Қазіргі кезде ережесіз жекпе-жек (ММА) бүкіл әлемде аса жылдам қарқынмен дамып келе жатыр. Қазақстандық файтерлер де қалысар емес. Жастар да өсіп келеді. Солардың бірі – Бақдос Олжабай. Болашағынан зор үміт күттіріп жүрген спортшыдан қысқа сұқбат алудың да сәті түскен болатын.

– Бақдос, қазіргі жастар неге ММА спортына құмар? Бұл жеңіл ақша табудың жолы емес пе?

– Жоқ, әрине. Мұның артында шүмектеп аққан тер мен жаныңды жеген жаттығулар жатыр. Жеңіл ақша қайда келсін?!

– Жеңілген спортшы да қомақты сыйақысын алып жатады ғой?..

– Ол сырт көзге солай, алайда сондай дәрежеге алдымен жетіп алу керек.

– Өзің аралас жекпе-жекке қалай келдің? Бушидоға, күреске қатысқаныңды білеміз…

– Ержан деген ағам бар, ағайынды кісілердің баласымыз. Сол кісі алып келді. Қазір бұл спортқа құмарлығым күннен-күнге артып барады.

– Лақап атыңды неге «Жауынгер» деп қойдың?

– Біздің спортта да жауынгер болуың керек. Жеңілсең қайыспай, жеңсең қасқайып, алға жүруің керек. Осы бір атау жаныма жақын. Бәлкім табиғатымнан жауынгер болып туғанмын десем артық айтпаған болар едім.

– ММА спортында жүрген қазақ файтерлерінің қайсысы мықты, сеніңше? Кімді ұстаз деп үлгі тұтасың?

– Арман Әшімов пен Арман Оспановты ерекше жақсы көремін. Нағыз мықтылар екені даусыз. Жүрген жерінде патриоттықтың жарқын үлгісін көрсетіп жүреді. Шынымды айтайын, Армандарға қызыға қараймын. Ал аралас жекпе-жекке алғаш келгенде Ардақ Назаров ағам: «Әй, Бақдос, сенің алар асуың әлі алда. Менің сөзімді жазып ал, кейін еске алып отырасың. Сенен мықты жекпе-жек шебері шығады», – деп өмірлік мотивация берген еді. Ол кісіге мың алғыс айтамын.

– Жалпы саған қай промоушн ұнайды?

– Fight Nights Global, ACA, GFC тұжырымдары ұнайды. Үшеуінде де сайдың тасындай жігіттер жиналған. Менің ғана емес, осы спортта жүрген көптеген спортшының арманы шығар деп ойлаймын. Алдағы уақытта осындай ұйымдардың деңгейіне көтерілу үшін бар күшімді салуым керек.

– Қандай турнир есіңде қалды?

– Қытайда бір үлкен турнир өтіп, қатардағы жарыстардың бірі деп ойлап қалып, барғанбыз. «Бақсам, бақа екен» демекші, Бейжіңдегі бұл турнир өте ауқымды екен. Абырой болғанда төрт жекпе-жегімнің үшеуін жеңіп, ақтық сында ғана қарсыласқа жол берген жайым бар. Айтпағым, Қытайдағы қандастар өте бауыр­мал келеді екен. Барғаннан бауыр санап күтіп алып, аяқ-қолымызды жерге тигізбей шығарып салды.

– Бақдос, жалпы спортта қандай жетістікке жеттің?

– 2019 жыл сәтті болды. Ережесіз жекпе-жектен «Спорт шебері» атағын алдым. Әлемнің вице-чемпионы болдым және бушидодан Қазақстан Гран-при турнирінде «Кештің үздік самбишні» атағы маған берілді.

– Жақында Ақтау қаласында NFC 22 турнирі өтті. Қателеспесем, қырғыз жігітімен жекпе-жекке шығуың керек еді…

– Дұрыс айтасыз. Айжігіт Еркебайуулы деген спортшымен төбелесуім керек еді. Жетістігі біршама екен, алайда белімнен жарақат алып, кездесуден бас тарттым. Өкінішті болды.

– Қазір не істеп жүрсің?

– Қазіргі кезде Алматыда ALFA (Almaty Fight Academy) залында жеңіл жаттығу жасап жүрген жайым бар. Барлық жағдайды жасап отыр, алғысым шексіз. Сондай-ақ Underdog спорт агенттігіне де рақметімді айтқым келеді.

– Танымал адамдардың әлеуметтік желіде отыруы жақсы үрдіске айналды. Бұл жанкүйерлер мен фанаттарға да ұнайды. Кез келген уақытта керек адамы туралы мәліметті тауып алуға ыңғайлы. Өзің желіге отыруды әдетке айналдырдың ба, осыған қанша уақытыңды бөлесің?

– Қолымыз қалт ете қалса, ол жағына да көңіл бөлген дұрыс деп ойлаймын. Жақында ғана Instagram желісінде baqdos_mma деген ресми парақшамды ашып қойдым. Әзірге жазылушыларым көп емес, біртіндеп жиналып келеді. Жекеме шығып сұрақ қойып жүргендер өте көп.

– Бақдос, сұқбатыңа рақмет!

Мадияр Арыстанбаев

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз