Әдетте қыздардың ютубтағы влогтарының басым көпшілігі сәнге, сұлулыққа, фитнеске арналып жатады. Ал ғылым саласында ютубер болғанын жиі кездестіре бермейміз. Ал бүгінгі кейіпкеріміз Диана Коуерн – АҚШ-тағы танымал блогерлердің бірі. YouTube желісіндегі Physics Girl арнасында миллионнан астам жазылушысы бар. Біз бүгін қазақ баласына оның ғылымды қалай бизнеске айналдырғанын әрі бұл саладан өз орнын қалай тапқанын айтып бермекпіз.

Ғылымға келу жолы

Коуерн Гавайида дүниеге келген. Балалық шағын фермада өткізген. Кішкентай кезінде әкесімен бірге тракторды түртіп, жөндейтін болған. Диана 5-сынып оқып жүргенде оқулық мұқабасының суретін салу бойынша мектепшілік жарыста жеңімпаз атанады. Оның бұл шағын жетістігі сол уақыттан бастап ғылым мен өнерге деген қызығушылығын оятты. Мектепті тәмамдаған соң көптеген университетке тапсырады.  Соның ішінде МІТ де бар еді. Алайда Диана МІТ-де кілең оқымыстылар оқиды ғой деп қорқады. Дегенмен ол қорықса да Массачусетс технологиялық институтында физиканы оқып, 2011 жылы бітіріп шығады. Оқу бітірген соң Harvard-SmithsonianCenter for Astrophysics орталығында ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Онда құрамында металл мөлшері төмен жұлдыздарды зерттеген. Содан кейін Массачусетс штатының Фоксборо қаласындағы General Electric компаниясында инженер-программист болып қызмет атқарады.

Physics girl арнасын ашуы

Диана Physics Girl арнасында әртүрлі физикалық заңдылықты тәжірибе жасап көрсетіп, қарапайым тілмен түсіндіреді. Ол ғылымды қиындатып емес, жеңіл әрі қызықты нәрсе ретінде ұсынады. Енді осы арнаның негізін қалауына тоқталсақ. Кейбір деректер бойынша, немен айналысарын білмей жүргенде видео контентті қолға алды делінген. Ал екінші бір жерде General Electric компаниясында жұмыс істеп жүргенде бос уақытында ғылым жайлы танымдық қызықты видеолар түсіре бастағаны айтылады. Диана осылайша, 2011 жылы 21 қазанда ютубта Physics Girl арнасын құрады. Ал ең алғашқы видеосын 2012 жылы 24 ақпанда жариялаған. Ол кез жайлы өзі былай дейді: «General Electric компаниясында істеп жүргенде видеолармен мұқият жұмыс істеуге көп уақытым болмады. Сондықтан алғашқы бейнелер жақсы шыққан деп ойламаймын». Арада көп уақыт өтпей оның ютуб арнасы көп қаралым жинап, танымалдыққа ие болады. Қазіргі уақытта оның арнасына 1,55 млн астам адам жазылған. Ал жалпы қаралым саны – 111 243 818.
Дианадан видео контентті қалай жасайтыны жайлы сұрағанда былай дейді: «Үйретудің жаңа әдістері туралы мақалалар оқимын. Видео контентті қалайша  қызықты етіп  жасауға болатыны жайлы да ізденіп қараймын. Мен видеоның басында бірдеңе айтып, содан кейін қандай да бір эксперимент көрсетіп қоя салмай, көріп отырған аудиторияның назарын қалай аудару керектігі жайлы әлі де үйреніп жүрмін».
Диана Коуерн ғылыми ортада танымал. 2014 жылы Стони Брук университетіндегі Алан Алда атындағы коммуникациялық ғылым орталығы ұйымдастырған байқауда видео бойынша бас жүлдені жеңіп алды. 2018 жылы интернеттегі ең үздік тұлға номинациясында бас жүлдеге ие болды. АҚШ-тағы Forbes журналының Forbes 30 under тізіміне білім беру категориясы  бойынша енген.  Сонымен қатар әйгілі ақпарат құралдарында, атап айтқанда, АҚШ-тағы News & World Report-та ғылым жайлы сөз сөйлеген.

Бұдан бөлек технология және ғылым саласында өтетін әртүрлі іс-шараларға қатысады. Соның бірі – былтырғы Google science fair байқауы. Бұл жарыста Диана Коуерн жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысты. Осы жарысқа еліміздің атынан Дана және Ділназ есімді қыздар қатысқан еді. Естеріңде болса, «Ұлан» газетіне олар туралы жазғанбыз. Біз сол жарысқа қатысқан Дана Ерлановамен Коуерн жайлы әңгімелескен едік. «Мен алғаш рет Диана Коуернді Google science fair-де жүргізуші ретінде көрдім. Ол біздің алдымызда әртүрлі эксперимент көрсету арқылы жеңген адамның атын көрсетті. Диана Коуерн – МІТ түлегі. Алайда бітірген соң қандай жұмыс істерін білмеген. Одан кейін ютуб каналын ашып, осындай дәрежеге жетті. Мені бір таңғалдырғаны – физика, яғни ғылыми видео контентті аудиторияға қызықты етіп беріп, көп көруші жинай білгені. Диана блогер болғандықтан  бұл оның қандай да бір жеткен жетістігі деп ойлаймын.  Диана Коуерн МІТ-дің математика-физика факультетінде оқыған, бірақ өте жақсы оқымаған. Соған қарамастан күшті каналдың негізін сала білді. Диана осы терең ғылыми нәрседен жақсы монетизациялық жоба ашты. Оның бұл жетістігі маған күшті мотивация береді», – дейді Дана.
Диана қыз балаларға қатысты әртүрлі стеориппен күрескісі келеді. Оның пікірінше, қыздар физика жағынан да мықты бола алады. Оны дәлелдеу үшін қыздар осы қызықты жұмыспен айналысып көруі керек екенін алға тартады. Оның мақсаттарының бірі – ғылымды қыздарға барынша қолжетімді ету. Оның істеп жатқан жұмысына қарап, мақсатына жетіп келе жатқанын аңғарамыз.
Бүгінде оның physics girl ютуб арнасына 1,55 млн, Инстаграмына 97 мың, Туиттеріне 137 мың, Фейсбугіне 75 мың адам тіркеліпті. Кезінде немен айналысарын білмей жүргенде жай ғана ютубта ашқан каналы қазір оның бизнесіне айналған. Диана алғаш бастағанда ешқандай арнайы студияда емес, жай ғана ыңғайлы деп тапқан жерде видеоны өзі түсіріп, өзі монтаждап, сценарийді де өзі жазған. Ал қазір бәрі басқаша, видео роликтерін PBS Digital Studios продакшнде түсіреді. Оның жоба менеджері, 2 сценарисі, редакторы, операторы, аниматоры және  2 көмекшісі бар. Оған қоса физикадан PhD дәрежесі бар ғалым ғылыми жағынан зерттеу, тәжірибе жасауға көмектесетінін де атап өткен жөн. Диананың physicsgirl.org сайты да іске қосылған.

Қазақ баласы да ЮтубтаДиана секілді пайдалы контент жасап, жастарды ғылымға қызықтыра білсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Қания ТАБЫС

“Ұлан” газеті

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз