Адамның қиялы, қабілет-қарымы шексіз ғой, шіркін! Көңіл көкжиегін
ақ парақта бейнелеп, көркем туындыны өмірге әкелетін жандарға
қызығамын. Осындай ғажайып іспен айналысатындардың қатарында
бүгінгі кейіпкеріміз Жанар да бар. Жанар – Алматының тумасы. Инстаграм желісінде жариялаған иллюстрациялары аз уақытта көпке танылып
үлгерді. Оның еңбектерінен нәзіктік пен жылулықты, этностильді байқаймыз. Ил
люстратор ретінде тек бейнелеп қана қоймай, әр туындысын ұлттық-мифологиялық аңыздармен байланыстырған. Оның басты ерекшелігі де осында. Шығармашылығы жайлы әңгімеден бөлек, Жанар Ерланқызының көпке айтары бар екен. Сұқбатта бекзат өнердің бір бөлігін болса да танып қалуға тырыстық.

– Жанар, туындыларыңызды көріп, көзайым болып отырмын. Бұл сіздің
бала кезіңізден қалаған мамандығыңыз ба?

– Мамандықтан бұрын жан қалауым деп айтсам болады. Ал жан қалауың мамандығыңа айналса, үлкен бақыт. Суретсалуға бала кезден қызықтым. Өсе келе, машығымды қалыптастыру мақсатында бейнелеу өнері курсына қатыстым. Алғашқы кәсіби білімді Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының колледжінен алдым. Кейіннен ҚазБСҚА-ның бакалаврын, Өнер академиясының магистратурасын бітірдім.

– Сіз көпшілікке Инстаграм арқылы танылдыңыз. Бәрі неден басталды?

– Мифологиялық тақырыпты жаным сүйеді. Аңыздарды жиі оқимын. Осы бағытта кітап жазғым келетіндіктен, алғашқы идея осыдан шықты деуге болады. Ал инстапарақшамды қаңтар айында аштым. Қазақ мифологиясын терең танып-білу барысында сурет салуға деген құлшынысым еселене түсті.  Серікбол Қондыбайдың жұмыстарымен танысқан соң шабытым артып, кейіпкерлерді бейнелеуге отырдым. Бәрі осылай басталған. Өзім ұнататын іс болғандықтен, қазақ ертегілерін, белді мамандардың аңыз турасындағы  еңбектерін оқимын. Негізгі ой осыдан келеді. Қандай да бір жаңа ақпарат алсам, қызық әңгіме оқысам, сол нәрсені суретке айналдырғым келіп тұрады. Иллюстрацияны салмас бұрын жалпы жұмыс барысын жоспарлап аламын. Бұл ретте түрлі картина жақсы көмектеседі.

– Сурет салғанда қандай бағдарламаларды қолданасыз?

– IPad Pro планшетінде «Скетчбук», «Procreate» сынды графикалық бағдарламалармен жұмыс істеймін.

– Иллюстрациярдан бөлек, комикс жанрында сурет салу ойда бар ма?

– Өзім қызықпаған соң, комикс менің бағытым емес сияқты. Қазір еңбектерімен тамсантып жүрген талант көп. Бейнелеудің бұл саласын солар көтеретініне сенемін. Мен кітаппен жұмыс істегенді әлдеқайда жақсы көремін. Қазір шымкенттік әріптестеріммен серіктеспін. Менің иллюстрацияммен біршама оқу құралын көркемдедік. Қазір карантинге байланысты жұмысымыз тоқтап тұр. Ал жазға таман өз киім брендімді шығарғым келеді.

– Аудиторияңыз өте белсенді екен. Ұсыныс түсіп жатқан болар?

– Менің шығармашылығымды білетіндер – өте керемет кісілер. Шабытымды оятып, идеяларын бөлісіп, жаңа пост күтіп отырады. Мұндай аудитория үшін жұмыс істеу мен үшін де аса маңызды. Иә, біршама тапсырыс қабылдадым. Жұмысымды бағалап, жағымды энергиясын бөлісіп жүрген оқырманыма ризамын.

– Біздегі бейнелеу өнеріне қандай баға беріліп жүр?

– Бір өкініштісі, еліміздегі бейнелеу өнеріне деген көзқарас аса жоғары емес.
Шығармашылық адамға еркіндік керек. Еркін ойлау жағынан артта қалып келе жатқандаймыз. Айтқым келгені, біз қазақылықты киіз үй, жайлау, тау деп елестетеміз. Ұлттық нақышқа, стильге шектеу қоюға болмайды. Анығына келгенде, бұл тақырыптың аясы өте кең. Қазақылықты бейнелеу арқылы ұлтымыздың бай әдебиетін, тарихын көрсете аламыз. Сондықтан ой-қиялды бір қалыпта елестетіп, тек солай ғана танытып келе жатқанымыз өтірік емес.

– Тек суретшілер емес, жалпы шығармашылықпен айналысатын тұлғалардың
бәріне ортақ мәселе ғой бұл.

– Иә. Ашығын айтқанда, біріншіден, материалдық көмек жоқ. Көмектен бұрын, жағдай жоқ десек орынды шығар. Арнайы шеберханада, өз атмосферасымен жұмыс істемеген соң, оның үстіне қаламақысы қарымды болмаса, қай суретші «шедевр» туынды жасасын? Қолдауды мемлекеттік тапсырыспен-ақ көрсетуге болады. Отандық мамандар шетелден арнайы шақыратын суретшілерден еш кем емес.

Тағы бір айта кетерлігі, осындай жан-жақты қолдау көрмеген соң, суретшілер жеке шығармашылықты неден бастау керегін білмейді.Өзімізді дамыту  жағына келгенде жоғарыда айтқандардың бәрі кедергі сияқты көрінеді.

– Айтқаныңыз орынды-ақ. Ой салар сұқбатыңыз үшін рақмет!

Мадина Оқас

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз