Шетелде оқу – көп жастың арманы. Сол арманды шындыққа айналдырып жүрген талапты жастар да аз емес. Солардың бірі – Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Дильназ Қуанова. Ол 2020 жылы Гонконг политехникалық университеті (ҚХР) мен Хаэн университетінің (Испания) инженерия факультеті бойынша гранттарын ұтып алды. 7-сыныпта «шетелде оқимын» деп көңілінде ұшқын атқан арманы оны биік белестерге жеткізді. Жас талапкердің мұндай мүмкіндікке қалай ие болғаны кімге болсын қызық. Талапты жас ең алдымен интернет арқылы әлемдік университеттерге құжат тапсырған. Содан соң не үшін шет елде білім алғысы келетіні жайында эссе жазып, 10 минуттық онлайн сұқбаттан өткенін айтады. Онлайн сұқбатта қабілетін, дарынын таныта білген, алғырлығымен көзге түскен оқушының қабылдану мүмкіндігі зор. Себебі бұл оқу орындары бәсекеге қабілетті, білімді оқушыларды іздейді, көшбасшылық қасиетті жоғары бағалайды. онымен қатар, университетке қабылдану үшін IELTS емтиханының нәтижесі, мұғалімдер беретін сын-пікір, оқушының жетістіктері туралы жазба жұмысы есепке алынады екен.

Көптеген ірі оқу орнының ішінен Дильназдың таңдауы жоғарыдағы оқу орындарына түскені бекер емес. Себебі әлемдегі университеттердің білім сапасын анықтайтын QS Ranking деген сайтта оқу орындары Civil Engineering факультеті бойынша әлемнің үздік жиырмалығына кіреді.

Дильназ техника саласымен айналысса да, шығармашылық қабілетін де шыңдай білетін ару. Укулеле аспабы шығармашыл қыздың нәзік үнімен үйлесе кеткен кезде және оның салған креатив суреттерін көргенде, еріксіз таңдай қағасыз. Үнемі ізденіс үстінде жүретін түлек өзін дамыту мақсатында мектеп кезінде робототехника, дебат клубтарына және ғылыми жоба байқауларына қатысқан. Өзін жан-жақты дамытудан жалықпайтын Дильназдың алдағы уақытта мұнымен тоқтап қалмайтыны сөзсіз. Талантты қыздың алға қойған мақсаты биік, жоспары айқын. Әлемдік деңгейдегі кәсіби маман болу, ғылыми зерттеу жұмыстарына қатысу, әлемнің үздіктерімен бірлесе жұмыс істеу, сонымен қоса Civil Engineering  факультетінде бакалавр деңгейін бітіргеннен кейін Aerospace Engineering факультетін де меңгеру – алға қойған басты мақсаты.

«Болашақ – білімді жастардың қолында» деп Елбасымыз айтпақшы, еліміздің өркендеп, қарыштап дамуы үшін бізге Дильназдай талапты жастар ауадай қажет. Қайда жүрсе де, қоғамға пайдасын тигізетін маман болсын дейміз.                                                              Гүлнұр САПАРОВА,

                           Бейнеу гимназиясының 10-сынып оқушысы.

Бейнеу ауданы,

Маңғыстау облысы.

“Ұлан” газеті

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз