Қарлығаш Ақбердиева Шымкенттегі Мирас университетін Шет тілдер мамандығы бойынша бітірген. Қазір Holiday Inn Abu Dhabi қонақүйінде жұмыс істейді. Қарлығаш бізге қонақүй бизнесі саласындағы тәжірибесін айтып берді. Осы салаға қызығатын балалар үшін пайдалы болар деген оймен жариялап отырмыз.

Қарлығаш, неге басқа емес, қонақүй саласындағы жұмысты таңдадыңыз?

– Себебі бұл сізге берілетін тегін мүмкіндік. Басқа өмірді көріп, басқа мүмкіндікті пайдаланғым келді. Шет тілі мамандығында оқыдым. Менің жағдайымда басқа таңдау болмады. Жаңа саланы басынан бастап үйренген дұрыс деп ойладым. Бірақ өкінген емеспін. Алған дүнием болмаса, жоғалтқаным болмады.

Жұмысқа өтінішті қалай тапсырдыңыз?

– Үйде отырып, әлемдік деңгейдегі қонақүйлердің сайтына кіріп, вакансия бөліміне тікелей резюме жібердім. Жеті әмірлікке де резюмемді өткізген болатынмын. Әбу-Дабиден ғана жауап келді. Негізі тіл білу осындай кезде өте жақсы көмектеседі. Яғни, үйде отырып-ақ әлемнің кез келген жеріне есік ашық.

Қандай талаптар арқылы болды қабылдау?

– Резюмемді қабылдағаннан кейін скайп арқылы онлайн сұқбатқа шақырды. Ол жерде бірнеше сұрақ қойды. Бәрінен сәтті өткен соң, ұшақ билетін поштаға жіберді.

Қонақүйде сегіз сағат жұмыс және бір сағат демалыс уақыты. Таңғы және кешкі уақыттағы кезекпен жұмыс істеуге болады. Арнайы жұмысшылар көлігі үйіңізден алып кетіп, жұмыстан кейін алып келеді. Жұмыс орнымыз бен тұратын жеріміз бөлек. Жұмысшыларға арналған асханадан тамақтанамыз. Киімімізді ауыстырып, жуылып, үтіктелген арнайы форманы киеміз. Жұмысқа түс уақытында, кейде 3-те, кейде 5-те барамын. Осы уақытқа дейін мейрамхананы ретке келтіріп, 6-дан кейін кешкі ас ішуге барамын. Содан соң қонақтар келе бастайды. Сонымен тапсырыс алу, қонақ күту, тазалау. Чекты жинап, қаржы бөліміне есеп жіберіп, түнгі 12 мен 2-нің арасында жұмысты аяқтап, үйге қайтамыз. Тамақ, жататын орын, көлік – тегін.

–Қандай қызмет атқарасыз?

– Мен барда жұмыс істеген соң, түскі уақытта көбіне адам аз келеді. Сол үшін кешке қонақтар келгенге дейін, тазалық жұмысын істейміз. Үстелді сүртіп, тарелка, қасық, бұрыш, салфетка, барлығы орнында тұр ма, жоқ па, соны тексереміз. Әр мейамхананың өзінің тұрақты клиенті болады. Сол себепті клиенттеріміздің 70 пайызын, есіктен кіргеннен атын, қандай сусын, тамақ қалайтынын біліп тұрамыз.

Қонақүйде жұмыс істеу оңай емес. Өзіңе уақыт бөлу қиын. Шаршайсың. Бірақ маған қонақтар ұнайды. Әлемнің түкпір-түкпірінен өте жақсы адамдармен таныстым.

Жалақыңыз көңіліңізден шыға ма?

– Жалақысы көп емес. Ақшадан бұрын шет елде жұмыс істеп, жаңа ортамен танысып, тәжірибе жинаймын десеңіз болады. Жалақы қонақүйге, мейрамханаға байланысты. Мысалы, Basic salary (негізгі төлем,1100 дирхам), оған қосымша service charge (қызмет көрсету құны, 400 дирхам) және tips (даяшының қызметіне қонақ беріп кететін ақша 500-1000 дирхам). Орта есеппен 2000-2500 дирхам, біздің ақшамен 200 000-250 000 теңге. Күніге келген қонақтың санына байланысты.

Болашақта өзіңізді осы саладан көресіз бе?

– Әзірге білмеймін. Мүмкін оқитын шығармын. Осы салада қаламын десеңіз, кәсіби өсе аласыз. Қарапайым даяшы болып келіп, менеджер және одан жоғары қызметке дейін көтеріле аласыз. Егер даяшы болғыңыз келмесе, анықтама бөлімі, қаржы, маркетинг секілді мамандарды дайындайтын тегін тренингтер өткізеді. Сонда қатысып, үйреніп, кейін сол бөлімге ауыса аласыз.

Бұл таңдау сізге қандай мүмкіндік берді?

– Біріншіден, тілді үйреніп, одан әрі дамытуға керемет мүмкіндік. Екіншіден, шет елде ешкімнің көмегінсіз жалғыз өмір сүруді үйрендім. Үшіншіден, жай ғана даяшы жұмысы болғанымен, шет ел асханасымен танысып, әр қонақтың талғамына қарай әртүрлі тамақ түрлерін біліп, көп адаммен тіл табысып, сөйлесіп, өте көп тәжірибе жинап жатырмын.

– Қазақстанмен салыстырмалы түрде мейрамханада қызмет көрсетуде айырмашылық бар ма?

– Бізбен салыстырғанда жұмыста атмосфера жылы. Жұмысшылар да, қонақтар да қарапайым, күліп жүреді. Өмірімде алғаш рет шет елге жалғыз келсем де, қатты қиналған жоқпын. Осы атмосфераның әсерінен шығар. Адам тек тәжірибемен үйренеді, піседі, өмір көреді.

–Оқырманға айтарыңыз бар ма?

– Тіл үйреніңіздер деймін. Ағылшын тілін білу әлемнің көп елінде тегін жұмыс істеуге, білім алуға, саяхаттауға мүмкіндік береді. Өзім үшін жасаған ерлік әрекетім осы шешімге келгенім шығар. Мұндай шешім қабылдамас бұрын қатты қорықтым, отбасым менен бетер қорықты. Қазір өзіме алғыс айтамын. Өмірде көп жағдай біз елестеткеннен оңайырақ. Оны тек көзбен көріп, батыл қадам жасау керек.

Рақмет, Қарлығаш! Жұмысыңыз табысты болсын!

 Әңгімелескен Нарқыз ЕРЕС,

СДУ студенті.

“Ұлан” газеті. 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз