Экобелсенді болу, қоршаған ортаға пайдаңды тигізу ерекше сезім сыйлайды, иә? Өзіңді қаһарман көріп, өмірге деген жауапкершілікті сезінесің. Өйткені жер планетасы да тірі жаратылыс. Ол адамдардың кесірінен зардап шексе, тікелей біздің өмірімізге әсер етеді. «Жер-Ана» деген тіркес бекер қолданылмайды. Біз жер планетасын анамыздай қастерлеп, ренжітпеуіміз керек. Өткен сандағы жеті күннің тапсырмасы сіздерге ұнады ма, достар? Қоқыс сұрыптауды, экодорбаны күнделікті өмірде қолдануды, электр энергиясын үнемдеуді үйреніп алдыңдар деп ойлаймын. Бізге болмашы дүние болып көрінгенімен, оның залалы зор.

Біз экобелсенді болудың екінші кезеңіне келдік. Жеті күннің тапсырмасы ерекше. Ал ең бастысы, бұл әдеттерді күнделікті өмірде іске асыру қажет. Сонда нәтиже болады.

Алғашқы жеті күн өтті. Сегізінші күні кешкі асыңызды жарықты жақпай ішіп көріңіз. Бұл тек қоршаған ортаны сақтауға емес, сондай-ақ жақындарыңызбен қызық немесе романтикаға толы кеш өткізуге мүмкіндік береді. Мен бастауышта оқып жүргенде, ауылда жарық жиі сөнетін. Жарық сөнгенше өрістен келген малымызды ертерек қораға қамап, кешке майшамның жарығында кешкі ас ішіп, түрлі ертегі тыңдайтын едік. Кейде майшамның жарығымен көлеңкелер театрын ойнап, інім екеуміз ертегі құрастыратынбыз. Осы тапсырманы орындамас бұрын шарттарын оқығанда, балалық шағымды сағынып кеттім. Ал қазір жарық сөнсе, ісіміз өнбей, тіпті көңіл-күйіміз түсіп кетеді. Бұл тапсырма электр энергиясын үнемдеуге ықпал етеді.

Тоғызыншы күні экология туралы фильм көреміз. Аптаның бір күнін фильм көруге арнап, комедия немесе мелодрама көруді шегеріп, қоршаған ортаға байланысты фильм көріп, таным көкжиегін кеңейтіңіз. Экология туралы фильмдер тізімі (фильмдер қазақ тіліне аударылмағандықтан, орысша-ағылшынша атауымен ұсынуды жөн көрдім):

  • Неудобная правда/ An Inconvenient truth
  • История вещей/ Story of stuff
  • Дом/ Home
  • Бухта/ The cove
  • Жизнь после людей/ Life after people
  • Больше чем мед/ More than honey
  • Реальная цена моды/ The true cost

Оныншы күні – өз ыдысыңды қолдан! Екінші рет қолданысқа жарамайтын бөтелкені қолданғанша, қайта сұйықтық  толтыруға болатын кесе, ыдыс немесе бөтелкені алыңыз. Бұл тапсырма қоршаған ортаны ластамауға баулиды. Өйткені пластик бөтелке өте баяу ыдырайды. Мейлінше, пластик әрі бір реттік бөтелкені пайдаланбауға тырысыңыз. Оданда әдемі бөтелке сатып алып, суыңызды бірге алып жүріңіз. Бұл бір жағынан ақша үнемдеуге таптырмас мүмкіндік. Сабаққа немесе жұмысқа тамағыңызды бірге алып бару – бір жағынан табиғи әрі өзіңіз дайындаған тағам. Еш қорықпай өз ыдысыңыздан тамақтана аласыз. Бастапқы кезде бірге оқитын сыныптас немесе группаластарыңыз біртүрлі қарауы мүмкін. Бірақ кейін үйреніп, пайдалы әдетті күнделікті өмірге енгізгеніңізге қуанатын боласыз. Пластик бөтелкені пайдаланып қалсаңыз, оны қайта өңдеу бекетіне тапсырыңыз. Бөтелкенің ішіндегі ауасын шығарып, қақпағын бөлек және өзін бөлек өткізу керек. Айран немесе сүттің қағаз қаптамасын жуып, кептіріп болған соң қайта өңдеу бекетіне берген жөн.

Он бірінші күн – судың да сұрауы бар! Суға түсетін уақытты қысқарту арқылы сіз таза судың ысырап болмауына үлес қосасыз. Таймерді бес минутқа қойып, белгілеген уақытта шомылып болуға тырысыңыз. Иә, бұл миға сыймайтын тапсырма болып көрінуі мүмкін. Бірақ осы тапсырманы орындау арқылы суды үнемдеуді үйренесіз.

Он екінші күннің тапсырмасы өте қызық. Қағаз сүлгілерді қайта өңдеу технология тұрғысынан мүмкін емес. Сондықтан матадан жасалған орамалды бірге алып жүріңіз. Осы әрекетіңіз арқылы сіз қоқысты азайтасыз әрі ормандарды сақтауға көмектесесіз. Бұл тапсырманы орындағаннан кейін мен тамақтанатын жерлерде өзімнің орамалымды пайдаланамын. Егер ондай мүмкіндік болмаса, тек бір қағаз майлықты қолдануға тырысамын. Банкоматтан ақша аларда немесе дүкенге барғанда чек алмауға тырысамын. Бұл ағаштардың жойылмауына менің тарапымнан көмек. Чек алған күннің өзінде де оны қайта өңдеу бекетіне өткіземін. Сабақта пайдаланған қажет емес қағаздар немесе дәптерлерді қайта өндеу бекетіне тапсырамын. Сонымен қатар құйылмалы сусын бергенде, түтікшесін қайтарып беремін. Өйткені түтікше өте баяу ыдырайды. Теңіз тасбақасының мұрнына түтікше тұрып қалып, жануардың тыныс ала алмай қиналған бейнебаянын көрген соң түтікшілерден бас тарттым. Егер пайдалансам, бір реттік емес, шыны немесе темір түтікшені пайдаланамын. Оған қоса, кейбір кофеханаларға ыдысқа құйып беруді сұраймын. Мұндай мүмкіндік болмаса, өз ыдысыма құйып аламын. Өйткені кофенің қағаз ыдыстары қайта өңделмейді.

Он үшінші күні күнделікті өмірде істейтін әрекетімізді дұрыс орындаймыз. Таңертең және түнде тісіңізді тазалаған кезде суды міндетті түрде өшіріңіз. Беті-қол жуғанда да суды ағызып қоюға болмайды. Бұл – ысырап. Сондықтан да суды дұрыс пайдалана білейік! Бұл кішкентай қадам – қоршаған ортаны және сіздің ақшаңызды үнемдейді. Нағыз экобелсендінің тіс щеткасы бамбуктан жасалған болуы керек деп ойлаймын.

Он төртінші күн – тағы бір аптаны қайталап, жаңа әдеттерді саралайтын күн. Бір күн жеке көлігіңізде емес, қоғамдық көлікпен немесе велосипедпен жүріңіз. Ал жаяу жүрсеңіз, тіпті керемет! Бұл тапсырманы орындау арқылы қаланы қара түнекке орайтын көліктен шыққан газдың көлемін көбейтпейсіз. Ал мегаполистердің көшесінде арнайы велосипед бар. Жалға алып, емін-еркін пайдалануыңызға болады. Бір жағынан бұл да спорт, денені шынықтыру.

Экобелсенді болу үнемшілдікке үйретеді. Қалтаңызды қақпайды, керісінше, ысырапшыл болмауға баулиды. Сіздерге тапсырмаларды орындау қызық болғанына сенімдімін. Енді осы әрекеттерді күнделікті өмірде пайдалана білсеңіз, нұр үстіне нұр.

Назым САПАРОВА,

“Ұлан” газеті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз