Спорт пен өнерді ұштастырған, эстетикаға толы спорттық гимнастиканың жұлдыздарын шығарған Қазақстаннан соңғы 20 жылда ауыз толтырып айтатындай ешкімнің шықпауы өкінішті.

Көптен бері спорттық гимнастика туралы жазғым келіп жүрген. Бұл біз үшін таңсық спорт түрі емес. Оның үстіне белтемірге тартылып, сальто жасаудың не екенін білмейтін бала жоқ та шығар. Алайда елімізде спорттық гимнастиканы кәсіби түрде серік етіп, жоғары нәтиже көрсетіп жүргендер осы күні некен-саяқ. Соған қынжыласың. Әйтпесе, Олимпиада ойындарында жүлдені сыпырып алатын сайыстың бірі  спорттық гимнастика. 1991 жылға дейін Алматыда спорттық гимнастикадан 14 мектеп болған екен. Кеңес заманы тұсында ұл-қыздарымыз тегін жаттығып, сайыстарға қатысқан, жүлделі орындар алып, оқу-жаттығу жиындарына барып тұрған. Бірте-бірте мектептер саны азайып, қазіргі кезде тек біреуі ғана қалыпты.

Осы ретте өткенге сәл шегініс жасап көрсек. Ерлер арасындағы спорттық гимнастика 1896 жылғы Афиныдағы тұңғыш Олимпиададан бастап қосылған. Қыздар 1928 жылғы Амстердам олимпиадасынан бері жарыс көрігін қыздырып келеді.

Кезінде Кеңес одағының қыз-жігіттері әлемде атой салды. Олимпиада ойындарында 43 спортшы (28 әйел, 15 әйел) тұғырдың ең жоғары сатысына көтерілген. Арасында бірнеше мәрте чемпион атанғандары бар. Жалпы, 4 жылда бір өтетін Олимпиада ойындарынан 188 медаль жеңіп алған. Әсіресе, 1970-1990 жылдар аралығындағы Одақ гимнастикасының даму деңгейі жоғары сатыға көтеріліп кетті.

Осы ретте 15 одақтас республиканың ішіндегі Қазақстанның шамасы қандай болды? Бұл сұрақ сізді де мазалауы мүмкін. Бізде де таланттар шыққан. Ол туралы төменде келтіретін деректеріміз арқылы біле аласыздар.

Еліміздегі спорттық гимнастиканың тарихы 1920 жылдардан бастау алады. Толыққанды чемпионат ең алғаш 1936 жылы өткізілді. Қазақ КСР тарихында тұңғыш рет спорт шебері нормативін Надежда Абдулкина орындап шыққан. Жалпы, ол жеті рет Қазақ КСР чемпионы атанған.

Қазақстандағы спорттық гимнастика туралы сөз қозғағанда бірден есімізге Нелли Ким түседі. Шымкенттегі облыстық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінде Владимир Байдин деген бапкерден он жасынан бастап тәлім алған оның атағы алысқа тарады.

1976 жылы Монреаль олимпиадасында үш алтын жеңіп алып, әлемді дүр сілкіндірді. Жасыл құрлықтағы додада жанкүйерлер негізгі жүлдені Неллиден емес, тағы бір Совет спортшысы Ольга Корбуттан күткен еді. Алайда Корбут тек командалық сында ғана алтынға ие болды. Аустралияда Нелли Ким мен румын қызы Надя Команечидың жұлдызы жанды.

Сол тұста Португалиядан Канадаға қоныс аударған ерлі-зайыпты Мария және Антонио Фуртадо Неллидің Монреальдағы өнеріне қатты тамсаныпты. Сөйтіп, қызына спортшының есімін беруді жөн деп санайды. Арада екі жыл өткеннен кейін Нелли Ким Фуртадо дүниеге келді. Ол кейін әлемге танымал әншіге айналды.

Бұл Олимпиада ойындарында Нелли Ким үш алтын жеңіп алғаннан бөлек, алғашқы жолдасы, беларусь азаматы Владимир Ачасовпен танысады. Арада бір жыл өткенде екеуі отбасы құрып, Минскіге көшіп кетті. Қош бол, Шымкент! Дегенмен жақындары әлі күнге дейін осында тұрады.

Қазақстанда өсіп, бірнеше жыл Беларусь елінде өмір сүрген Нелли қазір АҚШ-та. Ол өзіне осы мемлекеттердің арасында Қазақстан жақын екенін айтады.

– Бұл туралы ойланып көргенмін. Өзімді жер планетасының азаматы сезінемін. Өзіме осы елдердің арасында Қазақстан жақын. Шымкентте ата-анам тұрады. Сосын жергілікті халықтың мені танып, жетістіктеріммен мақтанатынын білемін, – дейді ол.

Нелли Монреальдан кейін 1980 жылы Мәскеу олимпиадасында тағы екі алтын еншіледі. Ал 1974-1979 жылдар аралығында Варна, Страсбург және Ворт-Фордта өткен әлем чемпионаттарында 5 алтын, 4 күміс және 2 қола жүл­дені иеленіп, мерейімізді өсірді. Шымкенттік сұлудың есімі еркін және қол тіреп жаса­латын жаттығуларында 10 ұпай­ды жинауымен жер жа­­һандағы тұңғыш гимнаст ретінде спорттық шежіреге алтын әріптермен жазылды.

– КСРО чемпионатында топ жару әлем чемпионатынан кем соққан жоқ. Егер құрамаға ілінсең, автоматты түрде Әлем немесе Олимпиада ойындарында жеңіске жететініңе сенімді болып тұрасың. Ал командалық сайыста бізге бәскелес болған жоқ, – дейді Нелли Ким.

Одақ тұсында спорттық гимнастика бұқаралық спорт түріне айналды. Мұндай танымалдықтың себебін Нелли былай түсіндірді:

– Меніңше, адамдар гимнастиканы спорт пен өнердің қосындысы ретінде бағалады. Егер көптеген спорт түрінде негізінен спорттық жағы басым болса, гимнастикада сұлулық пен эстетикаға мән берілді. Сонымен қатар, ата-аналар балаларын көшедегі зиянды әрекеттерден аулақ болу үшін спортзалға апарды. Спортпен шұғылдану мінез-құлықты тәрбиелейді. Сосын материалдық жағын да есептен шығарып тастай алмайсың. Спорт әлемді шарлауға таптырмас мүмкіндік болды. Ол жылдары кез келген Кеңес адамы шетелге шыға алмайтын. «Темір шымылдықтың» арғы жағында тұрған адамдарға кеңестік дүкен сөрелерінде жоқ сирек кездесетін тауарларды сатып апарып беретін едік, –дейді спортшы.

Ал 80-жылдардың екінші жартысында  Ақтөбеден шыққан Валерий Люкиннің жеңісті жолы басталды. Бұл спортшының томағасын өзге емес, өзіміздің Нарынқолдың тумасы, қазақ жігіті Едіге Жаров сыпырды.

1987 жылғы Еуропа чемпионатында Люкин дүниежүзі бойынша еркін жаттығуда үш мәрте сальтоны бірінші болып жасап, құрлық чемпионы атанды. Едіге Нұрмаханұлы мен шәкірті Валерий Люкиннің дайындаған осы жаттығуы мен өзге де тың жаңалықтары халықаралық ережелер кодексіне «Liukin» элементі болып тіркелді. Сол чемпионатта Валерий 5 алтын, 1 күміс, 1 қола медальға ие болып, Еуропаның абсолютті чемпионы атағына қол жеткізді.

Алда Кеңес Одағы соңғы рет қатысқан Сеул олимпиадасы күтіп тұрған. Оңтүстік Кореяда Валера екі рет жеңіс тұғырынан көрінсе, екі күмісті де қанжығаға байлады.

Нелли Ким мен Валерий Люкиннен бөлек, Алатау баурайында дүниеге келген Юрий Цапенко мен Владимир Но­виков бар. Цапенко – 1964 жылғы Токио олимпиадасының екі дүркін жүлдегері. Новиков 1988 жылғы Сеул Олимпиадасында командалық сында жеңімпаз атанды. Одан бөлек, әлем чемпионаттарында да құрамамен бірге екі мәрте топ жарды. Бала күнінде Қазақстанға Қиыр Шығыстан қоныс аударған Наталья Ильенко дүниежүзілік додада бірнеше рет алтыннан алқа тақты. КСРО дәуірінде Қазақстанның гимнасттары осындай орасан зор табыстарға қол жеткізген еді.

Юрий Цапенко, Нелли Ким, Валерий Люкин, Владимир Новиковтар жазғы Олимпиада ойындарында жалпы саны 13 медальға қол жеткізген.

Мұндай толағай табыстың негізгі себебі – республиканың бірнеше қаласында жоғары деңгейлі гимнастика мектептерінің көп болуы. Жоғарыда айтқанымыздай, бір ғана Алматыда 14 гимнастика мектебі жұмыс істеген.

Алайда Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін құндылықтар өзгере бастады. Спорт басшылары гимнастикаға емес, жекпе-жек түрлеріне көбірек басымдық берді. Қаржыландыру күрт қысқарды, маңызды инфрақұрылымдық проблемалар туындады. Спортшылар жаттығатын талапқа сай залдардың аз болуы, қажетті жабдықтардың жетіспеуі және жаттықтырушылардың шетелге кетуі себеп болды. Соның салдарынан спорттық гимнастикадағы нәти­жеміз күрт төмендеді.  Олардың арасында

Владимир Уфимцев, Валерий Люкин, Юрий Алексеев, Павел Садовский, Константин Бродецкий – АҚШ-қа, Алик Якимиди – Грекияға, На­талья Ильенко мен Александр Ширяев Англияға қоныс аударды. Андрей Родионенко Ресей құрамасына жаттықтырушы болды.

Әлгінде айтқан Едіге бапкер де бүгінде әлем таныған гимнастикадағы тұлғалардың бірі. Сол 90-жылдардағы лекпен бірге әуелі Франция спортшыларының томағасын сыпырды. Одан кейін 2000 жылы Канадаға қоныс аударды. «Үйеңкі жапы­рақтылар» елінің тарихында тұңғыш рет спорттық гимнастикадан Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарды. Шәкірті Кайл Шифелт 2004 жылы Афины олимпиадасында еркін жаттығуда алтын медаль жеңіп алды.

Айтпақшы, Валерий Люкиннің қызы Анастасия 2008 жылы Бейжің ойындарының абсолютті чемпионы атанды. Спорттық гимнастикадан! Мінеки, гимнасттар династиясының үлкен спорттағы жарқын жеңісі осылай. Әрине, бұл алтынның АҚШ құрамасына бұйырғаны белгілі.

Тәуелсіздік алғаннан кейін 90-жылдары құраманы біраз уақыт Сергей Федорченко сүйреді. Ол 1997 жылы Лозаннада қол тіреп жасайтын жаттығуда әлем чемпионы атанып, 2000 жылғы Сидней олимпиадасында бесінші орынға тұрақтады. Сосын Алексей Дмитриенконың әлем кубогында бас жүлдені иеленгені бар.

2000 жылдары Ернар Ерімбетовтің есімі ел аузына іліге бастаған болатын. Оның әлем чемпионатындағы ең жоғары нәтижесі – төртінші орын. Сосын екі рет жазғы дүниежүзілік Уни­вер­сиада ойындарында жеңіске жетті. 2004 жылғы Афины олимпиадасында сегізінші орынға табан тіреді.

2010 жылы әлем чемпионатында Ильдар Валеев брусьяға тартылудан жетінші орын алды. Одан кейінгі 4 әлем чемпионаты мен екі Олимпиада ойындары біздің спортшылардың қатысуынсыз өтті. Әйтеуір, 2017 жылы Милад Карими шешуші кезеңде еркін жаттығуда бақ сынады. Араға бір жыл салып, Нариман Құрбанов дүниежүзілік біріншілікте бесінші орыннан көрінді. Бірақ ол финалда өте өрескел қателік жіберді.

Былтыр Германияның Штутгарт қаласында өткен лицензиялық әлем чемпионатында Милад Карими жолдамаға қол жеткізді. Әзірге бар қуанышымыз осы…

Спорттық гимнастиканы аяқтан тұрғызған тұлғалар елден кеткен соң, нәтиже де төмендеді. Ал бірер жыл бұрын жаңа заңға сәйкес шенеуніктер спорт түрлерін сұрыптағанда бұл фактор шешуші рөл атқарды. Яғни, соңғы жылдары нәтиже жоқ, соған сәйкес ақша да аз берілді. Спорттық гимнастика – еліміздегі болашағы жоқ спорт түрлері қатарына жатады.

Бек ТӨЛЕУОВ

“Ұлан” газеті, №19

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз