Ораза – мұсылман жұрты ұстанатын бес парыздың бірі. Қасиетті рамазан айында осы бір парызын орындаушылар 30 күн бойы таң атқаннан күн батқанға дейін саналы түрде ашығып, тамақтанудан бас тартады. Иісі мұсылман қазақ қоғамында ауыз бекітудің сауабы мол екені жиі айтылады. Бірақ біз әлем ғалымдарының сол ашығуды өз зерттеулеріне арқау еткенін және оның адамға қалай әсер ететін дәлелдеген қорытындыларын білеміз бе? Осы сұрақтарға оқырмандарымызбен бірге жауап алу үшін танымдық материалға кезек бердік.  

Ми

АҚШ-тағы Виргиния штатының анестезиолог ғалымдары тышқанға тәжірибе жасапты. Олар мақұлықты белгілі бір уақыт аралығында ашықтырып көрген. Иә, кәрі құрлықта мұсылмандар (2018 жылғы зерттеу нәтижесі бойынша) ондағы жалпы халықтың небәрі 0,8 пайызын құрайтындықтан, ғылыми жұмысты қаржыландыратындай оразаның ерекше маңызы бар дей алмаймыз. Бірақ семіздік – Америка үшін басты проблемалардың бірі екені белгілі. Сондықтан тышқанға тәжірибе жасаған ғалымдар: «Жасөспірімдер арасындағы семіздік соңғы жылдары олардың денсаулығына зиян келтіретін негізі факторлардың біріне айналды. Интермитент фәстиң(IF – Intermittent fasting сөзі уақытша немесе мерзімді, яки аралық, болмаса бірнеше сағаттық ашығу, тамақтан тыйылу деген мағынаны береді) өмірді ұзартады. Алайда бұл семіздік пен интермитент фәстиңнің ми функциялары мен құрылымына оның (мидың) қартаюына дейін әсер ете ме, белгісіз. Біз мұнда 11 айы бойы 7 апталық CD-1 жабайы тышқандардың біршамасын 2 күннің  бірінде ашықтырып, келесі жартысын колориясы (45 пайыз) жоғары, майлы тамақтармен тамақтандырып көрдік», дейді. Сонда олар уақытша ашыққан тышқандарда дебрин (жұлын тамырлары) ақуызы мен дендриттің (жүйке жасушасының қысқа өсіндісі) жоғары деңгейде түзілгеніне, сондай-ақ биология ғылымында «тотығу/тотықтырғыш күйзелісі» деген атаумен белгілі тотығуға байланысты жасушалардың зақымдану процесінің төмендегеніне қарап мақұлықтарда жаңа нәрсені үйрену және есте сақтау қабілетінің артқанын анықтаған. Ал калориясы жоғары тағамдармен тамақтанған тышқандар гиперлипидемияға, семіздікке ұшырапты және физикалық жұмысқа төзімсіз келген.

Жоғарыдағы зерттеуді жүргізген ғалымдар:

  • Дегенмен семірген тышқандарда жаңа нәрсені үйрену, есте сақтау қабілеті мен ми функциялары, құрылымына немесе «тотықтырғыш күйзелісіне» қатысты қандай да бір бұзылыстар байқалмады. Бұл нәтижелер интермитент фәстиңнің ми функциялары, құрылымын жақсартады, ал майлы тағамдармен тамақтану ми функциялары, құрылымының өзгерісіне әсер етпейтінін көрсетеді, – деп қорытынды жасапты. Демек, қарапайым тілмен айтқанда, саналы ашығу мидың жұмысын жетілдіреді, жаңа бір дағдыны меңгеруге деген құлшынысты және есте сақтау қабілетті арттырады. Осы тұста жануарларға жасалған жоғарыдағы зерттеудің: «Интермитент фәстиң адамды Паркинсонның ауруына (адамның қимыл-қозғалысына әсер ететін жүйке жүйесінің бұзлысы), альцгеймерге (есте сақтау қабілетінен, соңында ақыл есінен айырылу) шалдықпайды», деп түйінделгенін қоса кетейік.

Жүрек

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде жыл сайын 1,9 млн адам CVDs салдарынан(Cardiovascular diseases), яғни жүрек ауруынан қайтыс болады екен. Бұл жыл сайынғы түрлі өлім себебінің 31 пайызын құрайтын көрінеді. Ал ғалымдар саналы ашығудың, біздіңше оразаның жүрек ауруларына шалдығу жағдайын төмендететінін дәлелдепті. Чикагодағы Иллинойс университетінің медициналық маман-ғалымдары (Adrienne R.Barnoskya, Kristin K. Hoddy, Terry G.Untermana, Krista A.Varady) өз зерттеулерінің нәтижесіне сүйеніп, Sciencedirect базасындағы Translational Research (Таратылатын зерттеу) ғылыми журналына ғылыми мақала жариялапты. Олар осы зерттеу арқылы мерзімді ашығу (IF – Intermittent fasting) мен екі күннің бірінде ашығудың (ADF – Alternate day fasting) «Калорияны шектеу» (CR – Caloric restriction) деген атаумен белгілі дәстүрлі диетаның тиімділігі арасындағы айырмашылығын анықтауды көздеді. Сонда ғалымдар: «Соңғы зерттеулер IF пен ADF-тың артық салмақтан арылу мен кардиоқорғауға (жүрек ауруларынан сақтануға – А.Ш.) CR-мен салыстырғанда тиімділігі бірдей», деген қорытынды шығарды.

Ал Бразилияның Сан-Поло қаласындағы Жүрек институтының кардиолог-ғалымы Фернанда Рейс де Азеведо бастаған зерттеушілер тек жануарларға тәжірибе жүргізумен шектелмей, клиникалық сынақ та өткізіпті. Яғни бірнеше сағаттық ашығудың адам жүрегіне қалай әсер ететінін зерттеді. Зерттеу қорытындысы бойынша «Science» журналына жазылған ғылыми мақалада: «Адамның күйзеліске қарсы тұру және төзімділік қабілеті жүрек-тамыр және эндокриндік ауруларға ұшырамаудың негізі (иммунитеті – А.Ш.) болуы мүмкін. Интермитент фәстиңге іріктелген егеуқұйрықтар күйзеліс кезінде адренокортикотропты гормон және кортикостерон сияқты биомаркерлер плазмалық стресс деңгейінде өзгеріс болмағанын әрі күйзелістен кейін қан қысымы мен жүрек соғу жылдамдығының бастапқы қалпына жылдам оралғандығын анықтады», делінген.

Англиядағы Суррей (University of Surrey) қоғамдық зерттеу университетінің ғалымдары өздері еңбек ететін «Денсаулық және медициналық ғылымдар» факультетінде уақытша ашығудың кардиометаболикалық денсаулыққа әсерін зерттеп көріпті. Зерттеу нәтижесінде:

«Кеміргіштер мен адамдарға жүргізілген зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, ораза салмақ жоғалтуды жоғарылатуға және денсаулыққа әсер ететін кардиометаболикалық көрсеткіштерге ықпалы бар, қарапайым диетамен салыстырғанда бірдей немесе одан да тиімді», деп қорытынды шығарды.

Иммундық жүйе

Ғалымдар мерзімді ашығудың адамдағы, тіпті қарт кісінің иммундық жүйесін толық жаңартатынын дәлелдеген. Мұның маңызын түсіну үшін алдымен иммундық жүйенің қызметі қандай екеніне тоқтала кетейік. Иммундық жүйе ағзаның бөгде заттар мен бөлшектерге қарсы тұру қабілеттілігін күшейтеді; генетикалық тұрақтылығын сақтайды; жұқпа аурулардан қорғайды, қатерлі ісіктердің түзілуін бақылайды. Бәрінен бұрын, түсінікті тілде айтсақ, иммунды жүйе деген – иммунитет. Ал иммунитет – бәріміз білетіндей, ағзаның жұқпалы ауруларға қарсы тұру, бөтен заттарды, вирустарды, бактерияларды танып зиянсыздандыру қабілеті. Иммунитеттің, иммундық жүйенің адам өмірінде әрдайым маңызын жоймайтыны, әсіресе дәл қазіргідей қауіпті инфекция әлемнің түкпір-түкпіріне таралып тұрған тұста басты назарда екені рас. Италио-американдық биолог, геронтология мен биология ғылымдарының профессоры Вальтер Лонго:

– Интермитент фәстиң адамға «Толығымен алға!» командасын береді және бағаналы жасушалар көбейіп, бүкіл жүйені қалпына келтіреді. Сонымен қатар ағза ескі немесе зақымдалған жасушалардан да арылады. Шын мәнінде ауру және қарт адамдар ашығу арқылы жаңа иммундық жүйені алады. Адам ашыққанда оның ағзасы энергиясын үнемдеуге тырысады. Осы процеске пайдаланылмаған иммундық жасушалардың көп бөлігі, әсіресе зақымдалған жасушалар алдымен қатысады. Біз адамдар мен жануарлар ұзақ уақыт ашыққанда олардың қанында лейкоциттердің саны азаятынын байқадық. Ал қайтадан тамақтана бастағанда жаңа ақ қан жасушалары пайда болады, – дейді. В.Лонго бастаған Калифорнияның ғалымдары осы зерттеулерінің қорытындысы иммундық жүйесі нашар, мәселен, химия терапия алған қатерлі ісікпен ауыратын науқастарға пайдасы зор екенін айтады.

Қан құрамы

Қан құрамындағы заттар өзінің қалыпты мөлшерінен асып немесе тым төмендеп кетсе, адам әртүрлі ауруға шалдығады. Соның бірі – қан құрамындағы қанттың көбейіп кетуі. Бұл жағдайда қант диабеті деген диагноз қойылады. Ел ауызында «ораза қанның құрамын тазартады екен» дейтін пікірлер айтылады. Осы ой қаншалықты рас? Мұндай сұраққа ғылым әлдеқашан жауап беріп қойған. Бұдан бұрын қант диабетінің Қазақстандағы жағдайын айтуымыз керек. Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Асқар Насиболлаұлы былтыр елімізде 312 мың адамның қант диабеті диагнозымен есепте тұрғанын жеткізген еді. Ал диабеттік нефропатия дәл осы қант диабетімен байланысты ауру мен өлімнің басты себебі саналады екен. Үндістандағы Ұлттық фармацевтикалық білім және зерттеу институтының ғалымдары уақытша ашығудың диабеттік нефропатияға тигізетін әсерін зерттепті. Аталған тәжірибенің қорытындысы жазылған ғалымдардың ғылыми мақаласында: «Биохимиялық деңгейде интермитент фәстиң қандағы несепнәр азотының (BUN – blood urea nitrogen), креатининнің, альбуминнің және HDL (High-density lipoprotein – жоғары тығыздықтағы липопротеин) холестеринінің, диабеттік нефропатия дамуымен байланысты параметрлердің айтарлықтай жақсаратынын анықтады», делінген.

Енді қараңыз, қандағы несепнәр азотының азаюы қауіпті бауыр ауруына алып келеді. Ал креатин – бұлшықет пен жүйке тіндерінің энергия алмасуына қатысатын, бұлшықеттердегі ақуыздардың бөлінуімен шығарылатын қалдық. Оның мөлшері бұзылса, бүйрек пен бұлшықет тіндерінің жұмысы нашарлайды. Қан құрамындағы альбумин ағуызы азайса, қан ағзаға қажетті заттарды дұрыс өткізе алмайды. Қазақша медицинада HDL – жоғары тығыздықтағы липопротеинді ағзадағы артық, зиянды холестеринді ыдырататын қасиетіне қарай «жақсы» холестерин, LDL (Low-density lipoprotein) – төмен  тығыздықтағы липопротеинді «жаман» холестерин деп атайды. Егер ағзада «жаман» холестерин «жақсы» холестериннен көбейіп кетсе, қан тамырларының тарылып, бітелуіне, оның ақыры инсультке әкеліп соқтырады.

P.S. Байқадыңыз ба? Оразаның ғылым дәлелдеген осыншама пайдасы бар екен. Әлбетте, талаптары нақты сай келмесе де шетелде кең тараған, соңғы уақытта ғалымдар көп зерттеген «интермитент фәстиң» ұғымын біздегі оразаның баламасына баладық,  өйткені екеуі де тамақтан тыйылуға, саналы, уақытша, жалпы ашығу арқылы арылу, тазаруға міндеттейді. Иә, мұсылман қауым ең алдымен Алланың разылығы үшін ауыз бекітеді. Десе де ағзаның да адамға «разылығы» маңызды, бұл өмірге нәр береді. Өйткені тірі жанға денінің саулығынан асқан құнды байлық жоқ. Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

“Ұлан” газеті

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз