқа сүйеп келем мен!

Ғасырларға естілсін деп ізгі үнім,
Жылтыр сөзден үмітімді үзді Мұң…
Баянсызда басқа қонған жалғыз бақ —
Қош келіпсің балдай БАҚЫТСЫЗДЫҒЫМ!

ҚҰЛЫН-ШАҚ

Қайтесің, қу түлкідей құбылса күн?..
Бәрібір бақ-баянсыз, ғұмыр-сағым…
Айласын асыра алмас жалған өмір,
Қайдасың, құмға аунаған құлын-шағым?..

Алғаусыз шаттығымды аңсап небір,
Армансыз тәтті күнді аңсап небір,
Сарғайса сартап болған сағынышым—
Мен енді не істей алам?..
«Сап-сап көңіл!..»

Дәм татып сүйініштен, күйініштен
Біз солай өтеміз бе тынып іштен?..
Жазира жазық қалар жадымызда,
Жаңбырда жалаңаяқ жүгіріскен…

Дауам боп дала-мұңнан емдеп алған —
Түнде де тыным бермес мендегі арман.
Бейітке байлап кеткен орамалдай,
Бөлшегі жүрегімнің сенде қалған!..

Туған жер!
Туған дала, топырағым!
(Қайран жас қайдан білсін опынарын?..)
…Көз алдым күрең тартып, ауылды аңсап,
Бозарып балконда үнсіз отырамын…

* * *

Бәрін соның түске балап, бәлкім мен —
жолда жүрмін арты — азап та,
алды — Мұң.
Енді міне, біз өртенген әр Түннен –
теріп келем Қуаныштың қалдығын.

Шоққа айналды шалажансар от-Үміт,
көкірегімде көлдей Мұң.
Сен тұрмысқа шықты дейді ел —
ө-ті-рік!
Ешбіріне сенбеймін!..

Миға кірмей көңілді Ой,
тыңдадым ба-ей өзгелердің өсегін.
…сондай Сұлу боп жүретін едің ғой,
сондай Суық боп кеткенің не сенің?..

Ей, жүрегім, үмітіңді үзбеші,
(біліп тұрып бүлдіреді кейде адам.)
Қателіктің Қайғысы емес, бізді осы —
Дұрыстықтың Азабы ғой қинаған.

Азабым ба — көңілімнен кетпеуің?
Табылмай жүр жан емі.
Өкініш сол — өртке оранған өткенім,
Сені есіме салды бүгін – әдейі!..

Рельс-өмір: арты — алыс та,
алды — ұзақ
Бәлкім, мен де бақытыма аз қалдым(?)
Қимас сәттің елесі жүр (жалғыз-ақ!)—
перронында Вокзалдың…

СЫБЫР

«Құрып кеткір өлеңді жазам бекер…»
Мейірхан Ақдәулетұлы

Көп айыбым көшер қандай амалға?..
Санай-санай сарғаяды санам да…
Абайламай ағат кетіп, от басып,
Талай-талай жас үйірдім жанарға.

«Ақынсың!» деп қаққанда жұрт арқамнан,
Кеудемсоқтай шалқып жаттым шалқамнан.
…Уа, Қара Өлең!
Шатпақ жазған шалдуар,
Қадіріңді қайдан ұқсын нәр тамған?!

Мың сұлуды жырға қосып мәз боп ек,
(Қайдасың сен
бекзада өнер, бағзы әдеп?!)
Өкпелеген жүрек байғұс жүр қазір:
«Бүйткен Өлең құрып кетсін, жазба!» деп…

Желбіресе уақыт-кеме желкені,
Ермен қайғы езіп барады еңсені.
Ессіз көпті емексітер жалғыз сөз—
«Мәңгілік Ел!» —
Ең тамаша ертегі!

Үркек-үміт жанарынан мұң сырғып —
«Азатпыз!» деп қымсындық та күрсіндік…
Сыртқа шықпай, сыбыр еткен кеудемнің,
Сол тұсында өліп кетті бір шындық!

Тәтті үндерге масаттанып қоғамдық,
Жат тілдерге жұтылдық та, жоғалдық.
…Серттен тайып сызат салсам мен саған,
Кешір мені ОБАЛ және
АДАЛДЫҚ!

АНТИНОМИЯ

Жазғыра алмас жүрегім кеткен «досты»
Тек аяймын — жанарың төккен жасты.
Бұл қалада бәрі бар —
Тек сен жоқсың…
Тек сен жоқсың…
Құдай-ау, неткен жақсы!..

Сезім бұлқып, ой қалқып алып-ұшқан,
Сағыныштың сен жайлы – бәрі дұшпан!
Көшелерде кептелген көліктердей,
Санам іші — сан күдік сабылысқан…

Бүгін де ұзақ бой жазып жүргім келді,
Еске алармыз ертең-ақ бұл күндерді.
Аңсадың не шаршадың қызықтырмас,
Ақтөбеге — бәрібір!
Білдің бе енді?!

«Жоққа» сіңіп, жұтылған хабарымдай,
Сағыныштың сап-салқын самалындай,
Үмітіңді үгітіп, үркітетін —
Ойладың ба қатал деп қала мұндай?!

Ойламадың…
Ой қамад(ы) дерттен жаман:
Оралуға болмас па өткенге адам?
Бұл қалада бәрі бар —
Тек сен жоқсың…
Тек сен жоқсың…
Құдай-ау, неткен жаман!..

СӨЗСІЗ

«О, если б без слова
Сказаться душой было можно!..»
А.Фет

Жүректе — жамау-қайғы,
жанарда — мұң,
Жазам деп өлмес өлең тағы алдадым.
Жарқ еткен жан сәулемнің жарығым-ай,
«Шіркі-ін, сөзсіз жеткізсем саған бәрін!..»

Қайықтай қаңыраған жағалауда,
Қайтейін, арман болып қалар ол да.
Сен едің — сиқыр сезім,
сол сезімнің —
Теңеуін тіл мен жүрек таба алар ма?..

Өртенген түндерім көп содан менің,
Сен үшін содан бері көп әуремін.
Ұйқасты, тіркесті де қажет қылмас,
Жүректің құпиясы болар дедім.

Сол Жүрек болмаса егер мұң сыздаған –
Күншіл-бақ, кісәпір-жыл құнсыз маған.
Білерім — жалған сезім, жылтыр сөзден,
мың есе артық біздің Үнсіз ғалам!..

Тапқандай бақытының бәрін содан,
Сабырға келмес, сірә, сағынса адам.
…Өзіңсіз көңілсіз күн кешеремді —
Тек үнсіз жеткізсем ғой, жаным, саған!…

(… Қайтейін…)

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз