Өркениетке ілесеміз деп кейде көп құндылығымыздан қол үзіп бара жатқандаймыз. Мысалы, кейінгі ұрпақ мал союдан мақұрым боп бара жатқаны өтірік емес. Сосын да болар, адал малды балтамен ұрып, арамдап жатқан видео­лар тарады әлеуметтік желілерде. Қай қазақ мұндай сорақылыққа барып еді?! Тағы бір қалып бара жатқан дәстүріміз – тері илеу. Малдың терісін далаға лақтыра салатын болдық. Қазақ сойған малының терісін илеп, одан небір дүние жасап шығаратын халық емес пе еді?! Бірақ мүлдем ұмыттық деуден аулақпыз. Соның бірі – Тәттімбет Кәпұлы. Тәттімбет ағамыздың тері өңдеуге қатысты әңгімесін жасөспірімдерге үлгі болар деп ұсынып отырмыз…

– Тері өңдеуде өзіңіз қолданатын әдіспен бөлісіңізші…

– Ағаш немесе қазіргі пластмасса шелекке көк сүт, айран, сүт құйып ашытып, оған бір тегене ұн саламыз. Сосын бір шөміштей тұз саламыз. Мысалы, 120 литрлік сұйықтық болса, соның 60-70 литрін айран-сүтпен толтырамын. Кейінгі шығып жатқан құрғақ сабыннан да саламын. Сөйтіп иді әбден ашытамыз. Ол ашығаннан кейін теріні жуып, жайып, кептіреміз. Тері бір-екі күн араласпай қалса, қабаттасқан терінің арасына ашытқы бармай қалады да, сол жері шіриді. Сондықтан теріні күнделікті араластырып отыру керек. Терінің 7-8 күнде жүні түсіп, аппақ боп шығады. Одан соң оны кептіріп, кейін талқыға салады. Талқыға салғаннан кейін әбден керіп-созады. Одан соң барып ары қарайғы шаруамызды – ноқта, жүген, арқанымызды жасай береміз. Менің илеп жүргенім осы.

– Зауытта иленген қайыс пен қолдан иітілген қайыстың артық-кемі, айырмашылығы бар шығар?

– Әрине. Зауытта иленген қайыс, негізінен, күйіп кетеді. Ол созылғыш келеді. Суға тисе елжірейді, үзілгіш болады. Ал қолдан иітілген қайыс суға тисе де түк етпейді. Суға салса да, батпақ тисе де ештеңе болмайды. Мысалы, атқа шідер жасаймыз. Соны алып уқаласаң, ештеңесі жоқ, қалқиған қалпына келеді.

– Мал терісі мен аң терісін илеуде қандай айырмашылықтар бар?

– Аң терісінің иленуі өте күшті болады. Ет пен терісінің арасында майы көп болады. Оны малмаға сап илей алмайсың. Малма иге салсаң жүні түсіп қалады. Сондықтан аңды соя сап, терісін тұздау керек. Тұз аңның жүнін босатпайды. Ал жүнге тұз салмасаң жидіп кетеді. Оны айран ашытып, ұн ашытып, ұнтақ қосып ашытқы жасап алып, теріге жағып, қырып тазалап отырып жасайды. Аң терісі мен мал терісін илеудің айырмашылығы сол. Қой-ешкінің терісін ұн жағып, тұз, айран жағып, илейміз. Оның да жүнін алдымен тұздап қатыру керек. Әйтпесе оның да жүні жидіп түсіп қалады.

– Елімізде тері өңдеу кәсібінің деңгейі қандай? Өзіңіз кәсіпке айналдырып көрдіңіз бе?

– Бұрын Семейдегі тері өңдеу зауытынан қайыс алғам. Кейіннен алмайтын болдым. Өйткені, жаңа айтқанымдай, зауыттың қайысы кәдеге көп жарай бермейді. Пәлен-түген деген қамшылар жасап жатыр ғой, соларды көрнекілік үшін ғана шығарып жүр. Мысалы, қазір тері деген далада жатыр. Соғым сойса, сиырдың терісін де ешкім алмайтын болды. Қойдың терісін мүлде керек етпейтін болды. Ешкінің терісі ешкімге керек емес. Қазақтың бұрынғы тон, ішік дегендері жасалмайтын болды. Қой-ешкінің терісін жамылып өскен қазақпыз ғой. Қазір бәрі дайын дүние, ешкім оны илегісі келмейді. Жылқының жалын біріне-бірі қосып, арқан есетінбіз. Оның бәрі қазір қалып бара жатыр. Бірақ бізде ол мүлдем жойылып кеткен жоқ. Көрік қыздыру, таға соғу, ат әбзелдерін жасау сияқты көне дәстүрлерді өзім жасай беремін. Бірақ оны кәсіп қылып көрмедім. Өзім мектепте дене тәрбиесінен сабақ беремін. Балаларға өрім үйретіп, ұлттық спорттан дәріс беремін кейде. Арқан, айыл-тұрман, жүгенімді өзім жасап аламын.

– Егер қазақ баласы осыны кәсіпке айналдырар болса, қандай пайдасын көрер еді?

– Біріншіден, ата-бабамыздың салт-дәстүрін кейінгі ұрпаққа қалдырар еді. Одан кейінгі ұрпаққа жалғануына үлкен себепші болар едік. Атқа мінетін қазақтың, атты жақсы көретін қазақтың бәріне жасаған дүниеміз таралар еді. Балаларға қолымнан келгенше үйретіп жүрмін. Бірақ ол аздық етеді деп ойлаймын. Өйткені оны кеңінен насихаттауымыз керек. Рухани жаңғыру деп отырғанымыздың өзі осы ғой.

– Кез келген киім алсақ та алдымен теріден жасалғанына қол созамыз ғой. Себебі сапалы боларын білеміз. Бірақ оның бәрі шеттен келеді. Елімізде тері өңдеу зауыттарын неге көбейтпеске?

– Отандық тері өңдейтін зауыт­тар табиғи өнімдерді көбірек қолданысқа шығарса, сапалы дүниеге сұраныс та молая түседі ғой. Халықтан сұраныс көп болса, тері өңдеп, теріден аяқкиім, киім жасайтын зауыттар да көбейер еді.

– Осындай дүниелерді кімнен үйрендіңіз?

– Алғаш тері үйлеуді ұлы анамыз, әкемнің анасы Көңілқызы Қадыбиден үйрендім. «Балам, өзіңнің ер-тұрманыңды, ат әбзелдеріңді өз қолыңмен жасап мін» деп, теріні иге салып үйреткен болатын. Әкемнің үзеңгілес жолдасы Малшы деген кісіден жүген жасауды, ноқта түюді, айыл өруді үйрендім. Сөйтіп 10 жасымнан бастап иге салып, өрме өре бастадым.

– Әңгімеңізге рақмет!

Жазып алған
Асылан Біржанұлы

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз