4 маусым – мемлекеттік рәміздер күні. Ал мемлекеттік рәміздер қашан, қалай пайда болған, оны кім, не үшін ойлап тапқан? Мемлекеттік рәміздерді құрметтеген адамға айыппұл салынып, тіпті бас бостандығынан айыратын заң бар екенін білесің бе? Бүгін осы сұрақтарға жауап береміз.

Мемлекеттік рәміздер қалай пайда болды?

Ертеде адамдар топтасып өмір сүргенін білеміз. Сол кезде әр топтың арнайы таңбасы болған. Оны тарих ғылымында символ деп атайды. Ол белгі, сурет, таңба түрінде кездеседі. Уақыт өте келе топтар ру, тайпаға, олар бірлесе келе мемлекетке айналған. Адамдардың дамуымен бірге олардың таңбасы да өзгеріске ұшырап отырған. Осылайша мемлекеттік рәміздер қалыптасқан.

Мемлекеттік рәміздердің тарихы тереңде жатқандықтан, оның нақты қай ғасырда, қай дәуірде пайда болғанын ғалымдар дөп басып айта алмайды. Дінтанушылар мұны ата-баба рухына, жануар мен өсімдікке табынудан пайда болған дейді. Бірақ мемлекеттік басқару жүйесінде, Конституцияда мемлекеттік рәміздерді тану, құрметтеу туралы заң жазбалары бар.

Мемлекеттік рәміздер дегеніміз – Конституциямен, арнайы заңмен немесе дәстүрмен белгіленген, мемлекеттің тарихи, мәдени ерекшелігін танытатын белгі. Ол – мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін ажырамас атрибуты. Мемлекеттің негізгі рәміздеріне Ту, Елтаңба мен Әнұран жатады. Кейде мемлекеттік маңызды өсімдік пен жануар, ұран, эмблема сияқты ерекше рәміздер де кездеседі.

Мемлекеттік рәміздер туралы заңға шолу

«Қазақстан Республикасы-ның Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым ҚР мемлекеттік рәміздер күні тойланады. Мемлекеттік рәміздерді қорлау немесе мойындамау заң бойынша жазаланады.

Достар, сендер Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін, олардың авторла-рын жатқа біледі деп сенеміз. Сондықтан сендерге ол туралы ақпаратты қайталай бермей, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңмен таныстырайық деп шештік.

ҚР Конституциясының 34-бабының 2-тармағына сәйкес, әр азамат Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті. Азамат ретінде өз еліңнің рәміздерін құрметтеп қана қоймай, басқа мемлекеттің рәмізіне де құрметпен қарауың керек.

  • ҚР мемлекеттік рәміздерін дайындау және пайдалану тәртібі Заңмен айқындалады.
  • «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына сәйкес, Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн ҚР мемлекеттік рәміздері саналады. Басқа елдерде Ту, Елтаңба, Әнұраннан бөлек, мемлекеттік гүл, аң, эмблема, ұрандары бар. Мысалы, гибискус Оңтүстік Кореяның мемлекеттік гүлі ретінде танымал. Ауғанстанда «Алла Ұлық!», Германияда «Бірлік, Құқық және Еркіндік!», Үндістанда «Тек ақиқат жеңіс-ке жетеді» деген мемлекеттік ұран бар.
  • Әкімшілік құқық бұзу-шылық туралы кодекстің 354-1-бабына сәйкес, ҚР Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын және олардың бейнелерін заңсыз пайдалану, ҚР заңнамасының талаптарын бұза отырып, Мемлекеттік Гимнін пайдалану және орындау екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Бұл биылғы АЕК мөлшері бойынша 530 мың теңге.
  • ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабында ҚР мемлекеттік рәміздерін қорлау – бір мыңнан екі мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны көрсетілген. Бірақ бұл заңға 2015 жылдың 1 қаңтарында өзгеріс енгізілді. Енді Қылмыстық кодекстің 372-бабына сәйкес, ҚР мемлекеттік рәміздерін қорлау – екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Демек, мемлекеттік рәміздерді қорлаған адамға 5 миллион теңге айыппұл салынады. Егер бұл қаражатты төлей алмаса, түрмеге қамалады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер – біздің мемлекетіміздің, егемендігіміздің берік негізі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді», – деген. Сондықтан мемлекеттік рәміздерге қазірден құрметпен қарауды үйрену керек. Ол мемлекет үшін, азамат үшін маңызды нәрсеге айналуы керек.

Мемлекеттік рәміздер туралы қызық деректер

Күнделікті өмірде мемлекеттік рәміздерді жиі кездестіреміз. Бірақ қарапайым ережелерге назар аудара бермейміз. Солай ма? Мысалы, ту үнемі оң жаққа желбіреу керек. Елтаңбаның суреті туу туралы куәліктен бастап, зейнетақы кітапшасына дейінгі барлық құжатта кездеседі. Бұл туралы бұрын білетін бе едің?

  • Еуропа құрлығының кей мемлекеттері ұлттық тілін де мемлекеттік рәміздер қатарына қосқан. Әлемнің кей елдерінде мемлекеттік рәміздер күні демалыс жарияланады.
  • Қазақстанның 1992 жылы қабылданған Әнұраны 750 жоба ішінен үздік деп танылып, таңдалған.
  • Қазақстандағы ең үлкен ту Нұр-Сұлтандағы «Атамекен» этномемориалдық кешеніндегі Мемлекеттік рәміздер алаңында орналасқан. Оның биіктігі – 111 метр. Кешен 2009 жылы бой көтерген.
  • Қазақстанның туы алғаш рет 1994 жылы 1 шілдеде ғарышқа ұшты. Оны ғарышқа алғаш апарған – Талғат Мұсабаев. Ал 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің сапары кезінде Қазақстанның туы Жерді 150 рет айналып ұшты.

P.S. Достар, конфеттің сыртындағы қағаз, тудың суреті бар киім немесе бұйымды аяқасты етпей, құрметтеу керек. Шетелдегі отандастарымыз, тіпті, «Қазақстан» шоколадының қағазын сақтап қояды екен. Себебі онда тудың суреті бар. Кейде жерде жатқан тиынды еңкейіп көтеруге ерінеміз, не болмаса намыс көреміз. Ал жерде жатқан тиынды құнына қарап емес, Елтаңбаның белгісіне қарап жерден көтеріп алу керек. Мектепте арнайы Әнұран орындалатын күн бар шығар, иә? Олай болса, сол күні мектепке кешікпей баруға тырыс. Кешігіп қалсаң жүгірмей, Әнұранның даусын естіген бойда алақаныңды жүрек тұсына қойып, тұра қал. Әнұран айтылып жатқанда басқа нәрсеге алаңдамай, көңіл бөлмей, достарыңмен ойнамай, күлмей тұруға тырыс. Мемлекеттік рәміздерді сыйламау – мемлекетті сыйламау. Мемлекетті сыйламау – анаңды, жақындарыңды, тіпті өзіңді құрметтемеудің белгісі.

Дана МАРАТОВА

Ұлан» газеті, №22
2 маусым 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз