Жазғы каникулда ауылдың баласы қалаға, қаланың баласы ауылға барып демалуды аңсайды. Жақында біздің ауылға Нұр-Сұлтан қаласынан қонақ келді. Біреу-екеу емес, алтау. Олар жыл сайын жазғы демалысын ауылда, ата-әжесінің жанында өткізеді екен. Астанадан келген алты баладан ауыл мен қаланың айырмашылығын, жазғы демалыста қандай пайдалы іспен айналысатынын сұрадық.

«Ауылға баруды күн санап күтеміз»

Қазыбек пен Айым Нұр-Сұлтан қаласындағы №84 мектеп-лицейде оқиды. Биыл Қазыбек 6-сыныпты, Айым 2-сыныпты бітірген.

«Бұрын ауылда, ата-әжеммен тұрдым. Сосын ата-анама, Нұр-Сұлтан қаласына көшіп бардым. Бірақ жазда үш ай бойы ауылда боламын. Қалаға барғанда ауылды сағынамын. Айым екеуміз қар ери бастағанда-ақ ауылға баратын уақыт жақындағанын сезіп, күн санап жүреміз», – дейді 12 жасар Қазыбек.

Қазыбек қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы және ағылшын тілі пәндерін сүйіп оқиды екен. Одан бөлек, қалада спорт үйірмесіне қатысқан. Үйірмеде үйренгендерін ауылда ұмытып қалмау үшін күнде жаттығады екен.

«Маған футбол ойнаған ұнайды. Ауылда стадион бар. Кешке стадионға жиналып, достарыммен футбол ойнаймыз. Қыста қалада шаңғы тебуді үйрендім. Кейін спорттық бағдарлау үйірмесіне бардым. Ауылға келгенде атам белтемір (турник) жасап берді. Үйірмеде үйренген жаттығуларымды қайталап жүрмін. Аға-інілеріме де үйретемін. Жазғы демалыста бойымды өсіру үшін жақсы тамақтанып, жаттығу жасап жүрмін», – дейді Қазыбек.

«Үйде қазақша сөйлейміз»

Айым би үйірмесіне қатысады. Ата-әжесі алты немересінің арасында бір күні би кешін (дискотека), бір күні спорттық жарыс ұйымдастырады екен.

«Әжем мектепте орыс тілінен сабақ берген. Қазір зейнетте. Демалыста бізге диктант жазғызады. Сурет салып, бояп, кітап оқып жарысамыз. Әжем аптасына бір рет оқу жылдамдығын тексереді. Мектепте ағылшын тілін оқимыз. Бірақ үйде бәріміз қазақша сөйлесеміз. Әжеме гүл суаруға, шөп жұлуға көмектесемін. Кейде аулада ән айтып, би билейміз.», – дейді Айым.

Айымның айтуынша, ауылда ерте ұйықтап, ұйқысы қанып жүр екен.

«Бұрын мектепке бару үшін таңғы 7:00-де тұратын едік, қазір онға дейін ұйықтауға болады. Түсте ұйықтамаймыз», – дейді ол.

Бәрінен ерте тұратын Батыржан

Батыржан бар болғаны 5 жаста. Бірақ үйде бәрінен ерте тұрады екен. Бау-бақшаға көмектесіп, зиянкес жәндіктермен күресіп жүрген батыр да осы бала.

«Таңертең ерте тұрамын. Ата-әжеммен шәй ішеміз. Қырыққабат көшетін құрттардан тазалаймыз. Атама бақша суаруға көмектесемін. Итке тамақ беремін», – дейді Батыржан.

Ауыл мен қаланың айырмашылығын сұрағанда, тосылмастан былай деп жауап берді: «Маған Нұр-Сұлтан ұнайды. Бірақ қалада ағаш, шөп көп емес. Оны өсіру үшін көп адам жұмыс істеп жүреді. Сонда да қаладағы ағаш пен шөптің иісі болмайды. Ауылда шөпті қанша жұлсаң да, өсіп кетеді».

Батыржан бес жаста болса да, көп нәрсені жақсы түсінеді. Коронавирустан қалай қорғану керек екенін басқаларға айтып, сақтандырып жүреді екен.

«Көп адамнан «вирус жоқ» дегенді жиі естимін. Бірақ вирус деген көзге көрінбейтін нәрсе ғой, оның бар-жоғын тек арнайы құралмен тексеріп қана білуге болады. Сондықтан барлық жерде сақтанып жүру керек. Біз ауылға келерде пойызға міндік. Анам отыратын жердің бәріне антисептик сеуіп шықты. Антисептик, спирт, сабын вирусты өлтіреді. Сондықтан тазалық сақтап, қолын жуып жүрген адам ауырмайды. Қалада вирус көп, ауылда аз, тіпті жоқ сияқты. Қалада адам көп болғандықтан, вирус та көп болады», – дейді ол.

«Интернет желісі ұстайтын құпия жер бар»

Замира мен Сұлтан Нұр-Сұлтан қаласындағы №78 мектеп-гимназияда оқиды. Замира бастауыш сыныпты бітірген. Ал Сұлтан 2-сыныпты үздік тәмамдапты. Замира болашақта дизайнер болғысы келеді. Қалада Dolce Vita  сән мектебінің сабағына қатысқан. Замира Like әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы екен. Алайда ауылда интернет желісі нашар болғандықтан, гаджеттерді жиі қолданбайтын бопты.

«Ауылдағы ерекше сәттерді есте сақтап қалу үшін жиі суретке түсеміз. Бірақ интернет желісі нашар болғандықтан, әлеуметтік желіге жүктей алмай жүрмін. Сізге бір құпиямды айтайын. Ауылда интернет жақсы ұстайтын құпия жер бар. Ерсұлтанның үйі, трассаның бойы деген сияқты. Алғашында сол жерге барып интернетке кіріп жүретінмін. Қазір күні бойы уақытым жоқ», – дейді Замира.

Неге уақыты жоқ екенін сұрағанда ойланбастан өзенге баратынын, бассейнге түсетінін, дүкенге барып, үй шаруасына көмектесетінін, күніне бес рет шәй ішетінін айтты. Расымен, ауылда таңның қалай атып, күннің қалай бататынын байқамай қалады екенсің.

«Өзенге, бассейнге, бөшкеге түсеміз»

Суға шомылуды жақсы көретін Сұлтан үшін ауыл – таптырмас бақыт мекені. Қалада бассейнге барып, суда жүзуді үйреніп алған ол күніне бірнеше рет суға түседі екен.

«Науалы ауылында екі өзен бар. Мені өзенге жалғыз жібермейді. Ауылға келгелі жаңа достар тауып үлгердім. Көрші балаларға еріп, өзенге барамын. Үйдің ауласына атам үрлемелі бассейн жасап берді. Бірақ, маған бәрінен бөшкеге шомылған ұнайды. Үйдегі көк бөшкеге екі адам сыяды. Таңертең тұрғанда су толтырып қойсақ, түстен кейін су жылы болады», – дейді ол.

Сұлтан үй жануарларын жақсы көреді екен. Рекс есімді итпен ойнағанды, Маруся есімді мысықты да жақсы көреді екен. Ата-әжесі жыл сайын мысықтың балалағанын күтіп, марғауларды немерелеріне бөліп береді екен. Әр бала марғауға ат қойып, жаз бойы күтіп-баптайды екен. Ал күн сайын тауық қораға барып, жұмыртқа жинап әкелу – Сұлтанның міндеті.

Балалар ауылды не үшін жақсы көреді?

Ауылдағы алтаудың кенжесі – Әмір. Ол сыртқа маскасыз шықпайды. Үйге біреу келсе, әжесінен антисептик әкеп, қонақтың қолына ұстатады екен. Балалардан ауылды не үшін жақсы көретінін сұрағанда, түрлі жауап берді. Бірі ауылда жеміс-жидек тегін екенін, тек еңбектеніп ағаштан жұлып алу немесе жерден теріп алу керегін айтса, енді бірі полицейлер жоқ екенін, көшеде емін-еркін жүріп-тұруға болатынын айтты. Ешқайсысы қалаға қайтқысы келмейтінін де жасырмады.

Науалы орта мектебінде 42 жыл ұстаздық қызмет еткен Бақытгүл Садыққызы – қазір зейнеткер.

«Жеті немерем бар, қазір алтауы ауылда. Кішкентайы әлі 4 айлық болған соң, қалада, әке-шешесінің жанында. Жыл сайын немерелерім келетін күнді мен де асыға күтемін. Оларға бауырмал болуды, адами құндылықтарды сіңіруге тырысамын. Өзім педагог болғандықтан, тәрбиелеудің түрлі тәсілдерін қолданамын. Кез келген нәрсені алтыға бөліп, теңдей беремін. Ұлдың, қыздың баласы деп бөлмеймін. Осылайша әділ болуға үйреткім келеді. Шығармашылықпен, спортпен, өнер түрімен айналысамыз. Қазір үлкен кісілер жастарға, балаларға көңілі толмайтынын айтып жатады ғой. Сондай пікір айтпас бұрын, сол жастардың қатарында өзіміз тәрбиелеген балалар бар екенін, жасөспірімдердің қатарында өзіміз өсірген немереміз бар екенін ескерсек, оларға жақсы тәрбие беру туралы ойлансақ деймін», – деген оай тастады Бақытгүл әже.

Дана МАРАТОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз