Қазір балалардың қабілетін ашып, дамытудың түрлі тәсілі бар. Тек қалтаңыз көтерсе болды. Мысалы, баласы ежіктеп оқымас үшін ата-аналар жылдам оқу курстарына беретін болған. Ондай курстар Алматыда жетіп артылады. Сондай орталықтардың бірі – SANA оқу-дамыту орталығы. Орталықтың негізін қалаушы Айгерім Қалдыбекқызынан жылдам оқу және адам жадын дамыту жайында сұрадық.

– Жылдам оқу орталығын ашуға не түрткі болды?

– 2014 жылы Екатеринбург қаласынан Лидия Васильева деген маманнан жылдам оқу және адам жадын дамыту курсын оқыдым. Бұл әдіс 5-15 жастағы балалардың оң және сол жақ ми сыңарымен жұмыс істеуге арналған. Адамның оң жақ миы шығармашылық ойлауға, ал сол жақ ми қыртысы логикалық ойлауға бейім келеді. Ғалымдардың айтуынша, өсіп келе жатқан баланың миының дамуы саусақтарының ұшымен байланысты болады екен. Оң жағымыз сол жақ миға, сол жағымыз оң жақ миға жауап береді. Мектепке баратын балалардың 80-90 пайызы оң қолмен жазады. Сондықтан сабаққа қажетті логикалық ойлау жақсы болады да, қиялдау жағы бәсеңдеу. Баланың ойын еркін жеткізе алмауы, жүйелі сөйлей алмауы осы себептен. Біздің мақсатымыз – баланың миы толық жұмыс істеуіне қол жеткізу. Көру жады мен есту жадын одан әрі дамытуға күш саламыз. Бұл балаға өте пайдалы. Өзімді педагог санап, бала туралы біраз нәрсе білем деп жүргенде осы методиканы меңгеріп, өзімнің әлі түк білмейтінімді түсіндім. «Неге біздің балалар мұны білмейді?» деген сұрақ мазалады. Шынымен бұл мектепте мүлде қолданылмайды. Сыныпта 30 оқушы болса, оның ішінде 5-6 оқушы үздік оқиды делік. Қалған оқушылар ше? Оларға неге назар аударылмайды? Олар жақсы оқитын оқушының көлеңкесінде қалып кетпеуі керек. Біз сондай оқушылармен жеке-жеке жұмыс істейміз.

– Методикаңыз туралы толығырақ айтып берсеңіз…

– Бұл методика толықтай орыс тілінде. Сәйкесінше орыс аудиториясына арналған. Мен мұның сөлін сығып алып, қазақы танымға ыңғайлап, қайта жасап шықтым. Былайша айтқанда, дайын методикаға «қазақша көйлек кигіздім». Оған мақал-мәтелдерді, жұмбақтарды, жаңылтпаштарды, Ыбырай атамыздың әңгімелерін қостым. Бұл Ресейде әлдеқашан дамып кетсе, бізде енді қолға алынып жатыр. Мектепте қолданылмайды. Бұл методиканың негізгі идеологиясы – қазіргі гаджет билеген заманда баланы одан алыстатып, кітап оқуға, үйренуге деген махаббатын ояту, арнайы жаттығулар мен әртүрлі ойындар арқылы руханиятқа қызықтыру. Баланың бір режимнен екінші режимге өтуіне, тез шешім қабылдауына әсер етеді. Дәлірек айтсақ, қажет кезде зейінді бір жерге шоғырландыру немесе басқа режимге өту. Мәселен, зілтеміршілер ауыр зілтемірді бірден көтере алмайды ғой. Оның артында қаншама дайындық жатыр. Егер балаңыз осылай жаттықса, оны қай салаға салсаңыз да қиындық болмайды. Жалпы, көп нәрсе адамның миына байланысты. Мидағы «блоктармен» уақытында жұмыс істегенде көп проблеманың алдын алуға болады. Балаға үнемі көңіл бөлетін ата-ана аз. Оның дүниетанымының қалыптасуында ата-ананың орны ерекше. Табиғи қарқыны баяу немесе бәрін тез қабылдайтын балалар болады. Ата-ана баланың қабілетін анықтап, соған қарай жұмыс істеуі керек. Бала неге қабілетті? Оның бойындағы қай қабілеттерді дамыту керек? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеп, баламен тығыз жұмыс істегенде ғана ол дұрыс қалыптасады. Біздің орталық осы бағытта жұмыс істейді. Баланың миының мүмкіндігін толық пайдалануға жағдай жасауымыз керек.

 

– Баламен жұмыс істеу қанша жастан басталады?

– Әртүрлі пікір бар. Біреулер үш жасынан десе, біреулер бір жасынан бастау керек дейді. Меніңше, бұл дұрыс емес. Физиологиялық, биологиялық дамуы әлі жетілмеген кезде қажет емес. Негізі бала бес жастан бастап дайын болады. Методист мамандар бес жасқа толғаннан кейін әртүрлі үйірмеге, оқу орталықтарына беруге болады дейді.

– Жылдам оқудың қандай артықшылығы бар?

– Жылдам оқу екіге бөлінеді: дауыстап оқу және көзбен оқу. Дауыстап оқу көбіне он жасқа дейінгі балаларда болады. Жылдам оқу тақырыпты түсінуге көмектеседі. Жылдам оқыған баланың мәтінді түсінуі оңай болады. Ал жай оқыған баланың мәтінді түсінуі де баяу жүреді. Мәселен, бала мәтінді баяу оқып отырып соңына келгенде басын ұмытып қалуы мүмкін. Ал жылдам оқуында проблема жоқ балаларды көзбен оқуға үйреткен жөн. Қазір минутына он мың сөз оқиды дегенді естісек, бірден оның көзбен оқитынын түсінуіміз керек. Дауыстап минутына сонша сөз оқу мүмкін емес. Ал көздің жылдамдығы өте күшті. Көздің көру аумағын кеңейтсек, бір сөйлемді ғана емес, тұтас абзацты көре аламыз. Қорыта айтқанда, жылдам оқу дегеніміз – жылдам ойлау. Тез оқыған бала тез түсінеді әрі уақыттан ұтылмайды.

– Баланың оқу үлгерімінің төмендеуіне де мидың жұмысы қатты әсер етеді деп ойлайсыз ба?

– Білім жүйесі дұрыс жолға қойылмаған. Мұғалімдер барлық баламен жұмыс істеуге үлгермейді. Қағазбастылық көп. Сосын амал жоқ ата-аналар баласын әртүрлі оқу орталығына береді. Әйтпесе, оқу үлгерімі төмендейді, тақырыптарды түсінбей қалады. Біздегі білім жүйесі әр баланың ішкі шырағын жаға алмайды. Әр сыныпта жақсы оқитын 5-6 оқушы қалған 25 оқушының жүгін көтереді. Мұғалімнің әр балаға жеке-жеке көңіл бөлуге уақыты жоқ. Асылында, әр бала – жеке тұлға. Ол да біздің ертеңгі болашағымыз, бір отбасын асырайтын азамат. Оның өзіне деген сенімін ояту, қабілетін ашу, оқу дағдысын қалыптастыру керек. Бізде баланың бойындағы қырлары ашылмай жатыр…

– Ұстаздардың ғана емес, балалардың да уақыты жоқ сияқты. Дәу сөмке арқалап мектепке барады, келгесін қосымша сабаққа, одан кейін үйірмеге барады. Оның миын ойлаймыз деп жүріп, жүрегін ұмытып кеткен жоқпыз ба?

– Дұрыс айтасыз. Мұны ата-аналарға жиі айтуға тырысамын. Бала – өз алдына жеке кеңістік. Оның да өз қалауы бар. Үй тапсырмасын орындауға қиналса, үлгермесе, ұрыспаңыз. Баланы кінәламастан бұрын, өзіңізге үңіліңіз. Әуелі балаға не керектігін біліп алу керек. Оған не керек екенін білмей тұрып өз қалауымызбен әртүрлі үйірмеге апарамыз. Онымен санаспаймыз. Екіншіден – бастықпыз. Байқасақ, балаға бәрі бастық. Мектепте мұғалім, үйде ата-ана бастық. Бұйрық беру арқылы оның тұлғасына шабуыл жасаймыз. Балаға бастық болудың керегі жоқ, онымен дос болу керек. Ол қандай қиындыққа тап болды? Неліктен түсінбей жатыр? Біз себеппен емес, салдарымен ғана жұмыс істеп үйреніп қалғанбыз.

– Қоғамда қазақтың балаларына қарағанда басқа ұлттың балалары алғыр келеді деген пікір бар. Бәлкім, қазақтың баласына бәрі бастық болғаннан шығар?..

– Ол рас. Белгілі бір деңгейде әжептәуір айырмашылық бар. Олар ойын ашық әрі еркін жеткізеді. Шектеу жоқ. Ал біздікілер сәл жасықтау. Біліп тұрғанын айта алмайды. Бәлкім мұның себебі үйдегі тәрбиемізден де шығар. «Өйтпе, бүйтпе» деген шектеулеріміз көп. Меніңше, ата-ана әуелі өз-өзімен жұмыс істегені абзал. Орыстар баланың жеке тұлға боп қалыптасуына басынан жағдай жасайды. Ал біздің балалар өз қалауымен емес, амалының жоқтығынан ата-анасының өмірлік жобасына айналып кеткен. Себебі, жоғарыда айтып кеткеніміздей, балаға бәрі бастық. Ата-ана бұйрық беруші, бала оны орындаушы рөлінде. Оның қалауы ескерілмейді. Өкінішке қарай, біздің балалар өзін өмір бойы ата-анасына қарыз сезінеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Жазып алған
Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз