Жақында әлеуметтік желіде жеті түрлі аспапта ойнайтын оқушы қыздың видеосын көріп, тәнті болдым. Ол – «Өнерлі өрен» байқауының қатысушысы Ясмина Амангелді. Жас өнерпазбен байланысқа шығып, аспапта ойнауды жылдам үйренудің сырын сұрадық.

– Менің аты-жөнім – Ясмина Амангелді. 2012 жылы 12 ақпанда Алматы облысының Ақсу ауданындағы Жансүгіров кентінде өмірге келдім. Есімімді атам қойған. Қазір 2-сыныпта оқимын. Мектептегі барлық пәнді жақсы көрем, – деді Ясмина.

Қашықтан оқу басталғалы Ясмина ауылда, әжесінің жанында екен. «Бос уақытымды ауылда өткізген ұнайды. Мұнда достарым көп. Қозы-лақпен ойнаймын. Әжеммен әңгімелесемін. Сурет салғанды жақсы көрем. 3D көйлектердің суретін саламын», – дейді ол.

Біз білмейтін аспаптар

Ясминаның әкесі Ернар Айтбаев та өнерден құралақан емес екен. Сахна төрінде жүрген кәсіби маман болмаса да, өз ортасында сыйлы өнерпаз болса керек, түрлі өнер байқауына әділ қазы болып, қызын да өнерге ерте баулыпты. Ясминаның әкесі қылқобыз, домбыра, жетіген тартады.

Ясминаның өнерге қызығушылығын қашан, қалай байқағаны туралы сұрап едік, Ернар Амангелдіұлы былай деп жауап берді: «Қолөнер шебері, ұстаз Азамат Бақи екеуміз бір өнер байқауында қазылар алқасының құрамында болдық. Ол музыка жағын, мен қолөнер жағын бағаладым. Кейін дос боп кеттік. Бірде ол біздің үйімізге қонаққа келді. Қызым Ясмина ол кезде бес жаста еді. Қызымның аспапқа қызығушылығын оятқан – Азамат Бақи. Шеберлік сабағында «Сазсырнайда ойнауды он минутта үйретемін» деп айтып жүретін. Ясмина оны бес минутта қағып алды. Бәріміз таңғалып, тәнті болдық. Музыкаға жақын екенін алғаш осы кезде аңғардық. Азамат бірден Ясминаны шәкірті етіп, өнерге баулыды. Айта кету керек, Азамат Бақи тек ұстаз ғана емес, сазсырнай жасайтын шебер. Ол Ясминаға лайықтап төртойықты сазсырнай жасап берді. Ұстазының дұрыс әдістемесінің арқасы шығар, Ясмина айналасы екі-үш жылда жеті түрлі аспапта ойнауды үйренді». 

Ясмина музыка мектебіне кішкентай кезінде барғандықтан, алғашында ұстазы аспапта ойнауды нота арқылы емес, сандық жүйемен үйретіпті. Азамат Бақидың балабақшадағы балаларға арналған бағдарламасы да бар екен.

Сегіз жасына дейін жеті түрлі аспапты меңгерген Ясмина мен атын да естімеген ерекше аспаптарда ойнайды екен.

«Сазсырнай, жетіген, домбыра, сыбызғы, шаңқобыз, суағаш, шымшық аспаптарында ойнай аламын. Оны ұстаздарым Азамат ағай мен Айжан апай үйретті. Жеті аспаптың ішінде ең жақсы көретінім – сазсырнай мен жетіген. Домбыра шерткенде ортекені ойнатқан ұнайды. Қазір ағайым қашықтан сабақ беріп жүр. Аспапта ойнауды телефон арқылы үйретеді», – дейді ол.

Ясмина әкесімен бірге түрлі концерт, байқау, конференция, көрмеге барады екен. Кездескен, танысқан адамдар оның қолындағы ерекше аспаптарды көріп, таңданысын жасыра алмай, сұрап жататын көрінеді. Ал Ясмина ересек адамдардың ұлттық аспапты білмейтініне таңғалатын жасырмады.

«Бақи Азамат Бейсенәліұлы бізге шымшық, суағаш, сазсырнай, сыбызғы, шаңқобыз, тастауық, қылқобыз, домбыра сияқты аспаптарда ойнауды үйретеді. Домбыра арналған ортекені ағайымыз өзі жасап берген. Ал жетігеннен Айжан Құрақ сабақ береді. Айжан апай еуропалық стильдегі әуендерді жетігенде қалай орындау керегін үйретеді», – дейді Ясмина.

Азамат Бақидың қолынан шыққан музыкалық аспаптар Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелде де танымал. Сазсырнай, сыбызғы аспаптары түбі бір түркі халықтарының ортақ мұрасы болғандықтан, көрші елдерден түсетін сұраныс көп екен.

Баланың таңдауымен санасу керек

«Бос уақытымда интернеттен, теледидардан концерт көргенді жақсы көремін. «Хассақ» этно тобы мен «Тұран» тобы ұнайды. Қалада болғанда әкем үнемі үлкен сарайдағы концертке апаратын», – дейді Ясмина.

Әкесінің айтуынша, үйде Ясминаға қатты талап қойып, шектемейді екен. Достарымен ойнап, бос уақытында смартфон қолданады. Бірақ, әлеуметтік желіде отырмайды. Көбінесе интернеттен өнерлі адамдардың видеосын, аспаптар туралы ақпарат іздейді екен.

«Ойын баласы болғандықтан, бір нәрсеге міндеттеп, қатаң күн тәртібін қоймаймыз. Барынша еркін өсіруге тырысамыз. «Тазыны қанша үйретсең де, қабілеті болмаса, түлкі алмайды» дейді ғой. Сол сияқты, баланың ынтасы болмаса, оны қинап музыка мектебіне бергеннен пайда жоқ. Жалғыз өнер саласында емес, кез келген салада талант болуы керек деп ойлаймын. Баланың таңдауымен санасуымыз керек.

Ясмина төрт ағайынды. Үлкен қызымыз оқушы кезінде музыка мектебіне барып, қылқобыз аспабын үйренді. Түрлі байқауға қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүрді. Болашақта үлкен сахнадан көреміз деп үміттендік. Бірақ орта мектепті бітірген соң дизайнер болам деп, «Сымбат» сән академиясына оқуға тапсырды. Біз қарсылық танытпадық. Жүрек қалауы осы болса, бұл салада да жетістікке жете алады деп сендік. Ұлымыз О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде оқиды. Болашақ қолөнер шебері. Ясминадан кейін кішкентай ұлымыз бар. Ол әлі мектепке бармайды. Ал Ясминаның болашағынан үлкен үміт күтеміз. Өнер жолы оңай емес екенін білеміз. Бірақ, болашақта осы саланы таңдайтын болса, қолдан келгенше қолдаймыз. Сазсырнай, жетіген, домбыра, сыбызғы, шаңқобыз сияқты аспаптарды халық біледі. Көзі, құлағы үйренген. Ал Ясмина ойнайтын суағаш, шымшық деген аспап туралы естіп пе едіңіз? Көп адам біле бермейді. Ясмина осы аспаптарды да меңгерген. Егер халықтың өткенін жаңғыртатын өнер жолына түссе, үлкен миссия атқарар еді деп ойлаймын», – дейді әкесі.

Ясминаның ата-анасы да жан-жақты, өнердің сан түрін меңгерген екен. Әкесі Ернар түркі тілдерінің маманы, халықаралық құқық саласында білім алған. Ал анасы Самал араб тілінің маманы және дизайнер-стилист. Өздерінің отбасылық кәсібі бар. Ұлттық киім тігумен айналысады. Алматы қаласында авторлық киімдерін сататын дүкені бар. Бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Ұмыт болып бара жатқан ұлттық киім түрлерін зерттеп жүрмін. Қытай қазақтары мен Моңғолия қазақтарының киімдерінің ерекшеліктерін бақылап жүремін. Бірде Ясминамен «Дара бала» байқауына барғанда Дана Нұржігіт «Оралмансыздар ма? Қай жақтан көшіп келдіңіздер?» деп сұрады. Біздің қоғамда ұлттық құндылықтарды сақтап, қазақылығын бұзбағандарды оралман деп ойлайтын болған. Мен Алматы облысында туып-өстім, әйелім Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Ал ұлттық құндылықтар тек қандас қазақтарға емес, тұтас қазақ халқына тән деп ойлаймын», – дейді Ернар Амангелдіұлы.

 Дана МАРАТОВА,

“Ұлан” газеті

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз