Жәмилия Кенжатай – Павлодар қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы. Жәмилия жетекшісі Анна Шевчукпен бірлесе отырып, ғарышкерлерге арналған мармелад ойлап тапты. Өнертапқыш өреннің бұл жобасы  «Ғарышкерлерді функцоналдық қоректендіруге арналған ламинария қосылған жеміс мармеладының рецептурасын әзірлеу» деп аталады. Күні кеше  Жәмилия мен Анна Николаевна халықаралық авторлық құқық күнінде куәлікке және авторлық құқыққа ие болды. Жәмилиямен жобасы туралы аз-кем сұқбаттастық.

– Бұл жобаны іске асыру ойыңызға қалай келді?

Биология сабағында адам ағзасындағы микроэлементтерді зерттедік. Онда Қазақстанда 14 облыстың 11-і йод тапшылығынан зардап шегетінін білдім. Біз бұл мәселені зерттей бастадық. Азаматтар құрамында йод бар тағамдарды көбірек тұтыну керек деген қорытындыға келдік, ал олардың ең байы ламинария. Алайда теңіз балдыры дәмсіз. Сондықтан біз балдырлар қосылған тәтті мармелад жасауға тырыстық. Осыдан кейін біз ғарышта адам ағзасы күйзеліске ұшырайтынын және оған йод және кальций қажет екенін білдік. Сол себепті біз өз өнімімізді өзгерттік.

– Мармеладтың құрамы неден тұрады?      

Мармелад 100% табиғи өнім. Құрамында табиғи шырындар, агар-агар бар және ең маңызды және басты ингредиент – ламинария.

Бұл мармеладты тек қана ғарышкерлер пайдалана ма?

Жоқ, мармеладты  барлығына пайдалануға болады. Себебі йод тапшылығы мәселесі қазір елімізде өте өзекті.

–Жобаны іске асыруда қиындықтар болған шығар…

Рецепт жасаған кезінде қиындықтар туындады. Өйткені йодтың күнделікті қабылдауын анықтау үшін барлық аспектіні зерттеу қажет болды. Мармеладтың дұрыс консистенциясы үшін агар-агардың мөлшерін анықтауға көптеген талпыныс жасалды.

– Мектепті аяқтауға да аз уақыт қалды. Мектепті тәмамдағаннан кейін де бұл жобамен айналысасыз ба? 

Осы жобамен айналысып, әрі қарай дамытқым келеді, университетте бұл үшін жеткілікті уақыт бар деп сенемін.

– «Ұландық» достарға қандай кеңес берер едіңіз?

Жастарымыздың ешқандай қиындықтан қорықпағанын және әр идеясын жүзеге асырғанын қалаймын. Ұстаздар оқушыларды ғылыми жобаларда ылғи қолдайды. Ал оқушылар әрдайым аяғына дейін жетіп, қиын жағдайдан бас тартпауы керек. Қалай болғанда да, бұл баға жетпес тәжірибе.

Мерей АУҒАЛИ,

«Ұланның» жас тілшісі.

Мұса Шорман ауылы,

Баянауыл ауданы,

Павлодар облысы.

“Ұлан” газеті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз