Талант топырағы

Түркістан облысының Арыс ауданына қарасты қыр мен Сырдың жағасында Қожатоғай аталатын ауыл бар. Топырағы талай таланттарды дүниеге әкелген. Құмында арысы Майлықожа ақынның, Мәделі батырдың, берісі қазақтың көрнекті ақыны Аманхан Әлімұлы мен белгілі сазгер Жәкен Омаровтың ізі қалған. Туған жеріңнен шыққан тұлғаларға еліктеп өсесің ғой, осы көшке біз де ілестік. Біздің ауыл 1940 жылы «Қаракөл» совхозы болып құрылған. Оның алдында «Қосжарсуат» аталған. Кейін Аманхан ағаның әкесі Әлім ақсақалдың ұйытқы болуымен Қожатоғай болып өзгерген. Бүгін сол қазына қарттың баласы Аманхан аға жөнінде ой өрбітпекпіз.

«Тірі ақынды» тұңғыш көрдім…

2001 жылы жергілікті Амангелді орта мектебінде 5-сыныпта оқып жүрген кезім. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әбіл Гүлжаһан апайым кездесу ұйымдастырды. Сол кеште қобалжып, ақынның «Құйын» өлеңін оқыдым. Ақынның өзі оқушылардың көкейіндегі сұрақтарына жауап беріп, өлеңдерін оқыды. Қоңыр дауыспен жатқа керемет оқиды екен. Жүздесуде тебіреніп оқыған «Апа», «Жалғыз тырна» өлеңдері жүрегіме жетті. Өмірімде «тірі ақынды» тұңғыш көргендіктен бе екен, сол кеш әлі күнге есімде.

Кешке әкем қой сойып, ақынды үйге қонақ қылды. Білімі телегей екен. Дастарқанға жиылған жұрттың бәрін аузына қарата сөйледі. Таңды таңға ұрып сөйлесе де таусылмайтындай көрінді. Маған арасында өлең оқытты. 11 жастағы балада қайбір оңған өлең болсын, «Тәуелсіздіктің 10 жылдығына» арнаған өлеңімді, тағы басқа шимайларымды оқыдым. Ақынның қабағына қараймын, жаратпай отыр…

– Бауыржан, елге деген махаббатың, отансүйгіштік сезімің болуы керек, бірақ оны басқа формада жеткіз. Мақала жаз. Өлең тіні нәзік, кез келген дүниені көтере бермейді. Әрі өлеңді күң қылып, әр жерге жұмсай берме. Ақын шамасы келсе өлеңнің құлы болуы керек. Шөпті де, шөңгені де өлең қылма. Сосын, күнтізбеге қарап, мерейтойлы датаға байланысты өлең жазудан аулақ бол. Ескірмейтін, өлмейтін тақырыптарға қалам тербе, – деп ақыл-кеңес берді.

Қай өлеңімді оқысам да сойып сап, түкке алғысыз қылды. Өлеңде бунақ, буын болуы керектігін айта келіп, «Мені қазір осы бөлмеге қамап кетіңдерші, 10 өлең, 100 өлең жазып беремін. Бірақ, ол жүрекке жете ме?! Менің жақсы өлең жазылмайды, туады дейтінім сондықтан» деп бір тоқтады. Бірауыз жылы сөз айтпағаны несі деп бетім дуылдап, өлең жазғаныма алғаш рет өкіндім. Ішімнен, енді өлең жазсам оңбай кетейін деп бекініп отырмын. Бір уақытта Аманхан аға «жас ақын сипағанды ұнататын мысық сияқты болмауы керек. Сипаған алақан ұра да біледі. Мақталғанды жақсы көрмей сынды да қабылдап, қателіктерді қайталамай, қорытынды шығарғаны дұрыс. Мен жастар мықты болсын деп сын айтамын. Олар оны қалай қабылдайды, еріктерінде», – деді. Жайлап бетімнің дуылдағаны басылғандай болды. «Онда жөн екен», – дедім ішімнен. Қазір ойласам, сол сын арқылы сөзбен ойнамауға, өлеңге талғаммен қарауға үйреткен екен ғой. Бұл естеліктерді өзім құралыптас жандарға сабақ болса екен деп бөлісіп отырмын. Содан кейін күнтізбедегі белгілі даталарға қарап өлең жазуды суқаным сүймейтін болды. Қадірлі, жас дос, сіздің шығармаңызды сыншы Аманхан Әлімұлы оқыса, қандай пікір білдірер еді деп ойлайсыз?.. Шығармаңызды оқытуға қаншалықты дайынсыз?

Араға бір жыл салып, туған елге қайта келді. Келіні, сынып жетекшім, тарих пәнінің мұғалімі Фарида апай Бектөре Аманхан ағаның шақырып жатқанын айтты. Екінші рет жүздестік. Қал-жағдай сұрасқасын, «кешке үйдегілер қонақ болсын деп жатыр» деп едім, «Бауыржан, әке-шешеңді әуре қылма, жүр одан да екеуміз Сырға шомылып, балық аулап қайтайық», – деді. Қармақты қолға ұстап, өзенге барар жолда, әңгімелесіп келеміз. Әрине, сөйлеуші аға, тыңдаушы – мен. Өлең туралы көп мағлұмат берді. Сыр жағасында, жаңа ғана сабақ үстінде жазған:

Қош келдің елге Аманхан Әлім аға деген,

Ақындығың Алашқа мәлім аға! – деп басталатын арнау өлеңімді оқып бердім. Ағам ұната қоймады. «Бауыржан, пендеміз ғой, бұл өлеңің маған ғана ұнауы мүмкін, сен көпшілікке ұнайтын өлең жаз. Қатты арнағың келсе, кез келген тақырыптағы бір жақсы өлеңіңді арна. Арнау үшін бір адамды ғана мақтап жазу шарт емес. Одан да табиғат туралы, балаң махаббатың туралы жаз». Осы сыннан соң арнау өлеңге де абайлап қарайтын болдым. …Балық аулап, Сырға сүңгіп, түннің жарымында айдың жарығымен қайттық. Аға тағы да әдебиет, өлең туралы әңгіме өрбітті: «Судың сылдыры, жапырақтардың сыбдыры, түннің жұпары, бәрі өлеңнің тақырыбы. Соны екшеп, қажетіңе жарата білсең болғаны. Мысалы, бізбен ілесіп, қалмай келе жатқан айды да әртүрлі көруге болады. Бізге жол көрсетіп келе жатқан, дос-серік секілді. Бұлттарға тығылып, біресе жасырынбақ ойнағысы келетін тәрізді. Міне, өлең деген осы. Тек соны көретін ақындық көз керек». Аманхан аға осы келгенінде маған мықты ақын болуы үшін мықты ақындарды оқу керек деп, Еесенғали Раушановтың «Қазақ әдебиетіне» шыққан «Бұл құстың аты Сеңгірбай болсын» атты топтама өлеңдерін, Жәркен Бөдештің, Қуандық Шолақтың баспасөзде жарық көрген өлеңдерін қиып әкеліпті. Қуандық Шолақтың табиғат лирикасы керемет екен. Теңеулері соны, бөлек, қысқа, әсері ерек. Сөзбен салынған сурет. Газеттегі «Ауыл кеші» өлеңін бір оқып, жаттап алдым. Әлі есімде:

Аттыны шыға келген белеске тік,

Ымырт шақ көрсетпейді көмескі етіп.

Түтінді бір ақбоз үй мұнартады,

Үкілі тақияны елестетіп.

«Міне, жақсы өлең образды болады. Осындай ақындарды оқы» деді.

Алматыға бір топ өлеңімді әкетті. «Туған жер» деген өлеңім 2003 жылы, 7-сынып оқып жүргенімде, «Ұлан» газетінде Аманхан ағаның сәт-сапар тілеген сөзімен жарық көрді. Мені осылай Бас редактор Сұлтан Қалиұлы ағамен

таныстырған да, журналистика факультетімен табыстырған да Аманхан аға еді. «Ақында ұстаз болмайды» дегенмен, қалыптасуында, кемелдену жолында бағыт-бағдар беретін, осындай алтынжүрек, жанашыр адамдар болады. Ойлап қарасам, классиктерді оқыту арқылы, өлеңге деген талғамымды өсірген екен-ау. Ағаның өлең табиғаты туралы пайым-көзқарастары ешкімге ұқсамайтын. Әрі пікірін ешкімге таңбайтын, «керегін ал, керек емесін өзіме қалдыр, өз сөзім өзімдікі» дейтін.

Менің бақытым – Алматыға осындай өлең майталмандарын оқып, танып бой түзеп келгендігімде. Өлең жазғанымда бұған сыншы Аманхан аға не дер екен деген ой тұратын.

Мұқағали ақынның Әбділдә ақынға арнаған:

Бой түзеп, босқа кетпей сауықпенен,

Боз қырау босағасын тауыпты өлең.

Жаман жыр жазғанымда, ақ таяғың –

Арқамда ойнай ма деп қауіптенем… – өлеңіндегідей күй кештік.

Балаң күндерде жазған шимайларым шыңдалу мектебі болды. Бірінші курстың басында жазған «Қоңыр күзім» А.Әлімұлына ұнады. Алғаш рет жылы пікір білдірді. Содан бастап, өзімді ақын сезіне бастадым.

«Ақын мен оқырман арасында делдал болмауы керек…»

2005 жылы Шымкент қаласындағы дарынды балаларға арналған Б.Өтеп атындағы өнер мектебінің 10-сыныбына қабылдандым.  Сол жылдары облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен орынбасары Дархан Мыңбай ұйымдастыруымен «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты акция тұрақты өткізіліп тұрды. Бұл зиялы қауым мен  оқырманның жүздесуі еді. Әбдіжәмил Нұрпейісов, Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырза Әли, Жүрсін Ерман сынды тұлғалармен жүздесу болды. Сондай іс-шаралардың бірінде, Алматыдан бір топ ақын – Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Есенғали Раушанов, Аманхан Әлімұлы келді. Кешті көрнекті жазушы Мархабат Байғұт жүргізіп отырды. Бәрінің баспасөзден есім-сойына қанық болғаныммен, жақынырақ танитыным – Аманхан Әлімұлы. «Ақынға қарасөзден өлең оңай» дегендей, ақындар жалынды жырларымен оқырманның жанын тербеді. Кезек Аманхан Әлімұлына келгенде, бірден өлең оқымай, «күнге жақын елдің жүрегі де ыстық болады» деп бастап, шешендігімен аудиторияны баурап алды. Баурап алды дегеннен шығады. Аманхан аға «ақын мен оқырман арасында делдал болмауы керек» деп есептейтін. Оған Ғалымдар үйінде 2008 жылы және 60 жасқа толғанында Жазушылар Одағында өткізген «Айтарым бар»  шығармашылық кешінде куә болдым. Бір өзі екі сағат бойы, жүргізушісіз, ән-күй, бисіз оқырманның сұрақтарына жауап беріп, өлең оқып, шашауын шығармай, аудиторияны бір сәтке де жалықтырмай, әсерге толы рухани кеш сыйлады.

«Жақсы адамдар каскадер сияқты…»

Өзі Алматыда, Нұр-Сұлтанда, не басқа қалада тұрса да шапағаты мен сәулесі сонау түкпірдегі ауылдарға түсіп тұратын жандар аз емес. Аманхан ағаның сөзімен айтқанда «жақсы адамдар каскадер сияқты», өйткені қанша мехнат шексе де біреуге өткен жақсылығын бұлдамайды. Аманхан ағаның өзі де жақсы адам болатын. Қарапайым қалпымен, ақеділ болмысымен қанша адамға шуағын шашты. Құнанбайдың Абайға «жайдақ сусың» дейтініндей бұқараға пайдасы тиген өзен болды. Бас редакторлық қызметке көтерілсе де, көкірек кермей, жұртқа «қолжетімді» қалпынан танған жоқ. Журналистикаға, өлеңге адалдықтан айнымады. Ұлтқа қызмет етудің ерен үлгісін көрсетті.

Қаламгер және әлеуметтік желі

Аманхан аға Facebook-ті тиімді пайдалана білді. «Орайлы қолданса, технологияның жаманы жоқ. Тек дұрыс қолданбайтын адам жаман болмақ», – деп әдеби пайымдарын, өлең туралы ойларын, жырларын жалпақ жұртқа жариялап, әрі соңынан ерген жастардың шығармаларын баспасөзбен қатар, желі арқылы да қадағалап отырушы еді. Ғаламторда жарқ еткен жақсы дүние көрсе, қуанатын. «Ақиқат» журналына да осы әлеуметтік желі арқылы авторларды тартты. Журналдың беделін көтеріп, оқылымды, интеллектуал баспасөзге айналдырды. Газет-журналдардан көңіліне толымды материал көрсе, балаша қуанып, авторының нөмірін тауып, жеке қоңырау шалады. Немесе желідегі парақшасына «Көзайым» айдарымен, ерінбей талдап, пікірін білдіреді. Осылайша, сүзгіш секілді жақсы шығарма мен нашар шығарманы айырып отыратын. Былтыр ҚазҰУ-дың «Әл-Фараби» телеарнасының «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасында қонақ боп, журфактың 4-курс студенті А.Қаратаеваның әлеуметтік желі туралы сұрағына былай толғанып еді: «Мен үшін әлеуметтік желінің рөлі өте үлкен, өйткені мен журналистпін. Барлық жерде де айтамын, мен ең бірінші ақын емеспін, Алла мені ақын етіп тудырған. Ол жеке шаруам, шығармашылығым. Журналистикада 5 жыл оқыдым, мені оқытты, енді не істеуім керек? Демек мен барлық бұқаралық ақпарат құралын тануым керек. Газет, журналды ғана емес, әлеуметтік желілерді де, тіпті ұялы телефонды да, компьютерді де, бәрін игеруім керек. Сондықтан әлеуметтік желімен көп жұмыс істеймін. Қаласаң да, қаламасаң да, бәрібір келетін нәрсе. Еш уақытта құрал жаман болмайды, әлеуметтік желі – құрал. Бір ақын әлеуметтік желі туралы жамандап өлең жазды, ол газетке де шықты. Ал сол адам әркімді аңдып әлеуметтік желіде отыр. Сөйтіп отырып жамандайды. Мен болсам, әлеуметтік желі арқылы бүкіл әлеммен байланысып отырмын. Сол арқылы бүкіл жастардың творчествосын қадағалап отырмын, үйреніп отырмын, әрі үйретіп жүрмін. Оның бәрі қалай пайдаланғаныңа байланысты. Сағаттап кіріп кетіп, жан-жағыңа қарамасаң, құлаққаппен отырып автобуста орын бермесең, ешкімді елемесең, әрине, жаман. Нені де болсын саналы түрде тұтыну керек, сонда ғана ол пайдалы. Бірде біреу Фейсбукте былапыт сөз жазыпты. Сосын: «Айналайын, сен соны үйдегі қабырғаңа жаз да күніге оқып отырсайшы. Оны әлеуметтік желіге салып, қоғамға жариялап нең бар» , – дедім. Бірақ сол әлеуметтік желі сенің, менің, не оның кітап оқу қасиетін жоймауы керек, құралға адам ассимиляция жасауы тиіс».

Бір жыл алдын маған: «Бүкіл жазғандарым, «Қазығұрт» баспасынан шыққан «Өткірдің жүзі» секілді үш том болады екен, кітаптарымды шығаратын демеуші бар, Фб-ға жариялаған дүниелерімді жинақта», – деп тапсырма берді. Жинақтап, поштасына салдым. 500 бетке жуық өлең, 500 беттен аса әдебиет, өлең туралы сын-пікір болды. «Мен олай-бұлай боп кетсем, осыны сен құрастырасың» дегенінде, «Қойыңызшы, аға, сіз жүз жасайсыз» деп едім. Енді бұл бізге аманат боп қалды.

Аманхан академиясы

Белгілі ақын, сыншы, көсемсөзші Аманхан Әлімұлы көп қырлы талант. Жүрген жерінде білім дәнін себуден аянбайтын. Қарапайымдығына орай, жастар да жанына үйірсек болды. Ағаның қамқорлығын көрмеген шығармашыл жастар аз. Аудиторияларда, дәліздерде, көшелерде болсын кездесіп қалса, білгенін іні-қарындастарына үйретуден жалықпайтын. Қазақта мектебін қалыптастырған ақындар санаулы ғана. Аманхан ағаның поэзиясы да сан қатпарлы, публицистикасы – өткірдің жүзі. Бірақ, бұл бөлек мақаланың жүгі. Алдаға уақытта оған кеңірек тоқталмақпыз. Аманхантану енді басталады. Ақын әлеуметтік желі арқылы да аудиторияға білім беруге болатынын дәлелдеп кетті. Мұны ғылымдағы «қоғамдық білім беру» ұғымына жатқызуға болады. Осы ағартушылық қасиеттерінің басын қоссақ, «Аманхан академиясының» сырлы сипатын аңдаймыз. Әсілінде, сол академиядан сусындамаған жас некен-саяқ.

Айға ғашық ақын

Ақын шығармаларында табиғаттың орны ерекше. Көңіл-күйін табиғат тылсымымен шебер үндестіретін. Әрі өлеңдерінде күз бояулары айрықша суреттеледі. Сосын ай бейнесі әр өлеңінде кездеседі. Ақын поэзияда өзі айтқан ТОМ-ды (тіл, образ, музыка) тамаша үйлестіре білді. Қай өлеңін алсаңыз да, мүдіріссіз бір деммен оқылады. Ақын жырының саздылығы мен сыршылдығының сыры осында.

Аманхан Әлімұлының «Жариямайдай» атты таңдамалы кітабы жайында жазушы С.Ибрагимнің «Ана тілі» газетінде жарық көрген «Ай ақыны» деген әдеби-сын мақаласынан біраз дүниеге қанығуға болады. Бұл мақаланың жақсылығы қай тұста, сосын қандай?! Мақала тұтас, шашыраңқылық танытпай, ақынның поэтикалық-поэзиялық қырын ашып, соны мақаланың аяғына дейін өзек етіп алып шыққан. Яғни, мақала тақырыбын толыққанды ақтауы, тақырыптың ақталуы. Оның өзегі Ақын мен Ай. Әрине, ақынның поэзиядағы мұндай ерекшелігін бұрын да байқаған қаламгерлер болды. Олар ақын А.Кендірбекұлы «Ай мен ақын» («Жетісу» газеті, №57, 27 мамыр, 1999 ж.) мақаласы мен талантты журналист А.Әубәкірдің «Қазақтың өркендеуіне зиян тигізетіндердің бірі – қазақ жалақорлары»  («Жас Қазақ үні» газеті,№03 (324) 22.08.2001ж.) атты сұқбатындағы: «Шығармашылығыңыздан «Ай», «қайың», «ауыл» сөздері жиі ұшырасады. «Ай нұры алақанымда» кітабыңызда «Ай» сөзін 117 рет қолданыпсыз. Неліктен?» деген сұрағынан аңғаруға болады.

***

Бірде «Ақиқат» журналының редакциясында әңгімелесіп отырғанда телеарнадан бір бағдарламаға қонақ болыңыз деп ақынға хабарласты. Тақырып жол-көлік оқиғасы төңірегінде екен. Аға ашуланбай, жайлап қана: «Айналайын, өзім көлік жүргізбеймін, «балалар жылдамдықты асырмай, ережені сақтап айдаңдар» дегеннің әсері қандай болмақ?!» – деп хабарға қатысуға үзілді-кесілді қарсы болды. Бұл өзің субъект ретінде де қыр-сырын білмейтін жерге орынсыз басыңды сұқпа дегеніндей көрінді.

Әдебиетке адалдық

Есенғали ақынның «Саудаға салмай өсті сүйіп жырды» дейтініндей әдебиетке, өлеңге адал болды. Қайсыбір атақ-марапатқа қызықпады, ешқандай мүшәйраға қатыспады. Өлеңді күң қып жұмсамай, өлеңнің құлы болу оның өмірлік кредосына айналды. Ақын боп туды, ақын боп дүниеден өтті. Ол ешнәрсеге немқұрайды қарамайтын, әдебиеттегі қандай да бір әділетсіздіктер үшін жанымен күйініп жүретін азамат-ақын еді. Орны ойсырап тұр… Мұндай жанды оқырман енді қанша уақыт сағынар екен?!.

Аманхан ағаның маған арнаған «Ақын ініме тілек» өлеңі үлкен жауапкершілік жүктейді. Онда былай дейді:

Ақын ініме тілек
Бауыржан Әліқожаға
I
Мұң-табы бар тірлікте, күрсінбегін,
Білемін тал бойыңа жыр сіңгенін.
Жаман емес, жап-жақсы жырыңменен,
Жастығымды қайталап жүрсің менің.

Салғанымен сан дертті тезіне мұң,
Оның әлі-ақ табарсың өзің емін.
Көзіңнен мен таң шығын көремін де,
Сөзіңнен мен ақындық сезінемін.

Мінезбенен Cыр кешті, асты құмды,
Ар атты шығарма естен басты ұғымды,
Кеш пе бастан қайықтай қайрандатар,
Арақпенен уланған жастығымды.

Жоғалтқан адамдай-ақ баста бағын,
Әйтеуір, бір елестен жасқанамын.
Кезімді қайталама қарғам менің,
Төбелестен жарылған қас-қабағым.

Тірлікте қысқа жіпке келетінге,
Ұмытпа жүргеніңді жел өтінде.
О, інім ақын болып тусақ егер,
Шығармыз ақын болып өлетін де.

II

Жүрген кезде танытып биік қалып,
Қол қысқалық көрсетсе күйік те анық.
Сенің жолың ашылғай сапарда алыс,
Менің жолым жатқанда тұйықталып.

Берсе де өмір қаритын желді бетін,
Болып қалдың азамат ел білетін.
Сен мінетін ұшақтар аман болып,
Аман болсын пойыздар сен мінетін.

Ажыратып беретін жоқ пен нені,
Өмір, шіркін, шарпыған от дем бе еді?
Мендік жүрек күздегі жапырақтай,
Сендік жүрек жапырақ көктемдегі.

Алла емес, пенденің ырқы деп пе ең,
Жарып гүлін келеді бүртік еппен.
Көңіліме қарама, ол талайдан,
Желді күнгі көлдей бір шырқы кеткен.

Кездерімде шабыттан жыр күтпеген,
Көзді кейде алмаймын бір нүктеден.
Еркің қазір өзіңде, менің болса,
Аяқ-қолым матаулы тірлікпенен.

Өткенімді келмейді қайта құшқым,
Жас кезімде ақаңды шайқап іштім.
Құс қанатты арман бар сенде қазір,
Аспан биік, дала кең байқап ұшқын.

Алла жазса маңдайға желдің өтін,
Мұңға батпа, ақынсың ел білетін.
Сен мінетін ұшақтар аман болып,
Аман болсын пойыздар сен мінетін.

Аманхан аға қайтқанда жазылған өлең:

Аманхан Әлімұлы қазасына

Тұрғызған ақын өтіп жыр дауылын,
Көңілдің көмілгені-ай мұңға бүгін…
Өзіңмен әкеттің-ау жайсаң аға,
Жұп-жұмыр әдебиеттің бір дәуірін.

Қаралы ел… жетім жүрек… жаралы өңір,
Соққыны қабылдауда сана небір…
Қайғырып Алаш жұрты қамығуда,
Айрылып ақынынан бала көңіл.

Күрсінді әлем, жан жоқ-ау мұңаймаған,
Тағдыр салды көнеді Құдайға адам.
Еркелеп, арқа сүйеп жүргенімде,
Жазам деп қазанама кім ойлаған?!

Арқау ғып жаңа жырға шайыр бала,
Тіл бітсе – жырыңды оқыр, – қайыңға да.
Бұлт боздап, тау мең-зең боп, теңіз жылап,
Өзіңді жоқтап жатыр сайын дала.

Ұқтырып қамыт-тірлік, қайғы екенін,
Айтып әрі ауылдың жайлы екенін, –
«Алаңсыз өлең жазып жатам деуші ең,–
Жұртына қоржынтам сап Майлыекеңнің».

Ақжарқын болмысыңнан тұлғаланып,
Жүректе зәулім сарай, жыр қаланып,-
Қайтқанда сұхбат құрып өзіңменен,
Болушы ем сүңгігендей Сырға барып…

Құйындай зулап жатқан Қарагер күн,
Көрнекті алды өкілін дара өнердің.
Артында елі қалды жетімсіреп,
Қайырылып бір қанаты қара өлеңнің.

Ағаның мол жастарға тағылымы,
Енді жыр ғып айтады бәрі мұны…
Әр кеудеде өлең боп бүршік жарып,
Мәңгі көктей береді ӘЛІМҰЛЫ.

Бауыржан ӘЛІҚОЖА

Ұлан» газеті

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз