Біз көбіне ерекше, алғыр, бір сөзбен айтқанда вундеркинд баланы көрсек, «талантты боп туған екен» деп таңдай қағып жатамыз. Шын мәнінде әр адамның бойында бір талант болады, бірақ оны дамыту – өз қолымызда. Содан да болар «талант – 1 пайыз, 99 пайыз – еңбек» деген сөз қаншама уақыттан бері адамзатпен бірге өмір сүріп келеді. Біздің кезекті кейіпкеріміз де Тәңірден талантты болып туыпты. Бірақ оған өз қабілетін ашуға өзгелерге қамқорлық көрсетсем деген құштарлығы көмектесті.

Келвин ДОУ(Kelvin DOE):

  • 13 жасында көршілеріне жарық сыйлаған;
  • 15-інде МІТ ғалымдарын таңғалдырған;
  • 16 жасында өз өңірінің қаһарманына айналған өнертапқыш.

Әрекет үйретеді

Келвин Шығыс Африкада орналасқан Сиерра Леон  елінің астанасы Фритаунда дүниеге келді. Отбасындағы бес баланың кенжесі. Көп балалы отбасында және Африканың кедей ауданында балалық шағын өткізді.

Кішкентай күнінде үйінде жарық жиі өшіп қала беретін. Бұл күнделікті көп тірлікке кедергі болды. Кейіпкеріміз осы бір шағын аудан тұрғындарына ортақ мәселені өзінше шешіп көргісі келді. Бірақ оның қолында ештеңе болмады. Не істеу керегін әбден ойланып, қалайда әрекет етіп көруге бел байлады.

10 жасар Келвин мектептен кейінгі уақытын көше-көшелерді кезіп, тұрғындардың қажетсіз деп тастаған темір-терсектерді теруге арнады. Оның ауласы бара-бара сымдарды мен түрлі сынықтарды тастайтын жерге айналды. Анасы жұмыстан келгенде кешегісінен де көбейе түскен үйінділерден үйін әзер танитын. Шешесінің қабақ шытқанына да, өзгелердің қырын қарағанына да берілмеді. Ол бұзылып қалған электронды гаджеттер мен құрылғыларды (теледидар, радио, пульт, сағат, плеер т.б.) ашып, шұқылап, ненің қайда тұратынын, қайсы бөлігінің қалай жұмыс істейтінін мұқият зерттеді. Кейбіреуін қайта құрастырып, жөндей алатын жағдайға жетті.

Ол істеу арқылы үйренді. Әйтпесе кейіпкеріміз әлдене ойлап табуды еш жерден оқымаған еді. Келвин ақыр соңында қышқылдан (протондарды немесе сутегі иондарын беретін яки электрондарды қабылдайтын химиялық түрі), содадан және қоқыс жәшіктерінен жинаған металл бөліктерінен батарея жасап шықты. Сол батареясымен үйіне, көршілеріне жарық берді.

Жоқтан бар жасаған жасөспірім

Келвинді МІТ (Massachusetts Institute of Technology – талай талант, қаншама ғалым, әлемнің небір мықтылары ғимаратының жанынан бір рет өтуді қалайтын, онда білім алуды армандайтын беделді оқу орны) студенті Девид Сенге (David Sengeh) көпке танытты. Тұлпарды тайынан таныған Девид америкалық БАҚ-на жазған мақаласында: «Кельвин қышқыл, сода және металды араластырып, қоспаны қалайы ыдысқа құйды. Алғашқы батареясын жасау үшін қоспаның құрғағанын күтті. Шынында ол жұмыс істейтін өз өнімін өмірге әкелу жолында бірнеше рет сәтсіздікке ұшырады. Бірақ содан бері Келвин батарея сатып алмады», депті.

Ал кейіпкеріміз батарея ойлап табумен шектеліп қалмады. Тоқ беретін генератор құрастыруға кірісті. Оны қоқыстан тауып алған ескі, тат басқан кернеу тұрақтандырғышын бұзып жасады. Генератордың электр қозғалтқышы, штепсель және басқа компоненттер үйде жасалған немесе қоқыстардан алынған. Келвин жасаған генератор көршілерінің ұялы телефондарын ғана емес, өзі ойлап тапқан радио стансасын да қуаттандырады. Ал қарапайым антенна радиосының дауысын көршілеріне дейін жеткізді. Ол Диджей Фокус (DJ Focus) деген атпен радио стансасынан көршілеріне көңілді әндер ұсынып тұрды.

Жоқтан бар жасаған жасөспірімді жергілікті телеарна арнайы бағдарламаға шақырды. Айналасына қуаныш сыйлай білген ол өз өңірінің қаһарманы болды. Осы уақыттан бастап оның бақ пен бақыт, байлық пен жетістік жолы басталды.

Девид Сенге Global Minimum атты халықаралық ұйыммен бірлесіп, арнайы бағдарлама жасады. Сол бағдарламасы бойынша туған елі Сиерра Леоннің жоғары сынып оқушыларына өз аймақтарының түрлі түйткілдерін шешетін жобаларын ұсынуға мүмкіндік берді. Осы бастамасы туралы Девид: «Бағдарламаға өтініш берген 300 оқушының ішінен сегіз финалист команда бірнеше көмек түрін алды: өз идеяларының прототипін (өнім үлгісі) жасау үшін 500 АҚШ доллары; жергілікті және халықаралық тәлімгерлер желісіне қол жетімділік; жазғы инновациялық лагерге 3 күндік шақыру; егер олардың алғашқы прототиптері дайын болса, жаңашыл және дамудың бірінші кезеңінен кейін перспективалы болып саналса, қосымша 1000 АҚШ доллары. Келвин екеуміз Innovate Salone бағдарламасы арқылы таныстық», дейді. Иә, кейіпкеріміз өнімі дайын болғандықтан 1000 АҚШ долларына ие болды.

Отбасыма көмектескім келеді

Осы бағдарламаға өз өнімін тапсырған кейіпкеріміз жазғы инновациялық лагерге жолдама иеленді. Лагерге дейін ауданынан алысқа аттап шықпаған Келвин 2012 жылы Нью-Йоркте өткен «World Maker» фестиваліне қатысты. Фестивальде жақсы нәтиже көрсеткен Келвин осыдан соң МІТ-де 3 апта тәжірибе жинап, сонда қонақ болуға шақырту алды. Ол тарихтағы МІТ-де тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алған ең жас өнертапқыш болды. Келвин тәжірибеден өту кезінде МІТ мен Гарвард университетінің студенттеріне өзінің өнертабысын көрсетті. Гарвард университетінің 28-ші президенті Дрю Фаустпен (Drew Faust) кездесті.

Девид кейіпкеріміздің МІТ-дегі күндерінен видео түсіріп, Youtube арнасына жүктеді. Сол шағын видеода Келвин сөзін: «Мен ойлап тапқанды жақсы көремін», деп бастаған. Содан соң ол: «Бізде электр жарығы жетіспейді. Кейде 1 ай бойы қараңғы болады. Сондықтан мен адамдардың үйіне жарық беретін батареямды ойлап таптым», деп жалғастырыпты. Ол Америкадағы сапарында туған жерін, отбасын, тіпті өз елінің тағамдарын сағынғанын жеткізген. «Мен бәрінен де анамды қатты сағындым. Ол бүгінде ерекше қуанады, себебі көп адамның мені мақтағанын, жақсы сөздер айтқанын естиді. Мен отбасыма көмектескім келеді. Бар болғаны отбасыма көмектескім келеді», депті. Балаға ата-анасын қуантқаннан асқан қандай бақыт бар десеңші…

Қызығушылық – маңызды күш

МІТ-дегі тәжірибесінен соң, яғни бар-жоғы бір жылдан кейін Келвинді Нью-Йорктегі TEDxTeen жобасына шақырды. Сол сапары жайлы әзірленген видеодағы сөзін: «Мен өнертапқышпын», деп бастады. Байқадыңыз ба, «Мен ойлап тапқанды жақсы көремін» деген ол небәрі бір жылдан соң өзінің өнертапқыш екеніне сенді. TEDxTeen сахнасына, оны тыңдауға жиналған Гарвард университеті студенттерінің алдына шыққанда: «Анам мені жалғыз өсіріп келеді. Оның еңбекқорлығы мен өзіне деген сенімділігі мені осы күнге жеткізді. Мен электронды құрылғылардың қалдықтарын үйге жинадым. Ойымдағыны жасағым келді. Ал жаңасын сатып алуға жағдайым келмейді, кедеймін», деді. Осыдан соң өзінің өнертабыстары туралы және диджей атанғанын айтты. 14 жасқа жеткенде музыкалық арнасын дамытуды, әрі қарай ауқымын кеңейтуді ойлағанын, содан радио стансасын құрғанын жеткізді. Жалпы мұндай нәтижеге жетудің сондай қиын болғанына арнайы тоқталды. Өйткені ол өнертабыстарын өмірге әкелу үшін кешкі жетіде ұйықтап, түннің бір уағында тұрып, жұрт шырт ұйқыда жатқанда, ешкім кедергі келтірмейтін кезде жұмыс істеді. Қаншама рет тырысып, қанша мәрте тауы шағылды.

Ол сахнадағы ойын: «Алайда мен өз ойлағанымды іске асырмайынша берілмедім. Содан соң ғажайып басталды. Еліміздің ұлттық телеарнасы менің хикаямды естіді. Ғажап мүмкіндіктер маған өзі келді. МІТ-ге шақырту алдым. Сондағы сапарымнан видео жасаған Девид оны интернетке салды. Сол видео 4 миллионнан аса қаралым (Бұл видео қазірге дейін 15 млн рет қаралған – А.Ш.) жинады. Кейбіреулер маған әлгі бейнебаянның қаралымы президент Барак Обаманың жеңгендегі видеосынан да асып түскенін айтады. Сөзімді түйіндесем, өмірімнен әлі де сабақ алып келемін. Осы күнге дейін түйгенімнен бір нәрсені айтуым керек. Шығармашылық – әмбебап нәрсе. Оны әлдекім табамын деп ойламаған, тіпті күтпеген жерден де тауып ауға болады. Табандылық пен қызығушылық, бір нәрсені ойлап табуға деген құмарлық – шығармашылық мүмкіндігіңді ашуға ықпал ететін аса маңызды күш. Мен сіздерді барлық жерден талантты, шығармашыл жастарды іздеуге шақырамын. Жай іздемей, тапқаннан кейін оларды қолдаңыздар. Мені сан мыңдаған адамның демегенініндей қолдаңыздар. Сонда сіз бәлкім келесі бір диджей Фокусты табатын шығарсыз», деп аяқтады.

Кейіпкеріміз қазір Канадада тұрады, сонда білім алып жүр. Www.wiredbugs.com сайты кейіпкеріміз туралы: «Ол күш-жігерінің арқасында Билл Гейтс, Клинтон отбасы сынды бірқатар зиялы адамдардың, сондай-ақ Гана Нана Акуфо-Аддо сияқты Африкадағы көптеген көшбасшылардың құрметіне ие болды», деп жазыпты. Сондықтан бүгінде оның қабілеті де, өзіндік жолымен жиған тәжірибесі де, соның арқасында келген бедел, қолдауы (оның ішінде көптеген гранттар бар) да оған алып Америкада тұруға, өмір сүруге әрі өзін жетілдіруге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Ол болашақта Сиерра Леонға қайтып, еліне еңбек етеріне сенімді.

Мақалада пайдаланылған материалдардың түпнұсқасын төмендегі сілтемелерден таба аласыздар:

https://en.wikipedia.org/wiki/Kelvin_Doe

https://www.youtube.com/watch?v=XOLOLrUBRBY

https://www.youtube.com/watch?v=4aQ2h3VaC3c

https://www.youtube.com/watch?v=4aQ2h3VaC3c

https://weetracker.com/2018/12/24/kelvin-doe-sierra-leone-boy/

https://www.facebook.com/kelvindoefoundation/

info@kelvindoe.com

https://www.ideatovalue.com/insp/nickskillicorn/2016/08/story-kelvin-doe-poor-sierra-leone-teen-wowed-m-t-s-engineers/

https://www.nydailynews.com/news/world/west-african-teen-wiz-tech-scrap-article-1.1214028

https://prezi.com/vvdc9hxmzbuf/kelvin-doe/

https://web.archive.org/web/20121120055204/http://whatsnext.blogs.cnn.com/2012/11/14/diy-africa-empowering-a-new-sierra-leone/

https://www.facebook.com/kelvinbdoe/

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №25
23 маусым 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз