Әкем – Тәңір, өзің –
Ұмайсың, мама,
Ал, мен –
Құдайдың баласымын.

Қаратаудың құрдасындай қариялардың әңгімесін, Келіншектаудың абысынындай кемпірлердің қарғысын естіп өскен ауылда бұл сөзді естіген емеспін. Кейіннен
сұрастырдым. Біздің елде де бар екен. Тек бұл сөзбен аталатын адам болмаған шығар.
Қуанарым да сол…

«Құдайдың баласы». Бұл сөзді естігенде әсіредіндар, қысқабалақтылар «Субханаллах» деп ыршып түсіп, иегіндегі періштелерді тербеткен «қара тікендері» дір-дір етер еді. Дінді қазақ дәстүрімен астастыруға тырысатындар: «Ойпыр-ай, адамның басы Алланың добы дейтін бұ қазақтан да осындай сөз шығар ма?» – деп шын мағынасын іздеп шарқ ұрып кетер. Күмбезіне айқыш қадаған жұрттың көз алдына креске керілген Иса келер. Ал қазақы танымы қалыптасқан көпшілік «е-е» дегеннен ары аса алмас… Бірақ осы біз қазақы түсінікке жақын санайтындардың өзі танымынан тамыры үзіліп, түсінбей жататын кездері де болады.

ТАҒДЫР ҚЫЗҒАНУ

Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» атты повесі бар  екенін бұрыннан білетінмін. Жақын ағам: «2008 жылдары ескі телефонымның кішкентай экранынан көз майымды тауысып оқыған едім», – деп көп айтатын. Ақберен аға жақында сол повесті толықтырып қайта жазып шықтым дегенде қолжазбасын сұрап алғам. Астана қаласынан қайтар сапарымда мінген таксиімді арнайы көшірме орталығының жанына тоқтатып, «Болмаған балалық шақ» повесінің қолжазбасын шығарттым. Астананың «Нұрлы жолынан» вагонға қолжазба ұстап кірген мен Алматы вокзалынан қызғаныш құшақтап түстім. Жазуын қызғанбадым. Автордың тағдырын қызғандым. Адам ретінде емес, жазушы ретінде.

Білгіштер халық бойындағы кертартпа мінездер мен ойлардың жауабын идеологиядан іздеуге құмар ғой, ал бұл мінездің қай идеологиядан жұққанын білмеймін, әйтеуір, «қалам ұстаған адамның тағдыры қиын болуы керек» деген бір түсінік бар емес пе? Міне, осы түсініктің сарқыншағы менің де бойымнан табылды. Жә, бұл туралы соңынан айтармын.

«Болмаған балалық шақ» мені «болған» балалық шағыма еріксіз сүйреді. Ондағы әрбір кейіпкер біздің ауылда да бардай. Тіпті бүкіл оқиға менің ауылымда өтіп жатқан секілді және мұны оқыған кез келген адам солай елестетер еді. «Балалық шаққа саяхат», «Жабайы алма» романдарын алғаш оқып біткендегі балалық сезімдер ойға оралады. Бастауыш сыныпты бітіре салғанымда әкем осы Бердібек пен Сайынның кітабын қолыма ұстатқан. Сол шақтағы балалық сезімдер «пазлдың» жетпей тұрған бөліктерін «Болмаған балалық шақ» толықтырғандай. Жалпы повесті төрт бөлікке бөлуге болатын шығар.
1. Періште
2. Құдай
3. Адам
4. Әлем

ПЕРІШТЕ

Анау ару Анам ба, теріс қарап,
Кімді қысып барады құшағында?..

Сатыбалды Нарымбетовтің «Көзімнің қарасы. Жас аккордеонистің өмірнамасы» фильмі есіңізде болар. Мектептен жүгіре шыққан Ескен үйіне  асығады. Жасы 7-8-ге келіп қалса да, анасының омырауынан шықпаған. Шешесінзарлатып, қақсатып, ұрысып жүріп омырауына жармасады. Тезек теріп жүрген кемпірден де ұялмай емеді. Әке мен шешенің жалғыз перзентіне жарасатын-ақ әрекет бұл. Ешкімнен қаймықпай, реті келсе өзінен үлкен балалармен төбелесе кететін, көшеде өзіне ұнамаған үлкендермен де боқтаса кететін ерке Ескеннің өмірі әкесін НКВД алып кеткенде күрт өзгерген еді.
«Әкесі тірі ұлдың балтасы тас шабады» дей ме…

Осындай сәттердің бірінде Ескеннің анасы қасына отыра қалып, омырауын шеше беріп: «Емесің бе?» – дейтін деталь бар фильмде. Баласының көңілін аулағысы келген болар… Бірақ Ескен осы сәтте ғадетінен жаңылып: «Жоқ, ембеймін!» – деп орнынан тұрып кететін еді. Кинодағы Ескеннің мезгілінен бұрын ержеткенін осы детальдан-ақ байқауға болар.

Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» повесіндегі дәл мұндай детальдің тамырын дәл басуқиын, әрине. Ондағы баланың әкесі тірі, есінде қалмаған кезеңін періштелік кезеңі десек, осы бір періштелік кезеңі анасының күйеуге тиюімен аяқталса керек. Әрі бұл баланы тағдыр есейтуге тым асыққандай көрінеді. Анасы өзгеге күйеуге тиген жылы-ақ жалғыз сүйенер әпкесі Талдықорғанға оқуға кетеді. «Жиен ел болмас» деген сөз көбіне жиендерге әзіл үшін айтылар болса да, бұл сөздің шын ауырлығын
нағашысында жалғыз қалған«Сары үрпектің» тағдыры ашып тұрған секілді.

Шығарманы оқып отырып, баланың нағашы апасын «сары үрпекті» өз шешесіне, оның арғы жағында өгей әкесінің қолына беріп жібергені үшін жазғырасың. Қазақы кеңдікке салып, сол үйдің дастарханының шетінен ас ішіп жүре берсе де болар еді деп ойлайсың. Бірақ кемпірдің сөзін қайта оқып, оның да жүрегінің қаншалық қарс айрылып тұрғанын байқайсың.

«Әй, Тұрлығайша, балаңды қолыңа алып, өзің тәрбиеле. Менің енді оған шамам жоқ. Оның үстіне мына жақта жүріп, жеңгелеріне жексұрын болғанша, жейтін таяқты өзіңнен жесін». Ата мен апаның баласы болып, өз әке-шешесінің қолына ауысқан бала ғана бұл жайды сезіне алар еді. «Балам! Сен ержеттің. Енді қалаға, әке-шешеңнің қолына барып оқуың керек. Ауылда қандай білім бар дейсің?» – деп еді маған да. Бірақ мені сол шақта атам мен апамның бұл сөзді дәл кіші ағам үйленіп, келіншек әкелгенде айтқаны ойландырған жоқ еді. Кейіннен үлкендермен ашық сөйлесе келе, өзім де үлкейе келе түсінгендей болдым.

«Сары үрпектің» нағашы әжесі айтар мұндай жылы сөз табылмаған секілді. Өйткені немересінің бара жатқан жері белгілі. Қалай алдаусыратайын десе де қиюы келісе қоймас.

Жалпы бала деген жеңгенің айтқанын бір істейді, екі істейді. Үшіншіде ағасы болмаса сөзін құлаққа ілуші ме еді. «Сары үрпек» те солай еткен шығар. Ал жеңге үйде жүрген баланы жұмсағысы келері анық. Осы тұрғыдан ене мен келін арасында көп дау туындап жататыны да бар. Кемпір бейшара немересін қуаты жеткен күнге дейін-ақ қорғаштап, қорып бағады. Соңыра адуын ененің өзі келінге жығылары, соның қабағына қарап қалары анық. «Сары үрпектің» осы шағы кемпірдің қуаты кеміген тұсқа тап келгендей.

Бірді айтып бірге кеттік-ау. Жә, сонымен «Сары үрпек» қашан есейді? Ағасы
Данышпанның өлімінен кейін бе? Жоқ. Баланың ағасынан айырылып, жанының тоз-тозы шыққаны рас. Бірақ қасында анасы, анасы кетсе ана орнына ана болар әпкесі бар баланың бұл оқиғадан есейе қоюы екіталай. Бұл жағдай бала санасындағы өлім туралы түсінікті кеңейткен шығар. Бірақ есейте қоймады.

Анасы Тұрлығайшаның күйеуге тигені ме? Иә. Бұл бала санасына сыймас дүние болатын. Осы жағдай оның есею жолындағы алғашқы баспалдақ еді. Бірақ толықтай сілкіну үшін оның әпкесі Маржан оқуға кету керек. Бұл – «Сары үрпектің» есеюіндегі екінші саты. Ал баланың нағыз періштелігін, балалығын тартып алған дүние – аяушылық болса керек. Бұрын мұның «қияли» әңгімелерін тыңдап, күлісіп алып тәтті-құттыларын берер жұрт, енді мұның әңгімесін тыңдамай-ақ, көре қалған жерде қалтасынан барын шығара беретін болған. «Сары үрпекті» шын есейткен, есею жолындағы шешуші саты болған осы жұрт көзіндегі «жетімекке» деген аяушылық
еді.

Десек те, бұл – мәселенің бергі жағы. Арысы тіпті терең. «Сары үрпектің» ерте есеюіне әпкесінің оқуға кетуі, анасының күйеуге тиюі, ағасының өлімі себепші болды десек те, ең негізгісі әкесінің өлімі болатын. Тек оны бала білмейді. Еміс-еміс қана есінде.

Әкесі қайтыс болмағанда анасының төркініне келмес еді. Анасы Тұрлығайша Қалаңға күйеуге тимес еді. Өгей әкенің өктемдігін көрмес еді. Бәлкім Данышпан да тірі қалар ма? Кім білсін? Бірақ, болар іс болды. Оның болғанына бала емес, әке емес, шеше емес, Семей полигоны кінәлі. Бұл туралы автор сөз арасында айтып кетеді:

«Данышпанның дерті – қарғыс атқыр КСРО-ның басшылығы жасаған Семей
полигонының зардабынанмпайда болған ауру. Әкеміз Шұбартау ауданының тумасы болғандықтан, сынақ полигонына жақын жерде туып-өсті. Тіпті, оның өмірден ерте кетуі де осы ядролық сынақтардың салдарынан болды деп ойлаймын».

Автор тұтас кітабында полигон жайлы сыңар бет әңгіме қозғайды. Оқырман
бұл тұстан: «Е-е, ондай көп болды ғой», – деп сырғып өте шығар. Және автор да негізгі желіден аса ауытқымас үшін бұл тұсты әдейі сипап өте шыққанға ұқсайды. Дегенмен сәби басындағы бүкіл трагедия осы автор желіп өткен тұстан басталған. Дәлірек айтқанда, 1949 жылғы 29 тамыз күнгі таңғы сағат 7. 00-де.

КСРО-ның 70 жылдық езгісін, арғы жағындағы патшаның заманын айтып, халық емес, саясат жауласатынын сөз қылып, бұл мәселені тарата түсуге болатын еді. Бірақ қажеті не? Балалығы болмаған бала тағдыры бұл туралы сіз бен бізден артық сыр шертеді.

Сонымен, «Сары үрпек» періште шағында ағасының өлімін көрді, шын жалғыздық сезінді, Құдайдың баласы екенін білді. Енді ол «әкесін» іздейді…

Сары үрпек Данышпан ағасымен

ҚҰДАЙ

Жазушы суреттеген сәби
санасындағы Құдай
образының қалыптасу
процесін адамзаттық
құдайтану ілімінің
кішірейтілген моделі деуге
болады.

Этнограф Лев Штернберг: «Осы уақытқа дейін діни түсінігі жоқ бірде-бір халық болмаған. Ғылымда мұндай дерек тіркелген емес», – дейді. Ал ислам діні «Ескертусіз қалған қауым жоқ» дейді. Екі сөздің түбі бір делік.

Ғылым: «Кез келген құдайлық, діни түсініктің өзегінде адамның өзінен ақыл мен күш жағынан жоғары біреуге сүйену идеясы жатыр», – деп түйіндейді. Бірақ еркін жүрген адамға қожайынның не қажеті бар еді? Оның үстіне сонша қаһарлы, сонша қатал қожайын ешкімге ұнай қоймасы анық. Яғни Құдайды адам ойлап тапты деген пікірді жауып тастай салған абзал. Жалпы Құдай мен адам арасында мистикалық байланыс бар екенін жоққа шығару мүмкін емес. Бұлай болуына жерге түсті деген 124 мың пайғамбардың да еңбегі бар десек те, Құдайды тым қатал көрсетіп жібергендер солардай көрінеді маған. Соңынан ергісі келмеген халықты қорқытудан артық қандай тәсіл бар еді?!

Ал Тәңір мен адам арасындағы мистикалық байланысты әрбіріміздің бойымыздағы Құдай демімен, одан бері пайғамбарлық қанмен түсіндіруге болар. Біздің онымен ешбір діни түсініксіз, ешбір кітапсыз, ешбір пайғамбарсыз сәби кезімізден-ақ тілдесе алуымыздың себебі пайғамбар ұрпағы болуымыздан, бәлкім. Топан судан кейінгі Нұхқа талас көп қой. Бірі бүкіл адамзат осы пайғамбардан қайта тарады десе, бірі оның қасында «сахабалары» болды дейді. Бұл таласқа араласпай, Адам атадан тарағанымыз рас болса, Адам ата тұңғыш пайғамбар емес пе еді?

Фрейд бір сөзінде: «Бала санасындағы Құдай туралы алғашқы түсінік әсіресе
әкесіне қарап пайда болады. Әкелер қаталдау әрі ақылды болады және олардың қолынан бәрі келетіндей елестейді сәбиге», – деп болжам жасайды. Құран сөзіндей сендірмесе де, құлаққа енердей. Тек біршама толықтыру керек. Мысалы, сәби әкесіне қарап бейсаналы Тәңірдің «бейнесін» ғана елестетер. Ал әкені дәл Құдай кейпімен салыстыруы біз айтқан құдайшылық, пайғамбарлық байланыстан деген болжам жасауға болады.

Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шағында» сәби әкесінің бейнесін елестеткенде, ту сыртынан тік көтеріп, атқа отырғызған қарулы қолдарды ойлайды. Егер З.Фрейдтің болжамына сүйеніп, сәби санасындағы Тәңір мен әкенің ұқсастығы бейсаналы деңгейде қалыптасарын ескерсек, шығармадағы бала өзін көтерген қолдардың өзін қорғайтынына және оның мейіріміне анық сенердей. Шығармадағы «Сары үрпек» өз ойындағы Құдайды осындай мозаикалардан құрастырады және ол бала Құдайға шексіз сенеді. Оның мейіріміне, өзінің тілегін орындайтынына сенеді. Бұл сенім мәселесінде бала санасына екі оқиға қатты әсер қалдырса керек. Бірінші, апасының айтуымен «Мен құдайдың баласымын» дегенде Қарабұжыр баланың күлетіні бар.

– Құдайдың баласы? Хахахахахаха! Қайдағы Құдай? Құдай жоқ қой! Не тантып тұрсың?

– Қалай жоқ, бар?! Апам айтқан! – деп аңтарылып қалдым кәдімгідей.

– Апаң оттай береді, Ленин «Құдай жоқ» деген.

– Кім ол Ленин деген? Ол менің апамнан артық біле ме, не?

– Ой, ақымақ, анау автобаздың маңдайшасында кімнің суреті тұр? Сол Ленин
деген атамыз. Сол айтқан «Құдай жоқ» деп».

Сәби санасындағы һақ Құдай мен «жасанды» Құдай таласы осылай басталған. Бірақ бұл мәселенің жауабы оңай табылады бала үшін. Жұрт Ленинді не деп мақтаса да, «Сары үрпек» Құдайға көбірек сенетіндей. Кез келген уақта Құдаймен тілдеседі. Құдайдан сұрайды.

Маржан әпкесі оқудан демалысқа келіп, қайтуға жиналғанда баланың көрпе
астына тығылып жатып Тәңірден тілейтіні бар. «Есік ақырын жабылды. Аулада күбірлеген біреу Маржанды шығарып салып тұрды. Кетті. Мен көрпенің астында алғашқы жасымды төгіп алдым. Сосын…

Сосын мен өзім бар я жоғына көзім анық жетпеген Құдайға жалбарындым. «Құдай аға, егер мені естіп тұрсаңыз, апайымды үйге қайтадан алып келіңізші! Ол кетсе, маған өте жаман болады. Маған Маржансыз өте қиын! Өтінемін Сізден, Құдай аға!».

Үш сағаттан соң апайым мінген автобус жол ортада бұзылып, Маржаным үйге қайтып келді. Қарабұжырдың Ленині қателескен екен! Әп, бәлем, кім айтты Құдай жоқ деп саған? Ей, қарабұжыр, Құдай бар екен! Алақай! Сөйтіп, апайым тағы бір күн қасымда болды».

Әрине, ересек адам жәй ғана кездейсоқтық санайтын оқиға бала санасында төңкеріс жасайды. Бәлкім бұл сәби санасындағы анық Тәңірдің Ұлы жеңісі. Мүмкін іштей іріп-шіріген Кеңес өкіметі идеологиясының, қолдан жасалған «құдайлардың» сәби санасындағы Ұлы жеңілісі шығар.

Повестің Құдайға қатысты тұстарын оқып отырып өзімнің балалық шығыма тағы оралдым. Расында бала кезде Құдай деген менің де көмекшім сияқты еді. Қозы бағып жүріп қозымды жоғалтып алсам, «тауып берші» деп сұраймын. Бұзықтық жасасам, «атам ұрса көрмесінші» деп тілеймін. Сабаққа дайындықсыз келсем «апайға менен сабақ сұратпай-ақ қойшы» деп жалбарынатынмын. Өзім қатарлы барлық бала осылай істер еді. Яғни әрбір бала қинала қалса Құдайды көмекке шақыра салатын және оны шақыру да тым оңай еді. Ересектердей бірінші дұға, намаз оқып, таспиық тартып, соңыра қол жайып: «Мен саған мадақ айттым, енді сен маған мынаны бере қал», –
деген сауда емес, Құдайдың көмектесеріне риясыз сенеді бала. Тәңірдің һақ екеніне шынайы сенетіндер осы – балалар.

Сонымен «Сары үрпек» Үржардан шешесі – Тұрлығайшаның, өгей әкесі
– Қалаңның қолына Құдайға нық сеніп аттанған еді. Әрі «Құдайдың баласы» екені туралы түсінігі де кеңейіп кеткен. Тіпті Құдай оның жеке көмекшісі болатын…

АДАМ

Адам – ұмытшақ һәм
ұмытушы

Шешем: «Бала кезімізде жерде жатқан нан тауып алсақ, «обалы неміске» деп көтеріп қоятын едік», – деп күліп отыратын. Ол кісінің балалық шағы шамамен 80-жылдар. Екінші дүниежүзілік соғыстың біткеніне 35 жыл өткен. Идеология дейміз, басқа дейміз, бірақ бұл соғыс қасіретінің ұмытыла қоймаған кезі еді. Сол 70-80-жылғылардан туған бүгінгі ұрпақ соғысты білсе де, оның қасіретін ұмытты. Тіпті адам ең тәтті кезі – балалық шағын да ұмытып кетеді екен. Ұмытпайды. Тек…

Кез келген бала – психолог, оған дау жоқ. Ол кімнің өтірік айтып, кімнің алдап тұрғанын жақсы біледі. Үлкендердің өтірік айтып тұрғанын сезеді. Сезе тұра алданады. Есіңізге түсіріңізші. Сізді сүндетке отырғызғанда қоржынға түскен ақшадан белесебет әпереміз деп алдады ма? Сіз соған шын сеніп пе едіңіз? Меніңше, көп бала сене қойған жоқ. Жәй ғана алданды, өзін алдаусыратты. Әке шешеңіз шырттай киініп бара жатып: «Доғдырға барамыз» немесе «қайтыс болған үйге барамыз», – деп сізді алдағанда сендіңіз бе? Күмәнім бар. Бірақ бала ойының шамамен 20 пайыз бөлігінде әрқашан: «Ал шын болса ше?» – деген ой тұрады. Яғни бала үлкен адамның өтірігіне ықтималдық теориясы бойынша 20 пайыз ғана сеніп, өзін алдаусыратып тұрғандай. Егер сол 20 пайыз ақталмаған жағдайда, бала санасындағы «өтірік» деген бөлім ішінен «авторлық өтірік» деген бөлімше ашылады. Ол осылай үлкендерді алдап үйренеді.

«Болмаған балалық шақ» повесінде «Сары үрпектің» өгей әкесі Қалаңның қырғыз шешесі бар. Өгей шешесі дегеніміз абзалырақ. Әкесінің бала көтермеген екінші әйелі. Бірақ осы отбасына, тіпті қазаққа сіңіп кеткен. Жасында сұлу, ерке қыз болған деген аңыз бар. Аты – Мәстен. Сол Мәстен адаммен жұғысып сөйлесе қоймайтын, екінің бірінің сөзіне сене қоймайтын қатал да өжет кемпір. Бірақ оның балаға алданғанын таңғаларлық деп бағалауға болса да, таңғалатын түк те жоқ.

Шығарманың осы жеріне дейін «Сары үрпектің» аузынан біршама өтірік естиміз. Бірақ олар бейкүнә өтіріктер еді. Ал оның төсбелгі үшін Мәстен кемпірді алдауы өміріндегі тұңғыш ойластырылған, алдын ала сценарий бойынша айтқан өтірігі, жасаған қылмысы еді. Бұл әрекетінен ешкім зардап шеге қоймаса да, мұндағы бала логикасына таңғаласың.

Бірінші. Бала расында кемпір көзіндегі мұңды дөп басады. Біздің «Сары үрпектей» зейінді баланың жанарынан мұндай дүниені жасыру мүмкін емес.

Екінші. «Сары үрпек» Мәстеннің ешкіммен ашылып сөйлеспейтінін, жерін тастап келген қырғыздың қызы екенін және оның сұлулығы туралы аңызды біледі. Ал мұндай үндемес адамды сөйлетудің, көңілін жібітудің бір жолы оның жанды жерін басу, яғни туған жері мен сонда өткен балалық шағын есіне түсіру екенін іштей біліп тұр.

Үшінші. Енді тек оның туған жерін байқатпай есіне түсіру керек.

Төртінші. Көңілі жібіген кемпір сандығынан бір қапшық «мысық суреті бар ирис кәмпитін шығарады». Әрине, импровизациясыз болмайды. Бірақ «Сары үрпек» қиыннан келістірудің шебері екенін өзі біледі ғой.

Жоржи Амадудың «Құм жағалаудың капитандары» атты романындағы балалардың жақында ұлы қайтыс болған отбасын алдайтын оқиғасы есіңізде ме? «Капитандардың» бұл отбасы туралы жан-жақты ақпарат жинап, араларынан солардың баласына ұқсайды-ау деген жігітті тауып, оған сол баланың атын беріп… Бұл да дәл Мәстен кемпірге арнайы ұйымдастырылған қылмыстық әрекеттей…

Жалпы «Сары үрпектің» жоспары толық орындалады. Дегенмен бала бұл өтірігіне іштей қиналады. Бейшара кемпірдің көңілін әдейі жібітіп, өз мақсаты үшін пайдаланғанына езіледі. Бірақ мәселе оның қиналысында емес, мәселе оның санасындағы өтіріктің жанжақты дамуында және ойға алған идеясының қулықпен шешім тапқанында.

Бала қулық-сұмдықты үйрене келе, Құдайдан ажырай беретіндей көрінеді. Ол
өтірік айтуды, біреуді алдауды меңгерген сайын Құдайдың көмегінсіз-ақ дегеніне жете алатынына сенімі күшейе берер. Сондықтан бұл әрекеттерді үйренген сайын Құдайды көмекке шақыру да, ол туралы ойлау да сирей бермек. Бұл баланың адамға айналу процесі болар. Яғни ұмытушыға…

Иә, ол өзі алдап соққан Мәстен кемпір секілді ұмытушыға айналып келеді. Мәстен кемпір де бала кезінде біреуді алдаған шығар. Ал бұл «Сары үрпекті» де есейгенде жанды жерін тауып басып, бір баланың алдайтыны анық және «Сары үрпектің» оның өтірігіне сенетініне де шүбәм жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, үлкендердің сөзіне сенбей, өзімізді алдаусыратқанымызды біле тұрып, балаларды есейе келе өзіміз де дәл солай алдай саламыз. Өзіміз сенбеген өтіріктермен алдайтынымыз да қынжылтады. Бұл адамның балалық шағын ұмытуы емей немене?

ӘЛЕМ

Дәуренімді өшірген алақайлы,
Талай сұмдық көрсем де талапайлы,
Мен әлемді кешірем. Бірақ қалай
жұбатамын іштегі балақайды?..

Балалық шағы туралы әндерінің бірінде Высоцкий шумақ соңын мынадай екі жолмен аяқтайды: «Коридоры кончаются стенкой, а тоннели выводят на свет». «Болмаған балалық шақтың» орта шенінен аса келе баланың тоннель ішінде екенін анық байқайсыз. Әкесінің ағасының қолына көшкелі оның айдарынан жел еседі, алдынан жарық көрінеді. Ал жарықтың арғы жағында бүгінгі әлем бар. Бірақ «Сары үрпек» бұл әлемді өзінің ішкі әлемімен таңғалдырмай, ол жақтан орнын таба алмасын сезгендей. Қалам ұстайды. Өлең жазады. Тоннел соңында көрінген жарықтағы әлемді таңғалдыру үшін өзінің ішкі, ғажайып әлемін жасап жатыр.

Бұл әлемде бәрі бар. Анасы, апасы, жеңгелері, Данышпан ағасы, Маржан әпкесі… Тіпті оның балалық шағын болдырмауға барын салып баққан өгей әкесі Қалаң да «Сары үрпектің» әлемінің бір бөлшегі және ажырамас бөлшегі. Бәрі-бәрі Құдай жоспарының, баланың тоннель соңындағы жарықты таңғалдыруға бағытталған әлемін қалыптастыру жоспарының жеке-жеке «миссионерлері» іспетті.
Мақала бастауында қазаққа қызыл өкімет көрсеткен езгіні бір түйіп қалдырған едік. Осы тұста сол түйінді тағы бір тарқатып алудың кезі келіп тұрғандай. Ол түйінді біз Қалаң үшін тарқатамыз.

«Сары үрпектің» періштелігінен ажырап, ерте есеюінің басы КСРО-ның Семей полигонын салуынан-ақ басталғанын айттық қой. Бірақ балалығын құтқаруға болар еді. Өгей әке қолында бақытты болмаса да, балалығын жоғалтпай өскендер мен өсіп жатқандар аз емес қой. Бірақ біздің баланың тағдыры Қалаңа тура келген-ді. Балаға бақытты балалық сыйламақ түгіл, балалық дегеннің, бақыт дегеннің не екенінен хабарсыз, баққан қойынан басқаны білмейтін қараңғы Қалаң «Сары үрпектің» балалығын ұрлаған негізгі кейіпкер болса, Қалаңның балалығын ғана емес, барын да, нарын да ұрлаған Кеңес өкіметі көмескі кейіпкер. Барлық бақытсыздың осы қарапайым оқырман көзіне түспейтін көмескі һәм жасырын кейіпкерден басталғандай.

Қалаңның шығармадағы портреті отыздан әбден асқан, бірақ қырыққа жете қоймаған еркекті елестетеді. Ал шығарма оқиғасы 80-90-жылдардың арасына өтіп жатқанын ойласақ, Қалаңның балалық шағы соғыстан кейінгі жылдарға, сол кезеңдегі ауыр еңбекке тура келгенін байқауға болады. Ал ондай заманда шын қызыққан болмаса, Қалаң секілділер оқудың маңайынан да жүрмеген болар. Оның үстіне Отаны да оқытуға аса құштар болған жоқ. Расында ол кезең әскерге барған қазақтар «құрылысшылар» батальонында әскери қызметін өтеп, оқыса қазақ баласы тек мал дәрігерлік пен мұғалімдікке ғана оқитын. Ал көпшілік қазақ жұрты малшы, сушы, егінші болатын. Қалаң да оқымай, Отаны оқытуға құлшынбай, қырда қой бағып, қараңғыда қала берген адам. Осы тұрғыдан келгенде оны не деп кінәлауға, оған нендей күнә
артуға болар екен? Ал біздің жасырын кейіпкеріміз туралы мұнан артық тереңдеуге тағы құлық жоқ.

Шығарма ішінен де автордың біреуді айыптаған, өзінің басындағы қиын тағдырына нала төккен, өгей әкесіне қарғыс айтқан жерін кездестіре қоймайсыз. Шығармадағы негізгі кейіпкер, бүгінгі автордың ешкімге реніш айтпайтыны, балалығын ұрлағандар жайында артық сөзге бармайтыны және балалық асылық ойларын бүгінгі тұрғыдан кеңшілікке салып суреттеуі таңғалдырады. Бірақ автор ішіндегі баяғы анасының күйеуге шыққанға дейінгі баланың өмір сүріп жатқанын көпшілік оқырман байқай қоймасы анық.

Оның тоннель соңындағы жарықты таңғалдыру үшін жасаған әлемі, жазған өлең, оқыған кітабы, ұмтылған мақсаты – бәрі-бәрі сол іштегі «Құдайдың баласы» үшін еді. Бәлкім, бұл жазылған шығарма да сол балақайдың базынасынан туды ма екен?

ДӘЙЕКТЕР АРАСЫНА СЫЙМАЙ ҚАЛҒАН ОЙЛАР…

* Құдайдың баласының тағдырын адам ретінде де, жазушы ретінде де қызғану – ақымақтық. Мұның астарында басына салмағанның кебі жатыр…

* Фрейд «бала әкесіне қарап Құдай бейнесін қалыптастырады» дейді. Егер осы сөзге сүйенер болсақ, қоғамдағы ортасының бұзылуы – құдайсыздыққа апарардай…

* Бұл кітаптағы бала тағдырының қиындығы емес, ол баланың өсіп-жетіліп, қиын тағдыры турасында осынша мейіріммен жаза алғаны таңғалдырады.

* Автор жетімнің өмірін баяндайды. Шығарма баланың, әсіресе «Құдайдың баласының» өмірде ешбір нәрсені, ешбір детальды ұмытпайтыны жөнінде әңгіме қозғайды. Ал оқырман күндердің күнінде оның өсіп-жетілетініне көз жеткізеді.

* Болмаған балалық шақ. Жетім бала. Өгей әке. Көз алдыңызға күңгірт сюжет елестейді. Бірақ кітапты оқып шығып, мына өмірдің ғажаптығы туралы әңгіме қозғайтыныңызға сенімдімін.

/Соңы/

Досхан Жылқыбай

«Ақ желкен» журналы, №4
Cәуір, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз