Нұршат Іскендірова – Арал қаласындағы №83 орта мектептің түлегі. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде Шетел тілі: екі шетел тілі (ағылшын және корей тілдері) мамандығында 4-курста оқиды. Шетелде оқуға арналған әртүрлі бағдарламаларды қарап, мүмкіндікті құр жібермеу керектігін түсінген ол оқуын Оңтүстік Кореяда жалғастырғысы келді. Сөйтіп былтыр «Қос диплом» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Корея мемлекетіндегі Кангнам университетіне оқуға түсті. Нұршат бізге шетелдегі оқу бағдарламасы мен студенттік өмірі туралы әңгімелеп берді.

«2019 жылдың наурыз айынан бері «Қос диплом» бағдарламасы бойынша Кангнам университетінде білім алып жатырмын. Алғашқы бір жыл бойы тілдік курста корей тілін жетілдірдім. Осы жылдың наурыз айынан бері университетте «Korean-English cultural content» мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Құдай қаласа, 2021 жылы желтоқсан айында оқуым аяқталып, қолыма екінші дипломымды аламын. Кангнам университетін таңдаған себебімнің бірі – екі диплом алу мүмкіндігі еді», – дейді Нұршат.

– Бұл оқу орны туралы қайдан білдіңіз?

– Оңтүстік Корея елі туралы алғашқы танымым осыдан 10 жыл бұрын, сол кезде елге кеңінен тарап, санамызды жаулаған тарихи сериалдардан бастау алды. Корей сериалдарын көріп, осы елге бір барып қайтсам ғой деп армандайтынмын. Бірақ дәл сол кезде ол мүмкін еместей болғанымен, араға уақыт салып, тағдыр мені Кореядан бір-ақ шығарды. Кангнам университетіне екі оқу орнының арасындағы келісімшарт бойынша түстім. Мен оқып жатқан университетте қазақстандықтар да «Қос диплом» бағдарламасы бойынша оқыған. Бұл университетке түсу үшін корей тілінде «Оңтүстік Кореяда не үшін білім алғым келеді?» деген тақырыпта презентация қорғадық. Оқу тобымда 18 қыз болса, соның ішінен 2 қыз ғана Кореяға жолдама алдық.

– Кореядағы оқу мен біздегі оқудың айырмашылығы қандай?

– Екі елдің арасындағы оқуда біраз айырмашылық бар. Кореяда университетте топпен оқу деген ұғым жоқ. Әркім өзі үшін жеке оқиды және белгілі бір кредиттер бойынша қалаған сабақтарды өзі таңдай алады. Әр сабақты әртүрлі адамдармен оқисыз, бірақ ол семестр сайын өзгеріп отырады. Ал Қазақстанда топпен оқимыз, пән таңдау көбіне студенттердің қалауымен жүзеге аспайды. Университет қандай сабақтарды бекітсе, студенттер сол сабақтарды ғана оқиды. Кореяда сабаққа қатысуға қатты мән беріледі. Бір семестрде бір сабақтан екі реттен көп себепсіз қалсаң F қойылады. Ал Қазақстанда қалу себебіңді айтсаң, оқытушылар түсінеді. Корея­да студенттер өте еңбекқор, көп ізденіп, көп оқиды. Тіпті емтихан кезінде кітапхана мен кофешоптар бос болмайды. Барлығы емтиханға дайындалған студенттерге лық толады. Білімге қатты мән беріледі. Жақсы бағаға қол жеткізу үшін, көп еңбектену керек. Мысалы, бір топта 20 студент болса, соның тек бесеуі ғана «5», алтауы «4» алуы қажет. Сол үшін олар таңнан кешке дейін бір-бірімен жарысып оқиды. Қазақстанда да осылай білімге қатты мән берілгенін қалаймын.

Кореяда оқығанның артықшылығы – сабақты өзің таңдайсың, сабақ кестесін өзіңе ыңғайлы уақытқа қоясың, қалаған мұғаліміңді таңдай аласың. Студенттерге жағдай жасалған. Ең кере­мет артықшылығы – 1 семес­трде 2 емтихан: мидтерм және қорытынды емтихан ғана болады. Сонымен қатар, шетелдік студенттерге тіл үйренуге арнайы еріктілер көмектеседі. Дегенмен кемшіліктері де бар. Кейде үй тапсырмасын көп береді, өзгелермен таласамын деп күйзелесің. Сабақтан алған бағаларыңды тек семестр соңында ғана білесің, егер таңдаған сабағың корей тілінде болса, кейбір профессорлар сені корейлермен бірдей көріп, қиын тапсырмалар береді.

– Студенттерге қандай жағдай жасалған?

– Әр семестр сайын, яғни жылына екі рет түрлі фестиваль өтеді. Бұл фестивальдерге Оңтүстік Кореяның танымал әншілері мен топтары келеді. Жатақханада да арнайы пати өткізіліп, тегін тамақтар таратылады. Емтихан сайын жатақханадан әр бөлмеге тегін тамақ беріледі. Университеттердің ішінде әртүрлі кофешоп, студенттер демалатын орын мен сабақ оқитын жерлер қарастырылған.

– Кореяда оқуға ниетті жастарға қандай кеңес бересіз?

– Шетелде оқу оңай емес, сондықтан бар күшті оқуға салу керек. Тек сабақ оқып қана қоймай, көптеген дос тапсаң, тілді тез меңгеруге мүмкіндік болады. Ой-өрісіңді дамытып, сол елдің мәдениетін үйреніп, заңына бағыну керек.

Мерей Ауғали,
Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Мұса Шорман ауылы.

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз