21 күнде экосауатты болудың тапсырмаларын қорытындылайтын уақыт жетті. Сіздерге пайдалы болып жатыр деп ойлаймын. «Бәрі біледі, тек дым істемейді» деп «91» тобы айтқандай, экологиялық мәселелерді бес саусақтай білсек те, оған назар аудармаймыз. Бірден экобелсенді болып кету де мүмкін емес. Бәрі бірден бола қоймайды. Біртіндеп ретке келеді. Ісіңізден нәтиже көрсеңіз, әрі қарай жаңа білім меңгеруге құштар боласыз. Еуропаны таза деп мақтап жатады ғой. Ал сол таза мемлекеттің бірі неге Қазақстан болмасқа? Саналы түрде экосауатты меңгерген адам тек өз өмірін ғана емес, өзгелерге де әсер ете алады.

Сонымен, тағы 7 күнді қорытындылаймыз. 21 күн орындалған тапсырмалар пайдалы әдетке айналса, қуаныштымын. Тек үйренгенді өзгелермен бөлісу керек екенін ұмытпаймыз.

Екі аптаны өнімді өткізіп, он бесінші күн «Кішкентай үзіліс – үлкен үлес» деп аталады. Теледидарды және барлық басқа электро құрылғыны токтан суырып, 60 минуттық үзіліс жариялаңыз. Уақытыңызды қызықты өткізу үшін саябақта серуендеңіз немесе кітап оқыңыз. Бұл тапсырма бізге қажет емес, пайдаланбайтын құрылғыларды токтан суыру арқылы жарықты үнемдейміз. Отбасы бюджетін үнемдеуге қосқан кішкентай да болсын үлесіміз болады.

16-күн «Өз ыдысыңды қолдан» деген атауға ие. Екінші рет қолданысқа жарамайтын бөтелкені қолданғанша, қайта толтыруға болатын кесе, ыдысты немесе бөтелкені ала жүріңіз. Менің сөмкем 1 литр су мен ыдыста тамақ салынуынан ауыр болады. Бұрын 500 мл су бөтелкесін өзіммен бірге алып жүрсем, қазір бөтелкемнің көлемі – 1 л. Қазір кеңсе немесе далада таза су құятын жерлер болады. Бөтелкедегі су таусылып қалса, тегін құйып алуға мүмкіндік бар. Мысалы, сіз күніне 120 тг 0,5 л су сатып алатын болсаңыз, айына 3600 тг, жылына 43 800 тг қаражат жұмсайсыз. Сондықтан суды өзіңмен бірге алып жүру тиімді. Егер 5 л суды сатып алып жүрсеңіз, ол сізге тиімсіз. Оданда фильтр сатып алған жөн. Бұл күнара 5 л су сатып алғаннан гөрі қалта қақпайды. Бірақ фильтрді де ауыстырып тұруды ұмытпаңыз. Сонымен қатар, тамақты өзіңмен бірге алып жүру бір жағынан ақша үнемдеу болса, екінші жағынан тағамның әзірленуіне күмәнмен қарамайсыз. Тек тамақты қысқатолқынды пеште жылытқанда ыдыстың пластик болмауына назар аудару қажет. Өйткені ол денсаулыққа зиян. Контейнер таза пластиктен өндірілсе, тамақ жылыту кезінде денсаулыққа зиянды қышқылдар бөледі. Сондықтан керамика аралас ыдысты пайдаланған жөн. Целлофан қолданбайтынымызды ескеріңіз. Америкалық фильмдерде сабаққа немесе жұмысқа тамақты салып алады ғой. Сол әдетті өміріңізге енгізіңіз!

17-күн «Жаңа ескі» деп аталады. Әр уақыт жаңа зат сатып алудың орнына пайдаланылған кітапты, киімді немесе техника тауарын сатып алыңыз. Киімді second hand-тен сатып алуға жиіркенсеңіз, қымбат болса да сапалы киім-кешек сатып алыңыз. База киімдер, яғни күнделікті өмірге қажет киімдерді сатып алуға тырысыңыз. Ал кітаптарды буккорсингте алмастыруға болады. Ылғи жаңа кітап сатып алуға қалта көтере бермейді. Барлық кітапты сақтау мүмкін емес. Менде қазір кітап көп. Кейбір кітаптар электрон нұсқада бар. Сондықтан перфекционистік бағытымды кітаптарға қолданып жүрмін.

18-күн «Айналаңа назар аудар» атауымен зерттеу жасауға мүмкіндік береді. Өзінді қоршаған ортаның ерекшелігі туралы ойлап көрдің бе? Айналандағы экожүйені білу үшін кішігірім зерттеу жаса. Қоршаған ортаға төніп тұрған қауіп бар ма? Сол ортаны жақсарту үшін сен не істей аласың? Бәрін зерттеп жазған соң, азаматтық қоғамның мүшесі ретінде әкімшілік немесе арнайы ұйымдарға өтініш білдіріп көр. Мысалы, сен тұратын ауланың қоқыс жәшіктері аузы-мұрнынан шығып тұрады. Бұған, әрине, тікелей немқұрайды қараған тұрғындар кінәлі болса да, әкімшіліктен тым құрығанда пластик ыдысты салып қоятын жәшікті сұрап көр. Шешім әрқашан да бар. Тек батыл болып, әрекет ету керек.

19-күн «Шақыр, әсер ет, өзгерт!» деген ұранмен өзіннің бір досыңды тапсырмалардың бірін орындауға көндір. Мысалы, пластик ыдыстың қақпағын бөлек, бөтелкені бөлек жинап, қайта өндейтін жерге бірге барып көріңдер. Мүмкін жанындағы досыңның ойы өзгерер. Иә, адамды өзгерту қиын. Бірақ әсер ету арқылы адам өздігінен жақсы жаққа қарай өзгере бастайды.

20-күн «Қайталауға» арналады. Өткен тапсырмалардың кез келген біреуін таңдап, қайта орындаңыз. Бұл тапсырма сіздің қандай әдет қалыптастырғаныңызға жауап береді. Тапсырманы орындау барысында нәтиже болса, сіз нағыз жеңімпазсыз!

21-күн – қорытындылау. 21 күн бойы атқарған істеріңізге есеп беріңіз және өзіңіздегі өзгерістерді жазыңыз.

Сізді экобелсенді болуыңызбен құттықтаймын!

Әлемді өзгерту үшін ұрандаудың қажеті жоқ, тек іспен дәлелдеген жөн. Осы уақытқа дейін орындаған тапсырмалар күнделікті өмірде әдет болып қалыптасса, қуаныштымын. Экология сіз бен біздің жауапкершілігіміз!

Назым САПАРОВА

“Ұлан” газеті 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз