Балаңыз ойын ашық айта ма? Белсенді ме? Егер қалағанын айта алмаса, ата-анасы дұрыс көңіл бөлмегені… Сөзін тыңдап, ықылас танытпағаны… Бұзық болса, зекіп, ұрып жіберетін болғаны… Таяқ жеп өскен бала қандай болады? Бұл туралы коуч, мотиватор Роза Әшірбаеваның ата-аналарға айтар кеңесін тыңдасақ…  

ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙ

Тәуелсіздік алғанда алғаш қабылданған заңның бірі – Бала құқығы туралы заң. Мемлекеттің әрекетіне қарап, «бұл елде бала тәрбиесі бірінші орында екен» деп ойлайсың. Бірақ ЮНЕСКО халықаралық ұйымының соңғы зерттеуі бойынша, біздің  халықтың дені баланы ұруды қалыпты жағдай деп есептейді…

Заң қабылданса да, тыңдап жатқан адам жоқ. Өйткені балаға деген қарым-қатынас дұрыс емес. Өзінің жеке меншігі сияқты қарайды. «Өзім тудым, өзім білемін. Менің айтқаным болады!» деген ұстаным. Баланы ұрған жағдайда 45 күнге түрмеге отырады, 200 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Демек, үйде отырып заң бұзып отырмыз!

ҮЙ ТІРЛІГІНЕ ҮЙРЕТКІМ КЕЛЕДІ…

«Баланы неге ұрасың?» деп сұрасаң, «қазақ баласын ұрып өсірген» дейді. Көзқарасты өзгерту өте қиын. Өйткені бала тәрбиесінде ескі көзқарас қалып кеткен. Иә, баланы ұрғанда тұрған не бар? Керісінше, екінші рет қателік жасамайды. Бала меншік емес! Ол ҚР азаматы, жеке тұлға!

Үй жұмысына не жатады? Үй сыпыру, төсек жинау, ыдыс жуу… Осы тірлікке баланы ұрып-соғып үйретудің қандай пайдасы бар? Адам тамақ істемей, үйін жинамай да өмір сүре алады. Қажет болса, екі күнде үйренеді. «Тамақты күшті істеу, мінсіз болу» деген ұғым жоқ. Керісінше, балаға бақытты болуды, өз орнын табуды үйреткен абзал.

КІМГЕ ҰҚСАП ЫНЖЫҚ БОЛҒАН?

Таяқ жеп өскен бала қандай болады? Одан өз пікірін айта алмайтын адам шығады. Қоғам деп үлкен әңгіме айтпасақ та, өзінің отбасына, жеке басына жауап бере алмайды…

Баланы ұру арқылы біз қорқуды үйретеміз. Өз еркімен шешім қабылдай алмайтын, ешнәрсеге құлқы жоқ. Бала кезде ұрып-ұрып аламыз да, «Өздігінен ештеңеге қызықпайды», «Өзі біліп істемейді, ынжық», «Қай кезге дейін менің мойнымда отырады?» деп «шырылдаймыз».

Ұрған сайын әрнәрседен үрейі ұша береді. Өзін құрметтеуді білмейтін, өзін жақсы көрмейтін бала болады. Ұрып, жақсы тәрбие бере алмаймыз.

Ата-анасынан жылу көрмеген бала:

  • Мамандық таңдай алмайды.
  • Оқу бітіргесін жұмыс таппайды.
  • Жұмыста да алға қарай ұмтыла алмайды. Неге? Өйткені құлықсыз, тек айтқанды істеуді біледі.

Себебі ата-анасы алға ұмтылу, қорықпай шешім қабылдау, өзін іздеу деген ұғымды үйреткен жоқ.

Бар бергені – ұрып, төпелеп, ұрсу. Сәл дауысын көтеріп, эмоциясын көрсетсе аузын жабады. Бұл тәртіптің бала болашағына пайдасы жоқ.

Қандай мамандар сұранысқа ие? Кім жетістікке жетеді? Әрине, шешім қабылдауға қорықпайтын, өз ойы бар адам алға озады. Өзіне ұнаған нәрсені жасайды. Жұмысынан рахат алып, табыс табады. Эмоциясын шектемей, позитив ойлай білетін мамандар еңбек нарығында сұранысқа ие.

Қандай маман дайындап жатырмыз? Ұрып өсіргеннен пайда бар ма? Иә, бала кезінде айтқанды істейтін бала да өседі. Сол сәтте сөзімізді қалай тыңдатамыз? Ұрлық жасап, жеңіл жолмен өмір сүретін адамдар осылай өседі…

Заман талабы басқа. Жататын орны, ішетін тамағы, дұрыс қарым-қатынастан бөлек, ата-ананың махаббаты, назары қажет. Бөбек кезінен қолдау сезінгені маңызды. Мысалы, мектепте балаңыз бұзық болды делік. Мектеп директоры мен сынып жетекшісі сізді шақырды. Балаңыз сыныптағы қыздың шашын тартқан, терезені сындырған… Сіздің әрекетіңіз қандай? Сол жерде баланы тұқыртып былай дейміз: «Өй, жүгірмек, өткенде не айттық? Сен қашан адам боласың? Жүрген жеріңнен шөп шықпайды»… Мұғалімнің алдында аяққа таптаймыз. Қай кезде қолдау керек? Міне, осындай сәтте. Басқа адамның көзінше ұрсуға, намысына тиіп қатты сөйлеуге болмайды. Намысына тиген сайын қорқынышты сезінеді. Өз-өзін жек көреді. Үлкендерге деген реніш пайда болады. Мұғалім ескерту жасап жатыр делік… «Апай, кешіріңіз, дауыс көтерудің қажеті жоқ. Бала сыртқа шығып кетсін» деп оңаша сөйлесіңіз. Баланы ортаға алып, екі жақтан «жеу» оның психологиясына өте ауыр. Мейлі, туған-туыс, жақын досы болса да бөгде адамның көзінше намысына тию дұрыс емес. Кез келген бұзықтықтың өтеуі бар. Баланың сезімі мен сынған терезені салыстырар болсақ, терезенің құны жеңіл. Ал періште көңілде жара қалады. Өзін қолдайтын адам барын сезінгенде өмірде батыл қадам жасауға қорықпайды.

«Сабақты 5-ке оқытсақ, диплом алып берсек, жұмысқа орналастырсақ, үйлендірсек». Ата-ана міндетін осылай түсінеді. «Қандай мамандық таңдайсың?», «Немен айналысқың келеді?» десең, дұрыс жауап бере алмайды. Ал кейбір ата-аналар баласымен телефонға таласып жүреді. «Балам, сен бір сағат телефон көр де, бір сағат маған көмектес» деп шарт қою керек. Қолына телефон тисе бітті, «көзіңді құртасың» дегеннен басқа ештеңе айтпаймыз.

Әр бала әртүрлі. Десе де, мінезін зерттеп, табиғи қабілетін анықтау қажет. Ол үйде отырып, қоқыс жинайтын машина жасағанды жақсы көретін шығар. «Балам тұйық» деп неше түрлі қосымшаға сүйрейміз. Үйге қонақ келсе, «тұр, тақпақ айт» деп қинаймыз. Жаратылысы солай болса, адам болмайды деген сөз емес. Адамдар мінез-құлқына қарай мамандық таңдайды. Қай кезде? Егер ата-анасы оған махаббатын берсе, мінезін зерттеп, дамуына үлес қосса…Тынымсыз, белсенді балалардың да тілін табуға болады.

ТАЯҚ ЖЕП ӨСТІК…

Өтірік емес, мен де таяқ жеп өстім. Ата-анамыз тәрбиеге қатал еді. Үй жиналмаса, кір жуылмаса… Бірақ оларға осы әңгімені ешкім айтқан жоқ. Үй жұмысына кішкене кезінен араласқанды жақсы көретін балалар болады. Үйде үш қыз өстік. Маған үй жинау, ыдыс жуу деген маңызды емес еді. Кітап оқып, теледидар қарап, әйтеуір ақпарат іздеп жүретінмін. Ал сіңлім үйдің ішін тазалап, сосын барып тамақ ішетін. Оның киімі тап-таза, қашан көрсең де жиналып тұратын. Кенже сіңлім екеуміз ұқсаймыз. Ол бізге қарағанда еркін өсті. Содан болар, 18 жасында жұмысқа тұрып, ақша тапты. Қалаған мамандығына түсті. «Кім болам?» деп біз секілді бас қатырмады. Оның себебі пікірін ашық айтып, өзінің не қалайтынын білуінде.

АЛДЫМЕН ӨЗІҢДІ ТӘРБИЕЛЕ

Маман ретінде балаға таяқ ала жүгіретін аналарға сараптама жасаған едім. Ең алдымен «Қалай адам боласың?» деп сөйлеудің қажеті жоқ. Өскенде саған ұқсағысы келетіндей болсын. Баланы емес, өзіңді тәрбиеле. Бақытты болғанын қаласаң, өзің соған лайық бол! Ата-ана үлгі ғана бола алады.

Ол әрқашан өзінің қалағанын істегісі келеді. Шашады, төгеді. Оның қалауы әртүрлі. Ал ата-анасы дұрыс сөйлесе алмай, ұрып жібереді. Проблема үлкен адамда. Адам өз-өзін түсінбей, басқа ешкімді түсіне алмайды. Іштегі басқа біреуге деген ыза-кек, ашу, реніш қоңырау секілді соғып, жүйкеге тиеді. Сол себепті еркелікті көтере алмайды. «Қалай ұрып қойғанымды білмеймін?» деген ата-аналарды түсінбеймін. Сен және сенің қолың екі бөлек нәрсе емес. Ми іс-әрекет жасамай тұрып, он секунд бұрын шешім шығарады. Сәби ананың жатырына бітеді. Оның миы, жүйке жүйесі құрсақта дамиды. Бала өмірге келіп, сыртқа шыққанмен анасы екеуінің арасында өте тығыз психологиялық байланыс болады. Анасының көңіл-күйін үнемі сезеді. Баланың іс-әрекеті анасының айнасы. Өзіне көңілі толмайтын, өзін жақсы көрмейтін ата-аналар ғана баласын ұрады. Өйткені шамасы балаға ғана жетеді. Анасы қандай болса да жақсы көрмей кетпейді. Керісінше, бала жылу көрмей, таяқ жеген сайын өзін жақсы көрмеуді үйренеді. Анасы ұрып, қатты сөйлеп, өзін жақсы көру сезімін алып қойған еді…

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА,

“Ұлан” газеті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз