Шығыс Түркістан өлкесінен 1955 жылы атамекені Қазақстанға көшіп келіп, баспа ісінде және әдебиетте өзіндік өрнегін қалдырған Оразақын Асқар шығармашылығының елеулі бөлігін балаларға арнады. «Тұңғыш», «Мейірім», «Ләйлә», «Көкорай», «Балқарағай», «Сәулет», «Таудай бол!», «Белжайлау», «Өркеш», «Баркөрнеу», «Керімсал», «Жарапазан», «Суретті әліппе», «Әріптер әлеміне саяхат», «Өрбұлақ», «Тәуелсіздік тартулары», т.б.
кітаптары жарық көрген ақын аталарың өмірден озғанша «Балдырған» журналынан көз жазған емес. Орекеңнің балаларға арналған өлеңдері мен ертегілерінің тілі жеңіл, көркемдік кестелері келісті болатын. Біз ақынның мерейтойына орай сендердің назарларыңа бір топ өлеңін ұсынып отырмыз.

ҚЫЗ ЖІБЕК

Жуас атқа жекелеп,
Қызымды алғаш мінгіздім.
Шылбырынан жетелеп,
Әрі-бері жүргіздім.

Мол шаттыққа кенелді:
– Көрсін бәрі бізді, – деп. –
Лаула емес, мен енді
Болдым, – дейді, – Қыз Жібек.

ТӘРБИЕШІ

Бізге тәртіп үйреткен,
Ән салдырып, билеткен,
Таныстырған ең алғаш
Әріптермен, суретпен –
Тәрбиеші тәтеміз.

Бізге тұғғыш тақпақ та
Жалықпастан жаттатқан,
Түсіріп топ сынына,
Жақсымызды мақтаттан –
Тәрбиеші тәтеміз.

Доспен тату ойнауды,
Мерекені тойлауды,
Бойымызза сіңірген
Көптің қамын ойлауды –
Тәрбиеш тәтеміз.

Білуге біз құмармыз,
Мазаңда алған шығармыз,
Таза сәби жүректен
Қабылдаңыз мың алғыс,
Тәрбиеші тәтеміз.

ЯСЛИ – БЕСІК ҮЙ

Бақ ішінде көрнекті,
Биік үй бар тамаша.
Сырты ою-өрнекті,
Көз тартады қараса.

Ата-анамен қоштасып,
Күнде күліп қаламыз.
Көп сәбимен достасып,
Би билеп, ән саламыз.

Бұл үйге мен әр күні
Сәлем берем иіле,
Кешке осы үй арқылы
Қайтады жұрт үйіне.

Талай сәби ер жеткен
Бұл үй – құтты ясли.
Бәрімізді тербеткен
Алтын ұя – бесік үй.

ЕҢ ӘДЕМІ АҒАШ

Жаздың күні орманда,
Саяхатта болғанда,
«Әдемі, – деп, – қай ағаш?» –
Айналаны шолғанда,

Біреу айтты даралай:
«Әдемі, – деп, – қарағай.
Жап-жасыл боп тұрады,
Қыс пен күзге қарамай».

«Ағаш жетпес еменге,
Тамыры оның тереңде, –
Деді біреу, – қараңдар,
Жетеді бой, көлем де».

Біреу айтты қайыңды:
«Ән боп аты жайылды.
Салады еске ақтығы
Аспандағы Айыңды».

Біреу айтты:
«Шетенге
Айтқандарың жетер ме?
Негізі асыл болмаса,
Жай тарта ма бекерге?»

Бірі құндап бағасын,
Тізді жеміс ағашын.
Зорға басты жетекші
Балалардың таласын.

– Саралап тал, теректі,
Іздедіңдер еректі.
Ойлап тұрсақ, адамға
Барлық ағаш керекті.

Бір орманда әр ағаш
Өскен жақсы аралас.
Ең әдемі, меніңше,
Құс ұясы бар ағаш.

ШҰҒЫНЫҚ

Шұғынықтың әр түбі
Бейне буған гүлдесте.
Жұпар иісі аңқыды,
Самал есіп бір кеште.

Гүл жоқ одан көрікті,
Тау еркесі – шұғынық.
Қыздар қызыл бөрікті
Отырғандай бұғынып.

ОМАРТАШЫ

Жүрсең өзен жағалай,
Өте алмайсың қарамай.
Қатар-қатар жәшіктер
Бейне ойыншық қаладай.

Бір жоғары, бір төмен
Ұшады ара күркеден.
Омарташы ағай жүр
Бетін тормен бүркеген.

Бармағынан бал тамған
Ол – еңбеккер дарқан жан.
Бала түгіл, балына
Үлкендер де тамсанған.

ТАУ БҰЛАҒЫ

Қайнарың шың басында,
Қиялдағы мекендей.
Ақ қар жатыр қасында,
Суыңа еріп шекердей.

Күнде саған бұрылар,
Нұрра бөлеп бар маңды.
Қайнар, нөсер, сүрі қар –
Толтырады арнаңды.

Атаны еске салады
Сарқырама «сақалың».
Сергітіп ой-сананы,
Жағаңда аунап жатамын.

БӘСІРЕ ҚҰЛЫН

Торы құлын туғаннан
Болды менің бәсірем.
Кездерімде суарған
Тұрды сипап, қасып ем.

Байланған жоқ қазыққа,
Еркін асыр салады.
Құйындатып жазықта
Шауып-шауып алады.

Болса ұзар, түрі бар
Торы бие кісінер.
Құлын тоқтап, бұрылар,
«Қайт» дегенін түсінер.

Амал қанша, әзірше
Аяқтары жіңішке.
Ат болғанмен өзінше,
Жарамайды мініске.

суретін салған Елана ЛЫСЕНКО

«Балдырған» журналы, №4
Сәуір, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз