Коронавирус пандемиясы әлемді әбден әбігерге салып, адамзат баласын төрт қабырғаға қамап қойды деп қанша дүрліксек те, үнемі ізденісте жүретін шығармашылық адамдары бұл мүмкіндікті де қалт жібермесі анық. Оған тарихтан небір мысал келтіруге болады. Мысалы, әйгілі ағылшын ақыны Шекспир 1606 жылы Англияны оба жайлағанда үйде «Король Лир», «Макбет», «Антоний мен Клеопатра» сынды шығармаларын жазған. Ал әйгілі орыс ақыны Пушкин тырысқақ індеті шыққанда алыстағы ауылында үш ай жатып, «Евгений Онегин» шығармасының басым бөлігін жазып тастаған екен. Ал біздің шығармашылық тұлғалар карантинде немен айналысты, қандай шығарма жазды? Әлемдік әдебиет сыншылары бұл кезеңнің өнер тарихында бір кезең болып қаларын алға тартып отыр. Ал бұл кезең қазақ әдебиетінде қандай шығармалармен қалады? «Ақ желкен» журналы сұрап көрді.

Жұмақын Қайрамбаев, суретші:

– «Үйден шықпаңдар» дегесін үйде отырмыз (күліп). Жүргеновте сабақ берем ғой, қазір онлайн форматқа көшті. Мемлекеттік емтихан болып жатыр, соған комиссия мүшелерінің қатарындамын. Студенттер онлайн қорғап, тапсырып жатыр. Бұл жағдай уақытша болатын сияқты. Жан алып, жан қоятын қырғын соғыс емес. Бірақ үйде отыра алмай, андамында шапқылап, біріне-бірі жұқтырып жатыр ғой. Соншама дүрлігіп жатқандарды ұқпаймын өз басым. Әрине, соның бәрі жастар, басына тимей түсінбейтін шығар. Олар қорықпайды, біз қорқып үйде отырмыз. Бітпей жүрген тарихи суреттерім бар еді, соларды бітірдім. Алтынордаға байланысты көрме болады деген. Сол көрмеге қатыссам деп, баяғыда бастаған «Көшпенділер» деген үлкен картинамды жақында салып бітірдім. Бірақ істелінген жұмыс жерде қалмасы анық. Одан кейін Ресейде халықаралық көрме болады деп еді. Қазіргі жағдайға қарасақ, көрмелер биыл болмайтын сияқты. Қазір болмаса да, алдағы уақытта болады ғой, бұйырса. Бұлардан бөлек, қарапайым өмірде болатын жанрлық жұмыстарымды аяқтадым. Жасым 67-ге келді. Үйде отырғасын бір жағынан маған бұл ұнап та қалды. Бұрын бастап бітпей қалған жұмыстарымды бітіріп, жаңа дүниелерді қолға алып жатырмын.

Дидар Амантай, жазушы:

– Карантин наурыздың ортасынан басталып, әлі жалғасып келе жатыр. Екі жарым айдың ішінде біраз дүние жазылды. Өйткені күнде таңертеңнен түске дейін екі-үш сағат, кейде үш-төрт сағат жазамын. Көңіл-күйге, әртүрлі жағдайға байланысты, бірақ үнемі тұрақты жазып тұрамын. Оның ішінде үш повесть, бірнеше эссе, новелла, әңгіме бар. Сонымен қатар «Каллиграфиялық әріптер» деп аталатын романымның жартысын бітірдім. «Философты іздеп жүрмін», «Пұт кітап», «Біреудің өмірі» деген повестер жаздым. Бұлар бұрын басталған еді, бірақ осы карантин уақытында аяқтадым. Бірнеше кітап оқыдым, бірнеше кітапқа рецензия бердім. Мысалы, Думан Рамазанның «Құса» кітабына, Кенжехан Матыжановтың «Қазақтың отбасы фольклоры» кітабына, сондай-ақ Жамбыл облысы жастарының кітаптарына төрт-бес рецензия жаздым.

Әннас Бағдат, драматург:

– Адамдармен, айналамен жамырасып араласудан, у-шудан алыстап үйренгендіктен бе, карантин маған қапасқа қамалғандай әсер ете қойған жоқ. Сондықтан шығармашылыққа да өзгеше әсері болды дей алмаймын. Дегенмен онлайн өмірдің қолайлы тұстары болғанымен, жақын, пікірлес жандармен дидарласудың жөні бөлек екенін бәрімізге аңғартқан секілді. Карантин кезінде «Аударма бюросынан» француз философы Жил Делөздің (Gilles Deleuze) «Cinema» кітабын ғылыми редактор ретінде қарадым. «Cinema» кең ауқымды, өте күрделі кітап. Редакторлық жұмыс көп ізденісті талап етті. Көп нәрсеге көзімді ашты. «Аударма бюросының» атқарып жатқан ісін ерекше атай отырып, осы кітапты аударуға қатысып жатқан шығармашылық топқа кәсібилігі, жауапкершілігі, жоғары мәдениеті үшін зор алғыс айтамын.

Мирас Асан, ақын:

– Карантин әр қаламгерге әртүрлі әсер етті деп ойлаймын. Бір жарым ай уақыт аралығында оқшаулануға байланысты, тура осы пандемиядағы көңіл-күй суреттелген 7-8 өлеңнен тұратын бір топтама жазып шықтым. Көлемі 15-20 беттей боп қалады. Одан кейін «Балдырған» журналына бір топтама өлең жаздым. Оқу керек деп түртіп қойған кітаптарымызды ақтардық. Джером Сэлинджердің «Над пропастью во ржи» шығармасын оқып, бір мақала жаздым. Біршамасын әлеуметтік желіге де жариялап отырдым. «Күн шықпаса да Егемен күнде шығады» дегендей, күнде шығатын «Егеменнің» материалдарымен отырдық. Карантинге қарамай тоқтаусыз жұмыс істедік. Жұмыс істей жүріп жаңағы дүниелерді жазуға тырыстық. Оқырмандармен онлайн кездесу жасадық.

Жазып алған
Жандарбек Болатбекұлы

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз