Лалагүл Базарбаева – Қытайдағы Пекин техникалық университетінің қытай тілінен халықаралық білім беру мамандығының магистранты. Бакалавр оқып жүргенінде қытай тіліне қызығып, Үрімші қаласындағы Син Цзянь университетіне тіл курсына барады. Тілді жетік меңгергенінің арқасында қазір Қазақстандағы ірі қытай компаниясында аудармашы болып жұмыс істейді. Лалагүл бізге тіл үйренудің құпиясын айтып берді.

Ұлан: Қытай тіліне қызығушылық қалай басталды? Тілді қалай меңгердіңіз?

– 2014 жылы Жұбанов университетінде оқып жүргенмін. Бірде факультет деканы Конфуций институтына оқу үлгерімі үздік студенттерге грант бөліп жатқаны туралы хабарландыру айтты. Кураторымыздың бастамасымен құжат тапсырдым. Алғашқы сабақтан-ақ қытай тіліне қызыға қойдым деп айта алмаймын. Өйткені әріптерін меңгеру мүмкін еместей көрінді. Бірақ оқытушымыз сабақты керемет түсіндірді. Сол үшін де қызығып оқи бастадым. Конфуций институтында үш ай қытай тілін оқығаннан кейін, Қытайдың Үрімші қаласындағы Синь Цзян қаржы экономикалық университетіне тіл курсына құжат тапсырдым. Үйреніп жүрген тіліңді сол елде жүріп меңгерсең нәтижесі жақсы болады. Алты ай бойы тіл курсын оқып, сөздік қорымды байытып, елге оралдым. Ол кезде университет бітірмеп едім. Диплом алғаннан кейін Қытайға оқуға барамын деп мақсат қойдым. Тіл үйренуге деген қызығушылығым мені аспанасты еліне дейін апарып, болашағыма жол ашып берді. Шетелде білім алуымның басты себебі – білімді жастардың қатарын көбейту.

Ұлан: Университетті қалай таңдадыңыз? Несімен ерекшеленді?..

– Университетті бітіргеннен кейін Үрімші қаласын-дағы Синь Цзян қаржы экономикалық университетінде бір жылдық тіл үйрену курсын оқыдым. Ол кезде менің алдымда екі таңдау тұрды. Не осы университетке магистратураға түсу, не елге оралып, мамандық бойынша жұмыс істеу. Көп ойланбастан магистратураға қаламын деп шешім қабылдадым. Ең соңғы таңдауым Пекин техникалық университеті болды. Бұл университет ел астанасында орналасқан. Көзбен көруді армандаған «Ұлы Қытай қорғаны» да осы қалаға жақын екен. Пекин университеті Қытайдағы үздік 30 университет қатарына кіреді. Білім беру саласында да жетістігі өте көп білім ордасы.

Ұлан: Қытайдың оқу жүйесі қандай? Қиындық та болған шығар…

– Ол жақтың оқу жүйесі әлемдік білім беру жүйесімен бірдей. Кредиттік жүйеге толығымен көшкен. Маған өте қиын болды. Өйткені мен тіл үйреніп жүріп, мамандығым бойынша магистратураны қатар алып жүрдім. Магистра-турада оқу оңай емес екен. Көп ізденіп оқуға тура келді. Күнделікті лекция мен семинардан бөлек, аптасына бір рет мамандық бойынша практикаға жіберді. Біздің мамандығымыз халықаралық білім беру болғаннан кейін, аптасына бір рет екі тілде сабақ беріп жүрдік. Маған ең қиыны да практика еді. Себебі өзі тіл үйренушінің сол тілде басқаға білім беруі өте қиын.

Ұлан: Ол жақта өмір сүру қалай екен?

– Қытайда оқып жүріп өмір сүру ешқандай қиындық тудырмады. Ол жақта адамның білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Оқу орнының кампусында жатақхана, кітапхана бар. Тегін интернетпен жабдықталған және сауда дүкендері бар. Кездескендердің бәрі ол жақта қалай тамақтанғанымды сұрайды. Ол жақта асханалар-дың өзінде шетелдік студенттерге жағдай жасалған. Қытай студенттері мен шетел студенттерінің асханалары бөлек орналасқан және ол жақтан өзімізге таныс тағамдарды да табуға болады.

Ұлан: Қытайға қалай оқуға түсуге болады? Қандай ережелері бар?

– Қазір түрлі бағдарлама бар. Солардың ішінде Конфуций институтының тілдік курс гранттары және мемлекеттік грант. Конфуций институтында оқып жүріп, ҚХР тілдік гранттарын алуға мүмкіндік мол. Менің ойымша, Қытайға оқуға түсу үшін алдымен елде жүріп қытай тілін үйрену, қытай тілінің белгілі бір деңгейін игеру керек. Қытай тілі 6 деңгейден тұрады, Қытайға барып тіл үйрену үшін кем дегенде тілдің 3 деңгейін білу керек. Ол жақта оқуға түсу үшін біріншіден сақтық, екіншіден ынта, үшіншіден еңбекқорлық талап етіледі.

Ұлан: «Шет елге бакалавр оқуға емес, магистратураға барған дұрыс» деген пікірді жиі естимін. Сіз қалай ойлайсыз?

– Бұл пікірге қарсымын. Өйткені шетелге бірден магистратураға түсу көп қиын-дық келтіреді. Бакалаврға түскен жағдайда білім үйрену уақыты жеткілікті, тереңдетіп үйренуге де мүмкіндік көп болады. Ал магистратураның уақыты тығыз, алу керек ақпарат көп. Сондықтан мен шет елге міндетті түрде бірінші бакалаврға түсіп, кейін білімді толықтыру үшін магистратураға барған дұрыс деп ойлаймын.

Ұлан: Оқуды аяқтағаннан кейін сол жақта қалуды ойладыңыз ба?

– Басында осы жақта қалып, білімімді жалғастыруды ойладым. Алғашқыда сол жақта қалып жұмыс істеп, дамимын деген ой болды. Кейіннен ойлана келе Қазақстанда Қытай елімен экономикалық қарым-қатынастың күн санап дамып жатқанын оқыдым. ҚХР ұсынған «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы елімізде қолдау тауып, ірілі-ұсақты кәсіпорындар ашыла бастады. Тіл білетін жастарға түрлі жұмыс ұсынды. Солардың барлығын ойлап, елге қайтуды жөн көрдім. Қазір мамандығым бойынша жұмыс істеп жат-қан жоқпын. Компанияда аудармашы болып жүрмін. Өйткені әлі күнге дейін оқып жүрмін. Қытай тілін жетік меңгергеннен кейін ғана мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді.

Ұлан: Шетелден алған біліміңіз өзіңізге пайдасын тигізді ме?

– Тіл үйренудің ең керемет пайдасы – әр ұлттың адамдарымен араласа аласың. Білім алмасып, адамдар арасында сауатты қарым-қатынас жасай аласың. Қоғамда қытай тілі сұранысқа ие. Үйренем деушілерге мүмкіндік көп. Тіл үйренудің формуласын жасадым. Мақсат пен ынта, еңбек етсең, кез келген тілді меңгеруге болады.

Гүлбану САЯТҚЫЗЫ,
Ақтөбе гуманитарлық колледжінің
1-курс студенті.
Ақтөбе қаласы

«Ұлан» газеті, №24
16 маусым 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз