Дала өркениетінің сан қырлы саласы түгел өнер биігіне көтерілген. Соның бірі әрі бірегейі – құсбегілік, оны өнердің шыңы десек артық емес. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның айтуынша, құсбегілік өнері туралы деректер түркілердің VI-VII ғасырдағы жазбаларында кездеседі. Қазақ тілінде тек саятшылыққа қатысты 1500 ден астам сөз бар екен. Осы пікірдің өзінен-ақ саятшылықтың тамыры қаншама тереңге, ауқымы соншама кеңге жайылғанын байқаймыз.

Ерен құсбегілер деген – қырандарды түр-тұлғасына, бас, тұмсық, көз бітіміне, титімдей тіліне, қауырсын жүніне, жіліншігі мен шеңгеліне қарап қыран не қыран еместігін сынай білетін, қолға түсіргенін үйретіп түлете білетін, баптаған соң қыранды зар күйіне келтіріп аңға сала білетін, мертіксе, ауырса емдеп, жаза білетін бапкер адам.

Қазақ тарихында Сарықұс атты бүркіттің бұғы, маралға түсіп қоңыр аңды олжалағаны аңызға айналған. Бапкерліктің асқан шебері Тіней деген құсбегі төбесінен ұшып өткен бүркіттің жасын, қырандығын, қайда қонақтап, қайда ұялайтынын тап басып сезетін сұңғыла адам екен. Тіпті, бүркітпен «өз тілінде» тілдескен құс баптаудың данагөйі Жазайыл Шора деген даңқты құсбегілер де болған. Ел аузында осы екі құсбегі туралы: «Тінейдегі қасиет ұялас екен Сарықұспен, Шорадағы қасиет тілдес екен бар құспен» деген қанатты сөз де қалған екен.

Құсбегілік өнерінің негізі «бапкерлік» деген кәсіпке тіке байланысты. Қыран бүркіттің қорегі, ұйқысы, өзін қорғауы, қарсыласуы, реніш-қуанышы, еркін ұшып-қонуы, тазалығы, түрлі мінез-құлқы секілді табиғи талаптарын кім ескереді, кім түсінеді, оны кім қанағаттандырады?

Міне, мұндай іске қанатты қиял, қапысыз бақылау, қас-қабағын бұлжытпай танитын қырағылық, көңіл-күйін алғырлықпен тап басатын сезімталдық, күндіз-түні демей баптаған құсын жас баладай айналып-толғанатын кеңпейілдік, ойламаған сәтсіздіктерге мойымайтын қайсар төзім, бітіп болмайтын қарекеттерден шаршамайтын еңбекқорлық, нәтижеге жеткенше шыдайтын, сарқылмайтын сабырлы болу керек. Құсбегілердің бойында осы қасиеттің көбінің болуы, оның өзін де биік адамгершілікке қатар көтеретіндіктен, құсбегілік жалаң жан бағу кәсібі ғана емес, рухани ерекше мектеп деуге де болады.

Қазақ құсбегілері осындай сан қатпарлы бүркіт пен адам қатынасынан бүтіндей жүйе жасап, ұрпақтан ұрпаққа халық мектебі арқылы жеткізіп отырған. Біз қазір сол көлдей көлемді өнердің тамшыдай дәмін ғана тамашалап көре аламыз:
Құсбегілер, бүркітті түз тағысы кезінде де ұстап, асырауға көндіре білген және ұядағы бейкүнә балапан күйінде де қолға түсіріп үйреткен. Түз бүркітін мықты иірілген жіңішке жібек жіптен сынық сүйем (15х15) көлеміндегі торкөз етіп түйген, биіктігі 2 метрдей, диаметрі 20-25 метрлік кеңдігі отау үйдің орнындай етіп, 6-8 солқылдақ шыбық қадалармен дөңгеленте керіп қойған «тор» деп аталатын құралмен ұстайды. Осындай тордың ішіне бүркіт өш келетін құзғын, қарға секілді құстарды маңайына жемтік шашып байлап қояды. Әлгі байлаулы қарғаларға көзі тұнып шүйіліп келген бүркіт тордың ашық төбесінен не бүйірінен келіп, жіпке шырмалады. Бүркіт бұлқынып, сабаланған сайын кермедегі қада шыбықтар жұлынып, түз бүркіті шатысқан торға енді шыға алмастай оралып, өзінен-өзі байланады.

Міне, осы кезде алыстан торуылдап жүрген құсбегі шауып келіп, асқан ептілікпен асау бүркіттің қос қанатын қаусыра, нәрестедей етіп құндақтап алып үйіне қайтады.
Түз бүркітін кейде, алыстан үздіксіз бақылап жүріп, әлдебір күні бүркіттің өзі ұстап алған аңының етін мейлінше жеп, жемсауы ауырлап биікке яки алысқа ұшып кетуге шамасы келмейтіндей болып қалған кезінде ұстап алады. Бүркіт үркіп ұшқаннан кейін атпен тақымдай қуып, қайта-қайта қонып, ұшып әбден болдырған кезде жер бауырлай қанатын сабалап қашқанда үстіне шапан секілді жеңілдеу нәрсе лақ­тырып тұмшалап ұстап алады. Бұл әдісті «тояттатып ұстау» дейді.

Бүркіт сәуір айының ортасында жұмыртқалап төрт айдай уақытта, яғни тамыз айында балапанын ұясынан ұшырады. Бүркіт ұясын қанаттылардан басқалар жете алмайтындай жалама жартастың бетіндегі үңгір, қуыстарға салады. Кәнігі құсбегілер ана қыранның ұясын салған шың құзды бақылап жүріп, балапаны енді қанаттана бастаған кезде ұясына түсіп алады. Ол үшін әлденеше қыл арқан, қайыс арқандарды қабаттай жалғап, көбінде ұяның үстіңгі жағындағы аса биіктен, епті де жүректі жас жігіттердің біреуін ұяға түсіріп, балапанды шошытпай еппен ұстап, көрпешемен бала секілді бөлеп алған соң, арқасына таңып алады да, келесі кезекте шыңырау құздағы ұядан төмен қарай түседі. Бұл қатерлі әрекетті сәтті іске асыру үшін шыңға бірге шығып, ұяның үстіңгі жағында қалған жігіттер қосымша арқан, бақан, шолақ кереге секілді саймандардың көмегімен балапан ұстаған батырды ақырын ыспалап, шыңның қуыс тұсында шыр айналып кетуден әлгі қосалқы құралдармен сақтандырып отырып шыңның қауіпсіз жеріне дейін түсіріседі. Төменде екі көзі төрт болып, тынысын ішіне алған қыран көз, кәнігі қариялар қалт жібермей бақылып, саңқылдаған ашық дауыспен нұсқау беріп тұрып, қияпат істі сәттілікпен бітіреді. Міне, бұл балапан ұстау ғана емес, альпинистік өнердің де ерекше түрі десек кім дау айтады.

Жаңа ұстаған түз бүркітін де, ұядан алған қол балапанды да қолға үйретіп, жуасытып, баптауды әдетте салқын түскен күз бен қыс айының бас кезінде қолға алады. Асау бүркітті қолға үйретудің қалыптасқан әдісін қалт жібермей орындаумен қатар, құсбегіде сырбаз ептілік, көнімпаз төзімділік, ізгі мейірімділік қасиеттер де болу қажет. Өйткені түзден ұстаған бүркіт табиғи қатал сынақтардан өткендіктен қол балапаннан гөрі алғыр байқағыш, қалт еткізбейтін көргіш, ерінбейтін алысқа тіленгіш, үй жануарлары мен тағы аңды айыра білетін аңкөс келеді.

Қолға түсірген түз құсына да, жетілген балапанға да ең әуелі құстың басына шап-шақ «томаға» деп аталатын, екі көзін саңылаусыз жауып тұратын, арнайы баскиімді қалың былғарыдан тігіп кигізеді. Бұл құрал бүркіттің алаңсыз отыруы үшін және аңға шыққан кезде «томаға тартып» бірден көруге үйрету үшін жасалған ерекше құрал.
Бүркітті үнемі байлап ұстау үшін және аңға шыққан кезде қолдан шығарып алмау үшін «балақ бау», «аяқ бау», «ірге бау» деп атала­тын қайыстан, былғарыдан жасалған арнайы бауларды қолданады.

Басқа уақытта бүркітті «бүркіт тұғыр» деп аталатын үш сирақты, биіктігі екі сүйемдей қолайлы орындыққа отырғызып қояды. Бүркіт ондай тұғырда ояу кезінде де, мойнын бұрып ұйықтаған кезінде де жайлы отыра береді.

Бүркітке жемді «жем саптыаяқ», «жем тостаған», «құс саптыаяқ» деп аталатын, сыйымдылығы 2-2,5 литрдей ағаш бездерінен сүйірлей шабылып, тереңдеп ойған, қолға ұстайтын, сабының ұшына қайыс бүлдіргі таққан арнайы ыдыспен береді.
Бүркітті аңға алып шыққан кезде қолға қондырып отыру үшін іші киізден, сырты жұмсақ былғарыдан жасалған «биялай» деп аталатын ұзын жең қолғапты ала жүреді. Ат үстінде, бүркітті осындай қолғап киген қолға алып отыратындықтан, қол талып кетпеуге және бүркіт те орнықты отыруға арналған «балдақ» деп аталатын құралды қолданады. Оның ұзындығы екі қарыстай кепкен келдек ағаш, жоғарғы бөлігі биялай сыятындай мөлшерде аша етіп жасалған, ашаның ортасына сәл түсіп тұратын жалпақтау қайыс тұсау орнатқан, балдақтың төменгі жұмыр ұшында ердің қасына байлап қоятындай қайыс бүлдіргі, орта тұсында білекке орай салатындай етіп тесіп өткізген жіңішкелеу қайыс бау тағады.

Аңда жүргенде құсты қажетіне қарай жемдеуге не ұшқан жағынан қайта шақырып алуға арналған қол басындай ғана қызыл ет салып алып жүретін «жем қалта» деген болады. Оның ішін сөл ағып кетпейтіндей тері затпен астарлап, сыртын былғарымен қаптап оюлап әшекейлеген белдеуге таға салынатындай, қос алақан көлеміндей ықшам етіп жасайды. Міне, бұл бүркітшіліктегі көпшілік білетін жалпы құралдар ғана. Басқалай неше түрлі қосалқы құралдар нағыз құсбегілерге тән нәрсе.
Көпті көрген көнекөз қазақ даналары бүркіттің жасы 120 жыл дейді. 1 жасты «балапан», 2 жасты «қантүбіт», 3 жасты «тірнек», 4 жасты «тастүлек», 5 жасты «мұзбалақ», 6 жасты «көк түбіт», 7 жасты «қана», 8 жасты «жана», 9 жасты «май түбіт», 10 жасты «барқын», 11 жасты «баршын», 12 жасты «шөгел» деп бүркіт жасын 12 мүшелге дейін жеткізген. Бұған қарағанда қазақ құсбегілері құсбегі ғана емес, білгір зоолог, яғни құстану ғылымына да жетік болғаны байқалады.

Құсбегілер тарихында, мысалы, Жәнібек есімді атақты бүркітші Қарабалапан деген бүркітін 41 жыл қатарынан түлетіп, яғни баптап жаратып, үзбей аңға салған. Бір жылы қансонар уақытында осы бүркіт 60 түлкі алған екен. Сол жылдары бір түлкінің терісі 10 қойға бағаланған дейді.

Зоология деректерінде бүркіт сағатына 150 шақырым жылдамдықпен ұшып, 6-7 мың метр биікке дейін самғай алады екен. Жоғарыда айтқанымыздай, құсбегі өнерін шыңына жеткізе меңгерген дана бабаларымыз, зоолог ғалымдардан бір де кем емес, бүркіттің бүкіл мүшесінің анатомиялық аталымдарын дәл тауып, жеке-жеке, әртүрлі атаулар қоюмен қатар, әрбір мүшесінің ерекшеліктеріне де сипаттамалық атау бере білген. Мәселен, бір тұмсықтың өзін «қылыш тұмсық», «орақ тұмсық», «кешкіл тұмсық», «жапсар танау» деп жалғастыра береді.

Абай Мауқараұлы

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз