Әкемнің інісі бар. Жасы сексенге жақындаған кісі. «Менің Ғалымжаным Бейсен Құранбектің құрдасы», – деген сөзді әр сәт зор дауыспен айтып қалатын. «Иии, бір класта оқыса қайтер екен, құрдасы деп төбемізді тесіп жібере жаздайды ағаларың», – деп жеңгесі күледі оған. Бейсен Құранбек жүргізген бағдарламаны көрген сайын осы сөзді айтып, біз де күліп алатынбыз. Құдай-ау, адам жақсы көргесін әйтеуір бір жақындық іздейді екен ғой. Біздің көкеміз де сондай асыл азаматтың туған баласымен құрдас болғанының өзін мақтаныш көріпті.

Жақын апайымның анасы бірде Бейсен ағамызбен тамақ ішетін орында кездесіп қалыпты. «Өмірде басқа екен ғой», – деп аң-таң болыпты. Бірге суретке түсіпті. Сонда апамыз: «Әлі сене алар емеспін. Бейсенмен суретке түсетінімді білгенде әйбат көйлегімді киіп келер ем ғой», – деп толқыпты.

Егер алғыс-бата алуды тізімдеп отыратын өмір тақтасы болса, Бейсен Құранбек соның ең басында тұрар ма еді деп ойлаймын. Қазақстанның әр түкіпіріндегі әр адам жоғарыдағы көкеміз бен апамыз секілді жақсы көргеніне бәс тігемін. Әрқайсының Бейсен аға туралы осындай әдемі естелігі бар.

«Бейсен Құранбек қайтыс болды» деген қаралы хабарды естігелі бері қаншама естелік оқыдым. Не деген махаббат?! Құдай-ау, онша-мұншаға көңілі тола бермейтін қазақта осыншама сүйкімді, сыйлы адам болады екен-ау… Бейсен ағаның жақсылығы өткен адамды санап тауыса алмайтын сияқтысың. Бір ғана мысал – ағамыз аптаның бес күні журналист болып қызмет етсе, сенбі күні жәй ғана қаланы аралап, көшеде қол көтерген жолаушыны қалаған жеріне ақысыз жеткізіп тастап жүріпті. Үкіметтің берген демалысының өзін өзіне қимағаны ғой сонда.

Ағамыз «Айтуға оңай», «Қарекет» секілді әлеуметтік бағдарламаларға жылап келетін, көмек сұрап келетін жандардың мұң-зарын тыңдап қана қоймай, командасымен бірге мәселесін шешіп беретінін бәрі біледі. Бейсен аға жүргізген бағдарламалар соңғы 7-8 жылда бір партияның жұмысын атқарды.

Бейсен аға туралы естеліктерді оқып отырып бәріне қалай уақыт тапқанына миым жетпейді. Ол кісінің істеген істері физикалық тұрғыдан мүмкін еместей көрінеді. Қыл аяғы, біздің қанша өтінішімізді орындады. Кейде өтінішімізге ол кісі уақыт тапса да біз уақыт таппай қалған кезіміз болды. Осыдан бір жыл бұрын «Ұлан» газеті Қазақстанның әр аймағын аралап, сол өңірден шыққан тұлғалармен мектеп оқушыларын кездестіріп, тәрбиелік лекция сағатын ұйымдастырмақ болдық. Бейсен ағаға айтып едік, қолдай кетті. Тіпті шалғай өңірлерге жол шығынын өзі төлеп баратынын да айтты. «Әйтеуір жас ұрпаққа жаңқадай болсын пайдамыз тисе болды», – деді. Сонда аға ауырып жүрсе де, денсаулығын сылтауратып меселімізді қайтармады. Бірақ ол идеяны аға емес, біз орындай алмадық…

Бейсен ағаның бір ерекшелігі бір көрген адамын ешқашан ұмытпайды. Оны хабарына қатысқан адамның бәрі біледі. Осыдан жеті жыл бұрын «Ақ желкен» журналы мен «Ұлан» газетінің жас тілшілерімен кездесу өткізді. Сол кезде ағамыз барынша ашылып әңгіме-дүкен құрды. Балалар да балалықпен түрлі сұрақ қойды. Ағамыздың сол кезде жас өскінді жігерлендіргеніне, дұрыс бағыт бергеніне дән ризамыз. Сол кездесуге келген баланың бәрі қазір журналистиканың қазанында қайнап жүр. Одан кейінгі жас тілшілер форумында біздің балаларға тұтастай бір бағдарлама арнады. Қанша форум өткізсек, соның бәрінде жас тілшілерді Бейсен ағамен кездестіріп, хабарына түсіріп отырыппыз. Біздің редакцияның ең жанашыр адамы еді. Сол көрген балаларының біреуін ұмытпағанына, аты-жөнін жаттап алып, өмірінің соңғы сәтіне дейін соларға бағыт-бағдар беріп жүргеніне таңғалдық.

Жас тілшілермен жеті жыл бұрынғы кездесуінде отбасының жеті қағидасы туралы айтқан еді. Аға қайтқалы бері қаншама сайт көшіріп басып жатыр. Біз де балаларға асыл ағамыздың, мотиваторымыздың сол сұқбатынан кейбір үзінділерді қайталап  ұсынуды жөн көрдік.

БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕКТЕН ЖАСТАРҒА  ӨСИЕТ

–Адамның түпкі арманы – бақытты болу. Ол журналист, тракторшы, заңгер, суретші, әнші, биші, мейлі қандай мамандық иесі болса да, бақытты болғысы келеді. Әр күнін қуанышпен өткізу, өзін жақсы сезіну – кез келгеннің арманы. Осы сөзге келіспеймін десеңіздер, бірден айтыңыздар. Сіздер журналистикаға келіп жатсаңыздар, «осы мамандық бойынша бақытымды табамын» деп келіп жатқан жассыздар. Бақытты болу үшін адамға қажетті қарапайым нәрселер бар. Біз ол туралы айтпай-ақ қояйық. Өздеріңіз қалаған мамандықтың иесі болмай, сіздер өздеріңізді бақытты сезіне алмайсыздар. Бұл – заңдылық.

Құдай тағала мына өмірге біздерді жіберген кезде әркімге бір ерекше қабілет береді. Біреуге – суретшілік, біреуге – жазушылық, біреуге – тіл табысқыштық, біреуге тіл үйренуге бейімділік деген секілді… Кей адамның бойында бірнеше қабілет кездеседі. Мысалы, бір адам суретті керемет салып, өлең жазып, техниканы да, тілді де игеруі мүмкін. Бірақ жас кезіңде ең мықты қабілетің қайсы, соны танып алмай, бақытқа жетуің неғайбыл. Ең үлкен қабілетіңді басқа нәрсемен алмастырмау керек. Уақытымыз келіп, Құдай бізді мына дүниеден қайтып алып кеткенде, меніңше, ең бірінші қоятын сұрағы – «Мен саған осыншама қабілет бердім, ал сен оны қалай дамыттың? Өзіңнің, еліңнің, адамзаттың пайдасына жарата алдың ба?» болса керек.

Мен футболист болуды армандағанымды айттым. Футболист болайын десем, жасым жиырмаға келген, әскерге барып, сүйегім қатқан, шеберлікті үйренбегем. Бірақ менің бала кездегі арманым футболист болу еді, талабым таудай. Мен осы арманымның жетегімен футболист бола алар ма едім, қалай ойлайсыздар?

Жас тілшілер: Боламын десеңіз, болатын едіңіз ғой…

Бейсен Құранбек: Иә, ауылда, ауданда ғана ойнайтын футболист болар едім…  Ары кетсе облыстық деңгейге шығуым мүмкін, одан арыға көтеріле алмас едім. Өйткені, мен доп теуіп көрдім, бірақ қисық аяқ екенмін. Туа біткен футболистерді көргенде, менен түк шықпайтынын түсіндім. Содан апайларымның «шығарманы керемет жазасың» дегені есіме түсіп, журналист болуға бел будым.

***

Біз көбіне басқалардың арманымен өмір сүреді екенбіз. Көбіне әке-шешенің орындалмай қалған арманын балалары орындау керек сияқты болады. «Анау журналисті қарашы, біресе ана елге барады, біресе мына елге барады, теледидарға шығады. Сен де сондай болсаңшы». Бұл – үйдегілердің біреуінің арманы шығар. Енді бірі: «Бала кезімде журналист болуды армандап едім, ол арманға жете алмадым. Енді сен болшы», – деуі мүмкін.

Дүниеге жаңадан келген нәрестенің миы ақ қағаз сияқты. Мектеп бітіргенше ата-анаңыз, мұғалімдеріңіз, достарыңыз, туыстарыңыз, газет-журнал, теледидар сіздерге өз арманын ұсынған болар. Сіздер сол армандарды бойға сіңіріп өстіңіздер. Саналы адам ретінде арман өздеріңіздікі ме, әлде ата-ана, бауырларыңыздікі ме, оны анықтап, ажыратып алыңыздар. Өз арманыңызбен өмір сүрмесеңіз, бақытты бола алмайсыз. Мысалы, журналистикада «Неге осы мамандықты таңдадым, осы салаға бекер келдім» дегенді де, керісінше, жасы жетпіске келіп: «Құдайға мың да бір тәубе, осы журналистикаға келгенім қандай жақсы болған!» деген адамдарды да көрдім. Екеуінің айырмашылығы – армандарын адастырып алған.

***

Тағы да «Мерседестің» белгісін сызыңыздаршы. Бірінші бөлікке «мамандық» деп жазыңыздар. Екіншіге «жар» деп түртіп қойыңыздар. Өзіңе лайықты жар табу өте маңызды. Жұмыс істейміз деп жүріп, жар табу сәтін жіберіп алмау керек. Бұл жақсы істі жиырма беске жеткізбеңіздер! Ата-ана: «Асықпа! Оқуыңды оқы, жұмысыңды істе! Күйеу деген ешқайда қашпайды», –

деп ақыл айтады. Бұл сөзге байланып қалмаңыздар. Жақсы жігіт табылса, бірінші курста-ақ тұрмысқа шығып кетіңіздер. Үшінші бөлікке «ұрпақ» деп жазыңыздар. Балаң болмаса, өзіңді бақытты сезіне алмайсың. Барлығың он үштен астыңдар, «он үште – отау иесі» дейді. Мұндай әңгімені бүгін айтпасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Отбасылық мәселелер жөнінде көп хабар жасадым. Сонда мамандардың айтатыны: 18 бен 30 жастың арасы балалы болуға ең қолайлы уақыт екен.

***

Мен үшін негізгі құндылық – отбасым. Анаммен күнделікті әңгімелесуге уақытым болмай қалды. Әңгімеміз таусылмайды. Ол кісінің шалы туралы айтамыз, шал іздейміз. Соңғы бір жылда анаммен сырласуға, балаларымның тәрбиесіне, сабағына араласуға уақытым болмай кетті. Астанада үш бөлмелі пәтерім, жақсы жұмысым болса да, ауылға көшіп келдім. Себебі, тоқсаннан асқан қарт анам ауылда тұрғысы келеді. Мен үшін анамның жанында болу – бәрінен маңызды. Мен Астанада тұруға талай үлгерермін, ал анаммен бірге өткізетін сәттер шектеулі.

***

Балаларыма білім, өнер, кәсіп игеру, адамдармен араласу жағын үйретемін. Қиындықтарға төтеп беретін қайсар етіп тәрбиелеймін. Қыздарыма «1-курс оқып жүргенде тұрмысқа шығасыңдар» деп айтамын.

Баланың миына бағдарламаны ата-анасы жазады. Мысалы, осы жерде отырған екі қыз ғана өзіне көйлек тігіп кие алады екен. Көбі қайшыдан қорқады. Неге? Өйткені, бала кезінде үлкендер: «Қайшыны ұстама, бір жеріңе сұғып аласың», – деп қорқытып қойған. Компьютердің ескі бағдарламасымен жұмыс істей алмайтының сияқты, мидағы бағдарламаны да өшіріп, жаңартып отыру керек.

***

Данышпанды бір қу досы «қайтсем де жеңемін» деп сынамақшы болыпты. Алақанына торғайды жасырып тұрып: «Ал данышпаным, айтшы, менің қолымдағы торғай өлі ме, тірі ме?» – депті. Сондағы ол қудың ойы –

тірі болса өлтіре салу, өлі десе – тірідей ұшырып жіберу. Соны білген данышпан: «Бәрі сенің қолыңда», – деп жауап беріпті. Сол секілді бәрі өз қолдарыңда. «Ақ желкен» сияқты журналдың осындай кездесулер ұйымдастырып, сендерге бағыт-бағдар беріп отырғанын бағалай біліңдер. Бақытты болғыларың келсе, болыңдар! Журналисі мықты елдің – азаматтық қоғамы да мықты. Осыны ұмытпаңдар. Мықты болайық!

Дайындаған Жадыра НАРМАХАНОВА

“Ұлан” газеті

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз